Сайыпқыран
2014 ж. 30 мамыр
4048
2
«Атаманның ақыры», «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері», «Бүркіттің соңғы жылы» (Свердлов киностудиясы шығарған), «СААН елінің ұлы перзенті» («Мосфильм»), «Шеңбер» (Франция), «Барлаушы», «Сталинге сыйлық», француз актері Ж.Депардьемен бірлесіп түскен «Кеш оянған махаббат» фильмдері КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының Халық артисі Нұржұман Ықтымбаев ойнаған картиналардың бір парасы ғана.
Атақты актер – тәуір әнші. Арагідік домбыра шертетіні бар. Көңілі қаласа, іс тігеді, таспа тіліп, қамшы өреді. Оюлы торсық жасап, күмістен зергерлік бұйымдар соғу да осы Нұржұманнан қалған өнер. Дегенмен, қарап отырсақ, бұл кісінің көпшілікке белгісіз қырлары да жоқ емес секілді. Мәселен, оның жас кезде жұдырықтың да неше атасын игергенін көпшілік біле қоймайды. Шағында бокс бапкері ретінде шәкірт те тәрбиелепті. Біз артист ағамыздан осы төңіректе аз-кем сыр ағытуын өтіндік.
Нұрекең әдетінше жайдарлана күлді. – Жарайды, – деді сосын. – Жас кезде бастан кешкен бір әңгімені айтсам, айтып-ақ берейін...
Сөйтсек, бұл сонау 1968 жылы болған жәйт екен.
– Белорусьтің Слоним қаласында «Мәншүк туралы ән» кинофильмін түсіріп жаттық. Мамыр айының тоғызы күні бір сәт жұмыстан босаған соң жиырма бес-жиырма алтылардағы сайдауыттай төрт-бес жігіт (қазір нақты кімдер екені анық есімде жоқ, әйтеуір, арасында актер Жақсыбек Құрманбаев бар еді), Брест қамалына барып қайтуды ұйғарғанбыз. Онда қан майданда мерт болған біздің де аталарымыз жатыр, солардың рухтарына тәу етіп, басына гүл шоқтарын қойғымыз келді.
Жол жиегінде келе жатып, қол көтергенімізде, бір «ЗИЛ-130» автокөлігі тоқтаған. Жөнімізді айтқан соң, бәрімізді мінгізіп алды. Маған кабина бұйырды да, қалған жігіттер үстіне, өзге де жиырма-отыз адам отырған, қорап немесе шанақ дейміз бе, ашық кузовқа жайғасты. Жүйтки жөнелдік. Әлден уақытта қорап үстінен әлдебір шу көтерілген. Тасыр-тұсыр, шаң-шұң, түсініксіз дыбыс күшейді. Сөйтсек, қаптаған жергілікті азаматтар біздің жігіттердің: «Қандастар зиратына біздің де әкелеріміз жерленген, сонда барып тағзым етіп қайтпақшымыз» деген сөздерін мазаққа айналдырып, «Беларуссияны сендердей қысық көздер қорғамай-ақ қойса да болар еді!» деп қарқ-қарқ күліп қорлап, ар-намысқа тисе керек. Жағдайды түсіне қалып, машинаны тоқтатқыздым да, ытқыдым мен де қораптың үстіне қарай...
Төбеден төпелеп, шығармайды жергіліктілер. Екі-үшеуін жерге сүйреп түсіріп сабауға тура келді. Бір мезгілде бәрі де түсті төменге. Сарт-сұрт, қырғын төбелес басталсын содан. Бес жігітке отызға тарта адам жабылған соң жағдай белгілі ғой. Әйткенмен: «Қайткенде де, қайтпаңдар, жігіттер! Қашсақ – өлгеніміз. Қалайда жеңуіміз керек!» дедім. Өстіп, бесеу мен жиырманың шайқасы бір сағаттайға созылды. Ақыры, біртіндеп еңсеріп, әлгілер сырғып қашып, біз өкшелей қуып... Олар көрші тұрған бір әскери бөлімге барып бас сауғалап... Ол жақтан да алдымыздан автоматпен қорқытпақшы болған оншақты сарбаз шығып...
Әбден қызынып алғанбыз, қорқу қайда, қоқаңдаған солдаттардың да қаруларын тартып алып, өздерін қыран жапқандай қылдық.
Бұл өзі, расында да, айтса адам сенбестей оқиға болды. Анау әуелгі күштісінгендер ту-талақай болып қашып кетті. Мінген мәшине де жау қолынан түскен олжа мүліктей біздің қолға өткен. Сөйтіп бастапқы орналасқан жерге қайта оралып, ентігімізді басып, жуынып-шайынып алып, демалуға енді жата бергенімізде қаладан бір қора милиция сау ете түсіп, тұтқындасын бесеумізді....
Тұрғылықтылар пәле-жаланың бәрін бізге жапқан. Әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын, бізді тергеген Зорькин деген милиция басшысы өзіміздің Қостанайдан көшіп барған орыс көрінеді, бізге бүйрегі бұрып, бір жағынан, «ай, жерлестерім-ай, бұларың жарамады-ау!» деп ренжи отырып, бар шындықты айтқызып алды да, төбелесті бастаған нағыз кінәлілерді тапқызып әкелтті. Бізді босатты. Жатқан түрмемізге бас режиссеріміз Мәжит Бегалин бастаған үлкендер де жеткен екен.
Мәкең солбырайып шығып келе жатқан бізге сонадайдан сұстана қарап:
– Ай, жігіттер, не болды? Жеңдіңдер ме, жоқ жеңілдіңдер ме? Соны айтыңдаршы алдымен! – деді.
– Жеңдік, аға! Жеңдік! – деппін ғой мен.
– А. Бері кел онда!
Мәжит ағаның мінезін білемін. Ашуланса протез қолымен періп жіберетіні бар еді. Сол есіме түсіп, аса жақындай қоймадым.
– Кел дедім ғой саған! Сал қолыңды мына қалтаға!
Қорқасоқтап барып, салдым қолды пиджагының қалтасына. Тола ақша!
– Қолыңа қанша іліксе, сонша ал да, барып тойлаңдар жеңістеріңді жақсылап!
Мән-жайды сонда ғана түсіне қалып, уысты молдау салып едім, тура үш жүз жиырма екі сом іліккен екен. Қырғын қаржы о кезде!
Сөйтіп, жас шақта денемізді шыңдағанның пайдасын бір көргеніміз бар солай.
Бұл енді көп сапардың, көп шырғалаңның бір ғана көрінісі. Әйтпесе, әлгіндей қиянаттарды көріп бақтық қой. Бәрібір, қазақ киностудиясының актерлері, шынында, ешкімге кеуде бастырмайтынбыз. Басындырмайтынбыз ешкімді. Төбелесті насихаттап отырғаным емес, кейде сәл ұр да жықтау болмасаң, ақ-адал ниетіңді көп ешкім түсіне де бермеуші еді. Актерлерді нәзік жанды өнер адамдары дегенмен де, араларында дұшпанға дес бермеген Мәди, Иманжүсіп бабаларымыздай сайыпқырандары да көп болады. Мысалы, анау Байкал (Байкенже) Тілеубаев, Сәрсен бауырларым сондай жаужүректілер қатарынан. Бойы екі метрге жетеқабыл Димаш Әкімов те «шатақ» еді. Бірде ол Мәскеудегі бір сапарда «у нас кровь горячий» деп басынбақ болған екі-үш тау халқының жігітін «а у нас кровь кипяченный!» бір-бір періп, тоңқалаң-тоңқалаң асырыпты...
Ал, кейін білсек, сонау Слонимдегі оқиғада бізді құтқарып қалған Камал Смайылов пен жерлес орыс Зорькин екен. Бізді қамаған бойда «ұлтшыл бұзақылар» деп үстімізден қылмыстық іс қозғап үлгеріпті. Соны естіген Кәмекең де құстай ұшып жеткен екен ғой...
* * *
Осындайда аталарымыздың Мәскеу түбіндегі ерліктерін тамсана жазған Илья Эренбургтің «Қазақтар» аталатын очеркі ойға оралады. 1942 жылы «Правда» газетінде жарық көрген осы дүниесінде әйгілі қаламгер: «Жеті мыңқолдық жау жасағына қарсы жалғыз шапқан Ер-Тарғын ұрпақтарының намысы Москва түбінде тағы бір мәрте жарқылдады» деп құлшына баяндайды. Өкінішке қарай, уақыт өте келе мұндай сарындағы әңгімелердің біртіндеп бәсеңсігені; келе-келе, тіпті, бұл туралы сөз мүлде тыйылғаны жасырын емес. Дегенмен, шешуші сәттерде атойлап атқа қонып, ақ найзаның ұшымен, сом білектің күшімен ұлан-байтақ даланы қорғап қалған жауынгер халықтың Нұржұман Ықтымбаевтай ұл-қыздарының әлгіндей түрлі тартыстарда ғана емес, өнер мен әдебиетте, ғылым мен білімде ұлт абыройын асыруға ұмтылатыны қуантады.
Құлтөлеу МҰҚАШ