Жер комиссиясының үшінші отырысы: Пәрменді шешім қабылдауға қажет мәртебе комиссияда жоқ деуге болады
2016 ж. 30 мамыр
3353
11
Сонымен, Жер реформасы жөніндегі мемлекеттік комиссияның Астанада өтіп жатқан үшінші отырысы да өз жұмысын аяқтады.
Журналистерге арнап қойылған монитордан тікелей жүргізілген видеорепортаж көрсеткендей, бұл мәжілісте ең алдымен, бұған дейін құрылған жұмыс топтары жетекшілерінің атқарған істері жөніндегі алғашқы қысқаша баяндамалары тыңдалды. Сосын комиссия мүшелерінің біразы жерді шетелдіктерге жалға беру, яки бермеу жайындағы уәждерін аян етті.
Мәселен, экономика саласының белгілі ғалымы жерді сатуға да, шетелдіктерге жалға беруге де болмайтынын дәлелдеп, тиісінше кодекске қандай өзгерулер жасалу керектігін нақтылап көрсетті. Ауыл шаруашылығын жүргізудің ескерілуге тиіс түрлеріне назар аударды. Ата-бабамыз аманат еткен қазақ жер-суын келер ұрпаққа тұтастай жеткізудің парыз екенін қадап айтты. Тағы бір экономист қайраткеріміз жерді шетелдіктерге емес, өз отандастарымыздың шаруа қожалықтарына жалға беріп, жағдай жасау қажеттігін дәйектеді. Жұмысты сөзбұйдаға салмай, бірден халық тілегін орындаудан бастауға алғашқы отырыстан шақырып жүрген қоғам қайраткері жердің тұтастығына қауіп төндірер аралас неке жайын да еске сала кетті. Сөйлеген ірі кәсіпкердің бірі бұған дейін елімізде жердің дұрыс бөлінбегенін, қорық және аң аулау аймағы ретінде бұрынғы жайылымдарды да қосып қоршап қойған жерлердің тым көп екенін тілге тиек етті. Мұндай ахуалдың агроөнеркәсіп холдингіндегі фермерлерге, малшыларға, омарташыларға, тіпті бұрынғы қалыптасқан жолдарымен жүре алмай қалған қарапайым адамдарға да көп қиындық туғызып отырғанын әңгімеледі. Солай дей келе, өзінің жерді сату және шетелдіктерге белгілі бір шартпен жалға беру жағында екенін айтты. Бір кездері жерді сатуға болмайды деген пікірімен елді елең еткізген байырғы парламент депутаттарының бірі бүгінде қытайлықтарды жер өңдеуге жолатпау жағында және мемлекеттік қордағы жерді сатуға әбден болады деген сенімде екен. Тағы бір азамат тарапынан жерді дамыған мемлекеттерге жалға беру керек деген ой да айтылды. Жерді шетелдіктерге 25 жылға жалға берудің дұрыс екендігін әділет министрлігі басшыларының бірі дәйектеді. Ауыл шаруашылығының кей салаларында үлкен кәсіпкерлік жасап жүргендердің біразы жерді шетелдіктерге беруді қалай жүзеге асыруға болатыны жайындағы ұсыныстарын білдірді.
Мәжіліс үстінде Комиссия мүшелері жер-судың қазіргі таңдағы иелері жайында толық ақпарат алу қажеттігін де көтерді. Дұрыс пайдаланылмаған жерді қайтарып алу тетіктерін сөз етті. Бірақ дұрыс бөлінбеген жерлерді анықтау, оларды мемлекет меншігіне қайтарып алу, әсіресе сатылған жерлерді национализациялау мәселесі, әрине, қозғалмады. Қысқасы, бұған дейін-ақ белгілі болған ойлар жаңаша дәлелденіп, әрбір сөйлегендер бұрынғы мәлім позицияларды өз уәждерімен нығайтып жатты. Және ортақ мәміле жасалған жоқ. Енді, комиссия төрағасының қорытындылауына қарағанда, комиссия мүшелері алдағы уақыттарда аймақтарға, жер-жерге шығуға тиіс. Олар ел ішінде туып жатқан ой-пікірлерді тыңдаумен қатар, түсіндіру жұмыстарын жүргізумен, соның ішінде қытайлықтармен қызметтестіктен сескенудің жөнсіздігін ұғындырумен шұғылданатын сияқты. Сосын барша мәлімет жинақталып, қорытылып, күзге қарай парламентке ұсынылатын шығар.
Үшінші отырыста өткен бұл талқылаулардан да көзге ұрғаны – комиссия мүшелерінің көпшілігі жерді шетелдіктерге жалға беру, сөйтіп шеттен елге инвестиция, жаңа технология әкелу, яғни жерді бос жатқызбай, ұтымды пайдаланып, пайда табу көзіне айналдыру жағында болып отыр. Кодекстегі шүбәлі өзгерістер бойынша ой толғаған мақалалар, билік орындарына бағытталған ашық хаттар, талап-тілектер әзірге ескерілмей, баспасөз беттерінде ғана қалған сықылды. Бұл орайдағы күні бүгінге дейін толастамаған пікірлер тасқыны, сондай-ақ осы жолдар авторының да бұдан бұрын, алғашқы отырыстарға байланысты жазғандары құдды «жартасқа барып, күнде айқай салғанның» кері болды да шықты.
Комиссияны қазақтардың жұмыссыздығы мен кедейшілігі мәселелері осы отырысында да толғандырған жоқ. Өстіп, іштей баршамыз үміт артқан аталмыш биік ұжым, біздің байқауымызша, жер реформасының түпкі мақсатына тереңірек үңілуді қажет етпеді. Қазіргі таңдағы әр азаматтың жағдайын жақсарту және келер ұрпақ мүддесін қамтамасыз ету жолдарын қарауға алаң болған жоқ. Мәселеге тарих сабағы тұрғысынан келуді, сондай көзқараспен, бірінші кезектегі шара ретінде жергілікті, мемлекетқұрушы ұлттың мұқтаж бөлігін жерге орналастыру керектігін ескермеді. Билік тізгіні отарлаушыларда болған замандарда жер-суынан айрылған жұртымыздың бүгінгі буынын атамекенін гүлдендіруге тікелей тартып, жалпақ қазақ елінің шын мәніндегі қожайынына айналдыру мақсат етілмеді. Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолдарын қарастыруды тілейтін осындай әрекеттер арқылы, аңсаған мәңгілік елдің бекем іргетасын қалауға боларын ойына да алмады. Сөйтіп бұлар, бар болғаны, іс жүзінде патша және кеңес өкіметтері отар елде жүргізген жер саясатын жалғастырушылар (қазақтың өзін емес, жерін көркейтушілер) жағында ғана болып шықты.
Ұлт мүддесін жоғары қойып жүрген қоғам белсенділері өз тараптарынан Комиссияның үшінші отырысы барысында полицияның көшеде митингіге келе жатқан адамдарды, ең арғысы, әнұранымызды шырқаған қыздарға шейін ұстап, күшпен алып кеткен қатыгездіктері мен бас прокуратураның «митингіге билікті басып алуды көздеушілер шыққаны» жайында жасаған қаһарлы мәлімдемесіне байланысты орынды алаңдаушылықтарын ортаға салып жатты. Алайда мұндай алаң көңіл комиссияның тегеуірінді-үкіметшіл үлкен бөлігіне әсер ете қоймады. Әрі, пәлендей пәрменді шешім қабылдауға қажет мәртебе комиссияда жоқ та болса керек. Сондықтан ба екен, жекелеген мүшелері көтерген өзекті мәселеге, ең арғысы, адамдарды митингіге баруға ниеттенгендері үшін-ақ қылмыскерге балап, ғайбаттаған жалғандықты жаһанға жария етуден қымсынбайтын кейбір телеарнаға қатысты да комиссия кесімді наразылық білдірмеді. Конституцияда тұжырымдалған адам құқтарының осы күндердегі бұзылу себептерін ауызға да алмады, азаматтарымыздың конституциялық құқығын қорғау, сақтау тәртібі мен әлем назарына іліккен теріс іс-дағды мысалдарын талқыға салмады.
Өкінішке қарай, бұның бәрі бізде орын алып отырған парадокстың нәтижесі демеске амал кем. Бұлар қазақтың ұлттық мүддесін қорғауды қазақ елі билігінің борышым деп білмейтіні және сол орайда шынайы демократиялық іс-әрекеттер жасауды ойлауға өкіметтегі сенген адамдарымыздың ықылассыздығы салдарынан туып тұр. Соған назар аударуға, соны түзетуге қозғау салуды тарих, қанша дегенмен, осы мемлекеттік комиссияның мойнына артқан тәрізді көрінеді бізге. Аталмыш комиссия алдағы жұмыстарында бұл миссиясын тура түсініп, елді разы етерлік елеулі бетбұрыс жасар деген үмітімізді әлі де үзбейміз.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ (Тақырып өзгертілді)