ҚАЗАҚ ҚАСІРЕТІ
2010 ж. 14 желтоқсан
2902
0
Бұл өлеңді өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қазақстанға жер аударылған жас орыс қызы Татьяна Невадовская жазған.
Сол кездегі қазақ даласындағы Ұлы аштық қырғынын көріп, оған көкірегі қарс айырылған, көргенін қарапайым шумақтарға түсірген жас қыздың өлең жолдары еріксіз тұла бойды шымырлатады.
Қазақтың қасіретін көріп, көкірегі қам болып, қан жылаған, қазақтың қайғысына ортақ болған Татьянаның бұл өлеңі әлі күнге дейін қазақ тіліне аударылмаған екен.
Абай заманындағы Татьянаның әні қазақ даласында еркін қалықтаған болса, кеңес заманындағы Татьянаның зарлы мұңын ешкім ести алмапты.
Сазгерлер мен жыршыларымыз осы өлеңді лайықты мақаммен әнге қосса, артық болмас.
Кім тартады бұл зұлматтың зауалын? Наурыз еді, шуақтанып, Күн тұрған Дала оянып, тіршілікке ұмтылған. Ашаршылық қасіреті жадымда Қазақтарым бастан кешкен түн тұман. Қазағым аш, аш иттей боп ұлыған Ісіп-кепкен, тым қайғылы, қиын хал. Өліп жатыр, бұратылып аштықтан, Күйінемін, менің тәуір күйім бар. Аш нәресте шырылдайды ыңылдап, Ана шіркін сәбиімен бір жылап. Қос емшегін тоқпақтайды қолымен, Есі шығып, «сүті жоқ» деп тұр жылап. Бейшаралық халін көріп ананың, Көкіректі езгілейді нала мұң. Ашаршылық апатының құрбаны, Аяп тұрмын, мына сәби баланы. Өлік сасып, жатыр мына далаңыз, Ашаршылық, жоқ қой саған шарамыз. Құйған жаңбыр, суық жел мен аязда, Жансыз дене мұз боп қатқан, қараңыз. Шөмеле тұр айдалада жиналған, Сабақтары шірік тартып уланған. Бір жас сәби содан масақ іздеп жүр, Нәзік қолмен сүртіп көзін суланған. Көрінеді қабырғасы ырсиып, Іші ісініп, сыртқа шыққан тырсиып. Ұқсамайды тірі адамға сұлбасы, Тірі аруақ, адам емес, құр сиық. Бейшаралар түңілген бұл өмірден, Қар астынан жем іздеді қолымен. Жаратқан-ау, жан азабын тартардай, Жазығы не, түсінбеймін соны мен? Төзе алмаймын мен мынандай сұмдыққа, Арашашы бола алмадым мұңдыққа. Қандай жауыз ашаршылық әкелген, Аласұрдым, көзім жетпей шындыққа. Егін бітті ел шүкірлік етерлік, Нан мен шай да, темекі де жетерлік. Ауа-райын сылтау етіп сандалса, Ондай былшыл болар нағыз есерлік. Келді үкімет, тәркіледі астықты, Етті зорлық, жасап елге қастықты. Көмілусіз қанша сүйек шашылды, Соны ойлап, суарамын жастықты. Айтшы, үкімет, бұл не қылған мазағың?! Көз алдымда тартып жанның азабын. Малын алып, үйсіз-күйсіз қалдырған, Ажал құшып қырылуда қазағың. Ен даланы жайлағандай жын-пері, Түк қалдырмай тұл еткен кім бұл жерді? Ашаршылық зұлматына күні ертең Жауапкер деп тарта аламыз кімдерді? Көшпелі ел ен даланы жайлаған, Малын бағып, қыс соғымын сайлаған, Дихандыққа бейім емес қазақты, Кім ажалдың аранына айдаған? Кім оларды сұм ажалға тап қылған, Қырып-жойып, жаппай ажал таптырған, Маң далада мал өсірген қазақтың Шат көңілін, жайлы өмірін жоқ қылған? Көкіректе көп болып тұр сауалым, Бұл зұлматтың кім береді жауабын? Мен сұраймын, айтыңдаршы ағайын, Кім тартады бұл зұлматтың зауалын?!Аударған Сағат ЖҮСІП
Нұрадин ҚАНАТБАЕВ