Жақсы сөз – жарым ырыс

bata2Халқымыз «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас». «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп текке айтпаған. Адамның адамдығын тілеуіне, пейіліне қарап өлшейтін қазақ баласы айтылған сөзге, тілеген тілекке, берілген батаға ерекше мән берген. Сондықтан той-томалақта, келелі жоралғыларда бір-біріне тілек тілеп, қадірлі қариядан бата алу ықылым заманнан дәстүрімізге  айналып, тұрмыс-тіршілігімізбен біте қайнасып кетті. Қазақ бата арқылы ұрпағын адамгершілікке, имандылыққа, ақылдылық мен парасаттылыққа, шешендікке баулыған. Дуалы ауыз қариядан алған ақ бата адамға рух беріп, жігерлендіріп отырған. Алты алаштың ардақтысы болған би-шешендеріміздің  берген баталары ел аузында сақталып халық мұрасына айналып, қазақ фольклорының дербес, шағын жанры ретінде қалыптасты. Ұйқасты, ырғақты болып келетін, тұрақты образдарға негізделетін бата халқымыздың жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, обал-сауап тұрғысындағы моральдық-этикалық түсініктерінің айғағы іспетті. Киелі сөзге айналған бата екі түрге бөлінеді: ақ бата, теріс бата. Ақ бата игі ниеттен туғандықтан ел аузында сақталып, жаңғырып дамып отырды да, жақсылыққа ғана құштар халқымыз теріс батаны ұмытуға тырысты.  Сондықтан ақ батаның – нәрестеге бата, асқа бата, ұлға бата, қызға бата, келінге бата, жолаушыға бата, жастарға бата, сүндет той батасы, наурыз батасы, ораза айт батасы,  жарапазан батасы ас қайыру батасы сияқты түрлері көп.  Бата үлгілеріне В.Радлов, Ш.Уәлиханов, А. Васильев, Г. Потанин, сияқты көптеген зерттеушілер назар аударып, жинастырды. Бүгіннен бастап ел аузындағы бата-тілектерді жариялай бастамақпыз. Бұл игі іске алып-қосар ұсынысыңыз  немесе ел аузынан, қадірлі қариялардан естіген  батаңыз болса сайтқа пікір жазып немесе мына почтаға talgat_74@mail.ru хат жолдаңыз!  
Дастарханға бата Дастарханыңа береке берсін, Үйлеріне мереке берсін, Астарыңа адалдық берсін, Бастарыңа амандық берсін, Дендеріңе саулық берсін, Үйіп-төгіп тау ғып берсін! Әумин! Жастарға берілетін бата Әуелі құдай есендігін берсін, Тосылмай сөйлер шешендігін берсін. Атымтайдың пейілін берсін, Алғыр жанның зейінін берсін. Достың адалын берсін, Ғалымның талабын берсін. Байдың бақытын берсін, Білімнің жақұтын берсін. Ердің көңілін берсін, Елдің сенмін берсін. Мұқалмас жігерін берсін, Құлатпас тірегін берсін. Ең бастысы адам бол, Қайда жүрсенде аман бол! Әумин Жолаушыға бата Жортқанда жолын болсын, Көкірегінде сенім болсын. Жолдасын қызыр болсын, Соқпағын түзу болсын. Аман барып, сау қайт Әумин Мал-жанға берілетін бата Қозыға толсын көгенің, Уыз болсын жегенің. Құтты болсын құрығың, Тартылмасын құдығың. Қияқты болсын сұңқарың, Тұяқты болсын тұлпарың. Өрісті болсын жайлауың, Ырысты болсын қыстауың. Арыстандай болсын айбатың, Жолбарыстай болсын қайратың. Гүлге толсын өңірің, Көңілді өтсін өмірің. Асқа толсын табағың, Ашық болсын қабағың. Әумин  1991 жылы қараша айында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Абай, Шәкәрім, Мұхтарларды тудырған киелі топыраққа тағзым етіп, Шыңғыстау өңіріне арнайы келгенде берген Шәкір ақсақалдың батасы:  Сарыарқа – туған жерім, елім – қазақ Қазақ елі ежелден көкседі азат. Көп естіп, көпті көріп, аз білсем де, Мен бір ғасыр куәсі – экспонат. Біз көрген зобалаңда, қуғын-сүргін, Енді ешкім көрмес үшін  қанды қырғын, Бар ұлттың тілін тауып, табыстырған, Нұрсұлтаным, жұлдызың жанды бүгін. Зерек ақыл, зерделі ой, батыл жүрек, Жаманат жапсыра алмас жатың тілеп. Қарадан хан туған деп қадірлеген, Қазағың ғұмырыңды отыр тілеп. Абылайым бүгінгі Сен емес пе? Қазағым өзге жұртпен тең емес пе?! Халқыңа Тәуелсіздік нұрын шаштың, Тар асу, тайғанақ жол, кер белесте. Ақ киізге көтеріп, хан сайласқан, Қарт атаң тоқсан бірде мен емес пе?!

"Алаш айнасы" газетінен