Миллет халін ойлап, қызмет етуді мойындарына алған Алаш қайраткерлерінің талаптанған әр ісіне Құдай сәтін салып, «әмин» деп қол жайып, «әуп» деп күш қосып, «Алла» деп іске кіріскен қазақтың ояну ғасыры басындағы меценаттары кімдер еді?
Кеңес дәуірінде өмір сүрген адамдардың түсінуінше, «болыс», «бай-бағлан», «бай-манап» деген сөздер қарапайым халықты қанап, олардың үстінен күн көріп отырған бір «құбыжық» сияқты болып көріне ме, қалай өзі?! Социалистік солақай идеология қазақтың бай-бағландарын «құбыжық» етіп көрсетуді жақсылап меңгеріп, жас ұрпақтың санасын кәдімгідей улады емес пе? Соның бір жарқын мысалы — Құнанбай қажы. Атақты Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы «Құнанбай» образы социалистік кері идеологияның құрбаны болғаны бүгінде көпке белгілі. Міне, сол сияқты қазақ даласында қаншама дәулетті азаматтар болған, бірақ 1928-1930 жылдары қазақтың барлық бай-бағландарының мүлкі тәркіленіп, ұрпақтары жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, кейбірі атылған, сотталған, кейбірі Алтай ауып, босып кеткен еді.
Алаш қайраткерлерін қаржылай қолдап, дем беріп отырған өткен ғасыр басындағы дәулетті азаматтарды ендігі жерде «бай-манап» емес, «Атымтай жомарт», «ақ жүрек» деп атасақ, қандай әдемі естіледі! Дәулетімен ұлтқа қызмет ету жолында аттары шыққан қазақтың ақ жүрек қалталы азаматтарының көбі «Қазақ» газетінің жарық көруіне септігін тигізген. «Қазақ» төтенше шығындарға ұшырап, халі ауырлағанын байқаған азаматтар азды-көпті көмек берісті. Бұлар көмектерін әрқайсысы айрықша әр уақытта жіберген еді. Біз олардың бәрін жарияламасақ та, мүмкіндігінше біразының аты-жөндерін жариялауға тырыстық. Көмек берушілер: Есенқұл қажы Маманұлы — 100 сом, Ғайнижамал Есенқұл қажы жамағаты — 100 сом, Тәңірберген қажы Тұрысбекұлы — 429 сом, Айтмұхамет Тұрысбекұлы — 100 сом, Қожа Ахмет Маманұлы — 50 сом, Баймұхамет Тұрысбекұлы — 50 сом, Құдайберген Тұрысбекұлы — 50 сом, Құдайберген Тұрысбекұлы — 20 сом, Егеубек Жиенбайұлы — 10 сом, Ғ.Әлібекұлы — 150 сом, Хұсайын Үкенұлы — 25 сом 50 тиын, Жолымбет Тұрымбетұлы — 25 сом, Ерназар Жауқашарұлы — 20 сом, мұғалім Нығметолла Күзембайұлы — 15 сом, Нұғман Қанатбайұлы — 5 сом, Өмірәлі Пәнтешұлы — 5 сом, Тілеген Бадырақұлы — 5 сом. Барлығы: 1274 сом, 40 тиын» деп газет басқармасы алғыстарын білдірген. Енді тарихи дерекке жүгінер болсақ, газет патшалық саясатқа қарсы мақалалар жарияланғаны үшін 4-5 мәрте үлкен айыппен жабылған. Сонда оның қайта ашылуы үшін төленетін қаржыны (әр кездері 50, 1500, 2000, 3000, 4550 сом айыппұл тағылған) ұлтымыздың ауқатты ақ жүрек азаматтары төлеген еді. Жоғарыда айтылған газет басшыларының алғысы осы сөзіміздің дәлелі болмақ.
Әр жылдары «Қазақ» газетінің пайдасы үшін газеттің құрылтайшысы — «Азамат» серіктестігіне Ақмоладан Мәнтен молда Болақов 10 сом, атбасарлық Әбуәллис Кенжебаев пен Әбухасан Аңсағаев 15 сом, шалқарлық Ермұхамет Сатыбалдыұлы 4 сом, Қажы Досмайыл Қашқынбайұлы Қостанай уезіндегі талапкер, ер көңілді жігіттердің басын қосып, 20 сом ақша жиып берген. 1913 жылдың 10-15 қарашасында Верхний Орал уезінің Наследниски деген қаласында жылдық жәрмеңке өткен. Оған Қостанай уезінің 4-5 болысынан келген көзі ашық, ел намысы бар мырзалар бас қосып, «Қазақ» газетіне Жетіқара болысынан Мақан Сұлтан баласы — 5 сом, Қажы Өтебай қажы Қондыбай баласы — 10 сом, управитель Ахмет қажы Қондыбайұлы — 10 сом, Сейітжан қажы Қондыбайұлы — 10 сом. Осылайша, тізім жалғаса отырып, жарты сом бергендер де жазылады. Барлығы: 115 сом, 71 тиын тапсырған.«Дүниеден бір сабақ жіптен жиылса, жалаңашқа көйлек» деген мақал бар. Қазақ оқушылары үшін қазақ даласының әр жерінен бір сабақ жіптей қаржы жиылып, «Қазақ» газетінің редакциясына түсіп тұрған. Өйткені «Қазақ» газеті “қазақтың әр жерде оқып, білім алып жатқан оқушыларына жәрдем беріп тұрайық” деп қазақ азаматтарына қолқа тастаған. Мысалы, Қазан университетінің студенті Базарбай Мәметов өзінің алғыс-тілегінде Көлбай Төлеңгітов — 20 сом, Нұртай мырза — 20 сом, Ахметбай Ғабдолсартов — 10 сом, Әбдіқадыр Көсебаев — 5 сом, Тәңірберген Тұрысбеков — 10 сом т. б. біраз жомарт жандардан барлығы 130 сом жиналғанын жазады. Ал Уфадағы «Ғалия» медресесінің түлегі Шермұхамед Қыпшақбайұлы сұлтан Сәлімгерей Жантөринге барып: «Атаңыз қазаққа басшылық қылған, қазақ ішінде туып-өскен, қазақтың арын арлаған. Сіз де бұл күнде медресе «Ғалие» салғызып, дін исламға биігіректе ноғайларға қызмет қылып жатырсыз. Атажұртыңыз қазақта не медресе жоқ, не дін ғылымының, дүние ғылымын білген кісі жоқ, бұл басшылық қылып жатқан жаужүрек, бірлі-жарым орысша оқығандарымыз. Міне, мен Руссияда 11-12 жыл оқыдым, ноғай медреселерінде оқылатын нәрселерді бітірдім. Енді Стамбұлға барып түрікше үйреніп, аз-маз оқыған пәндерімді кеңейтіп, дүние ғылымынан хабардар болғым келеді. Бұл мақсатыма жету үшін 4-5 жыл оқу керек, бұған ақша керек, сіз мені жіберіңіз», — деген екен. Шәкірт өтінішін Сәлімгерей мырза мақұл көріп, өзінің қаржылай қолдауымен оны Стамбұлға жібергені жайында «Қазақ» газеті арнайы жазған еді.
Киім мен тамаққа мұқтаж қазақ оқушылары үшін Қапал-Арасан болысынан ағайынды Құдайберген, Тәңірберген, Айтмұхамед, Баймұхамед Тұрысбековтер және Есенқұл қажы Маманұлы, Тұрсын Бабайұлы 2 сомнан, Сұлтанқұл Тұрысбекұлы, Барлыбек Сыртанұлы, Бейсеке Қали баласы, Әбдірахман Шірбайұлы, Ибраһим Абайұлы ұзын-саны 31 сом 80 тиын ақшалай оқушыларға жәрдем берілген.
Алаш қайраткерлері қазақтың кейбір «ысырапшыл» салт-дәстүрлерін сынап, кейіп отырған. Дарақыланып ақшаны текке шашпай, оны қайырлы мақсатта жұмсауға үндеген. «Қазақ» газетінің 1914 жылдың 10 желтоқсанындағы №89 санына шыққан «Ақмешіт» хабарламасында: «Ақмешіт уезіне қараған Шашты Қыпшақ марқұм Шоқай Торғай баласына ас берілді. Шақырған елдің бір шеті Қазалы, бір шеті Ташкент болды, мыңға жақын жұрт жиылды. Астың бар расходы 5 мың сомнан асты. Бәйгеге 57 ат шауып, 17-не бәйге тігілді. Бас бәйгеге 80 сом ақша, екі қара тігілді. Орынсыз кеткен 5 мың сомға Шоқай атына бір медресе салдырса, Шоқай аты мәңгіге қалар еді. Қазақтың әлі күнге қазақшылығы қалмағандығы ғой», — деп Зәкір Ғайсин кейіген екен. Міне, содан бері арада ғасыр уақыт өтсе де, біздің қазақ бұл дертінен айыға қоймады. Керісінше, шетелден әнші шақырып, жыртылып, жарысып той жасайды емес пе? Ғайсиннің хабарламасының астына «Қазақ» газеті мынадай пікір беріпті: «Шоқай марқұмның Петербург университетінде оқып жүрген, бітіруіне жалғыз государственни экзамені қалған Мұстафа деген студент баласы да бар, бірақ көптен бойға сіңген жұрт рәсімін жалғыз өз әкесінің тұсында қалай тоқтата алсын, жүре-жүре жіңішкеріп қалады да». Тағы бірде газет басқарушылары Торғай уезі, Қараторғай болысы, №5 ауылының қадірлі ақсақалы, сүйегі қыпшақтың кедел руынан, Сары Қошқар батырдың немересі Айтқожа Аяпбергенұлы 76 жасында дүниеден өткенде, қазақтың салты бойынша жаназа рәсіміне 17 ірі қара, 40 ұсақ қара байланып, жаназаға жиналған үш ауылнай елге 15 шапан, 120 сом ақша, 30 сомдық таза заттай мүлік үлестіргені жайында «Сарылардың» салты осындай екен» деп мақала жазыпты.
«Қазақтың» діни салт-жоралар жайындағы пікірінен кейін қайтыс болған адамның підиясын қаржылай немесе заттай көмек ретінде оқушы жастарға берілуі бір ретке түскен сыңайлы. Мысалы, Сейітбаттал қажы дүниеден өткен соң, оның ұрпақтары қазақтың оқу қуып жүрген студенттеріне 200 сом ақшалай көмек көрсеткен. Оның 50 сомын Томскі университетінің студенті Асылбек Сейітұлына, Уфадағы «Ғалия» медресесінің Бекмұхамед Хұсайынұлы, Хайролла Ибрагимұлы, Садық Төкебайұлы, Нығмет Манайұлы, Шаһмардан Ғұмарбаласы, Ғайса Тоқтарбекұлына, Орынбордағы «Хұсейние» медресесінің Елемес Шәрменұлы, Зыйайғай Ахметұлы сияқты тарыққан шәкірттеріне 20 сомнан әрқайсысына «Қазақ» газетінің басқармасы бөліп берген.
1913 жылдың 24 қарашасында Торғай облысына белгілі Жағалбайлы руынан Дербісәлі қажы Беркімбайұлы сексенге қараған шағында дүниеден өткен еді. Марқұмның өсиеті бойынша қазақтың оқып жатқан жастарына 3 мың сом садақа, Орскідегі «Жәмиғат Хейрие» пайдасына бір ат, бір сиыр және бір қашар берілген екен.
1914 жылдың 18 шілдесінде Тұрысбек қажының кенже баласы Баймұхамет мырзаның жамиғаты Фатима ханым Өтеулі қажы қызы жиырма жасында дүние салады. Підиясынан 50 сом ақшаны Омскі гимназиясының шәкірті Дінмұхамед Әділұлына беріпті. Гимназист Әділұлы бір сотқар баланың кесірінен емтиханын жіберіп алғаны үшін оқудан шығарылған болатын. Оның қайтадан оқуға кіруіне 300 сомдай өтемақы сұраған. Бірақ оның ата-анасы кедей болғандықтан, «Қазақ» газеті ақ жүрек азаматтарға Әділұлының жағдайын айтып, көмек беруді сұраған екен. «Қазақтың» өтінішін ескеріп, Әділұлына Мұхамедияр Тұнғашин — 5 сом, Рабиға Тұнғашина — 5 сом, Ахмет Байтұрсынұлы — 5 сом, Бәдрисафа Байтұрсын келіні — 3 сом, Хайреддин Болғанбайұлы — 1 сом, Міржақып Дулатұлы — 2 сом, Ғайнижамал Дулат келіні — 2 сом, Ғабдолкәрім Тоқтабайұлы 10 сом беріп, жәрдемдессе, Орал облысының Ілбішін шаһарындағы қазақтың оқыған басшы адамдарынан Ғабидолла мырза Әлібекұлы мұқтаж оқушыға көмек беріп, ниеттесейік деп ел арасынан 25 сом 40 тиын ақша жинаған. Ақшалай көмек бергендер де көп болған.
Алаш қаласындағы «Тұңғыш» мектебіне жаңа парта жасату мақсатында Қаражан Үкібаев пен Ақым қажы Аңдамасов құрбан терісінен түскен 60 сом ақшаны мектеп пайдасына бөлген екен. Ал Торғайдағы қазақ медресесінде 1914 жылдың 26 қаңтарында Пайғамбарымыздың туған күнін мейрам қылып, тілек тілеуге жиналған жұрт 661 сом ақша жинап, оны көмекке зәру шәкірттер мен медресенің түзелуіне беріпті.
«Қапал қазақтарының кісі сүйсінерлік һәм басқаларға үлгі болуға лайық іс» деп көпшілікке газет арқылы жария болған мынадай бір дерек бар. Қапал уезінің ақсақалдары қазақ зиялыларының бастауы бойынша 1913 жылғы айтта құрбан шалудың орнына мұқтаж қазақ студенттеріне жәрдем үшін кісі басы 5 сомнан жинап беруге қаулы қылысыпты. Жиналған 50 сом ақшаны Көлбай Тоғысұлы өзі лайық көрген Варшавадағы мал дәрігерлік институтының студенті Жәнек Солтанаевқа жіберген.
Қарға тамырлы қазақтың мәңгілік киесі Алаш мұратына ақтық демі таусылғанша қалтқысыз қызмет етудің өшпес өнегесін қалдырған ақ жүрек ерлердің тау тұлғалары уақыт өткен сайын асқақтай түсе бермек (Сағымбай Жұмағұл) деп осы жерден сөзімізді түйіндей тұрайық, «Алаш — ұлттың темір қазығы» айдарымыздың келесі көтерер мәселесі — «200 сом роман бәйгесін тігемін. Жазушылар, бүгінгі тұрмысты романға арқау етіңдер» деген Есенқұл қажы Маманұлы, ақ жүрек Маман – Тұрысбек қажы әулеті жайында болмақ.
Мұрағат деректеріне қарасақ, ХХ ғасыр басындағы тамақ пен киімге мұқтаж болып, тарыққан қазақ оқушылары «Ұлтына қызмет ететін байларды Алла көбірек берсін, дәулетінің екі дүниеде игілігін көрсін» деп дұға тілеп, «Қысылып тұрғанда демеу болды, Тәңірі жарылқасын!» деп алғысын айтқан екен. Бірақ бүгінгі күнде де руханият саласында еңбек етіп жүрген көп талантты жастар көмекке зәру ғой. Мына мақаланы оқыған адам бір рет болса да ойланса екен.
Елдос Тоқтарбай
Дерек көзі: islam.kz