Хан-мейрамы күні келешегіміздің қаперсіз кепілі

Жылда маусымның төртінде тойланатын мемлекеттік рәміздер күні тәуелсіз мемлекет болғанымызға тәубә айтып, тарау-тарау талайлы тарихымызды тарамдап, саралайтынымыз бар... Тарихты таразылау бар да, тарихтан сабақ алу бар... Үш ғасырға жуық отаршыл­дықтың бұғауында болған халықпыз. Құлдық санадан әлі арыла алар емеспіз. Ел жақсылары жиналған алқа-қотан отырыстарда бодандықтың көлеңкесінде бұғып отырғандай бүгежектеп, дауыс көтеріп, дат айтуға жиырма жыл бойы еркіндік самалын жұтсақ та, әзір дәтіміз шыдамайды... Өткен тарих не дейді? Орыс отарлаушылары ең алдымен «бұратана» елдің байырғы саяси-әкімшілік жүйесі мен ата-бабасынан мұра қылған дәстүрлі басқару құрылымын қиратуға күш салған. Ондағы мақсат – Шоқан Уәлиханов айтқандай, «Қазақтарға орыс ұлықтары бастығын бекітіп бермесе, өздігінен басшы сайлауға болмайтындай ұғымды қалыптастыру». Британдықтар мен орыс­тардың отаршылық қатынас­тарының ерекшелігін зерттеген ағылшын зерттеушісі Дж. Уиллер былай деп жазған екен: «Британия Үндістанды отарлағанда олардың көнеден келе жатқан өзін-өзі басқару жүйесін бұзып, оның ішкі ісіне көп араласқан жоқ. Ал, орыстар болса, отарлаған жеріне тікелей өздерінің әкімшілік жүйесін күштеп орнатты. Әсіресе, Орта Азия тұрғындарын аяусыз ырқына көндіріп, олардың атамекен территориясын ұлы орыс империясының меншігі деп есептеді». Орыстар Қазақ Ордасының байырғы әкімшілік басқару жүйесін өзгертуге неге соншалық құмар болды? Біріншіден, халықтың ықыласына негізделген дала демократиясын жою. Екіншіден, көнеден келе жатқан «хан сайлау» жүйесін жойып, «ақ патша» деп әдіптелген орыс патшасының қолайына жағатын адамдарды билікке әкеліп, отарлау саясатын біртіндеп іске асыру. Қазақ даласын отарлауға жанын салған генерал-губернатор И.Неплюев 1748 жылы 26 тамызда Ресей Сыртқы істер коллегиясына жолдаған ресми хабарламасында астын сызып тұрып мынаны айтқан: «Қазақтардың қалыптасқан дәстүрі бойынша хандық – мұрагерлік жолмен емес, халықтың сайлауымен өтеді. Ел ағалары және халық қай сұлтанды қаласа, сол хан болып сайланады. Сайланған адам халықтың мүддесіне сай қызмет істейді. Ханның өзін бақылап отыратын ақсақал-билер болады. Сондықтан, ең алдымен хан сайлауды жойып, халық арасындағы ақсақал-билердің ықпалын әлсірету керек». Сөйтіп, араға 20 жыл салып, орыс патшасы: «Қазақ халқының бостандығын жою үшін хан сайлауын халық емес, біз өзіміз шешуiміз керек. Барлық іс-әрекет осы бағытқа қарай жұмылдырылсын, хан тұқымдарының ішінен бізге бағынатындарды іріктеп алып, оларға қолдау көрсетілсін», – деп жарғы бекіткен. Осы тұста Қазақ Ордасының жағдайы қандай еді? Орта жүздің ханы Әбілмәмбет қайтыс болып, Үш жүз өкілдері Ұлытауда ұлы Абылайды хан сайлады. Орыс патшасы Абылайдың хан сайлануына келіспей, оны бар болғаны қатардағы Орта жүздің сұлтаны ретінде таныды. «Егер қазаққа хан болғысы келсе, Петерборға немесе Орынборға келіп, бодандық шартына қол қойсын да, ІІ Екатерина патшайым мөр басқан «қазаққа хан болу туралы» грамотасын алсын», – деп шарт қойды. Абылай өзін қазақтың ханы деп таныған Цин әулетіне арқа сүйеп, екі империяның арасында түлкібұлаң салуға мәжбүр болды. Абылай өлген соң, оның тағы мұрагерлік дәстүрмен баласы Уәлиге тиді. Уәлидің билік құрған дәуірі жайлы Сәбит Мұқанов: «Орыстар бос белбеу Уәлиді «сен хансың, билік сенде» деп ұзын арқан, кең тұсаумен шырмап қойды да, отаршылық саясатын қарқынды жүргізді. Іс жүзінде Уәли ханның билігі орыстарда болды», – деп жазған. Уәли хан өлгесін орыс патшасы оның орнына әйелі Айғанымды хан деп таныды. Әйелдің хан болуы есте жоқ ерте дәуірлерде орын алмаса, «қазақ қазақ» атанғалы тарихта болмаған құбылыс еді. «Қатын бастаған көш оңбайды» дейтін қазақ бір кезде. Бұл – отарлаушылардың қазақтың басқару жүйесін кемсітуінің бір түрі еді. Орыс отарлаушылары «бұратана» елдерді идеологиялық тұрғыда да кемсітуін қоймай, қазақ тарихын бұрмалап жазуға тапсырыс берді. «Қазақ ешқашан біртұтас ел болмады, қазақ сұлтандары билікке таласып, бет-бетіне тартты» деген «ғылыми» байлам жасатты. Бұл тарихсымақ – ғылыми зердеден ада, иманы жоқ, ұяты кем, қазаққа жау пиғылдағы дүмшелер ойлап тапқан қып-қызыл өтірік. Шынның жүзіне жүгінсек, көне түрік заманынан бері қалыптасқан, билік ағадан ініге көшетін хан сайлау дәстүрі бұзылмаған кезде Қазақ Ордасында таққа талас тумаған еді. Әлбетте, қай заманда да өз тұғырын биіктеткісі келген тұлғалар болған. Оған Қатаған Тұрсын ханның оқиғасы дәлел. Бірақ, бұл – бас билікке таласу емес, дербес билікке ұмтылу, әрі тарихымыздағы шетін құбылыс болатын. Қалай да, қазақта хан билігі айрықша құрметтелген еді. Хан көтеру дәстүрі қазақ халқында 20 ғасырдың бас кезіне дейін сақталған-тұғын. А.И.Левшин қазақтардағы хан көтеруді өз еңбегінде былай суреттейді: «Таққа үміткер сұлтандар мен ақсүйектердің көпшілігінің келісімін алған соң, хандықтағы ең беделді сұлтандар мен билер оны жұқа ақ киізге отырғызған, киіз шетінен ұстап үш рет көтеріп, бірнеше рет «Хан! Хан! Хан!» деп айқайлаған»... Содан кейін жиналған жұртшылық хан отырған тақ есебіндегі киізді «хан талапай» жасап, осы тарихи оқиғаға қатысуының куәсі әрі тәбәрік ретінде бөліп-бөліп алған. Кейін той басталып, ол бірнеше күнге жалғасқан. Хан көтеруге келген көпшілік мұнда бірнеше күн тыныққан, сондай-ақ, беделді қайраткерлер мемлекеттік маңызды істерді ақылдасқан». Біздің ұсынысымыз – өткенді тануға ғана емес, бүгінгі барымызды бағалау үшін де қоғамдық-саяси маңызы зор, идеологиялық мәнге ие «хан көтеру, хан сайлау» дәстүрін «Ұлттық хан-мейрам күні» етіп белгілеп, оны жалпыхалықтық сипатқа бөленген, ұлы даланың төсінде театр­ландырылған мереке ретінде тойлау. Ұлыстың мерейін көтеретін, жалпы жұртты ерлікке, кісілікке баулитын, жаңа ұрпаққа үлгі тастайтын салт-дәстүрдің һәм қазақ «қазақ» болғалы ұлықталған рәуішті рәміздеріміздің бәрі де тәуелсіздігімізді тәу ететін осы хан тойынан көрініс тапса, деп ойлаймыз.

Жангелді АСАН zet1962@mail.ru