Тәуелсіздік көз қарашығындай сақталсын!

1-бет- Тәуелсіздік. Осынау жалғыз ауыз сөздің құдіреті мен қасиетін Қазақстанды менің Отаным дейтін әрбір азаматтың сезінуі парыз. Бұл сөз біздің қанымыз бен жанымыздың ажырамас бөлігі. Қазақ жері, қазақ елі біздің ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпақтарға қалдырып кеткен баға жетпес байлығы, асыл мұрасы. Ата - бабамыз бүгінгі ұрпаққа, яғни, мына біздерге осынау әлем бойынша тоғызыншы орында тұрған Алтай мен Атырау арасындағы ұланғайыр жерді қасықтай қаны қалғанша найзаның ұшымен, білектің күшімен күресіп сақтап, мұра етіп қалдырды. Жалпы, Ұлт, Тәуелсіздік және Мемлекет ұғымдар бір-бірімен ажырағысыз байланыстағы, бірін-бірі қажет етіп тұратын ұлы ұғымдар, қымбат құндылықтар. Рас, әлемге ұлт ретінде танытып Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде біз көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Әлем бізбен санасатын халге жетті. Бүгінгі таңда біздің еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты халқының айрандай ұйыған бірлігі мен ынтымақтастығы әлем елдерінің қызығушылығын тудыруда. Қазақстан – қазақ халқының тарихи мекені, ежелгі қонысы екеніне ешкімнің дауы жоқ. Елбасымыздың: «Біз өз тарихымызды жаңадан игеріп, біліп жатқан елміз. Қазақтың тарихы өте бай. Қазақтың көп дүниелері атадан балаға ауызекі түрде беріліп келген. Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз» деген сөзі айқын дәлел бола алады. Егер, ұлттық тарихымызды ұлықтайтын болсақ, халқымыз басынан не өткермеді десеңізші. Сонау тарих парақтарының бетінде талай ақтаңдақтар таңбаланып қалды. «Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр. Емен ағашының тамыры тереңде болмаса, ол дауылға шыдай алмайды» дейді Елбасымыз тағы бір сөзінде. Біздің тарихымыз міне, дәл сол емен ағашының тамыры секілді тым тереңде, әрі сан-салалы. Ал, енді бүгінгі таңда біз сан ғасырды артқа тастаған қатпарлы тарихымызбен немесе ұлан-ғайыр құс қанаты талатын жерімізбен, не болмаса өлшеусіз табиғат байлығымызбен ғана емес, сан түрлі ұлттардан құралған халқымыздың ауызбірлігімен де мақтануымызға болады. Бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан бұл өзге мемлекеттердің ішіндегі өзіндік ерекшелігіміз екенін де ұмытпағанымыз абзал. Президентіміз: «Осылай, ішіміз бүтін, бірлігіміз берік болса, ұтылмаймыз. Қазақтың бірлігі – мына көпұлтты халықтың бірлігі» – деп бізге зор сеніммен бағыт сілтеді. Ендеше, бүгінгі біздің буынның басты бағыты осынау бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, жаңа биіктерге ұмтылу болуы тиіс. Сонда ғана Елбасымыздың «Өзін-өзі қамтамасыз ете алатын, азаматтары сауатты да білікті, инновациялық және интеллектуалдық потенциялы зор, ішкі бірлігі мен берекесі мығым елге айналсақ» деген арманы орындалып, «Нұрлы жолдағы» сапарымыз сәтті, болашағымыз жарқын болары сөзсіз! Айбек САЙДАХМЕТ, Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы мемлекеттік университеттің оқытушысы.