Ақтық сайысқа жолдама алғандар анықталды
2013 ж. 19 қараша
2545
1
«Ақ жол» демократиялық партиясы Алаш зиялыларының шығармашылық мұрасын және олардың принциптік көзқарастарын зерделеу, жалпы ұлттық құндылықтарымызды қазіргі заманғы Қазақстан қоғамына насихаттап тарату мақсатында «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты Жалпыұлттық байқауын жариялаған еді.
Үстіміздегі жылдың қараша айының 1-інде Семей қаласында осы жалпыұлттық байқаудың алғашқы кезеңі екі номинация: «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің мемлекет құрылысына және демократиялық құндылықтарға көзқарастары, олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі»; «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің экономикалық көзқарастары және олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» тақырыптары бойынша қорытындыланып, оның Астанада өтетін ақтық сайысқа қатысатын жүлдегерлері анықталған болатын.
15-ші қараша күні Алматы қаласында Халықаралық Бизнес академиясының бас ғимаратының конференц-залында байқаудың қалған екі номинациясы, атап айтқанда, «Алаш» көшбасшылары жұмыстарындағы қазақстандық қоғамның әлеуметтік жаңғыруы, еуропалық жолмен дамуы мәселелері және олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі»; «Бұқаралық ақпарат құралдарында ағымдағы жылда жарияланған белгіленген тақырыптар бойынша үздік публицистикалық материал» тақырыптары бойынша финалдық сатыға өтетін еңбектерді іріктейтін екінші кезеңнің қорытындысын шығаруға арналған байқау өтті. Оған Астанадан, Алматыдан, республиканың әр жерінен келген байқауға тікелей қатысушылармен қатар зиялы қауым, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері қатысты.
«Ақ жол» ҚДП төрағасы, Партияның Парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Алматыдағы жалпыұлттық байқаудың кезекті кезеңін кіріспе сөзбен ашып, жалпыұлттық байқауға қатысушы ізденушілерді құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі. Жиналған қауымға жазба жұмыстарды екінші кезеңге шығару үшін іріктеуді жүзеге асырған Астанада құрылған Қазылар алқасының өкілі, Алматы қаласы бойынша Қазылар алқасының төрағасы, Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, елімізге танымал журналист Амантай Шәріп пен алқа мүшелері: Халықаралық бизнес академиясының аймақтық даму институтының директоры, белгілі сарапшы-талдаушы Уәлихан Төлешовті, «Ақ жол» партиясы Орталық кеңесінің идеологиялық жұмыс бойынша хатшысы Сәбит Байдалыны таныстырып өтті.
Одан кейін іріктеуден өткен үшінші номинация бойынша жеті, төртінші номинация бойынша бес жұмыстың авторларына А.Т.Перуашев ынталандыру сыйақыларын тапсырғаннан кейін, Қазылар алқасы байқауға қатысушыларды жеребемен анықталған кезекпен мінбеге шақыра бастады... Нәтижесінде Семей қаласында өткен 1-ші, 2-ші номинациялар бойынша жарыстың қорытындысымен финалдық сатыға шыққан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті тарих факультетінің 3 курс студенті Талғатбек Манаш әл-Машанитегінің, т.ғ.д. Зада Дүкенбаеваның, ҚР БҒМ мемлекет тарихы институты директорының бірінші орынбасары, т.ғ.д. Жанна Қыдыралинаның, Семей мемлекеттік университетінің «Экономика және бизнес» кафедрасының аға оқытушысы, экономика магистрі Арай Әлімжанованың, Алматы қаласындағы Халықаралық Бизнес академиясының 4-курс студенті Мұқағали Қаимовтың қатарына Байқаудың 3-ші және 4-ші номинациялары бойынша Қостанай Мемлекеттік университетінің Медиа-орталығының директоры, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты Ақылбек Шаяхмет, Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданының құрметті азаматы Көшкінбай Елікбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 2-ші курс студенті Маралбек Базылбеков, Семей қаласындағы республикалық «Абай» журналының бөлім меңгерушісі Мұратбек Кенемолдин, филология ғылымдарының докторы, халелтанушы Ғарифолла Әнес пен ҚР Мәдениет қайраткері, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Атырау облыстық ұйымының төрағасы Әбілхан Төлеуішев қосылды. «Ақ жол» көшбасшысы олардың әрқайсысына100 мың теңгеден сыйақы тапсырды.
Енді, осы екінші кезеңнен жүлдегер атанғандар желтоқсан айында Алашорда үкіметі құрылуының 96 жылдығы қарсаңында Астанада өтетін «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық конференциясында баяндамалар жасап, бас бәйгелерді сарапқа салатын болады.
Жалпы Семей және Алматы қалаларында өткен байқау Алаш зиялыларының мұрасын және олардың принциптік көзқарастарын зерделеу және оны қазіргі заманғы Қазақстан қоғамына тарату, соған жұрттың, әсіресе жастардың қызығушылығын ояту болып табылатын өзінің негізгі мақсатын орындады. Білім, ой жарысына қатысқандардың және аудиторияға жиналғандардың көпшілігі жастар болғандығы, олардың Алаш мұрасына қызығушылығы осы шараны ұйымдастырушыларды қуантып, Алаш арыстарының идеяларын керек ететін жоқтаушылар, оны одан әрі тарататындар келешекте де табыла беретініне үміт ұялатты.
Жалпыұлттық байқаудың екінші кезеңіне байланысты Алматыда өткен жиынға «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, «Ақ жол» ҚДП Орталық Кеңесінің хатшысы Әбдіразақ Сұлтанов пен партияның Алматы қалалық филиалының төрағасы Андрей Линник қатысты.