Желтоқсандағы жан азабы

1
4421

Сарғыш тартқан газеттегі суретке толғана қарап отырмын…
…Сот залы. Қызыл жаға­лы­­лардың құрсауында қол­дары арттарына қайырыла кісенделген өрімдей төрт жігіт алдарына карап, қасқая, сот үкімін тыңдап тұр. Кеңестік «әділ» сот мүшелерінің бастары сал­быратып кеткен.
Желтоқсан оқиғасынан кейін бес ай өткенде Жоғарғы сот залынан түсірілген бұл сурет кезінде елді дүрліктіріп, талай асыл азаматтардың тағдырын қиямет-қайымға айналдырған болатын (Әңгіме Алматы облыстық «Жетісу» газетінің 1987 жылғы 21-мамырдағы нөмірінде жарияланған сурет жө­нінде болып отыр. Сол кезде біз осы газеттің қызметкері едік).

Арада жиырма сегіз жыл да сырғып өте шығыпты-ау! Алма­тыдағы сол кезде Брежнев атымен аталған алаңда үш күн бойы қақаған аязда дірдек қағып тұрған жиырмалардағы жастар елуді де еңсеріп қалыпты-ау… Қазір де солардың кеудесінде сол кездегі салқынның әлі сызы жатқанын дәлелдеп жатудың қажеті бола қоймас.Біз білетін сондай жандардың бірі Айтбаева Нұрсәуле Қонарбайқызы.
Нұрсәулемен әңгімелесіп отырудың өзі бір ғанибет. Қызмет жайына келгенде кей мәселелердегі келеңсіздіктерге жаны күйіп, ақтарыла айтады. Титімдей де жасандылық аңғарылмайды.Табиғи ашық-жарқындық, тік мінез, өршілдік пен талапшылдық, берік ұстам­дылық лебі есіп тұрғандай. Тұл бойындағы қайтпас қай­сар­лығы біршама жайдан хабар бергендей.
Әңгіме арқауы Желтоқсан жайына ойысқанда қайралған қайрақтай жанып түсті. Сол бір сақылдаған аязды күндері Алматыдағы орталық алаңда өзі куә болған бірқатар оқиғаларды бүкпесіз ортаға салды…



Сексен алтының желтоқса­нында Алматы шетел тілдері педагогикалық институтының ағылшын тілі факультетінің бесінші курсында оқып жүрген. Сол жылдары қазақтар балаларының шетел тілі бойынша мамандық алуларына құлықсыз қарай­тын. Ата-анасы медицина фа­культетін таңдағанмен Нұр­сәу­ленің өзі ағылшын тілін қалап, бірбет­кейлігімен оқуға түскен. Соңғы курс. Институтта шетел тілдерінен негізінен алғанда орыс, еврей, қазақ тілінен мүлдем мақұрым қалған орыстілді қазақ оқытушы-профессорлар дәріс береді. Аудиторияларда қазақша сөйлейтіндер некен-саяқ. Тарих, әдебиет, қазақ тілі пәндерінен беретін ұстаздар дәрістерін қазақ тілінде жүргізеді.
Әлі есінде, 15-желтоқсанда кешке қарай далаға қоқыс шелегін алып шыққанда жатақ­хана аумағынан жас шамасы 30-35 тердегі екі-үш ер азаматты көзі шалып қалған. Олар бірер студентпен сөйлесіп, Орталық Комитеттің бірінші хат­шылығына Ресей республикасынан бір орыстың әкеліп отырғызылғанын, мұның әділетсіз екенін, ертең орталық алаңға студент жастардың жиналатынын айтқан екен. Бұл хабар жатақханаға лезде тарап кеткен. Жатақханада қазақ қыздар бірен-саран ғана еді. Олар түнімен өзара келісіп, ертеңіне алаңға шығуға бел байлаған. Мұны бастап жүргендердің бірі Нұрсәуле болатын.
16-желтоқсанда таңертеңгі 10-дар шамасында бес-алты қыз алаңға жеткен. Айтса айтқандай, әр жер-әр жерде бейбіт топтар пайда болды. Шыңылтыр аяз бет қарып тұрды. Бұл күні айқай-шу бола қойған жоқ. Тек қызу қанды қыз-жігіттер өз орталарында Қазақстанды басқаруға шеттен орыс азаматын әкеліп отырғызған КОКП Орталық Комитеті шешімінің дұрыс емес екендігін, елімізді қазақ басқаруы керектігін, лениндік ұлттар саясатының өрескел бұзылып отырғандығын айтып жатты. Алаңда негізгі әңгіме осылай өрбіді. Кешке қарай алаңдағы топ шоғыры молая түсті. Кей тұстарда ортада от жағылып, тоңған жастар соған жылынды. Мұнда жеңілдеу киіммен әрі биік өкшелі етікпен келген Нұрсәуле қатты тоңса да алаңды тастап кете алмады.Алаңның бір қапталындағы көп қабатты тұрғын үйлерге қарай көтерілетін басқыштардың жоғары жағынан өзіне орын сайлап алып, осы жерді төңіректеді де жүрді. Әбден қас қарайғанда жастар ертең дәл осы алаңда жиналатын болып уағдаласты да тарай бастады…
Түнімен шала ұйқылы болған шетел тілдері институтының бір топ студенттері 17-желтоқсанда таңертеңгі сағат 10-ға таяу шамасында алып-ұшып алаңға жетті.
– Кешегідегідей емес, бұл күні барынша қалың әрі ықшам киіндік – деп еске алады Нұрсәуле. – Аяғымызға етік емес, қалың носкимен кроссовка кидік. Бізге ары-бері жүріп тұруға, тіпті қашып кетуге ыңғайлы аяқ киім керек болды.
Осы мерзімде алаңға ҚазГУ-дің, зоотехникалық және ауылшаруашылық, политех­ни­калық инс­ти­туттары, қаладағы басқа да оқу орындарының студенттері, С.М.Киров атындағы зауыттың қазақ жастары бастаған кейбір кәсіпорындардың өкілдері жан-жақтан топ-тобымен ағы­лып келе бастады. Алаң қара-қорым халыққа лық толды. Алдымен алаңды милиция жасақтары қоршады. Қалқанды әскерилер айнала шеп құрды. Түрлі ұрандар айтылып, лозунг-трансфаранттар көтерілді. Алаңды әділеттің орнауын талап еткен ұрандаған ашу-ызалы үндер кернеді. Кешке қарай наразылық толқуы шарықтау шегіне жеткендей еді.
Нұрсәуле басқыштағы орнында тұрып, болып жатқан небір сұмдықты өз көзімен көрді. Жан-жүрегі езіліп, қан жылады. Колбиннің саясатын жақтап Меңдібаев сөз сөйледі. Оған мұзды қар, тас лақтырылып, сөзін аяқтатпай тастады. Әнші Роза апамыздың сабырлылыққа шақырған дауысын өз құлағымен естіді. Мінбеге шығып, жарамсақтық танытқан кейбір партия, кеңес, үкімет қайраткерлерінің шақыруларына нөпір халық құлақ асқан жоқ, айқай-шумен қарсылық білдірілді, мұз ара­ласқан қар лақтырылып жатты.
Топтан ажырап, жеке қалған жастарды солдаттардың таяқтап, тепкілегендерін, дайын тұрған жүк машиналарына қалай сүйрелеп, итке талатқандарын, бұлардан басқа да небір сұмдықтарды өз көзімен көрген Нұрсәуленің кейіннен талай түндер бойы шошып оянып, жастығы көз жасымен дымқыл тарта беретін болды…
Екінші күні де әрең қашып құтылғаны есінде. Бірақ қайсар қыз қайтпады. Үшінші күні, яғни 18-желтоқсанда таңертеңгі 10-нан аса бере алаңда тағы да болып, сол бұрынғы орны, басқышта тұрды. Қаһарына мініп алған, мұздай қаруланған әскерилер мен милиция жасақтарының ойрандап, ойларына келгенін істегенін өз көзімен көрді. Жан-жақтан ағылған халықтың қалың нөпіріне куә болып, солардың арасына сіңіп кете барды…
Үшінші күні де әупірімдеп әрең құтылып, жатақханаға жетіп құлады. Одан кейін бір жанашыр қазақ апайының ақылымен бір айдай сабаққа бармады. Алаңға шыққан студент­тердің кейінгі тіршіліктері де қауіп-қатерге толы болды. Сол айларда қолдарында алаңда түсірілген суреттер бар «үндеместер» Алматының көше-көшесін, қоғамдық орындарды торуылдап жүрді. Талай-талай студент жастар аяқ астынан ұсталып, темір торға тоғытылып жатты.
Сақылдаған сары аязда үш күн бойы алаңда тұрып дірдек қаққан, жүрегі қан жылаған студент Нұрсәуле Айтбаева арада қаншама жылдар өтсе де кеудесінде сол кездегі салқынның әлі де сызы жатқанын жан жүрегімен сезінумен келеді….
1987 жылы институтты ағылшын және неміс тілдері мамандығы бойынша бітірген Н.Айтбаева туған еліне аман-сау оралып, еңбек жолын Алғабас ауданындағы Бөген орта мектебінде ағылшын және неміс тілідері пәндерінің мұғалімі болып бастады.Одан кейін өз мамандығы бойынша Кентау қаласында, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде абыройлы қызмет етті. Университетте Дайындық факультетінің деканы, Біліктілікті жетілдіру факультетінің деканы, Тіл үйрету орталығының директоры қызметтерін атқарды. 2014-2015 оқу жылының басынан бері Филология факультетінің деканы.
Нұрсәуле Қонарбайқызы филология ғылымдарының кандидаты, доцент.40-тан астам ғылыми еңбектің авторы, оның тоғызы монография, оқу құралдары.
…Таныс суретке тағы да тесіле қарап отырмын. Ауыр үкімді жанарлары от шаша тұрып тыңдаған айналайын бауырларым, інілерім-ай! Сексен алтыдағы желтоқсанның ызғары өздеріңді жасыта алмады-ау! Желтоқсанның сол аязды күндерінде алаңда болып, дірдек қаққан, қазір университетімізде бірге қызмет атқарып жүрген Бекжігіт Сердәлі, Бекарыс Мыңбаев, Жанәлі Дәрібаев, Дудариша Сартбаева секілді қарындас-інілерімді көрген сайын бір арқаланып қалатыным бар.
Мұхтар ағамыз көкірегі қарс айырыла айтқандай:
– Кеудеңде әлі сызы
жатыр сол
кездегі салқынның,
Айналайын, айналайын,
жас өркені халқымның!
Несін жасырайық, кезінде осыны біздер, кеңестік қазақ журналистері терең түсінбедік қой. Түсінсек сөзімізді батыл айтпас па едік! Кешіргейсіңдер біздерді, Желтоқсан құрбан­дары, әділдік ақиқат-шын­дық жолында шарқ ұрған желтоқсандықтар!..
От-жалынға оранған өздеріңді Қазақ елі Тәуелсізді­гінің қарлығаштары десек, артық айт­қандық бола қоймас, сірә. Сендердің бақытты ғұмыр кешуге қақыларың бар!

Сейдолла Садықов,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты,
филология ғылымдарының докторы

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз