ЖЕТІ ӨНЕР ДЕ АЗ ЕМЕС-АУ...
2016 ж. 18 ақпан
2742
0
Халық артисі, белгілі режиссер, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты Есмұхан Обаевпен аз ғана тілдескен кісі бір сәт сонау қаймағы бұзылмаған Қазақ әлеміне бас сұққандай әсерленеді. Сөйлеу менеріндегі ескіше әуезімен бе екен, тыңдаушысын ерекше тартып алатын ол дауысы сәл қырылдаңқырай отырып, не жайында болсын, көл-көсір әңгімеге қанықтырады. Қарап отырсақ, «сегіз қырлы, бір сырлы» демекші, осынау жанның бойында талай қасиет бұғып жатқандай.
Автоәуесқой
– Қаршадайымнан техникаға жақынмын. Әкемнің «Москвич-112» деген көлігі бар еді. Қасынан қалмай еріп жүріп, жүрізуді үйрендік. Бұзылса, тез жөндеп алуға дағдыландық. Содан бері талай мәшине міндік қой. Оның «өкпесі қабынып» тұр ма, жоқ, «жүрек қағысы» сыр бере бастаған ба, бәрін кәнігі дерігердей біле қоямын. Тозығы жетіп, бұзылайын деген көлік адамды тұсайды. Мәшиненің сақылдап, сақадай сай тұрғанын қалаймын. «Апырм-ай, желін тексермедім-ау жаңа» немесе «майын көре салмаған екем!» деп, бәріне мұқият қарайтын да әдетім бар. Жалпы, техникаға өзіме сенгендей сенетін адаммын. Қатты жүруді ұнатамын.
«Мұражай» иесі
– Домбыра, жүген, қамшы, торсық дегеннің түр-түрі бар. Бұлар сонау сайын даланың, баяғы қанға сіңген көшпелі өмір салтының жұпар иісін аңқытып тұрады. Қыран бүркіттің тұлыбы тұр, міне! Досхан Жолжақсынов інім сыйлаған. Өзі не өзгермейді, не ақыл қоспайды, бірақ ылғи шығарып салып, қарсы алып тұрғаны. Бұл да ел Тәуелсіздігінің қастерлі белгісі менің үйімдегі!
Етікші
– Әкем Несіпбай тәуір етікші де еді. Аяқ киімді ілгек бізбен қайып тігетін. Табанды ағаш шегемен құрсаулайды. Шегесін шағын арамен кесіп, жарып, дайындап беріп отырушы ек. «Түфі!» деп бір түкіріп жіберіп, сулап ұрады. Оныңыз кепкенде – темір шегені жайына қалдырады! Ағаш немесе тастабан етіктер болатын еді баяғыда. Оны да тігуді үйренгенбіз. Осы күнге шейін аяқ киімдерді өзім бүтіндеп тастағым келіп, аңсарым ауып тұрады.
Қасапшы
– Тау ішіндегі сарқырамалар маңайында түске дейін бір жаңбыр төгіп өтсе... Одан күн лып етіп тез ашылса... Отты жағып қойып, қой союға кірісуші едім. Қой сойғанда алдыма жан салмаймын. Он бес минутта терісін іреп сы- пырып, төстікті де қолма-қол бұзып, қақтап, етті мүшелеп, қазанға салып жіберуші ем. Көбіне туған жер аясында, шатқалдар арасында демалуға құмармын. Курорт-мурорт дегенге көп барған адам емеспін.
Аспаз
– Шешеміз Күлхан отыз-қырық жыл аспаз болған кісі. Астың түр-түрін әзірлейтін. Үйде он екі бала едік, бәріміз де шетімізден тамақ пісіруге ерте бейімделдік. Қазірге дейін дүңген кеспесі, мәнті,түшпара дейсіз бе, жасай беремін. Ет асуды білетінім өз-өзінен түсінікті. Анда-санда немерелеріме дайындап беретін «фирменный» тағамым бар. Оны «жаркое по-кегенский» деп қоямын өзім. Кәдімгі картоп қосқан қуырдақ. Балаларым керемет сүйсініп жейді.
Әнші
– Халық әндерін айтамын көбінесе. Қазақтың сал-серілерінің шығармаларына әуеспін. Мәселен, Жаяу Мұсаның барлық өлеңін білем...
Баянауыл – жері кең шеннен асқан, Бұл маңайда жер жоқ қой сенен асқан. Тауым-ай, Сенен соққан дауыл-ай! Жаман, жақсы болса да, Туып-өскен ауыл-ай-й! Туған жері әркімнің өзіне ыстық, Сондықтан, шыдамастан әнге қостық-ау-у...
Міне, қарашы, қаншама вокал жатыр осында! Қаншама бұлқынған сезім! Адам қалай тәнті болмайды мұндай жүрек сырына... Қалай іңкәр болмайды!..
***
Ығыты келгенде бір-екі ауыз өлең құрастыра салу әрбір қазақтың қолынан келеді. Ал режиссер адам сахна декорациясын дайындау, актерлердің костюмі, олардың орны мен қимыл-қозғалысын сызып түсіндіруде бір кезең шебер суретшіге айналып кететінін өзі де аңғармай қалуы мүмкін. Сөйтіп, осылайша, талай кәсіптің құпиясын игеруіңе тура келеді. Ендеше «өнер қайраткері» деп бекер айтпайды-ау осы Есағаңдарды.
Құлтөлеу МҰҚАШ
qazaquni.kz