Тілім барда тірімін
2016 ж. 24 ақпан
5165
0
Айтайын дегенім….
[caption id="attachment_47380" align="alignleft" width="238"] Сұлтанғазы Сәттібайұлы[/caption]Қазақта «ауруын жасырған өледі»-деген мақал бар. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады»-деп айтып әубаста-ақ қазақ әліпиін түзіп, ең бастысы ұлтына тілін жоғалтпауын аманаттап кетті емес пе? Егемен елдікті алдық, дербес ұлт ретінде әлемге танылдық, қазақ мектептерінің саны артып, жаңа ұрпақ қалыптасты. Үкімет те мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдап оның дамуын бақылауда. Тіл мәртебесінің артуына байланысты оның қолдану аясы кеңейіп, еліміздегі барлық саладағы іс қағаздары мемлекеттік тілге көшіріліп жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде туған тіліміздің тұғыры биіктеп, оны меңгеруге өз қандастарымыздың да саны көбеюде. Тіпті, мемлекеттік тілді мықты меңгерген өзге ұлт өкілдерінің теледидардан тартынбай сөйлеп, қазақша мақалдап сайрайтыныныда көзімізбен көріп, көңілімізге тоқып жүрміз. Айта кетсек белгілі қоғам қайраткері қазақ тілін зерделеп, майын тамызып тұрып сөйлейтін ұлты әзербайжан қызы Асылы апамыз бәрімізге үлгі. Әйтсе де, өз ортамызда қазақ қазақпен орысша сөйлеп, мемлекет тілін әлі де менсінбеушілік ұят нәрсе. Бүйте берсек, өз бүйіміз өзімізді шағып өлтіріп, алаш арысы айтып кеткен сөздің кері келмей ме? Бұл жерде айтпағым «айтар жерде айтылмаған сөз жетім»- демекші қара басы өзге елге тәуелді бола тұра, абхаз халқының ақыны Расул Хамзатовтың «Егерде ертең менің тілім өледі десе, онда мен бүгін өлуге даярмын» деген батыл сөзін алдыға келтірсек, өз еркін елінде өмір сүріп жатқан бүгінгі әр қазақтың намысын оятар ма еді? Біз өзі қазақ тілі ана тілімізді қалай қадірлеп насихаттасақта, ол өзінің сан ғасырлық дамуынан өтіп, ұзақ уақыттан бері халқының өзара тілдесу қажеттілігін өтеп келуімен қатар, туыстас түркі тілдері арасындағы ең бай тілдерінің бірі. Олай дейтінде бір себеп қазақ тілі өткен жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының мерейлі 70 жылдық сессиясында бас мінберден сөз сөйлеген Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресми түрде таза қазақ тілінде баяндама жасап, қазақ тілін бүкіл әлемге паш етті. Қазақ тілі сондай-ақ сонау рулық дәуірден бері ешбір елде бола қоймаған, тек қазақ халқына дарыған «айтыс өнері» екі адамның көзбе көз айтылатын сөз жарысы, өз таңғажайып ерекшелігімен бүгінгі таңда дүниежүзілік өнер зерттеуші ЮНЕСКО- ұйымының тізіміне енді. Бұл дегеніміз айтыскер ақындарымыздың домбыра үнімен қоса айтылған сөз құдыреті, бүгінгі ғаламтор компьютердің заманында қазақ тілі әлем тілдеріне аударылып, талданып, жария етіледі-деген сөз. Ардақты ағайын сөздің басын тілден бастап, бұл нені толғап кетті деп айыпқа бұйырмассыз... Мұның бәрін айта келгенде бұрыннан көшпенді қазағым даудың басын – бір ауыз сөзбен тоқтатқан халықпыз ғой. Енді тілім барда тірімінге келсек. Ата бабамыз аңсап, осы келген тәуелсіздік біздің маңдайға басқан бағымыз! «Мақсұтым-тіл ұстартып, өнер шашпақ» дегендей тәуелсіз дербес мемлекеттің басты негізі- мемлекеттік тіл екені даусыз. Сондықтан мемлекетттік тіл-қазақ тілін білу, оның мәртебесін көтеру, әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы. Алайда біз қазақ тілінің көсегесін көгертіп, оның беделін нығайта түсірудің орнына етектен тартқан енжарлығымыздың кесірінен кей жағдайда қазақ тілін қаза тілге айландырып жататынымыз бар. Еліміз жалпы мемлекеттік тілге көшті дегенімізбен қоғамда, сауда орындары мен мемлекеттік мекеме орындарында қазақ тілінің хал-ахуалы көңіл көңшітпейді. Оған қарап өз басым ана тілінің жаңашырларының бірі болғандықтан, өз елінде туған тілің қорлық көріп жатқанына бей жай жүре алмай газет беттеріне мақала жазып тұратын әдетім бар. Шамам барда, ақылы болса да екінші жоғарғы білім алып шықтым. Осы оқуыма орай университет ректоры орынбасары атына тіл тазалығын сақтап «Мөлтекбасовқа»-деп өтініш берсем, лауазымды тұлғаның аты-жөнін орыс нұсқасында «Мальтекбасову» деп жаз деп хатшы қыз өтінішімді қайтарды. Сонда менің мағынасы майысқан ата-тегін дұрыстап жазғанымның несі айып? Жетпіс жыл билеген Кеңес кезеңі кезінде мен аудандық әлеуметтік қамсыздандыру (райсобес) бөлімінде зейнетақы тағайындау инспекторы болып жұмыс істедім. Сол кезде әр зейнеткердің ісін жүргізгенде «паспорт» еңбек кітапшасы бойынша аты-жөндерін айна қатесіз көшіріп толтыру міндетті болған. Құжаттарға қарап отырсаң, аты-жөні орысша бұрмаланып жазылған адам аттарынан көз сүрінетін. Мысалға Әнуаров –Анваров, Есжанов-Ищаннов, Уалиев-Валиев, Шөкеновтар-Шокынов болып кеткен. Сол Шокыновтарымыз бүгін ортамызда ай сайын уақтылы зейнетақыларын алып жүр. Жүзі таныс кейбір зейнеткерлерге жолығып қалғанда, қазір заманда заң өзгерді, аты-жөндеріңді дұрыстап алмайсыздар ма?-десем зейнетақысыз қалатындай түсінбестік танытады. Менің әлі күнге дейін жаныма бататыны өз әке-шешем Оспанов Сәттібай мен Сәдуақас Гауһар деген анам кеңес кезінде «селсоветте» отыратын «сауаттылар» құжат толтырушы ұйғыр әйелінің кесірінен Усманов Сатыбай, Садвакасова Кавкер-деп жазылып кеткен. Кейін мүлдем өзгерген аты-жөнімен зейнет демалысына шығып, егеменді елдіктің бастапқы жылдары бұл өмірден озып кетті. «Өлі разы болмай, тірі байымайды»-деген ниетте, енді қолдан келері әрдайым аты-жөндері айтылып, құран бағыштап отырамын. Төл құжатыма әке-шешемнің есімдерін дұрыстап, толтырып реттеп алдым. Сірә, бүгіндері біз бақытты шығармыз. Дұрысы бақытты ұрпақпыз. Кеңес Одағын да бастап өткердік. Сол заманда ана тіліне шорқақ, орыс тілді ұрпақ қалыптасқан. Соның салдарынан өз ұлтымыздың ата -салт дәстүрілерімізден де ажырап қала жаздадық. Мешітке бару түгілі, Наурыз мерекесін атап өту дінге байланысты деп тыйым салынған кезеңдер болды. Сонда да әке шешелеріміз айт намаздарында жеті шелпек салып үйге молда шақырып, құран оқытатын, наурыз күндері жеті дәмнен жасалатын “наурыз көже” ішіп өстік. Бала кезден сабаққа аудан орталығындағы жалғыз қазақ орта мектебіне алыс болсада күнделікті қатынап оқыдық. Қаладағы басқа мектептер түгел орыс тілінде оқытылатын. Сол кезде санамызға отаршылдық саясатының сойылы қанша соғылсада, ойымызда ұлтқа деген сүйіспеншіліктің сағы сынбап еді! Қазақтың марқасқа ақыны Қадір Мырза Әлі айтқанныдай «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»-деген өзімізді қайраттандырар сөзінен ұғынарымыз, осы қазақтың зеректілігінен айырмасын. Еліміз өз тәуелсіздігінің ширек ғасыр уақытында мың жылға татырлық іс тындырылды. Тарих үшін аз уақыт ішінде дәулеті мен сәулеті келіскен Сарыарқа төрінен жаңа Астана салып, жан жақты дамып өркендеп келеміз. «Елу елдің қатарына жетеміз»-дедік жеттік. Амандық болса, әлемдегі бәсекеге қабілетті дамыған отыз елдің ортасында отыратын күнге де жетерміз. Ақылдылық пен парасаттылықты тең ұстанған жағдайда Қазақстан халқы Елбасы Ұлткөшбасшымыз айтып отырған ұлы дала елінің «Мәңгілік елдікте» өмір сүретін заман туар. Келер ұрпағымыздың сөзі маржан, ойы асыл, оқудан бір жалықпайтын інжу кітаптарды серік етсін. Тек оқымысты болып қана қоймай, бойларына ұлттық тәрбиені сіңіріп өссе, сонда ғана олар бұл ғаламда «жамандық» деген атаулыдан аулақ болары хақ. Ал бүгін біз ата-бабаларымыздың асыл мұралары-тіліміздің, дініміздің, мәдени мұрамыздың мәйегін бұзбай ұрпақтан ұрпаққа жеткізу біздің азаматтық борышымыз да аманат та екенін естен шығармайық.
Сұлтанғазы Сәттібайұлы Қоқаби Қазақстан журналистер Одағының мүшесі Балалар бапкері Жаркент қаласы Алматы облысы
qazaquni.kz