Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ: ТӘУЕЛСІЗ – тәу етер тіл

d0b1d0b5d0b9d0b1d0b8d182-d0bad0bed0b9d188d18bd0b1d0b0d0b5d0b2

«Тілдерді қолдану мен дамытудың

2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жобасы хақында

Қазіргі таңда тіліміз түгіл, тәуелсіздігімізге де қатер төніп келе ме деп қаламыз. Біз мұны қауіп еткеннен айтамыз. Ылайым оның беті аулақ. Дегенмен ондай зұлматтың алдын алу жөн. Ондай зұлматқа қарсы тұратын күш, тәуелсіздіктің қалқаны, қорғаны болуға қабілетті күш – ұлттық биік рух. Рухтың бекем тұғыры, сөз жоқ, білім. Алайда білімі зор және ақша тапқыш, бірақ ұлттық рухы кемшін, тілін менсінбейтін адам тәуелсіздігімізге қорғаныш бола алмайды.

Билік неліктен қазақ мүддесін терең және жан-жақты қарастыр­майды? Өйткені, өткендегі деформациялар мен бұрмалаулардың бәрін заңдылық деп есептейді. Сондықтан да: «Тарих солай шешті, біз көпұлтты мемлекетпіз, басқалармен есептеспей болмайды» деген теріс те әділетсіз пікірді қайталаудан жалықпайды. Ондай көзқарастың артта қалған кезеңдердегі отарлаушылық, басқын­шылық, орыстандыру және жазалау­шылық қылмыстардың бәрін ақтап жіберетініне, тәуелсіздік туын көтерген мемлекетқұрушы ұлтты кемсітіп, төменшіктететініне мән бермейді.

Еліміздің әрбір азаматы өзінің ұлттық белгісіне қарамай, қазақ халқы құрап отырған қазақ саяси бірлестігінің бір мүшесі екенін мойындауға тиіс. Бұл – ел мен жер иесі болып табылатын қазақ халқын құрметтегендік болар еді. Ал олай айтуға арланып, «Біз – Қазақстан деп аталатын географиялық аумақтың тұрғынымыз, біз де мемлекет құрушымыз» деу, айналып келгенде, қазақты құрметтемек түгіл, менсінбеудің, қорлаудың тура өзі боп шығады. Мәймөңкелейтін не бар, мұның астарында – бізбен бірге тұрып жатқан отандастарымыздың шын тарихты, ащы, қайғылы қазақ тарихын білмейтіндігі, білсе, оны қасақана елемейтіндігі, әділет, тарихи шындық, әділдік, иман деген ұғымдарға көңілі босай қоймайтындығы жатыр.

Қазақ мүддесі азаматтардың ұлттық рухы жоғары болғанда шешіледі. Ал ұлттық рухты ұштаудың қарапайым жолы – мемлекеттілігімізді қалпына келтіру барысындағы күрестер мен орын алған қиғаштықтарды, большевизмнің саяси репрессиялары мен «аштық саясаты» практикасын, солардың астары мен қайғы-қасіретке тұнған салдарларын жұртқа ашып көрсету. Баршаны қайғылы қазақ тарихымен тәрбиелеу. Қазақ елінің бірден-бір заңды қожайыны болып табылатын қазақ халқына қатысты тарихи әділеттілік орнату ісіне күллі жұрт септесуі қажет, шыққан ұлттық тегіне қарамай, қазақ мүддесі төңірегінде топтасуы жөн. Осындай мақсат көздейтін кешенді іс-шараларын жүргізу арқылы, бұндай көзқарастың жасампаздығына бәрінің көзін жеткізуге болады.

Бүгінгі таңда біздің көңіліміз толмай тұрған рухани-мәдени ахуал, әрине, бір қарағанда, қоғамдағы демократиялық өзгерістер өнімі. Себебі, құндылық өзгерді, әлеуметтік даму үлгісі өзгерді. Бірақ, сол өзгерістерді жетелеу, бағыттау жұмыстары ойдағыдай болмады. Ал оның себебі – идеялық тұғыры боркемік, ұлттық рухы төмен, солқылдақ, тәуелсіздікті баянды ету сынды биік идеяға емес, жеке адамға, құлқынға қызмет етушілер тобының сыбайластықпен шырмалып, қара құрымдай қаптап жүргенінде және солардың қараны ақ, ақты қара деп ұғындыруда алдарына жан салмай әрекет етуінде жатыр. Әдебиет пен өнердің 28 қайраткерінің 2008 жылдың басындағы «Саралайтын кезең келді!..» деген ашық хаты соның нақты дәлелі болды. Бұл хатты бірнеше күн бойы «Таным» клубында талқылаған жұрт оны ешкімге әбүйір әпермейтін жеке басқа табынушылықтың салдары, нақ сол культке құлдық ұратын залалды жағымпаздықтың көрнекті көрінісі деп тапты. Осы бір дерт біздің рухани болмысымыздың деформацияға ұшырағанын әйгіледі.

Тәуелділік дәуіріндегі советтік патриотизмді күйттеген тәрбие жүйесі жойылды, бірақ, тәуелсіз еліміз өзінің құрмақ ұлттық мемлекетінің мақсат-мүддесіне сай келетін, тәуелсіздік күрескерін қалыптастыратын тәрбие жүйесін жасай қойған жоқ. Бірінші орынға ақша шыққан заманда рухани-мәдени тіршіліктің мән-мағынасы елеулі түрде өзгерді. Бүгінгі іс адамдары арасында рухани ақау қатты сезіледі. Шынайы қазақы, ұлттық мүдде әлі күнге дейін жалпы ұрандар тасасында қалдырылуда. Мемлекеттің ұлттық мүддемен суарылып-шыңдалған патриоттарын – рухы биік отаншыл азаматтарды тәрбиелеп өсіруге мән берілмеуде.

Құқықтық мемлекет орнату, базар қатынастары, әлеуметтік құры­лымдағы, өмір салтындағы өзгерістер, қоғамдық-саяси бағдардың әртүрлілігі рухани-мәдени болмыстың бетімен жіберілуімен астасып жатты. Шындап келгенде, бұдан жиырма жыл бұрын жария етілген ұлттық мемлекет құру бағдарын жоғалтпай, ұлттық рух тізгінін қолда ұстағанда – алға ең жоғарғы мінбеден азаматтық мемлекет орнатамыз деген, ұлттылықты тәрк ететін жалған ұран тартылмас еді, біз бүгінгі алаңдаушылыққа ұрынбаған болар едік.

Оқу жүйесі, әлгінде айтқаны­мыздай, рухани-мәдени мәселелердің өте пәрменді құрамдас бөлігі. Ол отансүйгіштіктің, ел бірлігін сезінудің, жеке тұлғаның рухани-имандылық тұғыры бекем отаншыл ретінде қалыптасуының алғышарттарын жасайды. Қоғамның рухани саулығының дәрежесін анықтайтын да білім. Білім рухқа нәр береді. Рух – биік мақсатқа қол жеткізу үдерісі кезінде адамдарды жоғары идеялар айналасына тығыз топтастырып, біріктіруге қабілетті.

Сол себепті де рухы мықты, адами-имани ұстанымы берік азаматтар қатарын тұтастыра қалыптастыру қажет. Алайда сабақ өткізу тілдері әртүрлі жалпы білім беру мектептері күні бүгінге дейін мемлекеттік тілді өз дәрежесінде оқытып-үйретуді – ел бірлігін қамтамасыз етудің осынау базалық шартын – сақтап жатқан жоқ. Орыс тілді бірінші сыныпқа тіл туралы заң қабылданған жылы барған балалар мектеп бітіргелі бір мүшел уақыт өтті. Олар қазір орда бұзар отызға келді. Осы уақытқа дейін тәуелсіз еліміздегі орыс орта мектептерін бітірушілердің саны бірнеше миллионға жетті. Егер олар мемлекеттік тілді шынымен мектепте біліп шыққан болса, бүгінгі таңда тіл проблемасы күн тәртібіне шығарылмас еді. Өкініштісі, оқу органдары өз міндеттерін атқара алмай келеді. Олар орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту орайында орын алған көзбояушылыққа көз жұмып қарайды. Шындап келгенде, тәуелсіз еліміздің оқу жүйесі барлық мектепті мемлекеттік тілге көшіруді жүзеге асыруы керек, өзге тілдер қажеттігіне қарай, негізінен, пән ретінде оқытылуға тиіс. Мұндай тәртіп – мемлекетті пышыраудан, бөлшектенуден сақтаудың кепілі. Рас, бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда, бұл мәселе тақау жылда алға тартыла алмайды. Қазіргі таңда оқу тілі бөлек мектептерде мемлекеттік тілдің толыққанды және өте сапалы оқытылуы мәселесіне қойылатын талап пен жасалатын жағдайды күшейту ләзім. Оның орнына, өкініштісі, салалық министрлігіміз оқулықты шетелдіктерге жазғызу «жаңалығымен» бас ауыртып жүрген сыңайлы...

Жасалған мәдени мұра ескерт­кіштерін қалың жұртқа өнер тілімен насихаттауды ынталандырып, ұйым­дастыру жөн. Ал біз оның орнына, имандық тұғыры күдікті, тәрбиелік тұрғыда залалды, азаматтарымыздың ұлттық рухын төменшіктететін, қа­зақтың ұлттық мүддесіне, қазақ елі азаматының отаншылдық сезімін ұш­тауға қызмет етпейтін, керісінше, қорлану сезімін туғызатын фильмдерді мемлекеттік қаржыға түсіреміз. Және оларды мәдениет жетістіктері деп дабыралатамыз. Бұл да біздің билік буындарындағы азаматтарымыздың біліктілігіне көлеңке түсіреді. Талантты адам жалпы әлемге арналған абстрактылы озық шығарма емес, өз еліңе, халқыңа қызмет ететін туынды жасауға тиіс. Егер шын мәнінде ұлт еңсесін көтеретін шығарма сомдай алсаң, ол міндетті түрде әлемдік жауһарлар қатарына қосылады. Өзіңнің де, өнеріңе тиек еткен халқыңның да жақсы аты шығады. Ал ұлтыңның абыройына нұқсан келтіретін туындың арқылы өзіңнің талант ретіндегі атыңды шығаруың мүмкін, есесіне, әлем көзінде халқыңды бишара күйге түсіресің, қорлайсың. Бұл жайында жай сөзбен шектелмеген жөн, өйткені, олай етсек, болашақта ондай әрекеттер жалпыазамзаттық деген жалау жамылып қайталана береді. Ұйымдық шара жасап, өнердегі бағыт-бағдарды, отаншылдық ұстанымды нақты тұжырымдау керек. Елдің тарихын, мәдениетін білмейтін, оны мақтан ете алмайтын, дарынын соны үстемелеу жолына жұмсай алмайтын адамға мемлекеттік тапсырыс берілмесін. Тәуелсіздікті отаншылдық сезіммен байытатын өнер ісін ұйымдастыра алмағандар мәдениеттің тиісті саласын басқару тұтқасында тұрмауы жөн ғой деп ойлаймыз.

Ұлт мүддесін ойлаудан гөрі қайткенде әлемге танылуды мақсат еткен осындай дерттен батыл арылу жөн. Өнер, әсіресе кино мен теледидар өнері биік рухты тәрбиелеуге, ұлттық мемлекетің, тарихың үшін мақтаныш сезімін тәрбиелеуге пәрменді әсері бар құрал, сол ұмытылмауға тиіс.

Тәуелсіз елдің алғашқы заңда­рының бірі дін бостандығы жайында қабылданды да, елге миссионерлерді қаптатты. Дамыған ел дінбасыларының құшағына құлаған әйгілі Бораттың «жабайы» елін «озық» дінге тарту үшін қаржы беретін байлар қатары көбейіп жатса керек, солардың ықпалы болуы да ғажап емес – есін жиған қазақ елі парламентінің дін хақындағы залалды заңға оң өзгеріс енгізуге де қауқары жетпеді. Алдағы уақытта мұның да оң шешімін табуды ұмытпау керек шығар.

Ал биік рухты тәрбиелеу үшін, айталық, «Мәдени мұра» бағдарла­масымен жасалған жұмыстарды ел игілігіне пайдалануды жолға қою, жаппай оқу, білім көтеру өз алдына, жер-жерде тарихтың ащы, қасіретті беттерін жаңғыртатын іс-шараларын жүзеге асыру қажет. Өйткені оның ел тұтастығын сезіну, елдің бірлігін арттыру орайында атқарар қызметі ересен. Барша ұлт өкілдерін ортақ мақсатқа ұйытудағы маңызы зор. Сондықтан да қазақ жерінің залыми саясат салдарынан қалай босатылғанын, аштан қырылған көшпенділер сүйегі үстіне келімсек жұрттың қандай тәтті ұранмен топырлатылғанын, олардан қазақтың қасіретті тарихы жасырылғанын көрсету керек. Сырттан келген жұртты – арамыздағы бүгінгі отандастарымызды біз титімдей де кінәламаймыз, бірақ олар жоғарыдан жүргізілген орыстандыру, елдікті жою саясатының жанама қолшоқпары болғанын ұғынуға тиіс, сөйтіп, қазақтың ұлттық мүддесінің қорғалуына септесуге міндетті.

Өзге текті жұрттың баршасына қайткенде тіл үйретеміз, қазақша сөйлеуді талап етеміз дегенге үйір болмау дұрыс шығар. Әр ұлт өкілі өз тілінде сөйлей берсін, қазақ тілін олар соны білуге мұқтаж болғандықтан, ешкімнің зорлауынсыз, ерікті түрде оқуы керек. Бүгінгі күнге дейін, яғни тіл туралы алғашқы заң қабылданғаннан бергі 21 жыл ішінде бөлінген қаржы, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде – елімізді мекен ететін өзге жұрттар мемлекеттік тілден әлдебір дәрежеде хабардар болып қалғаны анық. Бірақ үйренген, игерген азын-аулақ сөздік қорын қолдануға ешқандай мұқтаждық та, қажеттілік те жоқтықтан, көпшілігі мемлекеттік тілді жылдам естен шығаруда.

Осы орайда, «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жобасының барша жақсы жақтарын жуып кететін басты кемшілігін көрсете кеткен дұрыс. Егер осы бағдарлама мақұлданып, іс ойдағыдай жүріп кетсе де, нәтижесі – оған дейін өткен 21 жылдың жетістігіндей ғана бола ма деп қорқамыз. Себебі, жобаны жасаушылар күллі әлемдік тәжірибелерді қарастыра отырып, қолда тұрған қарапайым жәйтті – өзімізде жасалған істерді қорытып көруді, пәлен жылғы жұмыс неге нәтижесіз болып тұр деген сауалға жауап іздеуді, сондай-ақ, жаңа бағдарлама бастауында осы уақытқа дейін атқарылған істер кешені мен оның нәтижесі тұруы тиістігін ұмыт қалдырған.

Жиырма шақты жыл бойы құлаққа сіңісті болған мемлекеттік тілден үйренген, игерген азын-аулақ сөздік қорын қолдануға ешқандай мұқтаждық та, қажеттілік те болмағандықтан, кім-кімнің де ұмытатынын жобаны жасаушылар қаперіне алған болса, жаңа құжат жобасына сол мемлекеттік тілді білуге ынта тудыратын шаралар кешенін жасауды бірінші кезекте ескерген болар еді. Жоба болғандықтан да, сол жобаны талқылауға атсалысу ретімен айтып отырмыз – бұл құжат ең алдымен елімізде мемлекеттік тілді білуге қажеттілік, мұқтаждық туғызу керектігін көздеуге тиіс.

Ең алдымен, мемлекеттік тіл жайындағы конституциялық талаптың билік құрылымдарының өзінде орындалмай отырғаны ескеріліп, жаңа құжатта соны түзеу көзделгені мақұл. Шамасы, көптен айтылып, түрлі жобалары ұсынылып жүрген, бірақ әлдебір күштер кедергі жасап келе жатқан «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заңды қабылдау қажеттігін шегелеп жазу қажет болар. Мемлекеттік аппарат пен оның буындары өз ісін мемлекеттік тілде дұрыс жүргізсін, билік тармақтары, барлық бюджеттік мекеме, қаржы-қаражат саласы бірінші кезекте мемлекеттік тілде жұмыс істесін. Бұлардың ішінде, келушілерге ыңғайлы болу үшін, мемлекеттік тілдегі құжатты кез-келген қажеттігі туған тілге тегін немесе коммерциялық негізде аударып берушілер қызмет көрсететін болсын. Жиналыстарда мемлекеттік тілден өзге тілдерге ілеспе тәржіме жасау жолға қойылсын. Осындай мақсатта – қазақшадан басқа тілдерге аударатын аудармашыларды жүйелі дайындау ісі ойластырылсын. Ресми жиындар ілеспе аударма аппаратурасымен жабдықталған залдарда, міндетті түрде мемлекеттік тілде жүргізілсін. Міне осындай істер мемлекеттік тілдің іргесін бекітіп, қажеттігін еселеп қана қоймай, тиісінше, халықтың мемлекеттік тілді құрметтей отырып, оны қайткенде білуге деген ынтасын арттырар еді.

Ана тілінің тағдырын ұдайы назарда ұстап, жанқиярлықпен күресіп келе жатқан көрнекті қайраткер Мұхтар Шахановтың қазақтарды тіл білуі жағынан төрт топқа бөлетіні мәлім, соның бір тобына ол қазақ тілін де орыс тіліндей жақсы білетіндерді, бірақ, жеме-жемге келгенде, қазақ мүддесін сатып жіберуге оң иығын беріп тұратындарды жатқызады. Ондайлар, әдетте, көлгірси сөйлеп, қазақ тілінің «дамымағанын» алға тартады. Сондай көзқарастың салқыны осы талқыланып жатқан жобаның атауында да тұр. Бағдарламаның аталуын «Тілдерді қолдану мен дамытудың...» деп жалпақшешейлетпей, қазақ тілінің әлдеқашан дамыған тіл екенін есте тұтып, мәселенің тамырын дөп басатын атауға тоқтаған орынды болмақ. Мәселе – қазақ тілінің қоғамдық-саяси функциясын мемлекеттік тілге тиесілі деңгейде кеңейтуге билік орындарының мүдделі болуында. Олар еліміздің негізгі заңын сақтауға бірінші кезекте міндетті. Халықтың нөл бүтін нөл пәленше пайызын ғана құрайтын мемлекет қызметшілерін конституциялық талапқа сай келетіндей етіп жасақтап алу аса қиын шаруа емес. Осы жәйт бағдарлама жобасынан соншалықты «мен мұндалай» қоймайды. Қазақ тілін «дамыту» мен оның «қолданылу аясын кеңейту», қанша дегенмен, екі бөлек ұғым, ал біз үшін қазіргі таңда екіншісі аса өзекті болып тұр. Сондықтан да жобаға «Қазақ тілін оқыту мен оның қолданыс аясын кеңейтудің және диаспоралардың тілдерін сақтаудың... бағдарламасы» делінетіндей атау қонымды болар еді деген ұсынысымыз бар.

 Тілімізді, яғни ұлттылығымызды, тиісінше, тәуелсіздігімізді тек ұлттық рухтың ұлылығымен, ұлттық мемлекет сипаттарын нығайтумен ғана баянды етуге болады. Тіл жайындағы жаңа бағдардаманың осы жолға қызмет етуін тілеймін.