Бұл оралманды қорлау ма?
2014 ж. 26 қаңтар
2748
4
Қытайдан келген оралманның төлқұжатына әкесі мен өзінің есімі жазылмай қалған. Төлқұжатында тегі ғана көрсетілген маңғыстаулық азамат түрлі кедергілерге кез болдым деп налиды.
Қандасымыз осыдан 13 жыл бұрын Қытайдан атажұртқа оралған. Апталдай жігіт шетелден 2001 жылы Алматыға қоныс аударып, Қазақстан азаматтығына қол жеткізеді. Алайда жеке куәлігінде есімі жоқ, тек тегі жазылғандықтан, жеке кәсіппен айналысу қиындық келтіруде.
Қандасымыз 2002 жылы Қазақстан азаматтығын алу үшін Алматы облысының көші-қон басқармасына құжаттарын тапсырады. Қытайда еліміздегі сияқты төлқұжатта тегі және әкесінің аты жазылмайды екен. 2003 жылы осы құжат негізінде Қазақстан азаматтығын алып, есімі жазылмаған жарымжан төлқұжат қолына тиеді.
Енді өзінен бөлек, алды мектеп табалдырығын аттаған балалары да соның зардабын тартып жүр.
"Мектеп жағынан қиын өтіп жатыр. ЖСН номері болсын, басқасы болсын деп құжатты қабылдамайды. Біз барып, арыз жазамыз, түсініктеме апарамыз. Құжатты Қазақстан Үкіметі берген деп түсіндіреміз. Сосын олар бланкілерін толтырады. Кез келген жерде кедергі болады", - дейді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Ерзат.
Ерзаттың төлқұжатын қалпына келтіру үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Қателік бастапқыда өзінен болғандығын да мойындайды.
Өйткені, құжат тапсырғанда Қытайда берілген туу туралы куәлігін тиісті органға ұсынбаған. Енді ол жеке басын растайтын құжаттың барлығын жинап келіп отыр.
Бұл жігіттің жағдайынан көші-қон полициясы басқармасының басшысы да хабардар болып шықты.
Оның айтуынша, бастапқыда шетелде құжат дұрыс толтырылмаған. Дегенмен, құжаттарын Әділет департаментіне тіркеп, туу туралы куәлігі қолына тиген соң бұл мәселе оң шешімін табады деп сендірді.
nur.kz