Асылдардың сынығы

4
4979

ЕЛ МЕРЕЙІН ӨСІРГЕН…

Халқымызда «Ай ортақ, Күн ортақ, Жақсы ортақ» деген қанатты сөз бар. Баяғыдан келе жатқан керемет сөз. Ай алаламайды адамдарды, тұнық түнде сәулесін төгіп, жаныңды жадыратады. Күн күн сайын қараңғы түнекті түріп шығып шуағын баршамызға бірдей шашып, жылытып, есте жоқ ескі замандардан бері тіршілік атаулыға әл, нәр беріп келеді. Жақсы адам да сондай, кішкене ай-күн тәрізді жан жылуын бөліп, айналасын жарқыратып жүреді. Айтпақшы, жақсы нәрсенің бәріне де осы бітім-болмыс ортақ екенінің басы ашық. Жайнап тұрған гүл. Жанған оттан тараған нұр. Жүректі жарып туған жыр. Ұйқас үшін жыр деп жатсақ та талантты қаламнан, шынайы көңілден өрбіген сөзге де тән, етене шындық бұл.
Мен белгілі қоғам, қалам қайраткері Жарасбай Сүлейменовтің «Егемен Қазақстан» газетінің үстіміздегі жылғы 20-ақпанындағы №35 санында жарық көрген «Асылдардың сынығы» атты мақаласын оқыған сәтте де нақ осындай күйді бастан өткердім десем артық айтпаймын. Мұның басты себебі, әрине, мақаланың жақсы екендігінен. Жақсы адамды жақсы автор танып, нұрын тасытып жақсы жазып жатса, оқып шыққан қаймана қазақ сенің де жаның жаңғырып, бір жасап қалатының анық қой.
Мақала кейіпкері – Қуаныш Айтаханов тек жақсы адам ғана ма?! Сонымен бірге, ол – қоғам қайраткері. Мемлекеттің белгілі кісісі. Есін біліп, етегін жапқалы еліне қызмет етіп келе жатқан Азамат. Рас, Қуаныш Айтаханов үшін мұндай теңеу, эпитет, кезекші сөздердің өзі жеткіліксіз. Өйткені автордың өзі де тап басып: «Қазақта да, басқаларда да қайраткер деген сөз бар. Түсінген адамға мағынасы өте терең қасиетті ұғым. Ол елі, халқы үшін тау қопарып жүрген толағайларға лайық сөз. Алайда қазір қайраткерлер көп. Біреулер өздері меншіктеп алса, өзіміз де көңіл жықпастыққа салынып оңды-солды үлестіруге құмармыз. Мен мұны неге айтып отырмын?! Қайраткерлік – орден-медаль немесе министрліктер үлестіретін атақ емес, Ол – адамның бойына туа бітетін қасиет», – деп айтқандай, өмірде жасанды, қуыршақ «қайраткерлер» көп те, шын Қайраткерлер, өкінішке қарай, аз. Өйткені, біз кейінгі уақытта адамгершіліктің бағасын түсіріп алғанымыз тәрізді қайраткер сөзінің де құнын әбден төмендетіп жібердік. Біреу облыс әкімі, министр болса болды, оны белгілі адам, көрнекті қайраткер дейтінді шығардық. Іс жүзінде шындық басқаша. Әлгілер көбіне-көп үлкен қызметі болғандықтан да қатарға қосылып жүрген адамдар, мансаппен қоштасқан сәтте-ақ олар омалып, жоғалып сала береді. Ал қайраткер адам – дара Тұлға, ол орынтағын көркейтіп қана қоймай, басқарған саласын да, аудан-қаласын да алға бастырады, мемлекеттік мәселелерді мемлекеттік тұрғыдан шешіп, соған қатысты ел, жер жағдайын қолынан келгенінше жақсартады. Бұл – қайраткерге Құдай берген қабілет-қарым. Кеңес өкіметі кезінде де солай болды. Ал нақ бүгінгі күнге көшсек, олар – еліміздің бағы, тәуелсіздігімізді нығайтып, тамырын тереңдетуге үлкен үлес қосуда.
Мен халқына қызмет ете бастаған Қуаныш Айтахановты қашаннан бері білемін?! Билікке араласа бастаған кезінен. Өйткені билікте, шаруашылықта елдің көзіне түсетін төбеге көтерілмесең, көрінбейсің; рас, өз басыңды жарылқарсың, жұмысыңа кіріскен ауылыңа шарапатың тиер; ал сол ауыл-ауданыңнан асып көпке жарығыңды түсіре бастау белгілі бір тізгін-делбе қолға тиген кезіңнен сабақталар. Мәселен, мен 26 жастағы құрдас жас жігіт Қуаныш Айтахановты 1973 жылы Шымкент облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып сайланған кезінен бастап танимын. Әрине, сырттай. «Лениншіл жас» газетінен оқып, құлағы түрік, жұрт жұмысы десе елеңдейтін жас, әсіресе оңтүстіктік қаламдастардан естіп. Ол басқа комсомол жетекшілерінен бөлектігімен – жалындылығымен, ұлтжан­ды­лығымен, батылды­ғы­мен көзге түсе бастады. Бір жағынан, батылдығымен деген – бер жақтағы сөз. Өйткені ол кезде де заң жүзінде орыс пен қазақ тең, барлық правоң бар, неге басқалармен құқығыңды теңес­тірмеске, қазақ жастарын Кеңес Одағы көлемінде ел қатарына қосылуға жетектемеске!..
Осы жылдары Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов, т.т. ақиық ақын-жазушыларымыз халық ішінде аса қадірлі болды. Батыр Бауыржан Момышұлының түкірігі жерге түспей, даңқы дүркіреп тұрды. Жұмабек Тәшеновтің СОКП «сары патшасы» Н.С.Хрущевке Тың өлкесін Украинаға қосқызбай, Қазақстан құрамында аман алып қалуы аңызға айналған жоқ па? Қазақстан КП ОК хатшылары Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібековтің жаңа өнер шырағын жаққанына, әдеби ақ бұлақтар тапқанына күллі қазақ қатты риза еді. Бұл – ненің көрінісі? Бұл халқымыздың қаншалықты бодандық қамытын кисе де, ақ жаңбыр аңсаған Сарыарқа, Мырзашөл далалары сияқты мәдени азыққа, рухани түлікке шөлдеп, аңсап отырғанын аңғартатын. Қоғамдық қажеттілік, халықтық сұраныс. Өкінішке орай, жоғарғы билікте жүргендердің атқа мінгендеріміздің көбі осыны көрмейтін, білмейтін; ал көріп-білген аздарының өзі қазақ үшін ашық қимылдауға қорқатын. Осыған қарағанда ұлтжандылық пен жүректіліктен арлылықтан халқыңның «ұлы орыстан» да кем емес екенін сезінген сезім-намысқойлықтан туындаған қайраткерлік те Қасым Аманжолов ақындығындай, Бауыржан Момышұлы батырлығындай Талант болса керек.
Не жасыратыны бар, қайраткер Қуаныш Айтаханов комсомол тәрбиесінен, коммунистік партия мектебінен өтті. Үлгілі тәрбие, жақсы мектеп. Әуелі Шымкент облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, 1975 жылдан Ленин аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, 1977 жылы – Шардара, Ленин аудандық атқару комитеттерінің төрағасы, 1987 жылдан Арыс қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы. Бұл қызметтерді абыройлы атқарған, көп көңілінен шығып, тізгіні ұстатылған шаруашылық, саланы дөңгелентіп, аудан, қаланың тұрмыс-тынысын үнемі өрге бастырған соң ғана оған жоғарғы билік үлкен сенім артып, үнемі өсіріп отырса керек.
1991 жылдың құтты да жұтты қазан айы келді. Қазақ үшін Беласу болған Желтоқсан жетті. Тәуелсіздік алдық. Қызыл кеңес қағанаты омақаса қирап-құлап, бас еркіміз өзімізге тигенмен, экономикалық тұрғыдан тақырға отырғызып кетті. Мұраға алапат экономикалық дағдарыс, зорға жанбағыс қалды. Біз тек 2000 жылдан бері қарай ес жиып, ел бола бастағанымызды ұмытпасақ, егемендігіміздің алғашқы жылдарындағы түрлі тапшылық, тықыр жоқшылық, барлығын жаңадан немесе қайтадан құрып, қаз бастыру еліміз үшін де, ерлеріміз үшін де тағдыршешті кезең, тарихи зор сынақ болатын. Бүгінгі күндері осындай орасан зор сыннан қалай өткеніміз де «ұмытылып», «ертегі» бола бастаса, осынау тар жол-тайғақ кешулі сапар, асудан абыройлы асуымызда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оның командасындағы Қуаныш Айтахановтай қайратты «ел үшін еңіреген, етігімен су кешкен» ерлердің де үлкен үлесі болғаны онша дәлел тілемесе керек.
Мен жетіліп-толысқан, Тәуелсіздікті қырықтың қырқасындағы дер шағында қарсы алып, құрысқан Қуаныш Айтахановтың 1991 жылдан бергі жылдарда осындай талаптарға лайық ер, ел ағасы, қалың қазақтың жағасы болып еңбек етіп, өзі басқарған аймақ, аудан халықтарымен бірге ауыр, алмағайып сындардан сүрінбей өтті, толағай табыстарға жетті десем мысқалдай да қателеспеспін.
Ол – 1992 жылдан ОҚО Арыс ауданының әкімі.
Ол – 1993 жылдың мамырынан ОҚО әкімінің орынбасары.
Ол – 1994 жылдан ОҚО Созақ ауданының әкімі.
Ол – 1999 жылдан ОҚО Сайрам ауданының әкімі.
Ол – 2003 жылдан Отырар ауданының әкімі.
Ол – 2005 жылдан ҚР Парламенті Сенатының депутаты.
Қуаныш Айтахановтың біраз қызметін бұлай тізгенде мақсат – «О, ол осындай мансаптар иесі болды, ірі қызметтер атқарды, құрмет көрді» деу емес, ол өткен өмір белестерін таныстыру. Жас кезінде-ақ қалыптасқан адамның, алдына қазақты Ел ету халыққа қызмет ету тәрізді үлкен арман-мақсат қойған адамның түстен кейін алтынға қызыға, моральдық тұрғыдан бұзыла қоймайтынын ескерсек, ол бұл ірі белес, іргелі асулардың қай-қайсысында да бұрынғы Қуаныш болып қалды, қайраткер Айтаханов – шам болып жанды.
Мен өзім куә болған, көңілді көркейткендіктен 1994 жылы «Ана тілі» басылымында «Ескекші керек шын, адал» атты мақала етіп жазған бір-ақ жағдайды алға тартсам, соның өзі – Созақ ауданының әкімі Қуаныш Айтахановтың абзал адам-азамат, іскер де ірі қайраткер екендігіне салмақты айғақ, сұлу дәлел-ақиқат десек артық айтпаймын. Осы сөзім құрғақ болмас үшін әлгі мақалаға жүгініп, үкілі үзінділер келтірейін:
«Қазір қилы заман, қиын уақыт бастан өтіп жатыр…
Дүниенің дөңгелек, алмакезек екендігі рас. Күні кешегі мамыражай тоқырау кезеңін алмағайып, дауылды дәуір ауыстырды. Тағы да тар жол-тайғақ кешулі өткелек, сын сәттің қойнауындамыз; тағдырды шешер, талайды кесер таразы шақтың құшағындамыз. Үстіміздегі ғасыр кірісінде Әлихан, Ахмет, Міржақыптар алашын қамшылап, оятып, бейтаныс жаңа заманды қарсылауға дайындаса, енді ХХ ғасыр бітісінде Нұрсұлтан Назарбаев, Өзбекәлі, Әбіштер халқын қатал нарықпен қайта қауыштырып, тұрпайы социализмнен тұрлаулы капитализмге өткізу үшін күресіп, тер төгіп жүр. Тек тарих қателігін қайталамасақ, 1917 Жылан жылғыдай әлеуметтік төңкеріске, азамат соғысына ұрынбасақ, 1918–1921 жылдардағыдай қазақты аштықтан, қоғамдық дүрбелеңнен қайта қырып алмасақ болғаны. Қазақ қайта отар, құл болар болса, қынадай қайта қырылар болса, алған азаттығымыз – зая; Елбасы айтуынша, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалататын» нарығымыз да – бос сөз.
Тарих тағылымы не үшін керек? Асылы, өткеннен сабақ алып, қорытынды шығарып, бүгінге қолдану үшін қажет емес пе?!
Ал осындай аса жауапты, келешекті кескіндеп, қалыптас­тырып жатқан қазіргі таңда есіңе еріксіз өз тарихыңның, өз халқыңның алыптары мен арыстар түсер. Міне, бүгінгі күні Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанұлылардың кемеңгерлігі мен көсемдігі, қаламгерлігі мен қайраткерлігі жадыңа жиі орала берері де осы себептен. Олардың 100 жылдық тойларын өткізу де осы үшін керек».
Сонымен, «Ескекші керек шын, адал» атты осы мақаламыздың басты айтары, негізгі нысанасы не еді? Алаш аспанында жарқырап туған, бағзы асыл ата-баба – Абылай хандар, Алаш арыстары жолын қуған, елінің жұрт-жұрттық болуы үшін күресіп-шайқасқан, бұл мақсаты жолында Сталинмен де бетпе-бет келіп айқасқан, ақыр соңында қазағы үшін құрбан болған Сұлтанбек Қожанұлының 100 жылдық мүшелжасының қалай өткенін байыптау, байқағандарымызды жеткізу еді. Мұның алдында елімізде оның құрдас-замандастары Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, т.б. арыстарымыздың биылғы 100 жылдықтары ғана дүркіретіп тойланбай, бұған дейінгі 80, 90 жылдықтары да лайықты аталғанына куә болғанбыз. Олардың шығармалары уақтылы халқымен қауышып, елдімекен, мектеп, көше аттары беріліп, ескерткіштері бой көтеріп, тіпті Тұрар Рысқұлов туралы саңлақ жазушымыз Шерхан Мұртазаның бес томдық хамса-эпопеясы жарық көрген. Ал тірісінде бастан өткерген 1937 жылға дейінгі тар жол-тайғақ кешулі тағдыры Сұлтанбек Қожанұлы өмірден өткеннен кейін де тағы бір 37 жылға жалғасып, 1994 жылғы 100 жылдығына дейін тым-тырыстықты бастан өткерген. Тіпті ол туралы қайта құру басталғаннан кейін жазылған тұңғыш мақала – қаламгер Бейбіт Қойшыбаевтың «От кешуі» де кішігірім «тар жол-тайғақ кешуді» бастан өткеріп, екі-үш жыл кешігіп жарық көрсе, үкімет қаулысы да кеш, қосымша қабылданған-ды. Сондай «ұмытшақтықтың», әйтпесе шеттетудің нәтижесі, Сұлтанбек Қожанұлы тағдырының өмірден өткеннен соң да ауырлығының белгісі шығар, оның тамыздың 26-сы – 28-і күндері туған жерінде Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ еліндегі 100 жылдық тойы да тек аудандастары ұйымдастыруымен ғана өтті.
Міне, соған байланысты мен әлгі мақаламда былай деп жазыппын: «Облыс әкімшілігі – тәуір баяндама жасағандықтан, абыройға ортақ, үкімет – шөп басын сындырмаса да – жақсыатты». Бұл арада той шынында да абыройға ортақ деп айтатынындай, дүркіреп, халық рухын көтеріп, расында да республикалық деңгейде деп бағаларлықтай дәрежеде өтті.
Ал, бұл жүзжылдықты солай өткізген, Сұлтанбек Қожанұлы есімін, еңбегін лайықты бағалатып, Тұрар Рысқұловтай замандастарымен теңестіре өткізген кім? Әрине, жүгіріп жұмыс істеген, 100 киіз үй тіккен, жергілікті ел, Алматыдан, Шымкенттен, көрші облыстардан, туысқан Өзбекстаннан келіп қатысқан, жалынды сөз сөйлеген, үлес қосқан мәртебелі меймандар абыройға ортақ. Шолаққорғандағы салтанатты жиын. Асылдың кіндік қаны тамған Ақсүмбеде ас берілуі. Аудан орталығынан арнайы мұражай ашылуы. Ердің еңселі мүсін-ескерткіші бой көтеруі. Ақындар айтысы. Аттар отыз алты шақырымнан жіберілген аламан бәйге. Осыншама құтты шара, қарымды шаруалардың негізгі салмағын иығымен көтеріп, жоғары деңгейде ұйымдастырған – дау жоқ, Созақ ауданының әкімі Қуаныш Айтаханов.
Бұдан бұрын да есімін естіп, еңбегін көріп жүрген Қуаныш Айтаханұлын біз сондықтан да осы мақаламызда: «Біреулер оған бұл атақ-абыройды қияр, біреулер қимас, бәрібір тойға жиналған зиялы қауым өкілдерінің дені берген әділ баға: «Ол – Сұлтанбек Қожанұлының бүгінгі ізбасары!» деп жазыппыз. Иә, бұл – сол кезде-ақ шындықты мойындаудан туған әділ баға еді.
Содан бері де талай уақыт зулап өтіп жатты.
Мен Сайрам ауданының әкімі Қуаныш Айтахановтың қам-қарекетін көріп, талай шаруашылықтық қана емес, елдік игі істеріне, қалдырған жарқын іздеріне куә болдым. Оның мұндай ұстанымы, қайраткерлік қасиет-қабілеттері Отырар ауданын басқарғанда да жарқырай көзге түсті.
Бағзы заманнан баршамызға белгілі ақиқат – адам өмір сүру үшін ең әуелі нан, яғни ас керек. Мұны қандай да бір әкім өзі басқарып отырған ауыл-аудандарда бірінші кезекте ескермесе, болмайды. «Азық-түлік молшылығы ел көлемінде шешіліп жатқан жоқ па?» деген – бәтуасыз сөз. Ауылда отырып егініңді екпесең, мал асырап, ет жеп, сүт ішпесең – оған кім кінәлі?! Әрине, сол адамның өзі, ауылдың өзі кінәлі. Бірақ мұны да ұйымдастырып, ортақ түйткілді проблемаларын шешіп, ауыл еңбеккерлерінің көкөніс өсіруіне, қой-сиыр, жылқы-түйе бағуына жағдай тудыру қажет. Әрине, бұл тұрғыдағы басты қажеттілік – жер мен су. Оңтүстікте шөлейт, жайылымдық өріс жер бар, суармалы жер бар. Кейде су тапшылығы туындайды. Бұларды шешіп, жерді күту керек пе? Әрине. Және мұның өзі – үлкен және үнемі жүйелі түрде жүргізіп отыруды тілейтін жұмыс.
Бұл – Қалекеңнің қайда жүрсе де, қанша уақыт болса сонша міндетті түрде атқарған ісі. Кәдімгі ауа жұтып, күнделікті ас-су ішетіндей, бойына сіңіп кеткен жұмысы. Былайша айтсақ, екінші тынысы. Сондықтан да ол Сайрам, Отырар аудандарын басқарған уақыттарда одан бұл жайларды сұрамай-ақ қойсаң да болады. Өйткені, ол үшін жай адам ретінде де, алаш азаматы, ел ағасы ретінде де толғандыратын бірінші басты мәселе – Жер, бәріміз басып жүрген топырақ, яғни Ауыл ахуалы десек қателеспейміз. Адамзаттың, алаш баласының жерсіз күні жоқ қой. Қалекеңнің мұндай жаратылыстық ұстанымын, ұлағатын ол Сенат депутаты болған кездеріндегі күллі қам-қарекетінен: жасаған баяндама, сөйлеген сөз, жазған мақала, берген сұхбат, депутаттық сауалдарынан да және көреміз.
Бұл айтқанымызға дәлел керек пе? Бұдан бір-екі жыл бұрын менің қолыма депутаттың «Ел мерейі жолында» атты кітабы (Астана, «Фолиант» баспасы, 2010 ж.) түсті. Соны оқып қарасаңыз, автордың ақтарылып та, ашынып та айтатыны – Жер жайы, Ауыл тағдыры, осыдан туындайтын Алаш болашағы. Ол және барлық жағдайда да біліп, әрлі, нақты да нәрлі айтады. Оңғару-түзеу жолдарын маманша көрсетіп, ғалымша танып-түйіндеп, азаматша жүрек жарығын түсіріп, жеткізе айтады.
Айтаханов Қуаныш Отырар өңірінде туып, орта мектепті бітіріп, нағыз қаймағы бұзылмаған қазақы ортада тәрбие алып, түлегендіктен шығар, бала кезінен қазақ тілі уызына жарып, туған халқының дәстүр-салтына қанып өсті. Кеңес кезінде орыс тілін білмесең, қатарға қосыла алмайтының рас болса да, өз басы Мәскеудің ветеринарлық академиясын бітіріп, орыс тілін жетік білсе де, ол талайлардай ана тілін өгейсітпеді. Гәп – бесіктен алған тәрбиеде, есіктен көрген үлгі-өнегеде болса керек, оның сөйлеген сөздерінде де, жазған мақалаларында да қазақ тілінің мәйегі, ұлтымыз ділінің дәйегі көп кездеседі. «Арыстан бапқа барып түне, Әзірет Сұлтанға барып тіле» депті бір мақаласында. Дәстүрлі дініміз жолына түспесе де, ұлттық ділімізден бір сәтке де қол үзбеген Қуаныш Айтаханов туған тарихымызға да жетік, мәдениетіміздің білгірі, әдебиетіміз бен өнеріміздің төл перзентіндей десек те адаспасымызды аңғарамыз.
2007 жылғы 24 қазан күні Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Йассауи атындағы халықаралық университетте Рахманқұл Бердібайдың 80 жасқа толу мерейтойы өтті. Қалекеңнің сонда сөйлеген сөзіне көз жүгіртейікші: «Баршаңызды үлкен мереке – Республика күнімен құттықтаймын. Рахманқұл ағамыздың 80 жылдық мерейтойының Республика күні қарсаңында аталып өтуінің өзінде де үлкен символикалық мән бар. Еліміздің тәуелсіздігі жолындағы күрес Кеңес өкіметінен бұрын да, кеңес өкіметі кезінде де тоқтаған емес. Бұған тарихтан мысалдарды көптеп келтіруге болады. Әріге бармай-ақ бүгін өзінің 80 жылдық мерейтойын тойлап отырған Рақаңның бүкіл өмірі, барлық шығармашылық қызметі осы егемендік алу жолына бағытталды десек артық айтқандық емес. Рахаңның әр жылдарда атқарған жұмыстарына ой жүгіртсек, оның бүкіл өмірі егемендік жолындағы күреске арналғанын, оның ұлтқа деген шексіз адалдығын, ұлт мүддесі үшін қайраткер батырлығын аңғарасың…». Інінің, саясаткердің сөзі ғана емес, ақиқатты тап басқан, әділдікке жақтасқан жазушының сөзіндей де емес пе?!
2015 жылы 20 миллионға жету үшін халқымыздың өсімін жылына 3 пайызға көтеруіміз керек. Осы міндетті орындау үшін денсаулық сақтауды жақсарту, өлім-жітімді азайту, шетелдердегі қандастарымыздың елге оралуына барынша қолайлы жағдай жасауымыз қажет.
Елімізде халық санын көбейтудің басты бағыты – халық санының табиғи өсуінің бірден-бір қайнар көзі – бала тууды көбейту. Бізде жыл сайын 530-540 мың немесе бүгінгі жағдайдан екі есе көп бала дүниеге келіп отыруы тиіс…».
Қ.Айтаханов армандаған жарты миллиондық меже, әрбір отбасында 3-4 бала болуы соншалықты алдырмас асу еместігі айқындалып-ақ тұр. Айтаханов айтса айтқандай, «Бізге осы қазақ жерінде кіндік қаны тамған әрбір сәби қымбат. Әрбір сәби керек» (225-бет).
Жалпы абзал адам, азамат, қайраткер, халық қалаулысы Қуаныш Айтахановтың сегіз қырлы, сексен сырлы тұлғасын толығырақ танимыз десек, оның әлі қамтып, жазатын жаңа қыр-сырлары жеткілікті. Онда қаламгерлік қабілет болмаса, «Сайрамда бар сансыз баб» 2001), «Шежірелі Отырар» (2005) сияқты кітаптар қалай тұсау кеседі? Бүгінгі заманда әкімге, депутатқа кім көмектеспейді, кім кітап жазып бермейді деген күдік-күмәнге бой алдырар болсақ, оның әрбір мақаласындағы маңызды, мағыналы толғам-тұжырымдар, әрбір сұхбатындағы орамды, ордалы ой-пікірлерді кім қарызға береді? Жарық сәулелі сыр – жалынды жүректен, шымыр депутаттық сауал – шынайы тілектен. Өзіңде болмай, жазуға жарымайсың. «Жетектеген ит түлкі алмайтынын» білсек, біреу жәрдемдескен кітап та шикілігімен көзге түсіп, жүректен шықпағандығымен жүдеп, жетімсіреп, ойсырап тұрады.
Әйтпесе әкім, әке Қ.Айтаханов, қайраткер, депутат Қуаныш Айтаханұлы ұйымдастыруымен, бас-көз болуымен, батылдығымен, табандылығымен жүзеге асқан істерді тілге тиек етсек… Жаңа салынған құрылыс, тұрғызылған ескерткіштер. Жарқыраған іздері. Жанған өмір шырақтары. Сұлтанбек Қожанұлы мүсіні. Астанада жүйелі өтіп келе жатқан Шәмші Қалдаяқовтың ән фестивалі. Көксарай су бөгені. Пәтерлі болған, соттан-оттан құтылған адамдар. Жарық көрген жаңа мұралар…
Әйтпесе оның ҚР Жоғарғы Кеңесі 12 шақырылымның депутаты болуы. ТМД мемлекеттері Парламентаралық ассамблеясына мүшелігі. Экономика ғылымдарының кандидаты ғалымдық дәрежесін қорғауы. «Құрмет белгісі» (Кеңес одағының ордені, 1982) мен «Құрмет» (2004) ордендерімен бірдей марапатталуы…
Бұлардың қай-қайсысы да – түгендемей-ақ қоялық – байыбына барып, ахуалына қанып, зерделер болсақ, жақсылығы жалғасып жатқан, тағылым-өнегесі жас ұрпақ жүрегіне жол тапқан, арнайы жеке мақалалар (кітап демесек те) жазуға болатын жайлар екенінің басы ашық…
Қуаныштың тікелей өз отбасы-ошақ қасына көшсек, әзіз әке Айтахан тәлімі қандай?! Қуаныштың он үш жаста анасы қайтыс болып, алдына ертерек мамандық алып, қартайған әкені бағу, отбасы түтінін өшірмеу деген өмір сын-сыбағасы тартылады. Содан Қалекең Жамбыл қаласындағы (ол кезде әлі Тараз емес) зооветеринарлық техникумды үздік бітіріп, ауылға оралады. Жақын ағайындар: «Жұмысқа кіріс, тезірек үйлен», – дейді. Сонда 71-дегі әке не дейді: «Мен әзір тұғырдан тайып тұрған жоқпын. Сен болашағыңды ойла, оқуыңды жалғастыр», – деп, сауып отырған құлынды биесін сатып, ақшасын қалтасына салып береді. Міне, қазақтың оқымаған шалы, қарт әкенің даналығы қандай? Әке осылай қолдамаса, жас бозбала Қуаныш Мәскеудің И.Скрябин атындағы зооветеринарлық академиясына оқуға түсіп, оны 1970 жылы бітіріп шыға алар ма еді?! Иә 2007 жылы талантты журналист Өмірзақ Ақжігітпен жасаған сұхбатында: «Мен бәрін де халықтан үйрендім» деп өзі айтқандай, қайраткер Қуаныш Айтаханұлының басты ұстасы – Отырар жері болса, басты ұстазы – ел, халық.
Бұл тұрғыдан келгенде жас маман Қуаныш Айтаханов үлкен өмірдегі еңбек жолын сәтті бастады. Ол 1970 жылы Алғабастағы (бүгінгі Бәйдібек ауданы) ірі ХХІ партсъезд атындағы кеңшарға бас мал дәрігері болып жұмысқа тұрғанда атақты директор Горбатенконың темір тәрбиесін көрді. Қатал емес, тәртіпті де әділ, білікті басшының. Үш жыл бойы. Бұған қоса Алғабас аупарткомының бірінші хатшысы Нұртаза Ысмайылов, ауатком төрағасы (әрі жазушы) Әбжаппар Жылқышиевтердің сынағынан өтті, сабағын алды. Тағы да басқа басшы-қосшы, әріптестерден де көрген үлгі, үйренген өнегесі қаншама. Міне, сондай өмір мектебі оның бойына әділдікті, адалдықты, шыншылдықты сіңірді, ойына халыққа жақындықты, Жауапкершілікті, Азаматтықты құйды, елге қызмет ететін Қайраткерлікті қалыптастырды. Қысқасы, Қуаныш Айтаханов – ел мүддесі жолында бір сәтте тыным таппайтын, ел мерейін көтеріп, әрбір іс-сөзімен, ой тезімен, көңіл көзімен көтеріп, биіктетіп келе жатқан жан.
Сондықтан да Ол – қашанда өз мерейі де төмен емес Азамат. Абыройлы Ел ағасы. Қалың қазақтың жағасы. Өз басының саяси қайраткер ретіндегі идеалы – Нұрсұлтан Назарбаев болса, болашақ Қазақ Елін әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарынан көреді. Сүйіп оқитын кітабы – тарихи романдар. Көріп отырсыз, жеке адам – Тұлға ретінде де халыққа жақын бәрімізге қадірлі кісі. Ендеше ол туралы мақаламды өзім түйіндемей, осы дүниемді жазуға түрткі болған қаламгер Жарасбай Сүлейменовке нүкте қойғызғым келеді: «Ұлт мүддесі, азамат, ар, намыс дегенде менің көз алдыма Алаш арыстары – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов сынды саңлақтар елестейді. Елім, халқым деп аянбай тер төккен, нұрлы болашақ үшін жандарын пида еткен, келер ұрпағына Отанды сүюдің үлгісін көрсетіп кеткен олардың есімдері халық жүрегіне мәңгілікке орнықты. Солардың арман-мақсаты жүзеге асып, ғасырлар тоғысында тәуелсіз мемлекет атандық. Ендігі мақсатымыз – Мәңгілік Ел болу. Бұл жолда да жұлдызымыздың биіктен жарқырарына сенім мол. Өйткені қазақ жерінде Алаш арыстарының өсиетіне адал, өнегесіне бас иген ұлтжанды, елжанды азаматтар қаулап өсіп келеді. Олар, сөз жоқ, ары таза, болмысы бөлек азамат, арыстардың, асылдардың сынығы Қуаныш Айтаханов сынды толағай тұлғаға, шынайы қайраткерге қарап ой түзейді, бой түзейді. Өмір асуында ол таңдаған адалдық жолы ешкімді де адастырмасы анық?!»
Мен осы түйін-байламға толық қосыла отырып, тек өз тарапымнан бір түзету – қосымшам бар: Ол – Қуаныш Айтаханов – кешегі арыстардың, асылдардың сынығы болғанмен, тікелей нақ бүгінге көшсек, арамызда жүргенде лайықты қадірлей білсек, Ол – бір Арысымыз, асылымыз.
Аман болыңыз, жасай беріңіз, Қуаныш Айтаханұлы!

 

     Бақыт САРБАЛАҰЛЫ

4 ПІКІРЛЕР

  1. Қуаныш Айтаханов –өте тамаша сенатор! Шөлден таза су шығарған Қазығұрттың қыраны.Қуаныш аға Монтайтас деген шөлейтке жататын елге таза су шығарып берген әкім болған кезінде. Ал, бүгінгі әкімдер бар суды жоқ қылушылар болып отыр?! Мәселен, Момынов деген «заңбұзғыш «замәкімдер»халыққа не істемеді? Елбасының бергенін елге бергізбеді, құдалық мафиясын құрып алып, құдасының ұлын прокурор етіп алып, ауданның ескі 22 мектебінің ауыстырлуы тиіс жылу қазандықтарына бөлінген 150 000 000 теңгені бөлісіп жеп қойды. :aaa:

  2. Көрегенділігімен , қасиеті мол адамдар жайлы қанша айтса да көп болмасы анық. ол кісінің Отырар ауданындағы , ауылдың мәдениетін көтеру бағдарламасын, букіл елге улгі етіп пайданалатын іс деп ойлаймын.Деніне саулық, қалыбына шын ләззәт тілеймін!

  3. Қанатты сөзді Қазынам деп түсінетін, дархандығын даласымен өлшеген,дәрежеге емес дәстүрге табынатын, қызын Арға, ұлын Нарға балаған,жайсаң жанды Қуаныш құрдасымызды биік тұғырлардан көрсек те Адалдығы мен Адамдыған қатар алып келе жатқанына куәгерміз! Қуаныш туған халқына тек ҚУАНЫШ силаумен келеді! Ғұмыры ұзақ, Тұғыры биік бола бергей!

  4. Қуаныш Айтаханұлын мен биылғы жыл сенаторы номинациясына ұсынғанмын. Ол ағамыздың сөзін есітсем жаным рахаттанады. Бұдан бірнеше ғасыр бұрын өткен үш биіміз Қуаныш ағамыздай жандар болған шығар деп ойлаймын.»Үлгісізден би қойсаң, өсиеті болмайды, қаһарсыздан хан қойсаң, қасиеті болмайды», – дейді халық даналығы. Қуаныш ағамыз еліміздің бақытына аман болғай, Жаратқан иеміз қолдап, қорғап жүргей әманда!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз