Қазақ болып туғаным қылмыс болмаса, басқа ешқандай қылмысым жоқ!

            Сайран ҚАДЫРҰЛЫ, моңғолиялық саясаткер Моңғолия қазақтарының арасынан шыққан белгілі саясаткер, білікті дипломат Сайран Қадырұлына моңғол баспасөзінің «отанын сатқан опасыз», «Қазақстанның жансызы» деген ауыр айыптар тағып, елді дүр сілкіндірген болатын. Атажұрттағы қандастары да жалған жала жабылған дипломатқа қолдау көрсетіп, бірнеше ақпарат құралдары хабарлар таратқан еді. Дүрліккен моңғолиялық қазақ жастарына Сайран Қадырұлының өзі басу айтып, өзін қолдаған ағайынға алғысын білдірді. Сонымен қатар, алдағы уақытта да бұл мәселенің мән-жайынан хабардар етуге уәде берді. Қандас бауырлары мен қазақ жастарын сабырға шақырып, сабасына түсірген жан сырын һәм бар шынын Сайран Қадырұлы былайша жеткізді: «Ардақты ағайын, бауырлар, жастар! Мен туралы жақсы пікір жаз­ған­дарға, қолдағандарға, және де теріс түсінікте жүрген бауырларға барлығына Алла разы болсын айтамын. Ең әуелі айтарым, алаңдайтын еш оқиға болған жоқ, мен қазір Уланбатырдамын. Денсаулығым да жақсы, Құдайға шүкір. Сәл сабыр етсеңіздер, аз уақыттан кейін барлық жағдайды ашықтан-ашық өзім міндетті түрде баяндап беремін. Бұл тек менің жеке басымның ғана мүддесі емес, Моңғолиядағы бар қазақтың тағдырына, болашағына байланысты іс болғандықтан, қайткен күнде барлық ағайынға толық мағлұмат беремін деп уәде етемін. Ал мына баспасөз бетіндегі қара PR-ға келсек, бұл әдейі жасалып отырған іс. Иелері, демеушілері, қолдаушылары, ұйымдастырушылары – бәрі-бәрі маған таныс. Қай жақтан, қандай мақсатпен лақтырылған тас екені де бесенеден белгілі. Әр сайлаудың алдында, сайлау барысында қаншама сөздер айтылады, 23 жылда қаншама жала жабылды. Жан-жақтан атқылап, шұрық тесік жараланған қасқырдай болған түріміз бар.... Үлкен саясат – оңай іс емес. Монғолияда Қазақ болып туғаным қылмыс болмаса, басқа жасаған ешқандай қылмыс ісім жоқ. Ниетің түзу болса, ісің адал болса, білімің, тәжірибең жеткілікті болса, ешкім сені төмендете алмайды. Жастарға айтарым әлі көп, сабырлы болыңдар, басқаның ой-пікірін дұрыс түсініп, құрметтей біліңдер. Фейсбук сияқты әлеуметтік желілерді дұрыс пайдаланып, халықтың ой-пікірін түзу қалыптастыратын, мәдениетті, парасатты ақыл иесі болыңдар. Мен үнемі хабарларыңды, әңгімелеріңді оқып, қадағалап отырамын. Барлықтарыңа амандық тілеймін!».