«Жарылқаптың сотталғаны сондай жақсы болды!..»

Заң бізді қорғайды. Сот бізді қорлайды.

jarylqap pen abzal 

Оқиғаның мән-жайы

Бір аптадан бері қанында қазақтың рухы бар жандарды журналист Жарылқап Қалыбайдың басынан кешкені бей-жай қалдырмай тұр. Не болғанын оның өз аузынан естиік. «...Мен дене қызуы көтеріліп, ауырып тұрған бір жасар баламды көтеріп, ұшақ ішінде әрі-бері жұбатып жүргенімде қасымнан өтіп бара жатқан бортсерік (оның аты-жөні Р.Хабибулаев екенін кейін білдім, мойнында бейджигі жоқ) менің үстіме байқамай томат шырынын төгіп алды. «Бұның не?» дегенімде, «Говорите на русском, я не понимаю» деді де, ары қарай өтіп кетті. Мен артынан олардың асханасына қуып кірдім. «Мен неге орысша сөйлеуім керек? Сен неге маған мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейсің? Сен сияқты ана тілін ұмытқан мәңгүрттер Қазақстан авиалиниясында жұмыс істемеуі керек. Мен ертең «Скат» компаниясына барамын да, сендерді тәртіпке шақырамын» дедім. Дәл сол кезде төрт сағат бойы тек қана орыс тілінде қызмет етіп жүрген Айжан Абдилдина (аты-жөнін кейін білдім, бейджигі жоқ) деген қыз шала-пұла қазақша сөйлей бастады. Екеуі менен кешірім сұрап, шалбарымды сүртіп берді де, қолыма шай берді. «Осымен түсінбестік бітті, жарайды, ұрыспайық» деп тарастық. Мен отырғаннан кейін ол үшеуі біраз ақылдасып алды да, бір парақ қағаз бен қалам ұстап, салонға шығып, жолаушылардан телефон нөмірін және маған қарсы қол жинай бастады. Мен мыналардың екіжүзділік әрекетіне күйіп кеттім де, ұялы телефонымның бейнетаспасына түсірмек болдым. Айжан шыр-пыры шығып, жүгіріп келіп, қолыма жармасты. Мен оның қолын ары итердім, ол бері итерді. Қолын қағып жіберіп едім, «міне, күш көрсетіп жатыр» деп шу шығарды. Артынан Марченко ма, Каблуцская ма (кейін маған шағым жазғандардың арасынан оқыдым), аға бортсерік әйел келіп, «мынаған қол қойыңыз, танысыңыз» деп акт қағазын мұрныма тықпалай бастады. Мен «таныспаймын да, қарамаймын да, ары тарт» дедім. Ұшақ жерге қонатыны туралы хабарлама бұл жолы қазақша жасалынды.  Ал жолаушыларға «отыра тұрыңдар, полицейлер келе жатыр» деген сөз қайта орысша айтылды. Ұшақ жерге қонғаннан кейін мені қылмыскер-террористті ұстағандай екі полицей жұрттың алдында масқаралап, алып шықты. Бар болғаны осы. Ал, сот менің елу грамм виски ішкенімді және «ана тілін білмейтін мәңгүрттер», «топастар», «ой, иттің балалары» деген сөздерге дейін ашумен артық-ауыз айтып жіберіппін» деген шын-адал сөздерімді зиялы адамның өз іс-әрекетіне сын көзбен қарайтынын білдіретін мәдениеттіліктің белгісі емес, мені бұзақы етіп көрсететін нақты дәлел ретінде пайдаланды. Екі полицей соттан шыға сала, үйге кіргізбей қамауға алып кетті. Жолда редакцияға соғып, баспаханаға кешігіп жатқан журнал гранкаларын алуға ғана мүмкіндік берді». Жарықап Қалыбай 10 қыркүйек күнгі өткізген баспасөз мәслихатында арнайы таратқан парақшасында осылай ағынан жарылды. Ол ішіп алып, ешкімге тиіскен жоқ. Даудың басы – бортсеріктің кешірім сұрамауынан басталып отыр. Егер ол сол жерде тоқтай қалып, орысша болса да бір ауыз кешірім сұраса, киімін сүртіп, тазалап берсе, сонымен бәрі біткен де болар еді. Оның орнына ол өзін жолаушыдан жоғары қойып, оған дөрекі жауап қатып отыр. Шынына келгенде, бұл жерде бортсеріктің мәртебесі - қызметші ғана! Жолаушы халықтың қызметшісі. Жолаушы дөрекілік көрсетсе де, бірден өзі де солай жауап бермей, кез келген туындаған үлкенді-кішілі мәселені мәдениетті  түрде, барынша сыпайылық танытып, сабырмен шешу – олардың міндеті. «Сиырдың басына туған күн бұзаудың да басына туады». Кез келген қазақ тілін қорғаған қазақ Жарылқап киген кепті басына киюі мүмкін. Сол кезде не істеуіміз керек? Осылай төзіп, көніп отыра береміз бе? Жарылқап болса қатардағы қарапайым адам деуге келмейді. Ол – филология ғылымының кандидаты. Қазақ тіліне сонау 90-жылдардың басынан бері шамасының жеткенінше еңбек сіңіріп келеді. 1990 жылы «Қазақ тілі» қоғамын құруға қатысса, 2004 жылы «Мемлекеттік тіл» қозғалысына құрылтайшы болған. Республикалық мол таралымды «Жұлдыздар отбасы» мен «Аңыз адам» журналдарын шығарушы, редакторы. Ендеше қазақ тілін Жарылқап Қалыбай қорғамағанда кім қорғайды?  

Заң бізді қорғайды. Сот бізді қорлайды.

 

«Ең алдымен бізді заң қорғайды» деуіңіз мүмкін. Кәне, қарайық, Заңдар не дейді екен? Рас, заң атаулының бәрі біздің жағымызда. ҚР «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңның 7-бабының 6,13,14-тармақтарында көрсетілгендей, тұтынушы әрбір адам – оның ішінде, әрине, ұшақтағы жолаушы да – өзіне сапалы қызмет көрсетілуін талап етуге құқылы. Конституция мен Тіл туралы заңды қозғамай-ақ қояйық. Салалық «ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңның 56-бабының 6-тармағында «ҚР әуе кемесі экипажының мүшелері жолаушыларға қызмет көрсеткен кезде қазақ тілінде еркін сөйлеуге міндетті» деп, тайға таңба басқандай жазылып тұр. Заңда кінә жоқ. Бірақ, заң қанша жерден тамаша болғанымен, оны іске асыратындар адамдар ғой. Ең бірінші кезекте сол құқық қорғау саласының қызметкерлері. Олар не істеді? Олар «заң жолаушы жағында, қызбалықпен айтқан сөздері үшін кешірім сұрады, ал, негізгі кінә сіздерден, сіздер де кешірім сұраңыздар, әйтпесе жазаға тартыласыздар!» деді ме? Деген жоқ! Бортсеріктерден кешірім сұратты ма?  Сұратқан жоқ. Сұратуды ойлаған да жоқ. «Құл болу оңай, құлдықтан құтылу өте қиын!» деп еді марқұм Батырхан Дәрімбет. Сол құлдық санадан құтыла алмаған сот жүйесінің, прокуратураның қызметкерлері ресейлік – бұрын бізді отарлаған елдің - «Скат» әуе компаниясының алдында құрақ ұшып, құрдай жорғалап, істің ақ-қарасын айырып жатпай, дұрысы, айырғысы келмей, себебі, әділ адамға кімдікі – оң, кімдікі – теріс екені көрініп-ақ тұр, тіл жанашырын «ұсақ бұзақылық» деген баппен үш күнге соттады да жіберді. Баспасөз мәслихатына қатысқан, өз құқығымды қорғаймын деп жүріп басы бәлеге қалған азамат қандасына араша болу үшін сонау Ақжайықтағы қаладан арнайы ұшып келген қорғаушы Абзал Құспанов бұның бәрін журналистерге өте ұсынықты түрде жіліктеп берді. «Ең алдымен», деді ол, «сотта бірнеше процессуалдық та, басқа да қателер орын алған. Мысалы, бірінші рет әкімшілік жазаға тартылайын деп тұрған адамды Әкімшілік кодекстің 337-бабының 1-тармағына сйкес айыппұл салумен шектеуге толық мүмкіндігі бола тұра, судья Ж.Қалыбайды үш күнге қамаққа алуға үкім шығарған. Ал, Әкімшілік кодекстің 55-бабына сәйкес «қамаққа алу айрықша жағдайларда ғана орын алады». Бұл оқиғада қандай айрықша жағдай бар? Дау бортсеріктің дөрекілігінен, өз міндетін дұрыс атқармауынан басталып тұр ғой. Апелляциялық сот Ж.Қалыбай сол арыз берген күні кешке, жұмыс күні аяқталған соң, оның құқығын аяққа таптап, оған бір де бір рет телефоннан қоңырау шалуға рұқсат етпей, адвокат алуға мұрша бермей өткізілген. Одан бөлек, қазақ тілінде өткен сот үдерісіне қатысқан авиациялық көлік прокурорының көмекшісі Г.Т.Тазабеков қазақша сөйлей де, оқи да алмайды екен. Осы жерде бұндай маман былтырғы жылғы құқық қорғау органдарында жүргізілген аттестациядан қалай өткен деген  сұрақ туады. Біз сот кемшіліктері мен Тазабеков мырза жайлы ойымызды жазып, Алматы қаласының прокурорына арыз-шағым түсірдік». «Мен Тазабеков мырзаға «сіз бортсеріктер берген орыс тіліндегі арыз-шағымды түсіне аласыз, ал, менің өзімді қорғап айтқан сөздерімді, судьяның сөздерін түсіне алмайсыз ғой, қатысуға қандай хақыңыз бар?» деген сөзімді құлағына қыстырған жоқ. Қайта апелляциялық сотта «бұл азаматты тағы бес күнге қамауды сұраймын» деп отырып алды» дейді Жарылқап. Басқаша ойлайтын прокуратура болса бұл сотқа, тіл тағдыры, соны қорғаған азаматтың абыройы таразыға тартылып жатқан сотқа қазақша «құқ» дей алмайтын қызметкерін жібере ме?  

Тілі жоқта бәрі жоқ, халықтың өзі де жоқ!

 

«Сен жоқ жерде көзден жасы моншақтап,

Сорлы жүрек солқылдайды сол жақта!

Сен бар жерде бәрі, бәрі, бәрі бар,

Бәрі, бәрі, бәрі де жоқ сен жоқта!»

  Қадыр ағамыз бұл өлеңді махаббатына, ғашығына, өзінің сүйген жарына арнаған болатын. Ал, махаббаттың үлкені өзіңнің туған халқыңа деген махаббат емес пе? Сол халық тілі сақталса ғана халық, тілі сақталмаса - тобыр! Тілі жоқта бәрі жоқ, халықтың өзі де жоқ! Біздегі билікте отырған орыстілді қауымның айтуына, оның қол астындағы басылымдардың жазуына қарасаң, «қазақ тіліне төніп тұрған ешқандай қауіп те, қатер де жоқ, бәрі тамаша, бәрі о кей, бір қалыпты дамып келеміз, бұдан артық даму қарқынын талап етуге болмайды. Барға қанағат етуге тиіспіз. Осы ұлтшылдар-ақ қолда барды нысап тұтпайды, паровоздың алдына түсіп алып, жүгіреді де жүреді» дегенге саяды. Біз де кейде тоқмейілділікке ұрынып қалып жатамыз. «Санымыз жыл санап көбейіп келеді, қазақтың жалпы ел тұрғындары арасындағы үлесі артып келеді, енді бір он-он бес жылда 80 пайыз боламыз, одан әрмен тоқсан пайыз боламыз, сол кезде бұл мәселе шынында да өз-өзінен шешіледі-дағы, күн тәртібінен түсіп қалады» деп жатамыз. Жоқ, еш уақытта өз-өзінен ешнәрсе шешілмейді. Рас, біздің санымыз артып жатыр. Онда да өте баяу, төмен қарқынмен. Қазақтың көбейіп кетуінен қорыққан билік қазақ көшін де тоқтатып тастады. Биліктің істеп отырғаны – халықты алдарқату. Оның сақтық сезімін әлсірету. Осылай әлсірете отырып, мына жақтан өз саясатын, өз білгенін іске асыра беру. Ол соны іске асырып жатыр да. 1991 жылдан бері еліміздегі тұрғындар саны өспесе де,  22 жылда қазақ мектебінің мәселесін шешкен жоқ. Шешетін түрі де жоқ. «Аралас мектеп» деген екіжүзді, алдамшы дүниенің жуық арада жойылары байқалмайды. Неге шешпейді біржолата? Себебі, мектеп құрылысы «бөліп жеуге» («распил») онша көне бермейді. Оның орнына жыл сайын пәленбай миллион, миллиардтарды жол салуға, және оны жөндеуге бөлген «распилге» әлдеқайда қолайлы. Қарапайым халық тұрмақ, сол халықтың ең алдыңғы қатардағы зиялы қауымымыз дегендердің өзі де осы алдау, алдарқатуға түсіп қалудамыз. Кешегі Жарылқап Қалыбай бауырымыздың басынан кешкені шын мәнінде қазақ тіліне мемлекеттің қолын бір-ақ сілтегенін ашып көрсетті. Оған дәлел мен дәйек толып жатыр. Алысқа бармай-ақ, 10 тамыз күні Ұлттық баспасөз клубында өткен баспасөз мәслихатына  «Қазақстан», «Хабар» секілді мемлекеттік басты телеарналардың тілшілері келмегені, бұл баспасөз мәслихатынан хабар бермегенін айтсақ та жеткілікті. «Астана» арнасы болса өзінің орысша хабарында Жарылқап Қалыбайды барынша кінәлап, оны ішкіш, бұзақы етіп көрсетуге тырысып бақты. Тағы бір мәселе - санымыз да болса көбейгенімен, сапамыз күшейіп жатқан жоқ. Осыны көбіміз байқамай жүрміз. Бірақ, көпшілік түсіне алар емес деп, біз, азшылық күресімізді тоқтатумызға болмайды. Күресу үшін не істеуіміз керек? «Ол үшін», деді Жарылқап Қалыбай, «кеше бір топ ұлтшылдар біздің редакцияда жиналып, ақылдасып, мынадай шешімге келдік: «Әр қазақ өзінің жүрген жерінде қазақ тілінің сақшысына айналсын. Қазақ тілінде қызмет көрсетілуін талап етсін. Мейлі, ол үшін сотқа берсе де! Бәрімізді бірдей соттай алмайды ғой. Әрбір қазақ тілді басылым қасынан заң кеңесі ашылсын. Ол жерде құқықтық кеңес тегін берілсін». Бұған қосып, алу қиындау. Тек босбелбеулеу біреу емес, бұл жазаға Жарылқаптың ұшырағаны жақсы болды. Мына бір «патриотсымақ қазақтың көкесін танытып» жібергісі келіп, бұрын жұдырықтағысы келген  «скаттықтар» ия қазақша үйренетін болады, қазақ тілін құрметтейтін болады, ия қызметінен кетеді, осыны қадағалап, бақылап отырайық. Осыны көрген басқалар да ойланатын болады.

Өмірзақ АҚЖІГІТ.

www.qazaquni.kz