Жүрсін ЕРМАН. Баланың қапысын атасы кешер данышпан қазақпыз ғой...
2016 ж. 11 сәуір
5915
9
АМАНГЕЛДІ ЕРМЕГИЯЕВКЕ ҮНДЕУ ХАТ
Сіздің жалғыз балаңыз Талғат сотты болғаннан бері оның тағдырына айтыс ақындары қатты алаңдаулы. Себебі біз Сізді атамұра өнеріміз Айтысты ұлттық деңгейде риясыз қолдап оның көшін өрге сүйреген меценат ретінде бағалаймыз. Қазақстандағы ондаған айтыстарды қаржылай қолдап, айтысты Мәскеу мен Парижге апарып ұлт рухын асқақтатқан жанқиярлығыңызды Алаш баласы ұмытпайды. Сіздін темір тұлпарларыңыз талай айтыскерге қанат байлады. Жазба поэзияның Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, С.Иманасов секілді ондаған дүлдүлі Сізден ат мініп, бақиға риза аттанды. Әбдімомын Желдібаев, Мұхамеджан Тілеуханов, Білал Ысқақов сынды дарабоз күйшілер де темір тұлпардың тізгінін ұстады. Қанша мүшәйра өткізіп, қанша кітап шығарып беріп, қайырым жасадыңыз. Қасым Аманжоловтың томдары, Қазыбек бидің өз шапаны, Мәдидің ғажап тас бейнесі Сіздің қаржылай қолдауыңызбен ел игілігіне айналды.Тәттімбет мұрасы да консерваториядағы сынып пен қалың кітап болып қамқорлық көрді. Санап тауыса алмаймыз.
Ұлт руханиятына дәл Сіздей жүйелі әрі нақты көмек жасаған ешкім жоқ. Ол аз болса "Отан" партиясына адамшылық келбет беріп, Елбасымен бірге партияның құрылымдарын ұйымдастырып, ғимараттар ашып, жергілікті ұйымдарын құруға қайрат жұмсадыңыз. Осының бәрі елге де, ЕЛБАСЫҒА да, партияға да аян.
Балаңыз Талғат болса Лондон олимпиадасында Қазақ Еліне ЖЕТІ алтын әперген, сол үшін Президенттен орден алған ақжолтай оғлан еді. Ондай халықаралық абырой қазақ басына енді қашан бұйырмақ?! Халықаралық додаларда спортшының қайратына қоса Спорт министрінін жеке іскерлігі де барлық мәселелерді шешуде қанша роль атқаратынын әлем біледі. Ол құпия емес. Талғаттан кейінгі министрлер мықты болса қайда жүр? Халық куә.
Ақындар айтпай жатқан жоқ. Астанадағы айтыста:
Ұяда үлгі көрген текті қыран
Тауықтың тарысына тамсанбайды.
ЭКСПОНЫҢ ақшасын жеу түгілі
Әкесінің дәулетін тауса алмайды! – деп бар дауыспен айтты ғой Ақын. Одан кейін де айтып жатыр.
Бірақ осы халық даусы Патшамызға жеткен жоқ қой. Жетсе, өз қолымен баулып өсірген ұланын өзі буындырмас. Қазір бұқаралық ақпарат айтып жүргендей сонша қаржыны Т.Ермегияев өз бетінше жұмсамағанын халық та аңғарып отыр. Біздін қоғамдағы жемқорлық жүйесінің схемасын оқушы балалар да болжай біледі. Ол мемлекет басшысына да аян, ишаралап болса да айтып жүр ғой.
Сондықтан, кеше ғана билік партиясының тізгінін өз қолыңызға ұстатып, тәуелсіз Қазақстанды бірге құрысқан ұлт көсемі - Н.Ә.Назарбаевтың алдына Сіз баруға тиістісіз. Талғат әлдекімдер құсап елден қашқан жоқ. Елде. Мемлекет қаржысынан ауысқаны- түйіскені болса, қайтарсын. Қателескен шығар. Жазған шығар, жаңылған шығар. Баласы үшін адам отқа да, суға да түспек. Елбасыдан кешірім сураңыз. Қажет болса аяғына жығылыңыз. Уғынар. Кешірер. Оның да өз баласы ғой. Баланың қапысын атасы кешер данышпан қазақпыз ғой. Қанымызда кекшілдік жоқ мейірбандығымыз өзгелерге үлгі болсын. Сабақ болсын. Елбасының қабылдауына бұрын сұранбасаңыз, енді сұраныңыз. Бұрын қабылдамаса, енді қабылдар.
Халықтың сүйікті баласының басындағы осы бұлт сейіліп, патшадан қайырымдылық табылса, қоғамның да арқасынан жүк түскендей болар еді. Азаматтарының баршасын соттай беретін қоғамда сүйкім қала ма? Жасыңыз ұлғайып, беліңіз бүгілген шақта Алла қуат беріп, патшамызға сабыр берсін.
Құрметпен,
Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағы РҚБ басқарма төрағасы. Қазақстанға Еңбек сіңірген қайраткер.
qazaquni.kz