Амангелді АЙТАЛЫ: Қазақ ұлтына басымдылық беру – қазіргі заман қажеттілігі
2009 ж. 08 қараша
6027
3
– Амангелді аға, халық арасында қызығушылық тудырып отырған «Ақ жол» партиясының ұлт саясаты жөніндегі Тұжырымдамасының партиялар арасында талқылануы жайлы қысқаша айтып өтсеңіз.
– «Ақ жол» партиясының жақында жарияланған Тұжырымдамасы – өмірге өз-өзінен келе салған дүние емес, ол көптеген елдің, оның ішінде кешегі Кеңес Одағының аясында болған, бүгінгі тәуелсіз мемлекеттердің тәжірибесін саралап, өзіміздің елдегі саяси-әлеуметтік ахуалды таразылап барып дүниеге келген құжат. Өйткені, өмір бір орында тұрмайды, ұлттық саясатты нақтылаудың да, анықтаудың да бүгін қажеттілігі туып отыр. Тұжырымдама дегеннің өзі жетекші идеялар жиынтығы деген сөз, ендеше бұл жердегі жетекші идеялар мыналар.
Біріншіден, еліміздегі барлық ұлт өкілдерін алаламау, олардың бәріне бірдей тең көзқараспен қарау біздің мемлекетіміздің ұлттық саясатының негізі болып қала береді. Сонымен бірге, бүгінгі таңда ескерілуге тиіс бірнеше жағдай бар.
Ол, ең алдымен бүгінгі күннің жаһандану заманы екендігі. Жас Қазақстан түгілі мынау Ресей, Германия, Франция секілді алып елдер өзінің ұлттық дәстүрін, мәдениетін, тілін сақтап қалуға, қорғауға, әсіресе АҚШ-тың экспасиясынан аман алып қалуға бар күшін жұмсап жатыр. Бұл тұрғыдан келгенде қазақ мәдениетін, қазақ өркениетін қолдау, қорғау – біздің мемлекетіміздің ұлт саясатындағы ең бір басты мәселесі болуы керек. Орыс диаспорасының тағдыры Ресейде,украина диаспорасының тағдыры Украинада, сол сияқты елімізде тұратын өзге де ұлттық диаспоралардың тағдыры олардың тарихи отандарында шешіліп жатыр. Және жан-жақты шешіліп жатыр. Ал, қазақтың тағдыры тек қана Қазақстанда шешіледі. Сондықтан қазақ ұлтының тілдік, мәдени, тағы басқа да рухани ахуалын еліміздегі көп дисапоралармен қатар қоюға болмайды. Бұл жерде қазақ ұлтына басымдылық беру – басқа ұлт өкілдерін кемсіту емес, бүгінгі жаһандану заманынан туып отырған қажеттілік.
Тұжырымдаманың үшінші негізі - әлеуметтік сала. Тұжырымдаманың негізігі ойы мынада – ұлтаралық қатынастар дегеніміз түптеп келгенде әлеуметтік қатынастар мен жағдайлардан туады. Бүгінгі күнгі қазақ ұлтының әлеуметтік жағдайы қандай? Тәуелсіздік алған тұста 30-дан астам аудан тоқырау жағдайында болды. Ол аудандардың бәрі негізінен қазақ аудандары болатын, оларда бірнеше миллион халық тұрады. Оларға арнайы назар аударып, жағдай жасау, бағдарлама қабылдау керек деген жоспар болды.
– Қазақстандағы артта қалған 70 аудан, оның ішінде өте-мөте артта қалған 30 ауданды көтеру жайлы жоспар кеңес өкіметінің соңғы жылдарында жасалған еді ғой?
–Иә...Бірақ, ол жоспар дағдарыс кезінде ұмыт болды. Сол 30 аудан, мүмкін қазір одан да көп болар, әлі сол дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатыр. Сондықтан, бүгінгі күні біздің басты міндетіміз –шалғайда, баяғы отыршылдық заманындағыдай сусыз, жолсыз, әлеуметтік мешел күйде өмір сүріп жатқан осы елдің мемлекетін құраушы қазақ ұлтын жаңарту, былайша айтқанда қазақ ұлтын, қазақ ауылын модернизациялау. Бұл – үлкен мәселе. Отарсыздандырудың маңызды бір бағыты.
Екінші айтар мәселе – біздің үлкен өнеркәсіп ошақтарымыз түгелге жуық шетелдік қожайындарға жекеменшікке сатылды. Бүгінгі күнде оларда жұмыс істейтін қазақтар, басқа да ұлт өкілдері шетелдік жұмысшыларменсалыстырғанда көп жағдайда шеттетілуде, дискриминацияға ұшырауда. Соның себебінен 2006 жылы Атырауда түрік және қазақ жұмысшылары арасында жанжал, қақтығыс туындағаны мәлім. Ұлттық саятсат осыны ескеруі керек.
Егер біз алдағы уақытта да ұлт мәселесінде бұрынғыдай тек бірігуге, қауымдасуға мән беріп, әр ұлттың өзінің, оның ішінде ең бірінші кезекте қазақ ұлтыныңәлеуметтік, рухани жағдайына мән бермесек, жаңағы айтып отырған қайшылықтар қордалана келіп, үлкен проблемаға айналады. Соның алдын-алу керек. Соған байланысты біздің Тұжырымдамада нақты-нақты жұмыс бағыттары көрсетілген.
Әрине, бұл – жоба. Жоба болған соң оның кемшін тұстары да болуы мүмкін. Соған байланыстьы айтылар ұсыныстарды біз қабылдауға дайынбыз. Және бізге «ана жері осал, мына жері осал» деген пікірден көрі соларды күшейтетін нақты ұсыныстар, идеялар, негіздер керек. «Нұр Отан» және тағы басқа да алты партия бірігіп осы Тұжырымдаманы талқылағанда, Мәдениет және ақпарат министрлігінен келген жауапты қызметкерлер, партиялардың өкілдері бұл тұжырымданаы қолдады. Бұл Тұжырымдаманың осал тұстары мүмкін көп те болар, бірақ мойындамауға болмайтын бір ақиқат-аксиома бар. Ол қандай аксиома? Сол жиында «Әділет» партиясының басшыларының бірі «қазақ ұлты – мемлекетқұраушы ұлт емес»! деді. Және «бұл – мемлекетіміздің Президентінің баяндамаларында айтылған сөз, біз бұл сөзді жанымыздан шығарып айтып отырған жоқпыз» деді. Солай бола қалған күнде де біз ондай сөзді Президенттің баяндамаларына біреулер тығып жіберген деп қабылдауымыз керек. Қазақ ұлтының мемлекетқұраушы ұлт екендігі айтып әуре болуға тұрмайтын аксиома-ақиқат екендігін кейбір партияның өкілдері білмейді екен!
«Нұр Отан» партиясының өкілі, сенатор Башмаков Қазақстан «советтік заманда отарланды, отарланған ұлт болды» деген пікірмен келіспеді. Ол Москваға шаң жуытқысы келмеді. «Совет үкіметі Қазақстанды жарылқады» деді. Ал қазақ халқының үлесі өз елінде, өз жерінде 33 пайызға дейін төмендесе, Қазақстан полигондар алаңына айналса, Арал тартылып қалса, атом жарылыстарынан бүгінгі күнге дейін халық зардап шегіп жатса, бұл отарлау емей не? Өкінішке қарай, жалпы ғылыми әдебиетте де, саясатта да мойындалған дүниелерді кейбір партия өкілдерінің мойындамауы көп жағдайда олардың саяси өрісінің тарлығын, ұлт саясатының көптеген жағын білмейтіндігінкөрсетеді. Сондықтан біздің өзіміздің ұстанымымыз, бұл тек қана біздің ұстанымымыз емес, бұл - ғылымның ұстанымы, бұл – біздің мемлекеттің ұстанымы, бір сөзбен айтқанда, елдің бірлігі, екіншіден, қазақ ұлтыныңбабы табылмай, қазақ ұлтының әлеуметтік жағдайы түзелмей біз көптеген мәселелерді шеше алмаймыз, және бұндай мемлекет іргелі, дамыған мемлекет бола алмайды. Тұжырымдама сондай қайшылықтардың алдын алу үшінжасалды. Жалпы осы.
– Бір сұрақ қоюға мәжбүрмін, оған жауап берсеңіз де, бермесеңіз де болады. «Ақжол» «Ақжол» болып дүниеге келгенде өзін конструктивті партия деп жариялаған болатын. Мен жаңылыспасам содан бері сол бағыттан таймауға тырысып келе жатыр. Бірақ, неге сіздер барлық ұлттарға бірдей қараймыз деп алдын ала кешірім сұрағандай болып аласыздар да, сосын барып «қанша дегенмен біз қазақ ұлтына басымдық беруіміз керек, ол мынадай-мынадай тетіктерге байланысты» деген ұстанымға көшесіздер. Неге біз мемлекет басына келгеннен бастап «Малайзиядағы барлық игілік бірінші кезекте малай ұлтына қызмет етуге тиіс» деп сол жердегі 50 пайыз қытай, 20 пайыз үндісті де кемітпей-ақ 21 жылда жердегі жұмақ орнатқан Мохатхир Мохаммед сияқты ашығын неге айтпаймыз?
– Сұрағыңыз жанды, орынды. Біріншіден, Қазақстан өзі мақұлдаған көптеген халықаралық декларация, конвенциялардан аттап кете алмайды. Сондықтан барлық жерде адамдардың ұлтына қарамай олардың құқығын мойындаймыз. Бұл - жалпыға бірдей талап. Бәрін де сыйлай келе біз еліміздегі барлық халықтың,әсіресе мемлекетқұраушы қазақ халқының бүгінгі күнгі дамуына саралап, іріктеп қараймыз. «Саралап қарау» деген принцип бар. Барлығын сыйлай, адамдардың құқығын мойындай отыра, саралап, іріктей келе біз мынадай-мынадай ерекшелікті, мынадай-мынадай ақиқатты мойындауымыз керек, мынадай ұлттық саясатты жүргізуіміз керек.
Ең алдымен, біз адамгершілік принципінен, халықаралық принциптен айнымауымыз керек деп есептейміз. Себебі, көптеген мемлекеттің бірінші талабы адамның құқығын сыйлау. Екіншіден, олар саралап, іріктей келе бұл - орыс мемлекеті, бұл - француз мемлекеті, сондықтан бұл ұстанымнан осындай-осындай міндеттер туады деп ашып айтады. Біз болсақ жаңа ғана айтқан ерекшеліктер мен міндеттерді осы күнге дейін ашық айта алмай келдік. Бүгін соны ашық айтып отырмыз.
-Рахмет, Амангелді аға!
СұхбаттасқанӨ.АҚЖІГІТ