Әлемдік элита
2016 ж. 16 сәуір
2961
1
(немесе Ж.Аймауытұлының бір мақаласы хақында)
I
Біз тұлғаны белгілі бір даталы мерзімге байлап, жүз немесе жүз елу жылдық науқанда ғана есімізге алмай, олар жайлы ай, тіпті апта сайын айтып отыруға тиіспіз. Өйткені тұлғаның жеткен өресі мен шыққан биігін бойына дарытпаған елдің әманда болашағы жоқ. Кезекті көсемсөзге берелік.
Бұл бұдан бір ғасыр бұрын жазылған мақала екен. Мақала авторы әйгілі Жүсіпбек Аймауытұлы. Еңбегінің есімін (тақырыбын) «Ұлтты сүю» деп атаған айтулы мақалада алаштың біраз мәселесі сөз болыпты. Әлемді, қала берді қазақ пен орысты өзара салыстыра жазған осы бір ғажайып мақаладан қысқаша ғана үзінді келтірейік. «...Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Япония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы – мемлекеттің керегі, қызметкері. Көршіміз орысты алайық. ...Чиновнигі өзі қожа, өзі төре болып, қара халықты менсінбеді, жан есебінде көрмеді. ...Екінші жағынан орыс патшасын құдайдан жаман әспеттеп, көкке көтерді. Именді, қорықты, патшадан күшті әмір иесі бар деп ойлаған жоқ. ... Мұжықтың мұндай болған себебі орыстың жоғарғы табынан шыққан талай атақты, білімді жазушылары мұжықты мадақтап кітаптар жазып, көтеріп, өзімшіл қылып, тәңірсітіп жіберді». Осы жолдарды оқып отырғанда Мұстафа Шоқайдың: « ...Кеңестік Ресейде бар нәрсе Сталинге байланысты. Шошқалар торайласа, сиырлар бұзауласа, бидай мен мақта мол өнім берсе – осының бәрі Сталиннің қызметі, Сталиннің істегені болып табылады. Демек бұл елде Сталинсіз шошқа торайламайды, бидай өніп-өспейді. ...Осыған орай «Известия» мен «Правда» газеттеріне басылған материалдарды оқысаңыз – осының бәрі тек Сталиннің жеке басын дәріптеп, оны тәңірге айналдыру үшін істелген бе деген ойға келесіз», – деп қынжыла жазғаны еріксіз есіңе түседі. Содан бері жүз жыл өтсе де осы эпизодтардың айна-қатесіз көзі тірі көрермені болып отырғанымыз өкінішті, әрине... Осы орайды пайдалана отырып сәл ғана тарихи шегініс жасайық. XIX ғасырда отарлау саясатының жаңа бір айласы ретінде алаш даласында орыс мектептерінің бой көтере бастағаны белгілі. Оның түп мақсаты мен мүддесін бір адам аңғарған болса, ол сөзсіз Абай Құнанбайоғлы еді. «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» деп басталатын ғазалында хакім осы бір жәйттің біраз тұстарын ашалап айтып өтеді. «...Балам закон білді деп, қуанар ата-анасы, ойында жоқ олардың, шариғатқа шаласы» деген күдігінде шынымен-ақ көп мәселенің мәні жатқан-тұғын. Хакімнің бұл жердегі қолданып тұрған «шариғат» сөзі күллі кісілік пен парасаттың, әдет-ғұрып пен салт-сананың жиынтық ұғымы екендігі шүбәсіз. Ақын орысша оқығандардың осы бір әттегенайынан шынымен-ақ секем алады. СЕБЕБІ ТІЛМЕН БІРГЕ СОЛ ҰЛТЫҢ МІНЕЗІ МЕН МЕНТАЛИТЕТІ ҚОСА СІҢЕТІНІН, ӘГӘРӘКИ ТІЛ ЖОҒАЛАР БОЛСА ОНЫМЕН БІРГЕ СОЛ ХАЛЫҚТЫҢ ТҰТАС ТАНЫМЫНЫҢ БІРГЕ СӨНЕТІНІН АБАЙ ЖАҚСЫ БІЛЕДІ (Бір ескертеріміз бұған бірнеше тілді білуіміздің ешқандай да қатысы жоқ. Біздікі тек сөйлеу мен ойлау категориясының арасында үлкен айырмашылық бар екендігін оқырман қаперіне сала кету ғана). Дәл қазір ағылшын тілі деп айғайға басып-ақ жатырмыз. Ал оның оқу индексі қандай? Мұның арғы жағы Абайды алаңдатқан «шариғатқа шала» матералистер мен агностиктерді тағы да тәрбиелеу емес пе? Өзіміз түсінбесек те өңешімізді созған осы бір өлермен әрекетіміздің түпкі мақсатында нендей есептер жатыр? Міне, ойласаң түбіне бойлатпас осындай сауалдарға бір сәтке болсын сергек санамен жауап іздеудің ешқандай да зияны жоқ. Әрине, бұл сұрақтардың өзі жекелей бір-бір мақалаға жүк. Біздің бар айтқымыз келгені Абайды алаңдатқан осындай жәйттерді Жүсіпбектің де дәл айна-қатесіз аңғарғаны. «...ЕСТЕРІҢІЗДЕ БОЛСЫН: ҚАРА ХАЛЫҚТЫҢ МӘДЕНИЕТТІ БОЛУЫНАН МӘДЕНИЕТТІ КІСІНІҢ ҚАЗАҚ БОЛУЫ ҚИЫН. БАЛАҒА ОСЫ БАСТАН ҰЛТ РУХЫН СІҢІРІП, ҚАЗАҚ ӨМІРІНЕ ЖАҚЫНДАТЫП ТӘРБИЕЛЕУ КЕРЕК. ОРЫС ТӘРБИЕСІН АЛҒАН БАЛА ҰЛТ ҚЫЗМЕТКЕРІ БОЛА АЛМАЙДЫ» деп пышақкесті үкім жасайды. Неге екенін қайдам, осы жолдарды оқығанда Олжас Сүлейменов секілді «кісілердің» типі көз алдымда тізбектеліп көпке дейін кетпей қойды. Құрметті оқырман қауым, сіз осы жандар өздерінің орысша ойлайтынын аса зор мәдениеттілік санайтынына зәредей де шүбә етпесеңіз болады. Мұндай «мәдениетті» адамдардың ешқашанда қазақты түсінуге тырыспағанын, сондай-ақ, қазақ болу бақытының бұлардың тәлейіне жазылмағандығын ашық айтуға тиіспіз. Байқаған жанға Аймауытұлы ұлттың ұшығы мен дуалап алған дертінің де диогнозын дәл көрсетіп береді. Мойындауға мәжбүрміз. Бүгінгі биліктің қанына тартпас қатыбас қылығы мен орысқұлдығының төркіні де осы Жүсіпбек келтірген деректерде жатыр. Дуа дегеннен шығады. Ғасырдан ғасырларға созылған қанкөбік шайқас БАБАДАН АТАҒА, ӘКЕДЕН БАЛАҒА берілетін көшпелі ақпараттардың көзін жойып, тек құр сүлдемізді ғана қалдырған екен. Көңілімізге келмесін, біздің «ел қамын жеген Едіге» болып көрінуіміз ұлтшылдықтың тек сыртқы формасы ғана. Бұл феноменді өз өтірігімізге өзімізді иландыру (аутосуггестия) деп атасақ та болады. Осыны тіліне тиек еткен Жүсіпбек «...оқығандардың кейбіреулері жан-тәнімен адал қызметін ұлтына көрсете алмауы, пайдасын не дәрежесін сағалап кетуі ғажап емес, себебі, «ұлтшылдық», «адалдық», «қызмет» (бұл жерде елге қызмет ету) деген нәрселер сүйегіне сіңіп өскен зат емес. Сырттан жапсырылған жамау» дейді. Ардақты Абайдың «Ұяламын дегенің көңіл үшін, ұсақ қулық бір ғана өмір үшін» деген өлең жолдары да осы жағдайларды дәл түсіндіріп тұр. Көп дүниені көз алдымызға жайып салған мақала авторы сөз соңына қарай, оқыған азаматтардың адресіне қарата бүй деп аманат жүктейді. «...Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жылтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ; адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек. Сол жұмысшы – оқығандар. Бекерге кеткен сағат, босқа өткізілген минут – ұлт ісіне зор шығын. Оқығандар! Бұл уақыт жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын еңбек сіңіретін уақыт. Ойлаңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғамыз, олай болса, мойынымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» дейді. Саңылауы бар адамға бәрі де түсінікті деген ойдамыз. Өзін оқыған санайтын, әм осы айтылғандарды алаш азаматтарының арттағы ізбасарларына жүктеген аманаты деп түсінетін әр қазақ баласы бұл мәселеге бей-жай қарамайды деген үміттеміз. Расында «мойынымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр».
II
Қазақты қайтсек екен? Өмірдің өзі қойған бұл сұраққа еңкілдеп жылауға да, кеңкілдеп күлуге де болады. Жылағаннан мүйіз шығатын болса жиырма бес жыл бойына көз жасымызды көлдетіп қайран тілім- ай, баба ділім- ай деп бебеу қақтық. Ал күлу мен күйлеуге келгенде алдымызға қара салмадық. Құдайшылығын айтайық, қазаққа екеуінен де келер еш пайда жоғын енді ғана түсініп отырмыз. Бүгінге дейін бір нәрсенің сыры анық мағлұм болды. Ол не десеңіз, қазақтың өз елі мен жерінде құнының жоқтығы. Мұны аталарымызша айтсақ «ауылдағының ауыз сасық», Абайша қайырсақ «Жаттың бір тәуір кісісін көрсе, «жарықтық» деп жалбырап қалып, мақтай қалып, өз елінде сонан артық адам болса да танымайтұғыны қалай?» деген қос мысалды ғана куәлікке келтірсек жетіп жатыр. Өз басым әлемнің менмін деген мықтыларын мың орап кететін, не бір айтулы азаматтарды білемін. Олардың тек жалғыз-ақ «міні» қазақтығы, дәлірек айтсақ өз елінде құнының жоқтығы. Міне, осылардың бәрін сараптай келе мынандай тұжырымға бекідім. Құрметті менің мемлекетшіл достарым! Бұл ауа райының (саяси циклонның) кем дегенде жиырма бес жылға сақталатынын ескерер болсақ, біздің басқа бағытты ұстанбасқа еш амалымыздың қалмағандығын ашық мойындауымызға тура келеді. Бұл сонда не қылған жаңаша бетбұрыс дейсіз ғой? БІЗ МҰНЫ ӘЛЕМДІК МАСШТАБҚА ҚАЗАҚ АҚЫЛ ОЙЫНЫҢ АРАЛАСУЫ, АЛАШ БАЛАСЫНЫҢ АЛДАҒЫ МАҚСАТЫ ӘЛЕМДІК ЭЛИТАНЫ МОЙЫНДАТУ ДЕП АЙТАР ЕДІК. Бұған бола ешқандай да күмілжудің қажеті жоқ. Иә, сіз бенен біздің есіміміз әлемдік мықтылардың тізіміне енуі тиіс. Осы бір қарапайым ғана қағиданы мемлекет мүддесіне сыртай қамқор болу деп түсіндірсек те болады (Бірден ескертейін, мұны жаппай шетке кету деп тікелей түсінбеген жөн. Білгенге, әңгіме төркінінің тым тереңде жатқандығы айтпасақ та белгілі ғой). Кешегі Мұстафа Шоқайдың шет топырақтағы басынан кешірген алапат күрескерлігінің астарында да осы идея жатқан-тұғын. Әрине бұл мәселені ешқашан да «эмиграцияның» шеңберімен түсіндіруге әм баға беруге әсте болмайды. Амал қанша, қызыл саясат қас тұлпарды да өз дегеніне жеткізбей жол ортада қидалап түсірді. Есіл ер тағы да бірер жыл есен тұрғанда кім біледі, тарих дөңгелегі басқа тарапқа түсер ме еді. Қайыра айтайық, сөз сабанға, қазақтың құны көк тиынға пар осы бір өлара сәтте сөз сөйлеуің мен қағаз шимайлауыңның халыққа тигізе қоярдай әсері қалған да жоқ ( Яғни ішкі ықпал хақында айтып отырмыз). Егер де біз ауырда болса алдымыздағы осы бір асуды (әлемдік элитаны) бағындырар болсақ, оның ықпалы мұндағы мың шенеуніктің мандатынан да биік екендігін, қазаққа қызмет етудің осындай да орасан зор мүмкіндіктері туғандығын ұмытпасақ екен. Аталған мүдде жолында біз ағылшынша үйреніп, ой трансферімен айналысамыз ба, бұл енді әркімнің патша жүрегінің таңдаған ісі. Біздің бар айтарымыз: қазақ баласы әлемге жер ресурстарын саудалаған я болмаса бокс пен күрес секілді биологиялық дене қуатымен ғана емес, ақыл-ойымен де алға шығуы тиіс. Мұны айрықша айтып отырғанымыздың себебі, бүгінде мемлекеттерді тікенек темірлер (шекаралар) бөлгені болмаса, виртуалды әлем оларды толығымен біріне-бірін қосып жіберді. Расымен де қос табанымыз ғана қара жерде тұрғаны болмаса ақыл-ойымыз бен арман- мұратымыз осы әлемнің ішіне кірігіп кетті. Мұны бейне бір жаңа жаратылған планета дерсіз. Дөңгелек дүниенің біртұтас процесті бастан кешіріп жатқандығы рас болса, біздерге енді қазақтың ғана ақылманы болып отырудың аздық етері айдай ақиқат болды. Кімде-кім осы кеңістікке өз ықпалын орынатса, су жаңа планетаның қожайыны да сол болары сөзсіз. Мүмкін, біздің бұл ойымызды утопияға санап келеке ететіндер де табылар. Мұндай мешел жандардың мертіккен көзқарасына бола бас ауыртудың тіпті де қажеті жоқ. Өздерін алаш идеясының жаңа форматтағы мұрагерлері санайтын, менің мемлекетшіл достарым! Біз атқармақ істің бір парасы, мінеки, осында жатыр. Әрине, әлемдік ақыл-ойға олжа салудың оңай емес екендігі бесенеден белгілі жәйіт. Солай десек те бір қазақ баласының бұл мақсаттарды жүзеге асыруы керек қой енді...
Ықылас Ожайұлы,
"Аңыз адам" журналынан