Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ: Телеарналар ұлт мүддесі үшін қызмет етуі керек
2016 ж. 05 ақпан
4626
1
Бүгінгі ақпарат ғасырында ақпараттық кеңістігіңді өзгенің қолына беріп қою, ақпаратты өзге тілде тарату – екі тізгін бір шылбырды басқаның қолына ұстату деген сөз. Ақпараттық кеңістігіңе кім ие болса, кімнің айтқаны жалпақ жұрттың санасына сіңіп жатса, қоғамдық сананы да сол қалыптастырып, соның көздегені болады. Өз үйінің билігін өзгеге беріп қойып, аузы аңқиып отыратын жаман үйдің босбелбеу қожайынының күйін кешкіміз келмесе, елімізде қазақтілді ақпараттық кеңістікті қалыптастыруға міндеттіміз. Бүкіл ел аумағына жұмыс істейтін телеарналардың негізгі басым бөлігі қазақ тілінде ақпар тарататын күнге жетпейінше, ұлттық санасы мықты, тілі мен тілегі бір халық болу мақсатына да жете алмаймыз. Ұлттық-мәдени кеңістігімізді қалыптастыру да осы БАҚ-қа ие болуымызға тікелей байланысты. Екіншіден, ақпар деген – өнім. Ғылыми ақпарды да, бұқаралық ақпар мен техникалық ақпарды да сол салалардың мамандары өндіреді.
Өнімнің сапалы не сапасыз болуы өндірушісіне байланысты. Кез келген тұтынушы сапалы өнімді алғысы келеді. Жұрт жақсы киім киіп, дәмді, құнарлы тамақ ішкісі келетіні сияқты жанына азық болатын мәнді, сапасы жоғары ақпар алуға мүдделі. Алдына не қойса, соның бәрін қылғытып жұта беретін талғамсыз, қомағай адам немесе қоғам тас қорытатын асқазаны болса да түбінде ауруға ұшырайды. Сапасыз, жалған ақпармен алданбай, шынайы, пайдалы ақпарды көп алып, жадына жақсыны сіңірген адамның да, қоғамның да дені сау болады. Ақпарларды өндіруге де, таратуға да аса үлкен жауапкершілікпен қараудың маңызы осында жатыр. Ақпардың түрі көп. Соның ішінде жалпы жұртшылыққа тарайтын бұқаралық ақпарлардың маңызы ерекше зор. Ондай ақпарлар бүкіл елдің, қоғамның санасын қалыптастырады. Қазіргі заманда қалың жұртшылық ақпарларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алады. Әсіресе, электронды ақпарат құралдарының дәурені жүріп тұрған заман. Ендеше, сол БАҚ-қа сақ болмаған жұрттар түбінде ұтылады, опық жейді. БАҚ-тары халқына, ел мүддесіне, ұрпақ тәрбиесіне, тіл мен діл, дін мен дәстүр тұтастығына қызмет еткен жұрттардың болашағы үшін алаңдамауға болады. Бұл тұрғыдан келгенде ойланатын тұстарымыз аз емес. «Отандық БАҚ-тан қандай ақпарлар алып жүрміз? БАҚ арқылы жас ұрпақтың санасына нені сіңіріп жатырмыз? Ол ақпарларды кім, қандай мақсатпен және қалай таратып жүр?» деген сұрақтарға жауап іздейтіндер аз емес. Ал ақпарларды тарату тіліне тіптен айрықша назар аудару қажет. Телеарна үшін тіл – ақпарларды таратудың негізгі құралы. Өзіне қажетті құралды пайдалана алмайтын кез келген сала маманының сол салаға пайдасынан зияны көп тиеді. Өтпес пышақ қол кесетіні сияқты, тіл-құралды шала меңгерген тележурналистер ұлтымыздың ең басты құндылығы тілімізді тілгілейді, тыңдаушысы мен көрерменінің жанын жадыратып, құлақ құрышын қандыру орнына көңілін қалдырып, оларды қазақтілді бағдарламаларды көруден жерітіп, жат тілде ақпарат тарататын арналарға ауысып кетуге ықпал етеді. Ойы орашолақ, сөйлеу мәдениеті төмен мамандар жайлаған телеарнадан тілді жетік білетін, көкірегі ояу телекөруші теріс айналса, ал әлі оң-солын танымаған, теледидардан айтқанның бәрі дұрыс деп қабылдайтын жас буынның тілі бұзылады, шұбарланады. Солай болып та жатыр. Теледидардан екі-үш рет ән айтқан әншіні «жұлдыз», төрт-бес репортаж немесе хабар жүргізген жас маманды телевизия тірегіндей көретін біздің көптеген балакөңіл ересек ағайындар да солардың айтқанының бәрін дұрыс деп ұғып қалады. Олардың сөзіндегі сөлекеттіктерді байқамай, осылай сөйлеген жөн екен деп қабылдайды. Сондықтан телеарна басшылары түрі келіскенмен, тілі келіспей тұрған, өзін әрі әнші, әрі артис, әрі журналист, әрі тележүргізуші санайтын, бар мамандықты қатар меңгердім деп ойлайтын, ал шындығында бір кәсіпті де тізгіндей алмай жүрген «бесаспаптарды», «әмбебаптарды» жұмысқа қабылдап, оларға халық алдында сөйлеу құқын беруге болмайтынын қатаң ескерсе екен дейміз. Әйтпесе, телеөнердің де қазақ тілінің де қадірін қашырып алармыз. Екіншіден, еліміздің телеарналарына журналист, тележурналист мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындары да олардың қазақ әдеби тілін, кәсіби тілін тереңірек меңгеруіне көбірек мән беруге тиіс қой деп ойлаймыз. Әрине, телеарналарымызда білікті мамандар да, солардың қолымен жасалған жақсы бағдарламалар мен хабарлар кеше де болған, бүгін де бар. Мәселен, қазақ қоғамындағы түрлі түйінді мәселелерді уақытында көтеріп, қоғамдық санаға қозғау салған Сағат Әшімбаевтың «Қарыз бен парыз» бағдарламасы, Жәнібек Кәрменовтің Ақселеу Сейдімбекпен бірге жүргізген халық әншілері мен әншілік дәстүр жайындағы хабарлары, беріректегі Қасым Аманжоловтың «Шынның жүзі» сияқты көптеген бағдарламалар көпшіліктің бүгінге дейін есінен кетпейді. Ел есінде қалатын осындай жақсы бағдарламалар қатарына көрермендерге бірден жол тапқан «Хабар» телеарнасынан көрсетілген марқұм Әшірбек Сығай жүргізген «Жансарайды» қосуға болады. Қазір де «Қазақстан» телеарнасындағы Бейсен Құранбектің «Айтуға оңай» ток-шоуы қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайтын ойлы бағдарламалардың бірі. Хабар жүргізушісінің үздіксіз ізденісін байқауға болады. «КТК» телеарнасындағы Жадыра Сейдеш жүргізетін «Жүрекжарды» авторлық бағдарламасының да тағылымдық мәні бар, «Астана» телеарнасындағы Әйгерім Сейфолла жүргізетін «Сырласу» бастапқыда тәп-тәуір бағдарлама еді, кейінгі кездері жұртшылыққа айтары аз, әңгімелері біркелкі жердегі «жұлдыздар» көбірек шақырыла бастаған соң, оның да мәні кете бастады. Мұндай тәуір бағдарламалар бұлармен ғана шектелмейді. Дегенмен, қазір тұшынып көретін дүниелер сиреп кеткендіктен, теледидарды көп көрмейтін болдық. Негізінен жаңалықтарды, уақыт болып жатса ғылыми-танымдық, талдамалық хабарларды, спорт жарыстарын көреміз. Теледидарға аз қарағанның өзінде телеарна тіліндегі кемшіліктер көзімізге көп шалынатын болып жүр. Бұл сөз болмай жүрген де мәселе емес. Телеарналар тілі жөнінде үздіксіз, жүйелі түрде жазып жүргендердің бірі қаламгер Мырзан Кенжебай. Ол телеарна тілін арқау еткен «Телеарналар қазақ тілінің берекесін кетіруде» (abai.kz), «Қазақ телевизиясы мазақханаға айналды» («Жас Алаш», 26.02.15), «Телеарналар ұлттығымыздың айнасы болуы керек» («Ана тілі», 04.08.2011), «Тілбұзар телеарналарға қашан тоқтау саламыз?» («Ана тілі», 10.04.2014) деген мақалалар тізбегін жазды. Е.Жұматайдың «Шөпті де, шөңгені де әңгіме еткен тележурналистика кәсіби мамандарға зәру» («Түркістан», 26.06.2014). Басқа да көптеген мақалалар жазылды. Тыңдар құлақ болса, айтылудай-ақ айтылып жатыр. «Нәтиже шықпаған соң, айтқаннан, жазғаннан не пайда?», «Басқалар жазып жатыр ғой» деп қарап отырмай, телетілдің бетін бері қаратуға қолымыздан келгенше атсалысу, мәселе көтеріп жүргендерге үн қосу қазақ тілінің қолданысына немқұрайды қарай алмайтын баршамыздың міндетіміз болғандықтан біз де қолға қалам алып отырмыз. TELE 2015 жылғы 16 қараша күні түс кезінде «Қазақстан» телеарнасынан «Бірге таңдаймыз!» хабарын көрдік. Хабарда әсіп пісіру, байпақ тоқу, түрлі-түсті жұмыртқа қуыру және «тай-бо» биі көрсетілді. Жұртшылыққа керек, пайдалы кеңестер беретін жақсы-ақ бағдарлама. Бұл тележурналды жүргізуші Нұрбигүл Егізованың өз хабарын қызықты, тартымды өткізуге деген жақсы ниеті, ынтасы, ізденімпаздығы да аңғарылып тұр. Алайда бағдарламасының сапасы арта түсу үшін тележурналистің тіліне де біршама мән бергені абзал. Біз қараған жарты сағаттан астам уақыт көлемінде хабар жүргізушісі «ардақты ағайын» сөз тіркесін 9 рет айтты. Ағайын, ел-жұртты ардақтағаны дұрыс қой. Алайда, қаратпа сөзді қайта-қайта айта берген дұрыс емес. Оны хабардың басында не аяғында айтса жеткілікті еді. «Ағуыз», «дәмді ғылып» (Нұргүл ханым дәмді қылып…қуырдақ дайындап жатыр.13.01.16) десе, сөзді анық айтпай қаламын деп ойлай ма, телехабар жүргізушісі «ақуыз» сөзі мен «дәмді қылып» тіркесіндегі «қ» әрпін барынша анық айтуға тырысты. «Осы ретте, тағы бір хабарласқан көрерменіміз бар екен, тыңдап көрейік», «Осы ретте мен бір ақпарат айта кетейін», «Хабарласқан көрерменіміз бар екен, тыңдап көрейік, осы ретте» деп орыс тіліндегі «в этой связи»-дің көшірмесін қайталай беруі де қазақ сөйлемінің әрін қашырып тұр. Оның сөз арасында «Ардақты ағайын, біз тікелей эфирде» дегені «Мы в прямом эфире» деген орыс сөйлемінің айна-қатесіз көшірмесі. Телехабар жүргізушісі «жаңағыдай» сөзін де жиі қайталады. Бұл да көруші мен тыңдаушыға жағымды әсер етпейді. Хабарға қатысқан байпақ тігушіге телехабар жүргізушісі «кетпей ме?» деу орнына «Мына жері сөгітіліп кетпейді ме?» деп, «ді» қосымшасын орынсыз, артық жалғады. Жұмыртқадан жасалған қоспаны бетке жағуға кеңес бере отырып, ол «Қатты көзге жақындатпаңыз» деп, сөздердің орын тәртібін бұзып қолданды. «Қатты көз» деген қандай көз? Қазақтың тілі мен әдебиетінде жиі ұшырасатын «нәркес көз», «бота көз», «мөлдір көз», «қой көз», «қысық көз», «балық көз», «шүңірек көз», «бадырақ көз», «нұрсыз көз» сияқты тұрақты, еркін тіркестерді тізіп айта беруге болады. Ал «қатты көз» байқаусызда жасалған жаңа тіркес. Бірақ жаңаның ішіндегі сәтті жасалғаны деуге келмейді. Телехабарды жүргізушінің айтпағы «қатты көз», «жұмсақ көз» сынды көз түрлері емес, «көзіңізге тым жақындатпаңыз» деу болатын. Байқап-байқап сөйлемесек, сөздерді орнымен пайдаланбау осындай сәтсіз «жаңалықтар» ашқызады. Хабарда көрсетілген таэквондо, бокс, аэробика мен би қимылдарының қоспасы саналатын «Тай-бо» туралы айта келіп, хабар жүргізуші «Жынданып тұрған кезде…» деген сөзді екі-үш рет қолданды. Бүкіл ел қарап отырған хабарда «жындануды» қоя тұрып, «ашуланғанда», «ашуланған кезде» десе, әдептен озбаған болар еді. 2015 жылғы 25 қараша күнгі эфирге шыққан хабарында тележүргізуші «Мен ойлап тұрмын, кішкентай бөпе қалай хабарласып тұр деп», «Менің бетім де құрғақтау болып келеді» деген орыс сөйлемінің үлгісіне салып пішілген «қазақшаларын» көпшілікке ұсынып жатты. «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» авторлық бағдарламасында студия қонағы әнші Шахизадаға осы бағдарламаның авторы «Сіз әжека болдыңыз ғой», «…Боровоеға барады» (25.11.2015) деді. Н.Қоянбаев қазақ тілінде жүретін хабарда қазақ сөзін будандастырмай, қазақтың жер атауын орысшалап, тілді шұбарламай «…әже болдыңыз», «жап-жас әже атандыңыз», «…Бурабайға барады» деп сөйлесем, сөзін өзі секілді қойыртпақтап сөйлейтіндер түсінбей қалады дей ме екен? Әлде, өзінің қалай сөйлеп тұрғанына есеп бермей ме? Биылғы жылдың 12 қаңтар күнгі шығарылымында да ол студия қонағы «крутой Кентал» екеуі «крутой» сөзін бірнеше рет қайталады. «Крыша», «крутой», «предки», «прикол» сияқты қазақ жастарының тіліндегі көптеген сленг, жаргон сөздерден арыла алмай жүргенде, еліміздің жалғыз қазақтілді Ұлттық телеарнасынан Н.Қоянбаевтың «крутойды» насихаттап, оны көпшіліктің санасына сіңіруге атсалысып жатқанын қалай түсінеміз? Бізде түнгі студияның жүргізушісін заманауи, тапқыр, көңілді тележурналист санайтын жастар аз емес. Ересектер арасында оны арзан әзілге құмар, тілді шұбарлап сөйлейтін сайқымазақ жүргізуші деп, бағдарламасын қарауға құмар еместерді көбірек кездестіруге болады. Осылардың алғашқылары мұны сүйікті жүргізушіміз Қоянбаевтың өзі айтты деп оның «әжека», «крутой», «Боровое» сияқты сөздерін жаппай қолданып жатса кімге өкпелейміз? Тілбұзарлыққа жол беру деген осы емес пе? Жаңалықтар тілінің кемшіліктері аз емес. Олар туралы жеке сөз қозғаған жөн. Қазір бірер мысалмен ғана шектелмекпіз. Мәселен, «31 арнаның» кешкі жаңалықтарын жұртшылыққа жеткізген Аида Боранбай «Түркістанда өзіне өрт қойған 20 жастағы жігіттің халі әлі де ауыр» («Инфомбюро». 10.12.2015) деді. Өрт – тиген жерінің бәрін жайпап кететін, қамтитын ауқымы мол қаулай жанған от. Соған сәйкес қазақ ұғымында «от қойды, өртеді» деген мағына беретін «өрт қою» қала, орман, егінжай, бау-бақша, үй-жай, ғимарат сияқты ірі, ауқымды нысандарға қатысты қолданылған. Ал шағындау нәрселерді, киім-кешекті, ұсақ-түйек заттарды «өртеп жібереді» немесе «жағып жіберді» дейді. Екіншіден, «өрт қою» біреудің тарапынан басқа нысанға қатысты істелетін әрекет. Сол себепті «өзіне өрт қойған…» дегеннен гөрі «өзін-өзі өртеген жігіттің…» деген мағыналық тұрғыдан да, логикалық-стильдік тұрғыдан да дұрыс болар еді. «Еуразия» бірінші арнасының «Басты жаңалықтарында» (14.01.2016.) оқыс оқиғалар жайын сөз еткен Әсел Арыстанбекова «…7 тұлға жауапқа тартылды», «Белгілі болғанындай, ер адам аяғы тайып көпірден құлап кеткен» деді. «Тұлғаларды» топырлатып жауапқа тартқанымыз жараспаған-ақ екен. Екінші сөйлемін де орыстың «Как стало известно…» деп бастайтын сөйлем үлгісіне салмай-ақ, «…белгілі болды» дей салса, әлдеқайда ұғынықты болар еді. 2016 жылғы 7 қаңтар күні бүгінде бірнеше телехабарды жүргізіп, тележұлдыздардың біріне айнала бастаған сықақшы, әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың «Көңілашар» бағдарламасын көрдік. Ол іріктеуден өтіп жатқан төрт қатысушының біріне «Көңілашаровтар отбасымен» бірге сұрақтар қоямыз» дегенді ол былай айтты: «…қазір сұрақпен жаудырамыз». Тележүргізуші «Біз қазір сізге сұрақты жаудырамыз» десе дұрыс болар еді. Бастырмалатып, төпеп, өте жылдам сөйлейтін оның кейбір сөйлемдерінің басы бар да аяғы жоқ болып, айтпақ ойы аяқталмай қалып жатады. Мысалы, «Жақсы достар, осы бір тамаша нүктеде», «Ал біз үшінші болып ортаға Нұрахметолла Смағұл». Ой аяқталмағаны өз алдына, оның «тамаша нүктесінің» не екенін түсініп көріңіз. Осы сөйлемдерін ол «Жақсы достар! Біз осы көтеріңкі көңіл-күймен…» деп сөзін әрі қарай жалғастырса, «Ал енді біз үшінші қатысушымыз Нұрахметолла Смағұлды ортаға шақырамыз» деп, сөйлемінің аяғын жеп қоймай, айтпағын анық та қанық айтса, жұртқа түсінікті болар еді. Сондай-ақ оның кейбір сөйлемдерінің басы аяғына, аяғы басына шығып кетіп жатады. Мысалы, «Осы бесеудің ішінен кімге жолдама бересіздер, келесі айналымға», «Келесі болып Бақытбек Нәсіпханұлын шақырамыз ортаға» деген сөйлемдері солардың қатарына жатады. «Келесі айналымға осы бесеудің ішінен кімге жолдама бересіздер?», «Енді Бақытбек Нәсіпханұлын ортаға шақырамыз» десе, адасып жүрген сөйлем мүшелері орнын тауып, естіген құлаққа да жағымды, ұғынықты болар еді. «Көрермендерден құралған «Көңілашаровтар» отбасы туралы ол «профессор» рөлін ойнаған қатысушыға «Сіз қайтесіз, ит пен мысықты будандастырып, бөлме іздеп, осыларды бір-бірімен будандастырып қойсаңыз бар ғой?» деді. Бұл ойланбай айтылған сөз. Қалайша бір отбасын бір-бірімен будандастырып қоюға болады? Арғы-бергі ата-бабамыз естіп-көрмеген нәрсе. Бағдарламаны көріп отырған жұрт, үлкен-кіші бұдан қандай тағылым, тәлім-тәрбие алады? Тұрсынбек ініміз қанша жерден әзілқой болса да, эфирден бүкіл ел-жұртқа бұлай айтқаны жараспайды. Бұлай сөйлеу ұлттық мәдениетімізге де, сахна, эфир мәдениетіне де жатпайды. Кейде тапқырлық танытып тауып айтатын Тұрсынбек, кейде осылай «атынан ауып» та айтып жатады. Т.Қабатов «Сырласудағы» сұхбатында («Астана» арнасы, 24.04.12) «неғылып», «неғып қоятын», «неғылсын», «неғылмау керек», «неғылмасыншы екен деп», «неғылып жүрем», «ішқай театрға ойнамай» (ешбір театрда ойнамай), «балдар» (балалар), «балдарымды» (балаларымды), «жатырған» (жатқан), «ашылар бұрын» (ашылардың алдында, ашылмас бұрын) сияқты әдеби нормаға жатпайтын, жергілікті ерекшеліктер мен ауызекі сөйлеу тілі элементтерін қолданды. Сондай-ақ ол сөзінің арасына «вот», «вот сол», «пока», «обязательно», «молодец» сияқты орыс сөздерін қосып отырды. Шынайылығы мен өз пікірін ашық, бүкпесіз айтуы назар аудартқанымен, оның көпшілік алдына шыққанда бұлай шұбарлап сөйлеуі жөнсіз. Тағы бір әзілінде ол «Мен айтып атырған әзілдердің ішінде ешқайсысын ойдан шығарып жатқам жоқ», «Көшедегі адамнан сұрамайды ғой өтіп бара атырған», «Бұл ата-бабамыздан келе атырған дәстүр» деді. Қалың қазақ «айтып жатқан», «айтып отырған», «бара жатқан», «келе жатқан» деп сөйлеп, жазып жүргенде, республикалық телеарнадан хабар жүргізу құқына ие болып отырған Қабатовтың осы норманы сақтамауын қалай түсінуге болады? Тұрсынбектің «көп емес пе?» орнына, «Ей, көп пес пе көйлегің?» дегені де жергілікті сөйлеу мәнері. Ол осылай сөйлейтін аймақта, өзінің ауылының клубында осылай сөйлесе жерлестері, ауылдастары түсінер. Ал бүкіл ел аумағына тарайтын бағдарламасында жалпыға ортақ қазақтың әдеби тілінде сөйлегені жөн болар. Тілімізде әр аймақтың, ауданның, тіпті кейбір шағын ауылдың көлемінде ғана қолданылатын жергілікті ерекшеліктер бар. Әдеби тілді жетік меңгерген кез келген білімді азамат ел алдына шыққанда, жұртшылыққа арнап жазғанда немесе сөйлегенде өз ауылында ғана кездесетін ондай сөздерді қолданбайды. Ол әдеби тіл нормасын сақтамау, сөйлеу әдебін бұзу болып саналады. Қазақстанның әр түкпірінен шыққан тележурналистің әрқайсысы эфирден «өлә-ә!», «жүдә», «не зат?», «қасқа-а», «әгүршік», «бедіре», «қойсай», «жүрсей» деп өз ауылында ғана жұмсалатын сөздерді қосып сөйлеп отырғанын елестетіңізші! Бүйте берсек, онсыз да берекесі қашып тұрған телетіліміздің одан әрі тоз-тозы шықпай ма? Ал енді «…прикол ұстап қоямыз ещё» деген бір-ақ ауыз сөзінде «прикол» жаргоны мен «ещё» деген орыс сөзін қыстырып сөйлеуі сахна мәдениетіне де, сөйлеу мәдениетіне де мән бермеудің нақты көрінісі. Бұл оның тілді шұбарлап сөйлейтіндерді мінеп, мысалға алып отырған мақсатты қолданысы емес. Әзілкештің өз сөзінен алынып отыр. Танымалдығы жағынан Тұрсынбек ешкімнен кем емес. Әсіресе, жастар арасында оның әзілдеріне әуес, тапқырлығына тәнті болып жүргендер аз дей алмаймыз. Сондай көрермен мен тыңдаушылардың елеулі бөлігі өздерінің сүйікті әзілкешінің айтқанын сән көріп, үлгі тұтады. Солай сөйлеуге тырысады. Сол себептен де Тұрсынбек сияқты эфирден ойып орын алып, қолына көпшіліктің санасына ықпал ету тетігі беріліп отырған тележүргізушілер әр сөзіне абай болғаны абзал. Бағдарламамның рейтингін өсірем, көптің көңілін көтерем, күлдірем деп жүріп, жұрттың тілін бүлдіріп алмай ма?! Кітап оқуды қойып, театрға баруды сиреткен, поэзия құдіретін сезінуге ұмтылатындар, классикалық музыканы, халық әндері мен халық композиторларының әндерін, қазақтың бекзат болмысын көрсетіп, көңіліндегі көрікті ойы, асқақ арманы, күйініш-сүйініші мен сағынышын сөзсіз жеткізетін күй өнерін бағалайтындар азайған бүгінгі қазақтың талғамы тым төмендеп бара ма деп қорқамыз. Мұхамедия Ахмет-Төре «SMS – сана, интернет – интеллект» ел болып барамыз» деп жүр. Ал жұртты жеңіл музыка, айқайға толы ән, арзан әзіл, мағынасыз ойын-күлкімен алдарқатып рейтинг қуып отырған кейбір телеарналардың да бұған қосып жатқан үлесі аз болмаса керек. Қазіргі теледидар – қоғамдық сананы қалыптастыруға, ұлт талғамын көтеруге зор ықпал ете алатын аса қуатты құрал. Қолымыздағы мұндай мықты құралды ел мақсатына, ұлт мүддесіне, ұрпақ тәрбиесіне ұтымды пайдалана білу өте маңызды. Мұны бәріміз де түсінгенімізбен, бұл құралды іс жүзінде тиімді пайдалану жағымыз әлі де кемшін болып тұр. Көркем әдебиетті көп оқып өскен жан ойын толық, әсерлі, бейнелі жеткізеді. Тіл байлығы мол болады. Кешегі кеңестік кезеңде білім алған ұрпақ қанша жерден құлдық құрсауында, идеология шырмауында болса да көркем шығармаларды көп оқитын еді. Бүгін кітаптың, газет-журналдың орнын интернет, теледидар басып барады. Том-том романдар мен хикаяттарды оқып жатуға уақытын қимайтын адамдар телегей-теңіз ақпарат айдыны интернетке жүгінетін болды. Бүгінде бүкіл әлем ғаламтор құрсауында, әлемжелі жетегінде жүр. Кітап бетін ашпайтын, интернетке көз сүзіп, телеарнаға телміргендер көбейгенін көп айтамыз. Бұл – заман ағымы. Интернет пен телевизиядан қашып, оларды қаралай бергеннен ұтарымыз шамалы. Қазіргі заманда осы құралдарды өзіміздің мемлекеттік мүддемізді қорғап, ұлттық санамызды, өзіндік болмыс-бітімімізді сақтауға, білімімізді толықтыруға ұтымды пайдаланудан басқа жол жоқ. Интернетті игеріп, телевизияны тізгіндеу арқылы мақсатқа жетуге көбірек бас қатыруымыз қажет. Бізде теледидарды сөгіп, оны «қылықсыз қыз, ұрда-жық ұл өсіріп, кесір келін тәрбиелеуге қызмет етіп жатыр», «қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттайды» деп кінәлайтындарды жиі естиміз. Бұл жерде көк жәшіктің еш кінәсі жоқ, оған не салсаң, соны көрсетеді. Оның ішін мазмұнды, тағылымды дүниелермен толтырудың орнына көр-жерді, күл-қоқысты тықпалап, ұл-қызға, ел-жұртқа сапасыз, арзан телеөнім ұсынып жатқан өзіміз. Осы істің басы-қасында жүрген басшы-қосшылар, мамандар мен «маман еместер». Қазір біздің телеарналарды кәсіби мамандардан гөрі осы соңғылары жайлап алғандай әсерде қаласың. Ұлттық әдебиет пен өнер жөніндегі, шынайы саяси, тарихи-ғылыми ақпараттар тарату арқылы жұртшылық талғамын көтеру орнына Ресей телехабарларының сапасыз көшірмелері мен түкке тұрмайтын у-шуға толы даңғаза шоуларды, шөпті де шөңгені де сөз қылатын әзілкештердің арзанқол әзіл-оспағын, шетінен өздерін «жұлдыз» санайтын әншілердің ішкен-жегенін, жүрген-тұрғанын, мінген көлігін, тойдан тапқан табысын, асабалығы үшін қанша ақша алатынын сөз етуден аспайтын көптеген телебағдарламалар талғамы төмен, не болса соны көретін, не болса соған күлетін көркеуде көрермен тәрбиелеуді басты мақсатқа айналдырғандай. Өздерін әрі әнші, әрі композитор санайтын жұлдыздардың бірқатары енді жаңа қырларынан танылып тележурналист те болып алды. Телеарналарымыз күндіз-түні көрсететін солардың әніне тойып болғанымыз аздай, енді сөзіне «сүйсінетін» болдық. Осы құбылысты қазақтың көрнекті қаламгері Дулат Исабеков «Ел – теледидардың құлы, теледидар – ортақол әншілердің құлы боп кетті» («Жас қазақ», 25.12. 2015) деп қалай дәл айтқан. Қазіргі ақпараттық технология ғасырында есі бар жұрттар теледидарды қатыгездік пен зорлық-зомбылықты, арзан әзіл мен мән-мағынасыз ойын-күлкіні, дарақылық пен дөрекілікті, оспадарлықты насихаттап, талғамсыздыққа, озбырлық пен анайылыққа тәрбиелеу құралы емес, ұлттық құндылықтар мен әлемдік ой-сананың озық үлгілерін тарататын өнеге мен тағылым мектебіне айналдырса ғана ұтатынын жақсы түсінеді. Егер біз осыны ұғып, телевизияның аса зор мүмкіндігін еліміздің, ұлтымыздың мүддесіне тиімді пайдалана алмасақ, онда ұрпақ тәрбиесі мен ұлт мәселесін шешіп, соған қызмет етіп отырмыз дегеніміздің бәрі де бос сөз болып шығады. Өткен жылдың қараша айында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен БАҚ тіліне арналып Астанада өткен республикалық жиында мәжіліс депутаты Алдан Смайыл «Телеарналар әзіл-оспақ театрына айналып кетті», «Қазақ тілі аударма тіл болып барады», «Телеарналарға тіл мамандарын жұмысқа алу керек» деген сын-ескертпелерін, ұсыныс-пікірлерін айтса, ақын Несіпбек Айтұлы «Телеарналар – баланың ойыны, бақсының жыны болып барады» деді. Сөз қадірін, тіл қадірін бір кісідей білетін осы азаматтарымыз дүйім жұрттың алдында мұндай сөздерді жаны күйгеннен айтты деп білеміз. Осы жиында сөйлеген «Қазақ газеттері ЖШС»-нің Бас директоры, белгілі журналист Жұмабек Кенжалин Серіктесіктеріне қарасты газеттердегі оғаш қолданыстарды жинап, талқыға салып, журналистерге жөн сілтеп отыратындықтарын айтты. Жақсы тәжірибе. Ол осы дөңгелек үстелде «Электронды БАҚ-тарға стилист редакторлар алу», «Журналистика факультетінде тілді оқытуға басымдық беру», «Журналистерге арналған осындай семинарларды орталықта ғана емес, аудандық, облыстық газеттер мен жергілікті телеарналардың журналистерін қатыстыра отырып, облыс орталықтарында да өткізу» қажет деген орынды ұсыныстарын айтты. Мұны жиынға келген телеарна басшылары мен тележурналистер естіді. Қорытынды шығарар деген ойдамыз. Бүгінде телетілге зер салған адамның «сөзге кенде болып көрмеген қазақтың тіліне не болған?» дейтіні анық. Біз қазақ тілінде ақпар тарататын телеарналар, телехабарлар саны әлі де көбейіп, бірақ тіліміздің тілім-тілімін шығарып сөйлейтін тележурналистер, комментаторлар азайса екен деп тілейміз. Әйтпесе, көк жәшікке көзін сүзген миллиондардың санасын улап, оларды сағызша созылған сапасыз сериалдар, мағынасыз шоу, арзан күлкімен алдап, тілбұзарлыққа қызмет етуден не пайда?!
Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі.
Дерек көзі: "Ана тілі" газеті