Қазақ санының көбеюінен неге шошимыз?

kosh99 Еліміз егемендік алғалы алыс-жуық шетелдегі қандастарымыз өзінің тарихи отаны — қазақ еліне оралып, халықтың санын бір миллионға арттырып, сан-алуан үлесін қосқан зиялы қандастарымыз жоқ емес. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Түркиядағы кез­де­суінде Қытайдан келген қан­дастарымызды ғана емес, жер бетіне тарыдай шашырап кеткен барша қазақ бала­сының басын қазақ даласында қосуға ешқандай кедергі болмайтындығын қадап айтқан болатын. Қазіргі жаһандану жағда­йында шетелдерде өмір сүріп жатқан аз санды ұлт өкілдері қаншама тырысқандарымен, өздерінің ұлттық қасиеттерінен оңай айырылады. Оның соңы ұлт ретінде жойылуға апарып соғатыны сөзсіз. Мұны сезінгендер «есің барда еліңді тап!» деген қағиданы ұстанып, өздері тарихи отанына қоныс аударады. Мысалы, әлемнің әр елінде жүрген еврей, неміс, орыс, украин тағы басқа көптеген ұлт өкілдері XX ғасырдың соңын ала өздерінің тарихи отандарына жөңкіле көшуінен көруге болады. Бұлардың әрекеті қазақтарға неге ой салмасқа? 1997 жылы Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдаған Халықтың Көші-қон заңын Елбасы бекітіп жариялады. Бұл заң оралман ұғымына анықтама беріп, қандастарымызға қатысты бірқатар мәселелердің басын айқындап берді. Сондықтан осы заңның 29 бабында оралмандарға берілетін 14 түрлі жеңілдіктер, өтемақы мен басқа да атаулы көмек түрлері белгіленген болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сыртта жүрген қазақтар отанына оралсын деп жағдай туғызып, жыл сайын квота бекітіп беріп, оған бөлінетін қаржыны алдын ала жоспарлы түрде есеп-шотқа аудартып, тиын-тебеніне дейін игілікті іске жұмса деп отырса, оны жалап-жұқтап жеп қою нағыз халық жауының ісі. Қазақтар көбейіп кетпесін, қазақ тілі үстемдік алмасын, ұлттық мәселе шешілмесін деген ниеттегі ұлттың жауы ғана осылай істейді. Әйтпегенде, алыстағы қазақтар көшіп келмейік деп отырған жоқ. Олар ұшарға қанат таппай отыр. Алайда қолыңнан келсе, қонышыңнан басып көр деп, бұл орайлы сәтті ұстанып, осы салаға жемқор, көші-қонға жаны қас адамдар келе бастады. Оралмандарға Қазақстанға көшіп келмей-ақ қой деп, «көшіп келеміз» деген кепілдеме хат арқылы квота бере беретін ереже енгізілді. Осыны пайдасына асырған ебін тапқандар дорба-дорба жалған құжат әкеліп көрсетіп, миллиондаған қаржыны дорбалап әкете беретін жағдайға жетті. «Оралмандар жемқор, көші-қонның ақшасын жымқырып жатыр» деген әңгімелер осы кезден бері айтыла бастады. Шын мәнінде жалған құжат жасау арқылы көші-қонның басында отырғандар өздері жымқырып отырды. Оралман ақша алған жоқ, керісінше белгілі бір топ мемлекет қазанындағы ақшаның жетпіс пайызын өздері алып, қалғанын шығарып беріп отырды. Мысалы, жақында ғана Елбасымыздың өзіне тікелей айтылған Моңғолияға қайта көшкендердің тағдырлары қандай аянышты?! Бұл қаржылар биліктің ең жоғарғы деңгейіне барып жатты. Осы жайында кезінде ағалар айтты, ешкім құлағына қыстырған жоқ. Көші-қон осындай саясатпен тоқтады. Бұрын ақшасын жесе де әйтеуір азаматтық алуына кедергі жоқ еді. Аталған жеңілдіктердің бәрінің өз күшін жойып, көштің тоқтап қалуының салдарынан ағайынымыздың біразы әлі де құжат мәселесіне келгенде қиналып қалып жатыр. Мәселен, Моңғолиядан 2010 жылы шілде айының тоғызы күні көшіп келген ағайынымыз Аманқан Нұрболаттың әйелі, бір баласы бар. Бұл қандасымыз былай дейді: “Мен Ақкөл қаласына көшіп келдім. Осы Ақкөл аудандық көші-қон полициясына тіркеуге тұрдым. Тіркеу уақыты бітуге жақын қалған сәтте көші-қон полициясына тіркеу мерзімімді ұзартуға бардым. Олар күнде ертең кел деп, әлі күнге дейін тіркеу мерзімімді ұзарта алмай жүрмін”. Бұл тұрғыда азаматтық алу жеңілдеді ме деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Астана қалалық көші-қон полициясы Азаматтық және иммиграция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Орал Соттанұлының айтуынша, «2011 жылдың 27 шілдесінен бастап, азаматтық туралы заңға өзгерістер енгізілген болатын. Сол заңның 16-бабының бірінші тармағына байланысты біздің алыстан келген қазақ азаматтары Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген түрде ала алады. Ол үшін, ең алдымен, тұрақты тіркеледі. Тұрақты тіркелгеннен кейін ғана азаматтық ала алады. Тұрақты тіркелу үшін өзінің келген елінен тұрақты тіркеуінен шығып келуі керек. Ал жеңілдетілген тәртіппен 3 айдың ішінде азаматтық ала алады», — дейді.Азаматтығына құжат тапсыру кезінде Ішкі істер органдары шетел азаматынан тұрақты тұрған жерінен шығып келуді талап етіп отыр. Бұрын бұндай кедергі жоқ еді, мына заң бойынша азаматтыққа құжат өткізу қиын болады. Өйткені өзі көшіп келген елінен бұндай анықтаманы оңай бермейтіні анық. Әрине, азаматтық мәселесі жеңілде­гені дұрыс. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев шетелдегі қандастарымызды Отанға оралту мәселесін ұлттық саясат деңгейінде көтеріп, көшіміз әрі қарай жалғасын табады деп сенеміз. Сырымбек ТӨЛЕУҰЛЫ