Марқасқа Мәрайым

Майрайым555-2Түркістан ауданына қарасты «Үшқайық» ауылында өмір сүріп, ауданның әлеуметтік жағдайының нығайып, экономикасының артуына орасан үлес қосқан, ел ішінде халқына қалаулы, еліне елеулі болып, көпшіліктің көкейінде қалған аталарымыздың бірі – атпал әрі аяулы азамат Мәрайым Сазабеков еді. Мәрайым Төленұлы Сазабеков 1901 жылы бұрынғы Сырдария округі Түркістан уезіндегі Шағатай болысына қарасты 18-ші ауылда Төлен Сазабекұлы мен Меруерт Құдайбергенқызының отбасында дүниеге келді. Жастық шағы «Балтакөл« ауылы (Сырдың арғы беті) жағындағы Қызылқұмның арасында өтті. Ол кезде ата-анасы құмда мал бағып, Сыр өзенінің жағасына қауын-қарбыз, тары, жүгері егетін.  Жас кезінен қайсар, қарулы жігіт болып өскен Мәкең 1930 жылдары туған ауылы Үшқайыққа келіп, шаруашылықтың түрлі салаларында жұмыстар атқарды. Үшқайық ауыл советіне қарасты Жайылма елді мекенінде Л.М.Каганович атындағы колхоз құрылды. Ол кездері «көпшілік жиналысы» деп аталатын жиынның дәрежесі жоғары болатын. Сол жиналыста колхоздың бастығынан бастап, бас мамандарының бәрі сайланатын. Алғашқы жиналыста-ақ адалдығы мен ақкөңілділігі, іскерлігі мен еңбекқорлығы ескерілген Мәрайым Сазабеков колхоздың бас агрономы болып бірауыздан сайланады. Отыздан енді асқан азамат үшін бұл бір жағынан үлкен сенім болса, енді бір жағынан сын еді. Мәрайым Сазабеков осы сыннан сүрінбей өтті. Агроном болып қызмет атқарған 1935-1940 жылдар аралығында егін алқабын ұлғайтуда, алқапта жұмыс жүргізудің жылдам жолдарын табуда, шитті мақта мен ақ егіс егудің жаңа әдістерін меңгеруде, бригада ішінен звено құруда, социалистік жарыс ұйымдастырудың түрлі тәсілдерін ойластыруда алғырлығын танытты. 1940 жылдары елде отын тапшылығы белең алды. Отынмен жүретін паровоздар күнара тоқтап, көмірмен жылынатын мекемелер отынсыз қалды. Түркістандағы мақта зауытының жұмыс істеу қабілеті төмендеп, отын іздеуге шықты. Бұл жетімсіздікті қалпына келтіруге Сырдың жағасында орналасқан «Каганович» ауылы ыңғайлы болатын. Өйткені, Сыр өзенінің жағасы сыңсыған тоғай. Не керек, Мәрайым Сазабеков аталмыш зауыттың отын дайындау бригадасының бригадирі болып қызметке кірісті. Бұл кезең ел еңсесінің түскен кезі. Елдегі тұрмысы төмен отбасыларына жұмыс табылып, тоғайдан отын дайындау науқанына жұмылдырылды. Сосын, Ұлы Отан соғысы басталды. Елде жүріп, кәрі-құртаңды қол жұ­мысына жұмылдырса, әйел аза­маттарға жүн иіртіп, қолдан түрлі жылы киімдер тоқыттырып, соғыс­тағы жауынгерлерге жөнелту жұ­мыстарын Мәкең зауыттың, кол­хоздың басқа жұмыстарымен қоса атқарды. Қолында броны болғанымен, ел ішінде жүре беруді ар санаған Мәрайым Сазабеков аудандық воен­коматқа барады. 1943-1944 жылдары Отан соғысының отты күндерін бастан кешіріп, талай мәрте қоян-қол­тық соғысқа кірді. Сондай соғыстың бі­рінде қолынан жараланып, елге оралды. Сол жарақатын 1960-жылдары өз көзіммен көргенім бар. Кешкі апақ-сапақта «Несін айтасың, «қызыл су» тасқыны келіп қалды, тезірек киініңдер де «Тоғызтарауға» қарай тартыңдар» деген хабаршының дауысын естідік. Ол кезде 12-13 жасар кезіміз. Ерсін деген інім екеуіміз көпшілікке еріп, ауылдан 2 шақырым жердегі «Тоғызтарауға« бардық. «Тоғызтарау» дегеніміз Түркістан тұсынан 10 шақырым жердегі «Қарашық» өзені жақтан қатарласа келетін өзекше мен «Бел арық» деп аталатын үлкен арықтың сулары осы жерден буылады да, жан-жаққа шағын арықтарға бөлініп, су тарқатылатын шағын тоған. Тасқын су осы тоғанға келіп, шіреп тұр екен. Арық пен өзектің аралы­ғындағы жерді қоса есептегенде 35-40 метрдей жер түгелдей су астында. Әншейінде кеудеден келетін өзек пен арықтың суы тасқын сумен молығып, бір-біріне қосылып кетіпті. Кей тұстары кісі бойынан асатынын сезген ер азаматтар суға түсуге бата алмай тұрды. Қараңғыда жан-жағыңнан сарқыраған су дауысы зәре құтыңды алады. Жиналған 20 шақты кісінің ішінде Мәрайым атаның дауысы шығады. «Болыңдар! Тезірек шешініңдер де арғы беттегі жағалық тоғанды бұзындар! Болыңдар, тезірек!» деп шыр-пыр болып жүр. Осылайша бірнеше мәрте айқайласа да суға түсе қойған ешкім болмады. Ерсін екеуміз атаға жақындап келіп қалдық. Сол кезде қолындағы керосинмен жанатын фонарын маған бере салды да, сырт киімін лақтырып тастап, көйлегін де шешті. Дәл осы кезде қолындағы үлкен жараның орнына көзім түсті. Жара болғанда да білезіктік тұстан шынтаққа дейінгі аралық ырсия айырылып барып біткені анық көрініп тұр. Бұрын-соңды ондай тыртықты көрмеген менің зәрем ұшты. Қолымдағы фонарьды жұлып алды да, ақ дамбалымен суға қойды да кетті. Сол-ақ екен, «Көке, көке» десті де, ауыл жігіттері де бірінен соң бірі суға секіріп-секіріп кетті. Шындығында, секунд сайын көбейіп жатқан тасқын су ауыл жақтағы тоғанды бұзса, көптеген үйлер құлап қалар еді... Мәкеңнің сол кезде 60-тан асып қалған кезі. Көктемнің қара суығына қарамай, мұздай суға қарғып кетуі, өзі үшін емес, елі үшін екен ғой. Ертеңгі елге келер шығын парқын тез пайымдап, аулына түскелі тұрған ауыртпалықты өз мойнына алып, денсаулығына да қарауға шамасы келмеген кезі екен ғой. Өзектің арғы бетіндегі жағалауды бұзса, су «Қаттық» деп аталатын елсізге кетіп, төменгі жақтағы ауыл тасқын судан аман қалмақ. ...Мәкең 1946-жылдың қаңта­рынан Каганович атындағы колхоз­дың бастығына сайланды. Соғыстан соңғы өте ауыр кезең еді. Мемлекеттің жоспары бірінші кезекте тұратын. Одан артылып, асып-төгіліп жатса да халыққа тарқатуға рұқсат жоқ. Бір кило бидай үшін «итжеккенге» айдалып жатқан тұс. Соған қарамастан, Мәкең өзінің қоймашылары арқылы тұрмысы төмен, жағдайы ауыр колхоз мүшелерінің қойын-қонышына аудандық уәкілдердің көзін ала беріп, екі қос уыс бидайдан салғызып бергізіпті. Кейіннен құрдастары «неге қос уыстан салғыздың» дегенде: «Екі қос уыс шамамен бір кило болады» деген екен. Мәкеңнің осы:«Екі қос уыс бір кило» деген сөзі мәтелге айналып кетті. 1950-жылы Каганович және Андреев деген ұжымшарлар бірігіп, іріленген Андреев атындағы колхозға Мәрайым Сазабеков 1957-жылға дейін бастық болды. Мәкеңнің ұйымдастырушылық қабілетімен ерекше көзге түсті. Ол басқарған шаруашылық мақта, бидай, арпа, тары егіп, мал өсіріп, аудандағы маңдай алды шаруашылықтың біріне айналды. Осынау қиын кезеңде ел-жұртын тарықтырмай, тоғайдан қамыс оруды ұйымдастырды. Оны өгіз арбамен Түркістанға, Шорнаққа тасытып, сатқызды. Мәкең жайлы айтылатын оқиғалар бұл күндері аңыздай естіледі. Соғыс біте салысымен Мәкең сонау ашаршылық жылдары тарыдай шашырап кеткен ағайындары мен туыстарын жинауға, бір орталыққа біріктіріп, колхоздастыруға бар ынты-шынтысымен кіріскен. Сонау Самарқан, Бұхара, Ташкент, Душанбе, Ашхабад жаққа кеткен туыстарын тауып алдырған. «Түркістан« газетінде Нұралы Дүйсекей былай депті: «83 жастағы Тұрды қария «Мәкең жетім-жесірлерді елге әкеліп көптеп қосты. Мәселен, Шөкімов Кеңпейіл деген кісі 15 жылға сотталып, елге келгенде «өз күніңді өзің көр» деп, бір арбаны басы бүтін шаруашылық жұмыстарын атқарып, әрі тұрмысын жақсартып алу үшін беріп қойды. Содан біздің бір бөлмемізде тұрып үбірлі-шүбірлі болып кетті» деп жазыпты. Осы жерден мемлекет және қоғам қайраткері, лингвист ғалым Нұртас Оңдасынов, мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Темірхан Медетбеков, Елбасының елдегі досы Жарылқасын Әзіретбергенұлы секілді зиялы азаматтар өсіп-жетілді. Мәрайым Сазабековтың тектілігі, көрегендігі, алдын болжағыштығы, көпшілдігі, ұйымдастырғыш қасиеті бір төбе еді. Бір жылы Тұрды қария той жасап, күрес болды. Қыза-қыза ке­ліп, көпшілік қаумалаған Мәкең мен өзбек Тәліп қария күресті. Екеуі көп алысты. Ақыры, Мәкең жығып, бәй­геге тігілген қошқарды жеңіп алды. Мәкең халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін сақтай білуі­мен бірге, әсіресе көкпарды сүйетін. «Бірде Фрунзе аудандық партия комитетінің бюросы өтіп жатады. Аудандық партия комитетінің хат­шысы Мәкеңнен «көкпар шапқаныңызды қашан қоясыз» деп сұрап қалады. Сонда Мәкең: «орыс балық аулағанын қашан қойса, мен де көкпар шапқанымды сонда қоямын» депті тайсалмастан. Менің әкем Тұрды қария Мәкең туралы «Ол кісі айтар сөзін тартынбай айта алатын батыл да айбатты жан еді» деп отыратын. Нұртас ауы­лын­да тұратын Тастемір Өтебаев М.Сазабеков жайлы әкем: «Елге сыйлы, абыройлы кісі еді. Ол «колхоздың бір мүшесі жалқау болса ештеңе ет­пейді, ал бригадир жалқау болса, ол ша­руа­шылыққа зиян» дейтін» дегенді жиі ататын... 85 жастағы Сайдулла Салиев ақсақал: «Мәрайым қоймадан 1 тонна жүгері бөлдіріп, оны 40 мың сомға саттырып, «Урал ЗИС» автомашинасын алдырды. Бұл аудан көлеміндегі алғашқы мәшиналардың бірі болатын. Жаңалықты тез қабылдайтын және өмірге енгізуге құштар жан еді. Мәкең басшылық жасаған жылдары колхоз байып, халық кепеден шыға бастады. Дизель электр стансасын әкелдіріп, ауылда «Ильич« жарығы нұрын шашты. Екі мектеп салдырды. Ауылдағы көшелердің түзу түсуіне Мәкең тікелей басшылық жасады. Ал, асфальттануына кейінгі жылдары ауылға келген кезінде көзімен көрген Нұртас Оңдасынов кейіннен көмектесті» деп еске алады. Облыстың белді де беделді азаматтарының бірі болған, марқұм Әділ Сасбұқаев та Мәкең туралы жақсы естелік айтып берді: «Ол кезде мен Фрунзе аудандық Компартиясының екінші хатшысы болатынмын. Аудандағы шаруашылықтарды көп аралайтын едік. Сондай бір іс сапардың кезінде Мәрайым Сазабековпен сапарлас болдым. Ол кісінің әңгімешілдігі, шежіре мен тарихты жете меңгер­гендігі, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты жақсы талдайтындығы, ауыл қариялары мен ақсақалдарының қоғамға тигізіп жатқан пайда-зияны туралы пайым-парасаты, балалар мен қыз-келіншектерге берер өсиетнамасының молдығы, қоғамдық мал өсіру мен егін шаруашылығына деген білімінің жоғарылығы мені таң қалдырды. Әсіресе, Қилыбай деген кісі екеуінің Қызылдың құмындағы құдықтар мен қыстаулардың атын, орналасқан жерін жатқа біле­тін­дігі, соларды түннің қандай қараң­ғы­лығына қарамай дәл тауып бара алатындығымен қайран етті. Қазақ­тың көкпары мен жылқысы туралы таңды-таңға ұластырып айтатын қа­сиеті бар екен. Ұлтымыздың қисса-дас­тандарының мағынасына салыстырып баға беру, олардың тәрбиелік маңы­зына мән беру жағынан да жетік екен». ...Мәрайым Сазабеков 1963 жылы дүниеден өтті. Мәкеңнің жақсы қасиеттері туралы доцент Әзіретай Нәлтаев былай деп еске алады. «1963 жылы Алматыдағы жоғары оқу орнына түстім. Ауылға аз ғана уақытқа дем алып қайтуға келген кезім болатын. Ертеңіне «Мәрайым көкең шақырып жатыр» деген соң бардым. Сөйтсем ауырып, төсек тартып жатқан кезі екен. Айналып-толғанып, өз балаларындай еміренді. Оқуға өз күшіммен түскенімді жоғары бағалады. Ол кісі жоғары оқуға түскен жастардың бәрін жақсы көреді екен. Ташкенге, Алматыға барған сайын сондағы Түркістан төңірегінен оқуға түскен жастарды түгел жинап алып, сөйлесіп, жағдайларын сұрап, тамақтандырып, кейбірін киіндіріп жібереді екен деп те еститінмін. Мәкеңнің зеректігіне, зейінінің жоғарылығынатәнті болдым. Маған көп ақыл-кеңес берді. Жаман жолдардан аулақ болуымды тіледі. Білімді болсаң далада қалмайтынымды қайта-қайта тапсырды. Мұндай қамқорлықты әкемнен ғана естіген шығармын. Содан қыркүйек айының бас жағында Алматыға жүріп кеттім. Сол жақта жүріп, қыркүйектің 5-6- лары болса керек, Мәкең дүниеден өтіпті деп естідім. Бір-екі сағаттай көз жасымды тия алмадым. Әлі күнге дейін ағалығы мен туыстығынан бөлек тағы бір тылсым күш мені еріксіз жылата берді...». ...Мәрайым Сазабеков пен Айымкүл Әлтеймолдақызынан тараған Зұлхарнай, Сыздықбек, Аманкелді, Гүлбараш, Күлайхан сынды ұл-қыздардан ерген 37 немересі мен шөберелерінің алды аталарының жақсы атын шығарып, елге кызмет етіп жүр. Үлкен ұлы Зұлхарнай ұзақ жылдар Аманкелді ұжымшарының бас агрономы, бастығы, аракідік партия ұйымының хатшысы да болып істеді. Сауатты да, білікті азамат еді. Шаруашылықтың экономикасын алға сүйреді. Халықтың әл ауқатының артуына бар күш-жігерін жұмсады. Былайша айтқанда, әкесі Мәрайымның ізін қуды, ізін басты. Армандарын асыра орындады. Мәрайым атамыз өмір бойы «ауылда төбесі шатырланған үйлер тұрса, оның алды бау-бақшаға, жүзімге толып тұрса, өзбек ағайындармен теңе­сер едік» – деп армандаумен өтіпті. Ұлы Зұлхарнай ауыл активте­рін жұмылдыра жүріп, ауыл орталы­ғынан шатырлы үйлер түсті. Ауылға үш жағынан су келді. Есік алдындағы үйіргелік бақшалар мен қоғамдық егістіктер көлемін арттырды. Жыл сайын 2-2,5 мың гектар жерге дейін егін еккізді. 2008 жылы дүниеден өткен марқұм Зұхаң мен жеңгеміз Зағи Әбдіраманқызы 6 ұл-қыз өсіріп тәрбиеледі. Үлкен ұлы Еркебұлан ҚР қаржы министрлігінде жауапты қызметте. Қызы Дина Түркістан қалалық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері. Кіші ұлы Марғұлан Марайым 5 жыл Шардара ауданы әкімі лаузымында, сосын, ҚР қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Су ресурстары комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметінде болды. Екінші ұлы Сыздықбек пен Камила Ислам бекқызы 7 ұл-қыз өсірді. Өзі еңбек жолын Түркістан машина жөндеу зауытында қатардағы шеберден бастап, бас инженерлік қызметке дейін ұзақ жылдар жұмыс істеп, зейнетке шықты. Үшінші ұлы Аманкелді мен Құр­манкүл Төлегенқызынан 3 ұл екі қыз өсіп-өнді. Өзі ұстаздық қызметтен бастап, аудан көлемінде партия, кеңес қызметтерін атқарып, Үшқайық ауылдық Кеңесінің төрағасы қызметімен зейнеткерлікке жетті. 2004 жылы Түркістан қаласын­дағы бір көше Мәрайым Сазабе­ков­тың атымен аталды. Бұл Мәкең ерен еңбегіне берілген сый мен құрметтің басы деп білеміз. Ата әруағын қастер­ле­ген ұлағатты ұрпақ, қасиетті әулет, кие­лі шаңырақ биік те берекелі болғай! Сапарәлі Рысбеков, Қазақстан Журналистер одағы мүшесі