Ешқашан толық шешімін таппаған мәселе

балабакша                            Елімізде бүлдіршіндерімізді балабақшамен қамту әлі де төмен деңгейде «Баланы – жастан» деген қазақ атамыз тәрбиенің талбесіктен басталатынын бағзы заманнан бері айтып келген. Ана әлдиінен бастау алған тәлім-тәрбие бүлдіршіндеріміз есейіп, ержетіп, азамат атанғанша балабақша, мектеп, арнайы немесе жоғары оқу орны сияқты бірнеше баспалдақтардан өтеді. Осы аталған белестердің әрқайсысы адам өмірінде ерекше мән мен маңызға ие. Әсіресе, балабақша тәрбиесінің орны бөлек, баланың қалыптасуына әсері зор дер едік. Өйткені балаға ата-анадан кейінгі тәрбие беретін, таным мен білім шыңына апаратын бірінші баспалдақ – балабақша болып табылады. Бүгін елімізде үлкен әлеуметтік мәселеге айналған мектеп жасына дейінгі тәрбие тақырыбы біздің басылымның назарынан тыс қалып көрген емес. ТАРҚАЛМАЙ КЕЛГЕН ТҮЙІН Жоғары мінбелерден жасалатын баяндамалар мен көпшілікке көпіртіп ұсынатын жалған мәліметтерде болмаса, мектеп жасына дейінгі тәрбие жұмысы бізде ешқашан толықтай іске асырылып көрген емес. Бұл маңызды істің даңғыл жолға қойылмағанын көнекөз қариялардан бастап, бүгінгі күні бала өсіріп отырған ата-аналардың қай-қайсысы болса да айтып бере алады. Ол үшін дәлел іздеп әуре болудың да қажеті жоқ. Сонау мақтаулы «коммунизм» деп аталған, керемет деген Кеңес үкіметі кезінде де бүлдіршіндерімізді балабақшаға орналастыру біздің тұрақты «бас ауруымыз» болған-ды. Қазір де көшіміз ұзап кеткен жоқ. «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып отыр. Біз бұл жерде бір ғана балалардың қамтылу жағын ғана айтып отырмыз. Ал, балабақшаларымыздағы орын алған түрлі келеңсіз жағдайлар мен тәлім-тәрбие, білім сапасы өз алдына жеке әңгіме. Кеңестік кезеңнің кемшілігін көзге шұқып көрсетпеген адам қалмаған шығар бұл күнде, сондықтан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жағдайға қысқаша тоқтала кетейік. Себебі, өз қолымыз өз аузымызға жетіп, ел билігінің тізгіні өз еркімізге тиген жылдарға тек қана өзіміз жауапты емеспіз бе? Ешкім біздің ішкі істерімізге араласып, шеттен келіп қолымызды қаққан жоқ. Алдымен бүлдіршіндерімізді «неге толықтай балабақшамен қамтамасыз ете алмай отырмыз?» деген сұраққа жауап іздеуге тура келеді. Оған да айтар уәжіміз жетерлік. Жас мемлекет болдық, қалыптасудың қиын кезеңін бастан өткердік, дүниежүзілік дағдарыс деміктірді деген сияқты сансыз сылтауларды жиі айтып жүрміз. Әрине, бұл айтылған себептердің де кері әсері көп болды. Дегенмен, пайдаланылма­ған мүмкіндіктер, өзіміздің қырсыздығымыз бен қолында аз да болса билігі бар жекелеген адамдардың қанағатсыздығы бұл саланың салын суға жібергенін жасыра алмаймыз... ЖЕБІРІМІЗГЕ ЖЕТКЕН ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ Жекешелендірудің жебі­рімізге жеткені туралы аз айтылып, кем жазылып жатқан жоқ. Жемқорлық жалын күдірейткен сол бір кезде ол туралы ашық айтатын жүрек жұтқан адам да аз болатын. Әдеттегідей жау кеткен соң қылышымызды қайрайтын қазақи әдетіміз ғой, енді ғана ескіні еске алатын болдық. Алып зауыттар мен фабрикаларымыздың із-түзсіз жоғалғаны өз алдына, стратегиялық маңызы зор, бала тәрбиесіне тікелей қатысы бар балабақша ғимараттарының да кезінде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткені ішімізді күйдіріп, бүгін алдымыздан үлкен мәселе болып шығып отыр. Олай демеске амалымыз жоқ. Қашан да, қай елде болмасын, адам басты құндылық болып табылады. Жан-жақты дамыған азаматты қалыптастыру мен тәрбиелеу сол балабақшадан басталады. Бұдан кейін бұл саланы стратегиялық маңызы жоқ деп қалай айта аласыз? Ал, сол сансыз ғимараттардың «қалай жекешелендіріліп, қаншасы қолды болды?» деген сұраққа биліктің айналасында жүрген жауапты адамдар анық ақпарат беруден қашқақтайтыны бар. Бәлкім, қолдарында нақты дерек болмауы мүмкін немесе ол туралы ауыз ашуға басшылары рұқсат бермейтін шығар. Қанша жерден қымтап құпиялағанмен, жекешелендірудің қалай өткені жайлы жұрт жақсы біледі, көптің көзінен ештеңе қырын қалмайды, ешкім көлденең өте алмайды. Қазір сол ғимараттардың көбісін қайтару мүмкін болмай қалды. Қолдан қолға өтіп, негізгі бағытын әлдеқашан өзгертіп жіберген. Ол ғимараттар қытайлық тауарлар сияқты сауда-саттықтың нысанына айналып, біреулер үшін жеңіл пайда табудың көзіне айналды. Бір ғажабы, бұл науқан кезінде жедел жекешелендірудің желігімен жүрген билік басындағылар қазақ әйелдері енді құрсақ көтеріп, бұдан былай бала тумайды деп ойлаған болуы керек. Әйтпесе, бала тәрбиесінің шешуші рөл атқаратынын олар білмеді дейсіз бе? Бұл айтып отырғанымыз балаларды балабақшамен қамтуда жіберілген қателіктеріміз бен мүмкіндіктеріміздің бір ғана себебі. Рас, кейін жіберілген кемшіліктерді жөндеу барысында балабақша ғимараттарының біразы қайтарылды. Тағы да әдеттегідей алдымен бүлдіріп алып, сосын жөндеуге бет бұрдық. Әрине, тегін емес, тамыр-таныстықпен тиынға сатылып, кейін қиналғанда теңге төлеп қайтаруға тура келді. Бір ғана мысал, қалалық Білім басқармасының дерегінше алып қала Алматыда 2008-2014 жылдар аралығында небары, жалпы саны 1610 балаға арналған сегіз-ақ балабақша ғимараты жекеменшік иелерінен қайта сатып алынып, кері қайтарылыпты. Бар болғаны осы. Бұл жерде кім ұтты, кім ұтылды? Оны өздеріңіз де білесіздер. Ең бастысы, қаншама ұрпақ қазіргі заман талабына сай тәрбие мен білім алу мүмкіндігін өткізіп алды. Қаншама балалар әлі де балабақша табалдырығын аттай алмай жүр. Еліміз бойынша экономикалық және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жағынан алдыңғы қатардағы Алматы қаласында 158 мемлекеттік балабақшаларда 36 464 бала тәрбиеленіп жатса, 52 240 бүлдіршіндер жылдар бойы жеткізбейтін балабақша кезегінде тұр. Олардың басым бөлігі білімнің бірінші баспалдағын баспай-ақ, бірден мектеп табалдырығын аттайтын болады. Алматыда ресми дерек бойынша, жұмыс істеп жатқан 300 мектеп жасына дейінгі тәрбие беретін ұйымдарда, оның қатарында мемлекеттік, жекеменшік балабақшалар мен мектеп жанындағы бүлдіршіндерге соңғы жылдары арнайы ұйымдастырылған шағын орталықтарда барлығы 45 782 бала тәрбиеленіп жатыр. Кезекте 52 240 бала тұрғанын ескерсек, оңтүстік астанамыздағы бүлдіршіндерді толық қамту үшін тағы да кем дегенде 300 балабақша қажет екен. Ал, алып мегаполис күн санап өсіп келе жатқанда ол да аздық етеді. Бұл республика бойынша жоғарғы көрсеткішке ие қаланың кейпі, бұдан кейін әлеуметтік әлеуеті төмен кейбір аймақтардағы жағдайды айтпасақ та болатын шығар. БАҒДАРЛАМА БАР, БАЛАБАҚШАЛАРДА ОРЫН ЖОҚ Басқа елде, өзге мемлекеттерде қалай екені белгісіз, бізде Құдайға шүкір, бағдарлама деген жетерлік. Санасаңыз саусағыңыз жетпейді. «Ақ бұлақ», «Ауыл жылы», «Моноқалаларды дамыту», «Жемқорлыққа қарсы күрес», «100 мектеп, 100 аурухана», «Дипломмен ауылға» деген сияқты тізбектеліп кете береді. Соның бірі біз сөз етіп отырған мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге саналы тәрбие, сапалы білім беру мәселесіне қатысты – «Балапан» бағдарламасы. Қазақстанда білім саласын дамытуға бағытталған бұл бағдарлама 2010-2020 жылдарға арналған ауқымды жоба. Онда мектеп жасына дейінгі балаларды толық қамтып, тәрбие мен түрлі оқыту бағдарламаларына сәйкес білім беру көзделген. Балабақшаға деген сұранысты толық қана­ғаттандыру басты бағыт етіп көрсетілген. Бұл бағдарламаның кемшілігі жоқ дер едік және дер кезінде қабылданғанын атап өткеніміз жөн. Өйткені еліміз бойынша мектеп жасына дейінгі балалардың басым бөлігі әділін айтсақ, қараусыз қалды. Қолда бар балабақшалар кішкентай қаракөздеріміздің жиырма пайызын да қамтымаған кездер болған-ды. Сол себепті, халық талабына орай бұл бағдарлама арнайы қабылданып отыр. Әрине, Үкіметтің аты –Үкімет. Бағдарлама қабылданған соң қай аймақ, қай қала болмасын мұрындарынан қан кетсе де оны орындауға, қойылған талаптарды іске асыруға міндетті. Ол да дұрыс дер едік, бізде көзге шұқып, соқырға таяқ ұстатқандай етпесек, ештеңе өз бетімен істелмейтіні бұрыннан белгілі. Қалай десек те бұл бағдарлама орындалуы керек. Өйткені осы ауқымды жобаға байланысты мемлекеттік, аймақтық, қала қоржындарынан ұлттық маңызы бар шара ретінде халықтың қомақты қаржысы арнайы бөлініп отыр ғой. Өкінішке орай, оның орындалуы республика бойынша бірдей емес, ала-құла. Бір жерлерде жобаға жауапкершілікпен қараса, енді бір жерлерде немқұрайлылық пен жемқорлық орын алған. Соған байланысты құрылыс нысандары уақытында берілмей, берілсе сапасы сын көтермей жатады. Ал, балабақша құрылысы ырғалып-жырғалуды көтермейді, кезекте тұрған балалар балабақшаға барады екенбіз деп өспей, жетілмей тұра алмайды. Біздің әңгімемізге арқау болып отырған Алматы қала­сы мемлекеттік «Балапан» бағдарламасын іске асыруға білек сыбана кіріскені көрініп тұр. Осыған байланысты өзде­рінің нақты жоспарларын да белгілеп алған екен. Ол негізгі бес бағыттан тұрады. 1. Жалға берілген бұрынғы ғимараттарды қайтару. 2. Бүлдіршіндерге арналған шағын орталықтардың санын көбейту. 3. Жекеменшік балабақшалар ашу. 4. Балабақшаға жарамды ғимараттарды пайдалану. 5. Жаңа балабақшалар салу. Осы жоспар бойынша шаһар аумағында бағдарлама қабылданған уақыттан бері 8 балабақша қалаға қайтарылған болса, мемлекет қарауындағы 131 мектеп жанынан 7021 орындық шағын орталықтар ашылған. 84 мектеп жасына дейінгі балалар тәрбиеленетін жекеменшік балабақшалар іске қосылды. Ал, осы бес бағыттың ішіндегі ауыз толтырып айтуға тұратыны – жаңа бақшалар салу болып табылады. Өйткені бұрынғы ғимараттар ескірген және бүгінгі заман талабына толық жауап бере алмайды. Биылғы жылы қала көлемінде 2 760 орынға есептелген 18 балабақша құрылысы жүргізілуде. Оның жетеуі республикалық, он бірі жергілікті бюджеттен қаржыландырылып отыр. Келесі жылға 1920 орындық 11 балабақша құрылысын бастау көзделген. Ал, 2015-2017 жылдары тағы да 24 балабақша салынбақшы. Иә, бір қарағанда қала басшыларының қимылына кінә артып, бір мысқал да мін таға алмайсыз. Қомақты қаржы бөліп, құрылыс қарқынын жылдан-жылға үдетіп келеді. Мемлекеттік бағдарлама да бағытынан таймаған деуге болады. Бірақ, балабақшаларда бос орын жоқ, қала тұрғындарының сұранысын әлі де тым болмаса жартылай да өтей алмай отырмыз. Көпшілікті осы жағы қынжылтады. Осыдан 4-5 жыл бұрын Алматыда жаңадан Алатау ауданы құрылса, жақында тағы да бір жаңа аудан ашылды. Облыс территориясынан мыңдаған гектар жер қалаға беріліп, көптеген елдімекендер шаһар аумағына қосылды. Бұл да қосымша күшті қажет етеді. Қалаға сай жаңа инфрақұрылымдарды салу туралы айтпағанның өзінде, тағы да мыңдаған балаларға мектеп пен балабақшалар қосымша керек болары сөзсіз. Осының бәрін саралап, салмақтап көрсек, Алматы қаласында бүлдіршіндерімізді толықтай балабақшамен қамту жақын жылдарда толықтай іске аспайтынына көз жеткізу қиын емес. Ол үшін алға қойған жоспарларын тағы да бір қарап шығып, толықтырулар мен өзгертулер енгізуге тура келетін шығар. Онсыз тығырықтан шығудың басқа амалын таба қою қиын-ау. Балабақша мәселесі еліміздің бас қаласы Астанада да шешімін таппай отыр. 2020 жылға дейін 100 балабақша саламыз деп жақсы жаңалығымен жұртты елең еткізген қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов те қызметін ауыстырды. Жаңадан келген қала әкімі Әділбек Жақсыбеков сол уәде үдесінен шыға ала ма? Ол да үлкен сұрақ күйінде қалып отыр. Қазір Астана әкімінің барлық назары «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі шараларына байланысты құрылыс нысандарына ауатыны бесенеден белгілі. Сондықтан «100 балабақша көрме құрылысының көлеңкесінде қалып қоя ма?» деген күдік те жоқ емес. «Ораза, намаз – тоқтықта» дегендей, бізге қазір әлем жұртшылығының аузын аштырып, көзін жұмдыратын дарақылық пен даңғойлық емес, ұлтты ұлықтайтын, мемлекетімізге тіреу болар болашақ азаматтарымызды қалыптастыратын түпкілікті мүддеміз анағұрлым қымбаттырақ. Кешегі Жолдауында Елбасымыз да бұл мәселегі ерекше назар аударды. Алғашқы қадамын сәтті бастаған «Балапан» бағдарламасының бағы жанып, жолы болғанын қалайды халқымыз. Өзге көптеген жобалар сияқты орта жолда омақасып, аяқсыз қалғанынан Құдай сақтасын демекпіз. Әлия САҒИЕВА, Алматы қаласы, Білім басқармасы мектеп жасына дейінгі білім беру бөлімінің басшысы: БАЛАЛАР -БІЗДІҢ БОЛАШАҒЫМЫЗ – Мектеп жасына дейінгі балаларға тәлім-тәрбие, білім беру жұмысының маңызы зор екені баршаға мәлім. Болашақ азаматтарымызды бүгіннен, дәлірек айтсақ, балабақшадан бастап негізін қалап, қалыптастыру үлкен жауапкершіліктер жүктейді. Мысалы, бір ғимарат салсаңыз, оның негізі әлсіз болса, ол көпке шыдамайды, сол сияқты балабақша мен мектепте лайықты білім алған баланың болашағы да жарқын, зор болмақ. Ондай азамат Отанына анағұрлым көбірек пайда әкеледі. Сондықтан біз болашағымыз үшін барымызды салуымыз керек. Алматы қаласы бойынша бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Рас, бір кездер қалада балабақшалар саны күрт төмендеп кетіп, бұл сала төрт аяғынан бірдей ақсаған күндер болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өзге де салалар секілді көптеген қиындықтар орын алды. Бүгін жағдай өзгерді. Қазір қаламызда 46 мыңға жуық бүлдіршіндер балабақша тәрбиесімен қамтылған. Бұрынғы сатылып немесе жалға берілген ғимараттар біртіндеп қайтарылып, мектеп қасынан бөбектерге арналған шағын орталықтар ашылып, жекеменшік балабақшалар жұмыс істей бастады. Әрине, барлық бөбектерді қамтыдық деп айтуға әлі ертерек. Қаламызда балабақша кезегінде әлі де елу екі мыңнан астам бала кезекте тұр. Біздің сала жұмысы «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған соң қарқын ала бастады. Жоспар бойынша жылдан-жылға балабақша салу жұмыстары қарқын алады деп күтілуде. Біздің Білім басқармасы қолда бар балабақшалар жұмысын дұрыс үйлестіріп, бөбектерге саналы тәрбие, сапалы білім беруді басты мақсат етіп отыр. Сала жұмысы жан-жақты сараланып, оңтайлы жұмыс әдістерін қалыптастыруды қашан да назарымызда ұстаймыз. Соның бірі балаларға қазақ тілінде тәрбие беру. Бүгінгі ашылып жатқан балабақшалардың бәрі қазақтілді. Рас, кейбір ата-аналар тарапынан осы жөнінен реніштер айтылатыны бар. Бірақ, біз мемлекеттік тілді меңгеруді балабақшадан бастасақ ешқашан ұтылмаймыз. Сонда ғана қазіргідей ана тілін білмейтіндердің қатары азаятын болады. Өзге ұлттардың да біздің тілді меңгеруіне толық мүмкіндік туады. Балабақшаларымызда орындардың әлі де тапшылығына байланысты келеңсіз жағдайлар болмас үшін тіркеу электронды түрде Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүргізіледі. Бұл ата-аналардың кезекті бақылап отыруына, жемқорлықтың орын алмауына өз ықпалын тигізеді. Кезегі жеткенде олар аудандық Білім басқармаларынан жолдама алып орналасатын болады. Қазір қоғамымызда мүмкіндігі шектеулі балалар аз емес. Бүгінгі экологиялық жағдайға және өзге де факторларға байланысты олардың саны көбейе де бастаған секілді. Осыған байланысты қала бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 9 мектепке дейінгі балабақшалар жұмыс істейді. Оның ішінде төртеуі – сөйлеу қабілеті дамымаған, екеуі – көздері нашар көретін, біреуі – нашар еститін және мүлдем естімейтін, біреуі – қозғалыс аппараттары бұзылған, енді біреуі – психикалық дамуы тоқталған балаларға арналған. Бұл мекемелерде арнайы мамандар жұмыс істейді. Сонымен қатар, қалада 4 психолого-педагогикалық түзету кабинеттері жұмыс істейді. Оған ата-аналардың талабы бойынша кез келген бала келіп қаралып, түрлі дәрігерлік кеңестер алуына болады. Саламызда мүлдем проблема жоқ, бәрі де ойдағыдай десек, ол жалған болар еді. Алдында айтқанымыздай, орын жетіспейтіндігін бүкіл қала тұрғындары біледі. Ол, біріншіден, халқымыздың санының өсуіне байланысты болып отыр, оған қуануымыз керек. Екіншіден, Алматы қаласына ағылған ішкі миграция есебінен балалар саны көбейіп келеді. Қолда бар балабақшалардың қызметі барысында да түрлі мәселелер туындап тұрады. Мысалы, балаларды көбірек қамту үшін жекеменшік балабақшаларды көптеп ашып жатырмыз. Ол да дұрыс. Дегенмен мемлекеттік ұйымдармен оларды салыстыруға болмайды. Біріншіден, Білім басқармасы педагог мамандарды саралаудан өткізіп қабылдайды. Олардың мамандығы сай келсе, категорияларына қарай бағалайды. Ал, жекеменшік балабақшаларға бақылау жасау өте қиын. Олар өз алдарына дербес мекеме іспетті. Кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жариялануына байланысты оларды біз де, басқа СЭС сияқты орындар тұрақты бақылау жасай алмайды. Ал, ата-аналар тарапынан келіп түсетін арыздардың басым бөлігі сол жекеменшік балабақшаларға бағытталған. Ендігі бір мәселе – тәрбиеші мен тәрбиешінің көмекшісі сияқты мамандардың тұрақтамауы. Оның да өзіндік себептері бар. Ең бастысы, жалақыға байланысты болып отыр. Нарықтық қатынастар кезінде бұл да үлкен мәселе екені белгілі. Бұл сұрақ жоғарғы орындарға да қойылған, шешімін күтіп отырмыз. Қалай болғанда да кездескен уақытша қиындықтарға қарамастан, біз болашақ азаматтарымызды тәрбиелеу ісін бәсеңсітпеуіміз керек. Ол бәріміздің, бүкіл қоғам алдында тұрған маңызды міндет. Зада ӘМІРӘЛИЕВА, Алматы қаласы, «Ұлжан» ықшамауда­нындағы № 165 балабақша меңгерушісі: – Бүгінгі бала тәрбиесі көптеген талаптарды алдымызға тартатыны белгілі, заманымызға сай азаматтарды қалыптастыру күрделі жұмыстарды атқаруға міндеттейді. Алдымен сол жұмысты жүргізетіндей мүмкіндіктер болуы керек. Ол жағынан біздің жолымыз болды демекпін. Біздің балабақша ғимараты 2010 жылы пайдалануға берілген-ді. Ғимарат құрылысының сапасы жоғары, ол үшін осы құрылысты жүргізген «Сұңқар» құрылыс компаниясына алдымен алғысымызды білдіруіміз керек. Бұл қазіргі заман талаптарына сай келетін, толық жабдықталған балабақша деп мақтанышпен айта аламыз. 320 орынға арналған балабақшада 16 топ жұмыс істейді. Тәрбиешілер қатарында 5 – жоғары, 3 – бірінші, 10 – екінші категориялы педагогтар қызмет етеді. Балабақшамызда спортзал, суқауыз және басқа да кабинеттер бар. Медбике, музыкант, психолог, суға жүзуді үйрететін жаттықтырушы сияқты түрлі мамандар балалармен жұмыс істейді. Бұл материалдық-техникалық жағынан алғандағы жетістіктеріміз. Бірақ, осыған қарамастан біздің жұмысымыздың сапасын алдында атап өткен педагог кадрларымыздың күнделікті қызметі анықтайды. Солардың қызметіне қарай баға берілетіні белгілі. Айтайын дегенім, жалақының төмендігіне байланысты тәрбиеші көмекшілері көп тұрақтамайды. Таңғы сегізден кешкі жетіге дейін 28 мың ақша үшін салпақтап жүру де оңай емес. Олардың мойнында балаларды тамақтандыру, топтағы тазалықты сақтау, әрбір баланың кездейсоқ бірдеңеге ұрынып жарақат алып қалмауын қадағалау сияқты ауыр міндеттер жетерлік. Сондықтан мына нарық заманында оларға басы-артық кінә арту да орынсыз. Ал, шын мәнінде, әрбір еңбек өз деңгейінде бағаланғанына не жетсін. Сонда әрбір қызметкердің жұмысқа деген ынтасы да арта түсер еді. Тәрбие жұмысының мамандары болған­дықтан, өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқарғандықтан, біздің ұжымға ата-аналар ризашылықпен қарайды. Әрине, жұмыс барысында кейде мәселе туындауы заңдылық шығар. Кейбір ата-аналар тек қана өз баласына баса назар аударуды қалап, шектен тыс талаптар қоятыны да кездеседі. Олармен жеке әңгіме өткізіп, мән-жайды талдап түсіндіруге тура келеді. Педагог үшін балалардың бәрі бірдей, алалауға қақымыз жоқ. Бірақ, олардың әрқайсысының мінез-құлқының ерекшеліктерін ескере отырып, тәрбие беруге міндеттіміз. Балалар жаңа шыққан тал шыбық секілді, қалай баптасаң, солай өседі. Олардың бар жағынан дамуына біз жауаптымыз.     Зейнолла АБАЖАН, Алматы қаласы