ҚАЗАҚ ТІЛІ БИЛІКТІҢ ТІЛІ БОЛУЫ ШАРТ!

orazkul

Шенеуніктер жатпай-тұрмай қазақ тілін меңгерсін!  Президенттің айналасында жүрген адамдар сөйлемесе, кім сөйлейді бұл тілде?!.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы шенеуніктерді күні-түні тынбай, қазақ тілін оқып меңгеруге үндеді. "Күлтегін бабамыз айтады: "Күн ұйықтамадым, түн ұйықтамадым, кедейді бай қылсам деп", күн ұйықтамаңыздар, түн ұйықтамаңыздар, қазақтың көсем, шешен, бейнелі көркем тілін өздеріңіз билікте сөйлетіңіздер!", - деді депутат бүгін ҚР Президенті Іс басқармасының бірқатар мемлекеттік кәсіпорындары жиналған отырыста. Оның айтуынша, Елбасының тапсырмасымен 2006 жылдан бастап, 2010 жылға шейін барлық биліктің саласы мемлекеттік тілге көшті. Құжат жөнінде, басқа жөнінде қиын болатынын білемін. Бірақ дауға айналдырмай, белді буып, қазақ тілін меңгеріңіздер! "Бірақ сіздерге де, маған да жасырын емес, бәріміз орысша жазамыз, төрт-бес аудармашылар аударып қояды, сосын біз мемлекеттік тілге өтеміз дейміз. Жиналыстың барлығы орыс тілінде өтеді. Ал енді біздің Конституциямызда, Тіл туралы заңымызда Қазақстан елінде мемлекеттік тіл - қазақ тілі деп жазылған", - деп қынжылады Оразкүл Асанғазы. "Әлемде 9 мың ұлт бар болған болса, қазір оның тек 2 мыңы ғана қалды. Егер осы тілде сөйлейтін соңғы адам қайтыс болса, ұлт өлді дейді. Дәл осындай жағдайға барып қалған кезімізде, тәуелсіздік келді. Қазір, Құдайға шүкір, қазақ тілі ғылымның да, техниканың да тілі болды. Бірақ мемлекеттік басқаруға әлі жеткен жоқ. Сондықтан жандарыңызды сәл-сәл қинаңыздар", - деп үндеді депутат. Депутаттың сөзінше, жұмыстарында қазақша сөйлейтін адамдарға жол ашу керек, қазақ тілі биліктің тілі болуы шарт. "Сіздің мекеме, сіздердің бастауыш ұйымдарыңызда кез келген жаза алатын адам өзінің ана тілінде жазсын, жиналыста өзінің ана тілінде сөйлесін. Халықтың күтіп отырғаны осы", - деді Мәжіліс депутаты. Сондай-ақ, ол қазақтың батыр қыздары Мәншүк пен Әлияның 18 жастарында "Мен Отанымды қорғаймын" деп қару ұстап, соғысқа барғанын мысалға келтірді. ҚаҺарман бойжеткендердің төбесінен бомба жарылып, баратын жері сыз болды. Депутат қазір шенеуніктерге жылы кабинеттерде отырып, өз ана тілінде сөйлеу қиын емес екенін, шенділерден күтілетіні де осы екенін баса айтты. Егер сіздер сөйлемесеңіздер, Президенттің айналасында жүрген адамдар сөйлемесе, кім сөйлейді бұл тілде. Мен білемін - қиын, орысша оңай, бірақ біз қазақ тіліне ауыстыруымыз керек", - деп қадап айтты тіл жанашыры.

Қазақпарат