Темірхан Медетбек. Ауру Қазақстан

12
3262

(Экологиялық жыр)

Сынап бағаналары

Шегіне жетіп,

Дәл қазір

Қазақстанның қызуы

Көтеріліп тұр.

(Менің сөздерім де

Ып-ыстық боп,

Өн-бойына

От өріліп тұр).

Қазақстанның ауруы

Асқынып кетті-ау.

(Мынау қатыгез заман

Жігерін құм,

Жанын тас қылып кетті-ау).

Орман-өкпелеріне

Құрт түсіпті.

Жеті жұрт келіп,

Жеті жұрт көшкен

Маңғыстау мен Атырауға

Бізге жат–

Сегізінші–

Жұрт келіп түсіпті.

Деміккен Қазақстанның

Көзіне!–

Мөлтеңдеп жас толып кеткен.

Арал мен Балқаштай

Екі бүйрегіне

Тұз бенен тас толып кеткен.

Тұла бойы күйіп барады.

Аяқ-қолы

Ұйып барады.

Құтқаратын кім бар?

Айнала

Дауыл күткендей

Абыр-сабыр.

Піскен нандай боп

Сап-сары боп жататын

Алып Сарыарқа

Сауысқан шоқып тастаған

Көтерем сиырдың арқасындай

Жауыр-жауыр.

Дәл қазір Ол

Жоқты – жоқтап,

Барды – даттап жатыр.

… Ауру Қазақстан

Анда-санда

Қазақша бірдеңе деп,

Орысша

Сандырақтап жатыр.

«Общественная позиция» (проект «DAT» № 26 (202) 11 шілде 2013 жыл

12 ПІКІРЛЕР

  1. Алпамса денелі арыстай Қазақстанды кім ауыртты,кімдер,нелер ауыр дертке ұшыратқан?..
    Тілін таңдайына сап,дертінен айықтыратын,сауықтыратын,жарасын жазып,бойына қан жүгіртетін ол жалынды,қайратты жастар!

  2. Темірхан Медетбек ақынның өлеңдеріндегі шындық «өмірдің өзіндей боп, талқаны шығып, ішек қарны ақтарылып, жайрап жатады».Өлеңдеріне жойқын рухани энергия сығымдалған, Левитан дауысты біреу сахнаға шығып өлеңдерін оқыса, тыңдаған жұрт сол энергиямен зарядталар еді.

  3. О ,бастан қоғам өмірінің шындығын ерекше қуаты бар отты жырларымен жырлаған көрнекті сыршыл ақын Темірхан бауырымыздың мына өлеңін оқып отырып,көзіңе жас үйіріліп еріксіз тебіренесің. Япырма-ай мұндай сұмдық күйге қайдан жеттік.
    Егерде тәуелсіздік алғаннан бастап ұлттық Рухтық идиологиямыз жасақталған-да,тирандыққа, зұлымдыққа жемқорлыққа, жағымпаздыққа жол бермей әділет заңы төрде салтанат құрғанда, Алтынбектей асылдарымыз аман болғанда ел мұраты үстем болмаспа еді.туған еліміз Қазақстан ауырмас еді ғой.Ақынның жан айқайы жалпы барша творчествасы қалың бұхараның сөзі.Патриоттық үн атаулысының үлгісі.Жанам деген жүрекке от беретін өшпес алау!
    Жасай бер жасампаз ақын. Алла саған жар болсын. Әруақтар қолдасын!

    қалың бұқараның сөзі.

  4. қазақ елі жемқорлық-парақорлық рагіне шалдыққан.Қосымша дерті жағымпаздық.Тұқым қуған ауруы-ұрлық жасау,өтірік айту.Қазақ елі осы аурулардан арыла алса Айды аспанға бірақ шығарар еді!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз