ҚАЗАҚ ТІЛІ БИЛІКТІҢ ТІЛІ БОЛУЫ ШАРТ!

16
2755

Шенеуніктер жатпай-тұрмай қазақ тілін меңгерсін!  Президенттің айналасында жүрген адамдар сөйлемесе, кім сөйлейді бұл тілде?!.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы шенеуніктерді күні-түні тынбай, қазақ тілін оқып меңгеруге үндеді.

«Күлтегін бабамыз айтады: «Күн ұйықтамадым, түн ұйықтамадым, кедейді бай қылсам деп», күн ұйықтамаңыздар, түн ұйықтамаңыздар, қазақтың көсем, шешен, бейнелі көркем тілін өздеріңіз билікте сөйлетіңіздер!», – деді депутат бүгін ҚР Президенті Іс басқармасының бірқатар мемлекеттік кәсіпорындары жиналған отырыста.

Оның айтуынша, Елбасының тапсырмасымен 2006 жылдан бастап, 2010 жылға шейін барлық биліктің саласы мемлекеттік тілге көшті.

Құжат жөнінде, басқа жөнінде қиын болатынын білемін. Бірақ дауға айналдырмай, белді буып, қазақ тілін меңгеріңіздер!

«Бірақ сіздерге де, маған да жасырын емес, бәріміз орысша жазамыз, төрт-бес аудармашылар аударып қояды, сосын біз мемлекеттік тілге өтеміз дейміз. Жиналыстың барлығы орыс тілінде өтеді. Ал енді біздің Конституциямызда, Тіл туралы заңымызда Қазақстан елінде мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп жазылған», – деп қынжылады Оразкүл Асанғазы.

«Әлемде 9 мың ұлт бар болған болса, қазір оның тек 2 мыңы ғана қалды. Егер осы тілде сөйлейтін соңғы адам қайтыс болса, ұлт өлді дейді. Дәл осындай жағдайға барып қалған кезімізде, тәуелсіздік келді. Қазір, Құдайға шүкір, қазақ тілі ғылымның да, техниканың да тілі болды. Бірақ мемлекеттік басқаруға әлі жеткен жоқ. Сондықтан жандарыңызды сәл-сәл қинаңыздар», – деп үндеді депутат.

Депутаттың сөзінше, жұмыстарында қазақша сөйлейтін адамдарға жол ашу керек, қазақ тілі биліктің тілі болуы шарт.

«Сіздің мекеме, сіздердің бастауыш ұйымдарыңызда кез келген жаза алатын адам өзінің ана тілінде жазсын, жиналыста өзінің ана тілінде сөйлесін. Халықтың күтіп отырғаны осы», – деді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ, ол қазақтың батыр қыздары Мәншүк пен Әлияның 18 жастарында «Мен Отанымды қорғаймын» деп қару ұстап, соғысқа барғанын мысалға келтірді. ҚаҺарман бойжеткендердің төбесінен бомба жарылып, баратын жері сыз болды. Депутат қазір шенеуніктерге жылы кабинеттерде отырып, өз ана тілінде сөйлеу қиын емес екенін, шенділерден күтілетіні де осы екенін баса айтты.

Егер сіздер сөйлемесеңіздер, Президенттің айналасында жүрген адамдар сөйлемесе, кім сөйлейді бұл тілде. Мен білемін – қиын, орысша оңай, бірақ біз қазақ тіліне ауыстыруымыз керек», – деп қадап айтты тіл жанашыры.

Қазақпарат

16 ПІКІРЛЕР

  1. ШЕНЕУІНІК ҮЙРЕНСЕ ӨЗІ ҮШІН ҮЙРЕНБЕСЕ ОЛДА ӨЗІ ҮШІН БІЗДЕ БОС ЖҰМЫССЫЗ ТӘРБИЕЛІ БІЛІМДІ ЖАСТАР ЖЕТКІЛІКТІ СОЛАРДАН ШЕНеУІНІК ЖАСАСА БОЛАДЫ

  2. ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ЕРКІН СӨЙЛЕЙ АЛМАЙТЫНДАРДЫ БИЛІКТЕН АЛАСТАУ КЕРЕК. Қазақ тілін осы егемендік алғаннан бергі өткен 25 жылда үйрене алмауы олардың ешкімді де,тіпті өзін де қадірлемейтін опасыз мəңгүрт жан екенін білдіреді. Осындай тоғышарлардан құтылар уақыт жетті. Мемлекеттік Тілді менсінбеу жөнінде қылмыстық кодекске, Ата Заңымызға жаңадан бап енгізу қажет. Егерде ондай бап бар болса,оны қатайту керек.

  3. Тілді дамытудың жолы қазақ тілі биіліктің тілі болу керек . Билік қазақша сөйлесе басқасы мәжбүр сол тілге .

  4. Махан салса Казах тiлiн бiлмеймiн,дегендердi,отipik емес,3кунбе бiр аптама уйретiп,сайрап сойлейтiндей шыхарар ем.общем жылдам уйретер едiм…
    Оку ,току демейак.

  5. Қазақ тіліне жанашырлық жасап тілімізді жойылудан сақтап қалайық деп шырылдап жүрген Оразкүл апайға мың алғыс!
    Қолдаймыз

  6. Депутат қозғап жатыр. Тек ол біреу ғана. Бірнеше ұлтжандымыз, мәдениетке қатысымыз бар деген депутат қолдаса жақсы.Жақсы бастама. Ондай-мұндай деп орынсыз балпылдамаңыздар, пікір жазатын, қаріп танитын сауаттылар.

  7. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін»-деп Елбасымыз баяғыда айтқанда, құлаққа ілмеген қазақ, енді ояндың ба? Осы күнге дейін ұлттың неше пайызы өзара қазақша сөйлеседі, неше пайызы балаларының тілдерін «Папа,мама»-деп шығарады, ең алдымен осы екі мәселені оңды шешу керек,сонда ғана қалған сұрақтар ретімен Заңға сәйкес оңды жауабын табады.Ал, шынында,ешқашан таппайды.Себеп-қазақ бір-бірімен 100% қазақша сөйлесуге ешуақытта шамасы жетпейді,ешуқытта «папа,мама»-деген тиылмайды. Осыны біліп отырып неге «…Билік өйтсін, басқару сөйтсін»-деп даурығасыңдар. Сол қазақ баяғыда-ақ «Сүйрелеп қосқан тазы түлкі алмас»-деп бағамызды беріп қойғанын ұмыттыңдар ма?

  8. Тілді дамытудың ең тиімді, әрі ауқымды жолы компьютерлік ойындарды қазақшалау. Дәл осы әдісді қазіргі таңда Ресей жақсы қолға алған. Қандай бір заң шығарып, міндеттеп жатпай-ақ балалардың қызығатын ойындарын анықтап, тізімін алып(бұл жүйелі жаңарып отыру керек, өйткені уақытпен бірге ойын түрлеріде және балалар қызығатын ойындарда өзгеріп отырады)жедел түрде аударып таратып отырса, баланы қазақшаға үйрету процессі өздігінен алға жылжыр еді.
    Менің балаларым 2-3- класстарда оқиды. Компьютерлік ойындардың көпшілігі(99% десе болады) орысша сайрап тұр, соның арқасында балаларымның орысша сөйлемеседе түсінетін жағдайға жетті. Бұл көріністі ғылыми көзқараспен қарасаңыздар бала қызығатын нәрсе(дәл қазір негізгі компьютерлік ойындар болып тұр)арқылы кез-келген тілді меңгеріп алады деген сөз.
    Бұған дейін тәжірибеде бар. Мультфильмдерді қазақшалап бірталай баланың сөздік қоры дамығанын ескерсек. Компьютерлік ойындарды қазақша сайрату қажеттілігі өзінен өзі туындап отыр.(Тек үкімет қазақша ойын шығарудың қымбаттығын алға тартпай-ақ қойсын, арзан түсетіні және өміршеңдігі шығып қойған, қолданыстағы ойындарды ҚАЗАҚШАЛАУ ғана)

  9. Франциядагы секилди озге тилде сойлемек тугил озге тилде соз айтып калган ушин 3000 евро айп пул толейтин занын кабылдау керек Бряк кайдан ел басымыз ози орысша сойлеп отырады кашан корсен

  10. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазына рахмет.Қазақ әйел қауымы осындай болуы керек. «Ұлт санасының 80-90% ын әйел қауымы қалыптастырады… Қазаққа біткен абырой – атақ, бақ – дәулет, сән – салтанаттың негізін салушы – қыздар. Ұлттық мәдениетті көркейтіп дамытатын да – қыздар. Қазақтың қара шаңырағы мен тас ошағының иесі – қыздар. Қазақтың тілін, ділін, дінін, рухын, мінез құлқын, тәрбие – тәртібін, көрген – білген өнеге үлгісін қалыптастыратын – қыздар»( аса көрнекті этнограф, зерттеуші, энциклопедист ғалым, жазушы Жағда Бабалықұлы). «Сыйынатын болса өмірде құдірет, сыйынар ек ана деген тәңірге»!

  11. Намыс болса Ресей басшыларымен ресми кездесулерде тілмаш арқылы сөйлесу керек әдеттегідей так что демей бұқпай елдігімізді көрсетіп .

  12. айтқаны не керек,заң болып қабылдануы керек,бірақ заң болып қабылданса біздің шенеуініктер бір күнде табандарын жалтыратады шет елге.

  13. ҚАЗАҚ ТІЛІ БИЛІКТІҢ ТІЛІ БОЛУЫ ШАРТ! Шенеуніктер жатпай-тұрмай қазақ тілін меңгерсін! Президенттің айналасында жүрген адамдар сөйлемесе, кім сөйлейді бұл тілде?!.
    ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы шенеуніктерді күні-түні тынбай, қазақ тілін оқып меңгеруге үндеді.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз