Исабеков айтпаса…қой құрлы қауқарымыз жоқ па?

3
848

…Қашан, қалай ел болатынымыз белгісіз?!.
Қарадан шыққан Құнан­байдың өзін зар тұңғиығына батырған кіріптарлық шеңге­ліндегі көкезу көрсоқырлық шы­лауымыздан ажырамай-ақ қойды. Асыл мұраты – ұлты­мыздың мүддесі мен болашақ ұр­пағымыздың қам-қарекеті болуға тиіс зиялыларымыз зымзия жоғалуға айналды…

Мәнсаптың маңайы мың­ғырған былық, шыңғырған шы­лық. Құдық-құлқынын ғана күйттеп, қаптаған қарабет-сатқындардың тасасынан тас атқан жәреуке-жандайшаптар құмырсқадан да көп, шыбын-шіркейден де басым…
…Түнеукүні Елбасымыз елінің «естілерін» жинап, кеңес құрды. Ақыл аңдасын, пікір қоссын деді. Бірақ, баяғы “Сталинге тең таппай, қиналған Жамбыл жері осы» дейтін жарамсақ сөз, жағымпаз жыр, жылмаң әңгіме, құрғақ уәде, сыпыра мақтау, жалған көлгірсу – қашанғысындай айна-қатесіз қайталанды.
Қасқая тартып, қарсы ша­батын, қазақтың дәстүр-сал­ты­нан, иманынан, тілінен ажы­рамаған аяулы аламан ілеуде-біреу ғана! Мыңның – бірі, мил­лионның – үні!..
Кенет, мыңның зарын, миллионның запыранын жалғыз-ақ адам айтты. Қатты айтты. Қиналып айтты…
Бұл – санасы тұнық, зердесі ашық Дулат аға ИСАБЕКОВ еді!
Айтары ойында, таланты бойында, бар дарыны басын­дағы Дулат аға сардардың сұсынан да, дәулердің дәр­гейінен де қаймыққан жоқ. Қара қылды қақ жарды!
Қазақстанға «ата-бабамның туған топырағы» деп, сағынып-сарғайып көшіп келіп, көрмеген – қияметі, естімеген – есер сөзі қалмай, әбден арып-ашынған 800 қазақ қандас-бауырларымыз қайтадан Моңғолия азаматтығын сұрап жатқан көрінеді…
Бұл – елдігімізге сын, ұлтымызға шіркеу масқаралық!
Әттең, әлем қазақтары қа­уым­дастығының басшысы Талғат Мамашев мыңқ етпеді. Қысылып-қымтырылмады да. Тік тұрып, тұяғын да қимыл­датпаған кейпі сылдыр сылтау, жалаң желеу іздеп, сарсаңға түсті.
Иә, бұл – Қытайдағы қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының 40 жыл жазған алты кiтаптан тұратын “Қылмыс» романын жазушы Қабдеш Жұмаділовке: «Алты том дегенiңiз тым көп қой. Осы романды қысқартып, үш томға түсiрiп берсеңiз қайтедi?» – дегенде, бетi бүлк етпеген бей-берекет, мән-мағынасыз Мамашев қой!..
Қабырғалы қазағының, қасиетті елінің беделіне дәйек­сіздігімен дақ түсіргенін сезіне де алмаған Мамашевқа аяушылық білдірген Елбасы Дулат ағама қарап: «Тексеріп, барлығын мен білем!» –деген уәжін түйді…
Атамыз қазақ қадым за­маннан: «Жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шап!» дейді. Темірді қызғанда соқпасаң, қайқы қылыш, өткір найза түзілмейді. Елбасының алдында шықпаған шындық – суға аққан шөп-шалам­мен бірдей, ал, айтылмаған ақиқаттың құны көк тиын. Қазағының қасіретін қасқайта айтқан Дулат ағам жанының тыныштығы мен басы­­ның амандығын ойлап, бұғып қалған да жоқ, жолдан тайған да жоқ.
Ата жұртына аңсап жетіп, аңырап қайтуға бет алған 800 бауырымыздың жанайқайын Дулат аға Исабеков айтпаса, «жабулы қазан жабылған күйі қалмақшы» екен. Қой екеш қара қойдың өзі бауыздалар шағында ақырғы рет тұяқтарын бір серпімеуші ме еді?!. Сонда бүгінгі бұқпантай биязы мен зәрсіз зиялының қой құрлы қауқарының болмағаны ма?.. «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық»…
Шындық айтылмаған жерді шайтан жайлайды, өтірік өріс­теген маңда жындар өріп жүреді. Жалған сөзді отырыстың берекеті қашады, мәймөңке мәмленің мәні болмайды. Махамбет батырдай өңменнен өткізіп, кесіп тастар; Бұқар жыраудай тереңнен толғап, шешіп айтар алдаспан адуынды, дауыл дәргейлі Дулаттарға қазақтың бейнеті бес батпан, рухы орасан Ұлы Даласы қашанда мұқтаж!…
Менің жаныма батқаны: жалғыз айтты, жалаң қалды, Дулат ағам!
Көреген Абай хакім тіліп тастапты:

«Единица -жақсысы,
Ерген елге бейне нөл.
Единица нөлсіз-ақ
Өз басыңдық болар сол.
Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөл?»

…Құдайдың құдіреті, ойлап отырсам, шындығында да, айналамызда ай санап, апта аралап, қолдарынан ештеңе келмейтiн сұрғылт, халқына ештеңе бермейтін жұлынқұрт жандар қаптап, көбейіп бара жатқандай екен…
…Қашан, қалай ел бо­ламыз?!.

 

Мыңжан БАЙЖАНИН

3 ПІКІРЛЕР

  1. Дулат ағаға Мамашев сияқтылар мың жасата қоймас , барлығы президенттің алдында
    қорқып бәрі жақсы бәрі керемет деп отырғанда Дулат аға проблеманы тіке айтып еді
    бәрі ала көзімен атып жібере жаздады, тіпті преиденттте жақтырмай қалды

  2. Менде оралманмын Костанай өңірі ауылды мекенде тұрып жатырмын. Мектепте мұғаліммін санатпен келгем, Бастық сымақ (қазақша білмейді) қазақ.
    Енді көңілімнің қалғаны соншалық егер өмірде еңжаман адамды көрсет десе мен соны көрсетер едім .ол «хамиллион» десем болады. бірінші санат болған мын. «ты не потвержаешь -деп қырсоңымнан қалмай не керек быт деді, шыт деді. мен сені республикадан комиссия шақыртып тексертем деді . Қазақ емеспізбе? тыныш құлақ , амалын тауып ,алдырып тастады. Бұл Қазақстанның заңына түсінбейсің . мен түсінбедім Ақыры ауру болып қалармын деп өзімді өзім жұбаттым.Сол бастық сымақпен әлі алысып келмін.
    Ол өзі заң шығарып өзі сот болады , қалаған адамын шығарып қалағанын өзіне жағымпаздарды алады . Өзбекстанда мен ойлаушы едім өзбектер солай деп , жоқ бұл жақта жағымпаздықтың атасы -көкесі бар екен. Мен қазағыда -орысыда қорқанды сыйлайды, Біздер ұрпақ тәрбиелеп ,білім беріп жатырмыз, мені қатты алаңдататыны қазақ балаларының болашағы.
    Дулат аға мың жасаңыз , Қазаққа керексің Әлі

  3. Ata jurtyn armandap kelgen qandastarymyzdy keudeden teuıp jatqanumyz – baryp turğan ıttık. Ana Mamaşev degendı ol jerden bayiağyda quyp jıberetın . Mundailar otyrğan kezde Ata jurtqa eşqandai qazaq kelmeidı Elbasyğa bul sözdı Dulat aitpasa , zialy dep jürgen qazaq qalmağanu ğoi ! Bu qalpymyzben BIZ EL bolmaimyz !

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз