Сыртқы да, ішкі де жауларға қарсы тұратын жалғыз-ақ күш бар, ол – ұлтшылдар

BFA8CDB8-4D1E-4471-929C-3DB5CD3C6801_w308_r1Қазақстанның ұлтшыл-демокараттарының құрылтайы өтеді екен деген хабардың тарағанына бірнеше айдың жүзі болды. Бірақ нақты қай уақытта өтеді, кімдер қатысады, қандай мәселелер көтеріледі деген сауалдарға әлі де болса толыққанды жауап ала алмай келеміз. Осыған орай ұлтшыл-демокараттардың құрылтайын өткізуге бастамашы болған «үштіктің» бірі Мақсат Ілиясұлына төтесінен бірнеше сауал қоюды жөн көріп отырмыз. - Мақсат Ілиясұлы, алғашында қазақ ұлтшылдарының құрылтайы деп аталып, артынан неге ұлт-демократтарының құрылтайы болып кетті? Басталмай жатып атын өзгерткендеріңіз қалай? - Шынымды айтсам қазақ ұлтшылдарының құрылтайы деген ат маған ұнайды. Бірақ өкінішке қарай бізде «ұлтшыл» деген сөзге үрке қарайтын, не болмаса «ұлтшылмын» десең «халық жауымын» деп тұрғандай қабылдайтындар көп-ақ. Құрылтайды қолдаған ағаларымыз, тіпті ұлтшылдардың өздері «ұлт-демократтарының құрылтайы» деген атауды жөн көрді. Оның үстіне біз дайындаған жобаның аты да «Ұлттық-демократиялық мемлекет қалыптастырудың тұжырымдамасы» деп аталады. - Ия, сол жобаларыңыз ғой негізгі дау туғызып отырған. Ол жобаны біреулер мақтаса, енді біреулері түкке алғысыз етті. Жалпы өзіңіз, жеке басыңыз Қазақстанда ұлттық мемлекет орнатуға болады дегенге сенесіз бе? - Жобаны оқып шықсаңыз, оның еріккеннің ермегі емес екеніне көз жеткізесіз. Егер біз өз ісіміздің дұрыстығына, қажеттігіне сенбесек мұндай аса жауапты да қиын жұмысты мойнымызға алмаған болар едік. Ұлтшылдықты қолдау, дамыту қазіргі уақытта оппозиция болудан да қиын шаруа. Әрине, жоба әлі шикі, талқылау керек, өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек деген азаматтарға толық қосыламын. Жобаны жарты жылдан аса уақыт бұрын жариялап, қызу талқыға салғанымыздың негізгі себебінің өзі сол, халықтың ұсыныстарын білу, жинау, сараптау, жақсы, көңілге қонымды, қажет ұсыныстарды енгізу. -  Жобаны дайындау барысында неге сүйендіңіздер? Әлемдік тәжірибеде мұндай ұлтшылдықты ұрандайтын жобалар, тұжырымдамалар, бағдарламалар бар ма? -   Жобаны дайындамас бұрын жақсы-ақ ізденгеніміз рас. Ең алдымен Алашорда мемлекетінің бағдарламалдарын, алашордашылардың еңбектерін, айтылған сөздерін, сол кездегі «Қазақ» сияқты газеттерде жарияланған әрбір мақалаларын оқып, ой елегінен өткіздік. Одан әрі қарай түрік, орыс, украин, еврей ұлттарының ұлттық бағдарламаларын, тұжырымдамаларын, манифестерін қарап шықтық. Түрік ағайындардан Ататүрктің ұстанымдары, ұлт мәселесіндегі саяси көзқарасы, іс-әрекеттері  маған бұрыннан да ұнайтын. Сонымен бірге еврей ұлтының ұлтшылдық ұстанымдары нақты, әрі айқын, үлкен тарихы бар. Сондай-сондай сүбелі еңбектерді, сонымен бірге осыған дейін өзіміздің ұлтшыл ағаларымызбен бірге Дос Көшім дайындаған, Мұхтар Тайжан ұсынған еңбектер мен жобаларды түгелдей дерлік сүзгіден өткіздік. Содан кейін барып ақылдаса келе билік тармақтарынан бастап өміріміздің барлық саласын қамтитын жоба әзірлеуге отырдық. Енді қаншалықты жан-жақты болғанын, сапасының, деңгейінің қандай екенін халқымыз бағалай жатар. Ең негізгісі сол жоба толықтырылып, толыққанды құжатқа айналса, сол құжат мемлекетімізге, ұлтымызға қызмет етсе дейміз. Жалпы ұлттық жоба ұсынушылардың, құрылтай өткізушілердің басы да, аяғы да біз емеспіз. - Сіздер неге ұлтшыл-демократтардың деп бөліп алдыңыздар, неге жалпы қазақ құрылтайы емес? - Құрылтай дегеннің өзі қазақ үшін қастерлі ұғым. Басында съезд дейік, жиналыс деп атайық дегендер болды. Біріншіден, съезд деген сөз қазақтың сөзі емес, біз ұлтшыл болғымыз келсе бәрін де ұлттық тарихымыздан, ата-баба дәстүрінен алуымыз керек. Ал жиналыс десек, жиналыстан ат сүрініп өледі бүгінгі күні. Ал біздің жиында ұлтымыздың, қазақтың тағдыры, тілінің, жерінің болашағы сөз болады. Сондықтан да құрылтай дегеніміз бек дұрыс деп шештік. Ал неге жалпы қазақ құрылтайы емес дегенге келер болсақ, біріншіден, біздің қазір жалпы қазақтың құрылтайын өткізуге қауқарымыз жоқ. Екіншіден, жалпы қазақ құрылтайы деген соң шет елде тарыдай шашылып жүрген қандастарымыз ол жиында болуы тиіс, олардың да мәселесі қаралуы керек, ең негізгісі нәтиже болуы шарт. Ондай келелі, ауқымды, тіпті Ұлы істі шағын бір топ жасамауы керек, ол Қазақстанның, қазақ мемлекетінің қолдауымен, тіпті бастамасымен өтуі шарт деп ойлаймын. Жалпы қазақтың құрылтайын өткізіп, Қазақ мемлекетін құру, алыстағы ағайынның туған жерге ат басын бұрып, ұлттық мемлекетке айналу алдағы күннің еншісінде деп түйдік. - Бұл биліктің жобасы, ҰҚК істеп отырғаны деген айыптаулар да айтылып жатыр. Жалпы осы істе билік тарапынан не қолдау, не қарсылық көріп отырсыздар ма? - Ия, бізді комитеттің құйыршықтары, қуыршақтары деп жатқан бауырларымыз да жоқ емес. Ең өкініштісі сол азаматтардың өздерін ұлтшылмыз деп санайтынында. Егер ұлтшыл болсаң, ұлтыңа, еліңе, халқыңа жаның ашитын болса бастаманы кім көтерсе де қолдап, бірігіп, ұлттың ұланына, жалауына айналуға тырысу керек емес пе? Жалпы менің ұғымымда ұлт мәселесіне келгенде күнделікті пендешілік, күйкі тіршілік, пыш-пыш әңгіме кері ысырылып тастауы керек. Қазіргі таңда ұлтшылдықты ту етіп, ұлттың мүддесін қорғауда үлкен табандылық, батылдық, тіпті жанкештілік қажет. Біздің алашордашылардың, сол кездегі зиялы-ағартушы азаматтарымыздың қуғындалмағаны, түрмеге түспегені кем де кем. Ал енді бүгін еліміз тәуелсіз, мемлекетіміз дербес болып тұрғанда ұлтымыздың жыртысын жыртып, мұңын, жоғын жоқтағанымыздың өзі ақылға симайтын нәрсе. Бірақ амал қанша өз елінде қазақ ұлты ұлт болып ұйыса алмай, ішінен де, сыртынан да жау анталап, барын талап, байлығын бөлісіп жатса атқа қонғанан басқа шара жоқ... Ал енді бұл биліктің жобасы ма, билік қолдап жатыр ма деген сауалға келсем, бұл егер биліктің жобасы болып, билік ұлтшылдардың күшеюіне, ұлтшылдықтың нығаюына көңіл бөлетін болса менің қуанышымда шек болмас еді. Себебі қалай десек те мемлекетке, билікке қарсы шыға отырып басталған, істелген шаруалардың жолы ауыр болады. Мемлекеттік машинаның қысымына шыдас беріп, айқаса жүріп ұлттық мемлекет орнату қиын-ақ. Себебі біздің елде оппозиция деген ұғымның  өзі дұрыс емес. Бізде оппозиция десе мемлекеттің жауы, һас дұшпаны сияқты қабылданады. Ал шын мәнінде дамыған елдерде оппозиция дегеніміз таразының екінші басы, немесе екінші қапталдың үзеңгісі сияқты қалыптасқан. Қоғамда тепе-теңдік, әділдік болу үшін де тегеурінді оппозиция керек. Біздің қоғамдағы көрініс тауып жатқан қайшылықтардың дені сол оппозицияның, интеллегенцияның, айналып келгенде билік пен халық арасындағы байланыстың әлсірегенінің көрінісі. Өзіңіз көріп отырсыз Кедендік Одақтың ұлттық  экономикаға тигізіп жатқан орасан зор зияны күннен күнге күшейіп келеді. Еуразиялық одаққа кірсек тіпті сорақы болады. Еуразиялық одақ ел тәуелсіздігіне үлкен қатер деп жүрген азаматтарға толықтай қосыламын. Мен өзім де сондай көзқарастамын. Ал енді кеше ғана жарылыс болып, мыңдаған адам зардап шегіп, 600 тонна гептил ел үстіне құйылып жатқанда, оның зардаптарының көлемі белгілі болмай тұрып Протон зымыранын Қазақстан Үкіметінің, билігінің келісімінсіз тағы ұшырғалы жатқаны Ресей Федерациясының ұятсыздығы, опасыздығы деп бағалау керек. Демек оларға қазақ ұлтының денсаулығы, қазақ жерінің экологиясы маңызды емес, тек зымыранды арзан ұшырып, молырақ пайда тапса болды, ал қазақтар қырылса қырыла берсін, құбыжықтар, жарымжан, мүгедектер туылса туыла берсін деген ұстаным бұл. Осы тұста егер Ресей билігі шынымен баса көктеп, Үкіметтің рұқсатынсыз Протонды ұшыратын болса ең алдымен сол билік үшін үлкен масқара болмақ. Онда халық ондай билікке қарғыс жаудырып, теріс айналары анық. Екінші жағынан одақтасына сөзін өткізе алмаса, өз халқын қорғай алмаса ондай биліктің, үкіметтің қажеті қанша? Осы мәселеге келгенде билік өзінің бет бейнесін сақтап қалғысы келсе, шынымен де елді ойлаушы адамдар отырған болса ұлтшылдарды қолдаулары керек. Себебі қазіргі кезде қандай да бір жауға қарсы дауыс көтеріп күшке айнала алатын топ тек қана ұлтшылдар. Себебі билік өзі жасаған оппозициясын өзі тұншықтырып өлтірді. Енді тіпті өздері, биліктің көмегінсіз  шыққан оппозицияның өзіне халықтың сене қоюы, артынан ере қоюы қиын. Ал қазірше билік тарапынан ұлтшылдарды қолдап жатқан жағдай байқалмайды. Кейбір бауырларымыздың билік қолдап отыр, қаржы бөліп отыр дегені де бос сөз. Себебі биліктен қолдау тауып, қаржы алған болса ол азаматтар қарап отырмаған болар еді. Себебі бүгінгі таңда сыртқы жаулардың танкісіне айырмен, таяқпен болса да қарсы шабу қажет болып тұр. -  Егер билік қолдамаса, біраз ұлтшылдардың өзі сіздерге қарсы шығып жатса қалайша құрылтай өткізіп, нәтижеге жетпексіздер? Жалпы құрылтай қалай өтеді? Ең негізгісі құрылтайдан кейін не болады? Құрылтай өтті, іс бітті, аяғы жоқ бола ма? -  Шындығын айту керек, құрылтай шұғыл жасалып жатыр, тіпті асығыс деуге болады. Біздің асыққан себебіміз келесі жылдың алғашқы жарты жылдығында Еуразиялық одақ құру туралы келісімге қол қойылуы мүмкін, ресми ақпараттар солай деп жатыр. Еуразиялық одақ біздің ұлттық экономикамызға да, ұлттық, мемлекеттік тәуелсіздігімізге де, жеріміздің тұтастығына да үлкен қатер. Ол туралы мен бірнеше мақала да жаздым. Екіншіден, келесі жылдан бастап Кедендік одаққа мүше елдердің компаниялары Қазақстанның мемлекеттік сатып алуына, тендеріне қатыса алады. Бұл дегеніңіз триллиондаған қаржының шет елге кетуі, мыңдаған бизнес құрылымдарының банкроттығы, миллиондаған адамның нәппақасыз қалуы деген сөз. Бұған әсте жол беруге болмайды. Сондықтан Алла қаласа ұлтшылдар келесі жылға дейін қандай да бір саяси күшке, топқа, құрылымға айналып үлгеруі керек. Уақыт біздің пайдамызға шешіліп жатқан жоқ. Біз, ұлтшылдар өзімізбен өзіміз ырылдасып, тартысып жатқанда жаулар жайлап жылы-жұмсағымызға, асылымызға ауыз салып жатыр. Сондықтан тездетпесе болмайды... Сондықтан барлық ұлтшыл бауырларымызға, ағаларымызға айтар өтінішіміз, тілегіміз ұлтымыз үшін пендешілікті қояйық, ұлт мүддесі, ұрпақ болашағы пендешіліктен жоғары тұрсын, бірігейік, күшке айналайық дегім келеді. Ал билікке айтарым, мемлекеттің тұрақтылығын сақтап, ішкі-сыртқы жауға қарсы тұратын жалғыз күш ұлтшылдар екенін, сыртқы саясатта маневр жасап, қалқан етіп тосу үшін де, ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау үшін билік пен халықтың арасын байланыстыратын, түсіне білсе халықтың сөзін сөйлей отырып билікке де жәрдемші болатын жалғыз күш ұлтшылдар екенін түсінсе деймін. -  Мәке, сонымен құрылтай өте ме? -  Алла қаласа міндетті түрде, межелеген уақытта, яғни келесі айдың аяғында, Алматықаласында өтеді. Оған барлық облыстардан делегаттар келеді, шет елден келетін азаматтар да бар. Жалпы күн тәртібінде үш мәселе бар. Біріншісі, Ұлттық-демократиялық мемлекет қалыптастырудың тұжырымдамасының жобасын бекіту. Екіншісі билікпен де, оппозициямен де, халықпен де тығыз байланыса отырып, ұлттың, халықтың мүддесіне жұмыс істейтін, бағдарламалар дайындап, жоспар құрып, нақты жұмыс жасайтын Үйлестіру кеңесін құру. Үшіншісі, Президенттің, Үкімет басшысының, Парламент жетекшілерінің атына қазіргі қалыптасқан жағдайды сараптай келіп, нақты ұсыныстар мен тілектер, талаптар қоятын ұсыныс-хат беру. -  Құрылтайдан кейін не болады? Не істеледі? -  Құрылтайдан кейін, бекітілген тұжырымдаманы жүзеге асырудың стратегиясы, тактикасы айқандалып, үлкен бағдарлама дайындалады. Ол бағдарламаны орындаудың іс-шаралар жоспары жасалады. Оған жауапты адамдар белгіленіп, қаржы көлемі анықталады, бюджеті жасалады. -  Қаржыны қайдан аласыздар? -  Ия, бұл үлкен мәселе. Кез келген идеяны жүзеге асыру үшін бірінші идея, екінші кадр-білікті мамандар, үшінші қаржы керек. Бізде алдыңғы екеуі бар. Идеяны өзіңіз көріп отырсыз. Ұлтшыл, мемлекетшіл білікті мамандар, қаны бар, намысы бар азаматтар аз емес. Ал қаржы мәселесі, әрине күрделі. Өйткені үлкен идеялар мол қаржыны талап етеді. Осы тұста Кедендік одақтан, қазіргі биліктің, Үкіметтің дәрменсіз саясатынан жапа шеккен кәсіпкерлеріміз, тендерлерге қатысып, қарнын тойдырып жүрген компаниялар ертең дымсыз қалмауы үшін ұлтшылдарды қолдаса деймін.  Ал ұлтшылдар саяси күшке айналса, оларды қорғайды. Сондай бизнес өкілдерімен өзара қолдау мен қорғау, түсіністік шараларын жасай отырып, қаржы мәселесін шешуге тырысамыз. Ал егер биліктің беті ұлтшылдарға бұрылып, әкімшілік, қаржылық көмек көрсетіп жатса одан да бас тартпаймыз. Өйткені біздің ойымыз, мақсатымыз ұлтымызды сақтап қалу, мемлекетіміздің іргесін нығайту. Осы мақсат, мүдде билікте де бар. Егер тәуелсіз, дербес Қазақстан болмаса ертең оларға лауазым да, байлық та болмайды. Отаршыл Ресей билік жүргізген кезде миллиондаған адамды қырғынға ұшыратып, байлардың бәрін айдап, қырып, қалғанан тентіретін жібергенін ұмытпаған жөн. Біздің жауымыз тек Ресей ғана емес, Қытай саясаты да қазақ баласына жақсылық әкелейін деп тұрған жоқ. Айдаһар елінің оқ шығармай жаулау саясаты өз нәтижелерін беріп жатыр. Ұлттық байлықтың орасан бөлігі солардың қолына өтіп, енді жерімізге көз алартып отырғаны мынау. Сондықтан қазақ баласына жайбарақат, санасыз, салпыетек болу өліммен тең. Ертеңгі ұрпағымыз үшін бір тудың астына бірігіп, бір ұранға жиналсамақ, бір іске жұмылып, бір сөзге иланбасақ ертең кеш болады... - Әңгімеңізге рахмет, ісіңізге сәттілік тілейміз. - Рахмет.

Abai.kz