Хан-мейрамы күні келешегіміздің қаперсіз кепілі

10
2026

Жылда маусымның төртінде тойланатын мемлекеттік рәміздер күні тәуелсіз мемлекет болғанымызға тәубә айтып, тарау-тарау талайлы тарихымызды тарамдап, саралайтынымыз бар…
Тарихты таразылау бар да, тарихтан сабақ алу бар…
Үш ғасырға жуық отаршыл­дықтың бұғауында болған халықпыз. Құлдық санадан әлі арыла алар емеспіз. Ел жақсылары жиналған алқа-қотан отырыстарда бодандықтың көлеңкесінде бұғып отырғандай бүгежектеп, дауыс көтеріп, дат айтуға жиырма жыл бойы еркіндік самалын жұтсақ та, әзір дәтіміз шыдамайды…
Өткен тарих не дейді?

Орыс отарлаушылары ең алдымен «бұратана» елдің байырғы саяси-әкімшілік жүйесі мен ата-бабасынан мұра қылған дәстүрлі басқару құрылымын қиратуға күш салған. Ондағы мақсат – Шоқан Уәлиханов айтқандай, «Қазақтарға орыс ұлықтары бастығын бекітіп бермесе, өздігінен басшы сайлауға болмайтындай ұғымды қалыптастыру».
Британдықтар мен орыс­тардың отаршылық қатынас­тарының ерекшелігін зерттеген ағылшын зерттеушісі Дж. Уиллер былай деп жазған екен: «Британия Үндістанды отарлағанда олардың көнеден келе жатқан өзін-өзі басқару жүйесін бұзып, оның ішкі ісіне көп араласқан жоқ. Ал, орыстар болса, отарлаған жеріне тікелей өздерінің әкімшілік жүйесін күштеп орнатты. Әсіресе, Орта Азия тұрғындарын аяусыз ырқына көндіріп, олардың атамекен территориясын ұлы орыс империясының меншігі деп есептеді».
Орыстар Қазақ Ордасының байырғы әкімшілік басқару жүйесін өзгертуге неге соншалық құмар болды?
Біріншіден, халықтың ықыласына негізделген дала демократиясын жою. Екіншіден, көнеден келе жатқан «хан сайлау» жүйесін жойып, «ақ патша» деп әдіптелген орыс патшасының қолайына жағатын адамдарды билікке әкеліп, отарлау саясатын біртіндеп іске асыру.
Қазақ даласын отарлауға жанын салған генерал-губернатор И.Неплюев 1748 жылы 26 тамызда Ресей Сыртқы істер коллегиясына жолдаған ресми хабарламасында астын сызып тұрып мынаны айтқан: «Қазақтардың қалыптасқан дәстүрі бойынша хандық – мұрагерлік жолмен емес, халықтың сайлауымен өтеді. Ел ағалары және халық қай сұлтанды қаласа, сол хан болып сайланады. Сайланған адам халықтың мүддесіне сай қызмет істейді. Ханның өзін бақылап отыратын ақсақал-билер болады. Сондықтан, ең алдымен хан сайлауды жойып, халық арасындағы ақсақал-билердің ықпалын әлсірету керек».
Сөйтіп, араға 20 жыл салып, орыс патшасы: «Қазақ халқының бостандығын жою үшін хан сайлауын халық емес, біз өзіміз шешуiміз керек. Барлық іс-әрекет осы бағытқа қарай жұмылдырылсын, хан тұқымдарының ішінен бізге бағынатындарды іріктеп алып, оларға қолдау көрсетілсін», – деп жарғы бекіткен.
Осы тұста Қазақ Ордасының жағдайы қандай еді?
Орта жүздің ханы Әбілмәмбет қайтыс болып, Үш жүз өкілдері Ұлытауда ұлы Абылайды хан сайлады. Орыс патшасы Абылайдың хан сайлануына келіспей, оны бар болғаны қатардағы Орта жүздің сұлтаны ретінде таныды. «Егер қазаққа хан болғысы келсе, Петерборға немесе Орынборға келіп, бодандық шартына қол қойсын да, ІІ Екатерина патшайым мөр басқан «қазаққа хан болу туралы» грамотасын алсын», – деп шарт қойды. Абылай өзін қазақтың ханы деп таныған Цин әулетіне арқа сүйеп, екі империяның арасында түлкібұлаң салуға мәжбүр болды.
Абылай өлген соң, оның тағы мұрагерлік дәстүрмен баласы Уәлиге тиді. Уәлидің билік құрған дәуірі жайлы Сәбит Мұқанов: «Орыстар бос белбеу Уәлиді «сен хансың, билік сенде» деп ұзын арқан, кең тұсаумен шырмап қойды да, отаршылық саясатын қарқынды жүргізді. Іс жүзінде Уәли ханның билігі орыстарда болды», – деп жазған. Уәли хан өлгесін орыс патшасы оның орнына әйелі Айғанымды хан деп таныды. Әйелдің хан болуы есте жоқ ерте дәуірлерде орын алмаса, «қазақ қазақ» атанғалы тарихта болмаған құбылыс еді. «Қатын бастаған көш оңбайды» дейтін қазақ бір кезде. Бұл – отарлаушылардың қазақтың басқару жүйесін кемсітуінің бір түрі еді.
Орыс отарлаушылары «бұратана» елдерді идеологиялық тұрғыда да кемсітуін қоймай, қазақ тарихын бұрмалап жазуға тапсырыс берді. «Қазақ ешқашан біртұтас ел болмады, қазақ сұлтандары билікке таласып, бет-бетіне тартты» деген «ғылыми» байлам жасатты. Бұл тарихсымақ – ғылыми зердеден ада, иманы жоқ, ұяты кем, қазаққа жау пиғылдағы дүмшелер ойлап тапқан қып-қызыл өтірік.
Шынның жүзіне жүгінсек, көне түрік заманынан бері қалыптасқан, билік ағадан ініге көшетін хан сайлау дәстүрі бұзылмаған кезде Қазақ Ордасында таққа талас тумаған еді. Әлбетте, қай заманда да өз тұғырын биіктеткісі келген тұлғалар болған. Оған Қатаған Тұрсын ханның оқиғасы дәлел. Бірақ, бұл – бас билікке таласу емес, дербес билікке ұмтылу, әрі тарихымыздағы шетін құбылыс болатын. Қалай да, қазақта хан билігі айрықша құрметтелген еді.
Хан көтеру дәстүрі қазақ халқында 20 ғасырдың бас кезіне дейін сақталған-тұғын. А.И.Левшин қазақтардағы хан көтеруді өз еңбегінде былай суреттейді: «Таққа үміткер сұлтандар мен ақсүйектердің көпшілігінің келісімін алған соң, хандықтағы ең беделді сұлтандар мен билер оны жұқа ақ киізге отырғызған, киіз шетінен ұстап үш рет көтеріп, бірнеше рет «Хан! Хан! Хан!» деп айқайлаған»… Содан кейін жиналған жұртшылық хан отырған тақ есебіндегі киізді «хан талапай» жасап, осы тарихи оқиғаға қатысуының куәсі әрі тәбәрік ретінде бөліп-бөліп алған. Кейін той басталып, ол бірнеше күнге жалғасқан. Хан көтеруге келген көпшілік мұнда бірнеше күн тыныққан, сондай-ақ, беделді қайраткерлер мемлекеттік маңызды істерді ақылдасқан».
Біздің ұсынысымыз – өткенді тануға ғана емес, бүгінгі барымызды бағалау үшін де қоғамдық-саяси маңызы зор, идеологиялық мәнге ие «хан көтеру, хан сайлау» дәстүрін «Ұлттық хан-мейрам күні» етіп белгілеп, оны жалпыхалықтық сипатқа бөленген, ұлы даланың төсінде театр­ландырылған мереке ретінде тойлау. Ұлыстың мерейін көтеретін, жалпы жұртты ерлікке, кісілікке баулитын, жаңа ұрпаққа үлгі тастайтын салт-дәстүрдің һәм қазақ «қазақ» болғалы ұлықталған рәуішті рәміздеріміздің бәрі де тәуелсіздігімізді тәу ететін осы хан тойынан көрініс тапса, деп ойлаймыз.

Жангелді АСАН
[email protected]

 

10 ПІКІРЛЕР

  1. ҚАЗАҚ САНАСЫНА СІЛКІНІС ҚАЖЕТ
    « Егемен болмай, ел болмас».
    Махамбет
    Егемен ел – Тәуелсіз ел
    20 жыл бойы Қазақстан Республикасының тәуелсіздік мерекесі басқа мемлекеттердегідей жалпы халықтық көтеріңкі көңіл-күймен тойланған емес. Меніңше, бұның үш себебі бар. Біріншіден: Еуропалық жаңа жылдың көлеңкесінде қалуы. Екіншіден: Қызыл империяның қабырғасын сөккен дербестік жолында құрбан болған, асқақ рухты қазақ жастарының жадымыздан өшпес орын алуы. Үшіншіден: желтоқсан айындағы ауа райының қолайсыздығы. Оған 2012 жылдың желтоқсаны нақты дәлел бола алады. Осы жылы ауа райының өрескел аяздығына байланысты Қазақстан тереториясында Тәуелсіздік мерекесі тойланбай қалды. Бұл біздің ұлттығымызға, елдігімізге сын. Сондықтан, Тәуелсіздік күнін нақтылап өз орнына қойғанымыз абзал. Қазақ елі өзінің Егемендігін 1990 жылы 25 қазанда қабылдағаны мәлім. Қазақ (Советтік Социалистік) Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы деклорация былай басталады. «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Жоғарғы Советі Қазақстан халқының еркін білдіре отырып…
    Қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып,
    ізгілікті демократиялық, праволық мемлекетті құруға бел байлауды негізге ала отырып,
    Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігін жариялайды және осы Деклорацияны қабылдайды» – деп 17 бөлімнен тұратын құжатты бекітеді. Деклорацияда егемен ел ретінде, ел аумағының бөлінбес бір тұтастығы, мемлекеттік рәміздердің қастерленуі, тіпті егеменді мемлекет ретінде жаңа Конституциясының жүзеге асырылуы жайында нақтылы айтылады. Ал, 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабындағы 1,2 тармағында «Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді» – деп көрсеткен. Осынау, 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған егемендік туралы Деклорация мен 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституция да ТӘУЕЛСІЗ деген сөз бірде-бір рет қолданылмаған. Демек, Егемендік пен Тәуелсіздік – егіз ұғым. Махамбет бабамыздың «Егемен болмай ел болмас» – деуі тәуелсіз, дербес ел болуды аңсауы. Сондықтан, 25 қазан күнін Тәуелсіздік һәм Республика күні ретінде тойлауды, ал 16-17 желтоқсанды «ҚАЗАҚ РУХЫ» күні деп атап белгілеуді ұсынамын.Жалпы егемен ел ретінде түзетеріміз баршылық. «Кеңесіп пішкен тон, келте болмайды»-деген ғой бабаларымыз.
    ТЕКТІЛІГІМІЗДІ ТАНЫТЫП ТЕГІМІЗДІ ТҮЗЕЙІК
    ОВ,ЕВ,ИНдерден қайтсек құтыламыз? Осы бір тақырып Ақмет Байтұрсынұлының бастауымен 1915 жылдан бері жазылып келеді ,оған үш жылдан соң 100 жыл болады.1996 жылғы 2 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» жарлығы шықты.Бұл Жарлықта «Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып,өзгертуге хақылы,алайда тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуы тиіс.Бұл реттеәкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері бірге жазылады» делінген.Осы арада азаматтардың аты-жөнінің «ұлы», «қызы» деп нақтылы бір жүйеге түсірілгенімен,тегін жазудағы бір ізділік айқындалып айтылмағандықтан әркім өз тектерін әр түрлі жазуда.Бірі тегіне «әулеті» деп бірі «тегі» деп қосып жазса,енді біреулеріміз еуропалық үлгіні ұстанып Қасымбек Айдар,Бейбіт Бекен,Серік Арман,Қанат Қайрат деген сияқты қайсысы аты қайсысы тегі екені белгісіз үлкенге, ата-бабаға, қарияға деген құрмет сезілмейтін ұлттық болмысымызға жат үлгіні ту етіп жүргеніміз және бар.Он, жиырма атасына дейін жатқа айтып беретін қазақ тексіз емес еді. «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер», «жеті атасын білмеген жетесіз»,демекші қазақта «жеті ата», «ата тек» деген қасиетті ұғым бар.Сондықтан да ұлты қазақ азаматтар тегін жазғанда осы ұлтымыздың өзіндік ерекшелігіне тән киелі «ата» деген сөзді қосарлап жазса деймін.Бұл тегімізді жазғандағы қазаққа ғана тиесілі бір ізді үлгі болар еді. Мысалы:Досқан ата Берік Алмасбекұлы, Қасентай ата Гүлбақыт Төлегенқызы, Наурызбай ата Айсұлтан Әбдешұлы, Тасболат ата Еркежан Сәкенқызы т.т. Әгәрәкім осы бір үлгіні заңдастырсақ біз әлемнің қай түкпірінде жүрмейік Алаш ұранды Қазақ баласын аты-жөнінен немесе бір ғана тегінен-ақ бірден танып біліп отыратын боламыз.Тағы бір айтарым атамыздың атын яғни тегімізді кез-келген жерде айтып,кез-келген жерге жаза бергенді доғаруымыз керек.Тегіміз төлқұжат,жеке куәлік,диплом сияқты толық аты-жөні,тегімен куәландырылатын ресми қағаздар мен құжаттарға ғана жазылғаны жөн. Қалған кездерде мектепке барған баладан бастап,барлық мемлекет қызметкерлері тегіс аты-жөндерімен жазылып аталғандары дұрыс.Мектеп оқушысын,болмаса студент оқушыны тақтаға шақырғанда Арман Тұрарұлы,Әсем Қанатқызы деп немесе жәй ғана Тұрарұлы,Қанатқызы тақтаға шық деп шақырып,баға қоятын журналдарын толтырғанда тек қана аты-жөндерімен жазсақ .Осылайша ов,ев,индерден құтылып қана қоймай,бір ізге түсірілген,ұлттық болмысымызға тән таза қазақы үлгіні өмірге әкелген болар едік.

    Самат Сыпатайұлы

  2. «Ұра берсе, құдай да өледі» деген, халық қаперіне «хан сайлау» дәстүрін сіңіре берсе, бір күні Елбасын хан көтерейік деп шығар…

  3. …орыс патшасы: «Қазақ халқының бостандығын жою үшін хан сайлауын халық емес, біз өзіміз шешуiміз керек. Барлық іс-әрекет осы бағытқа қарай жұмылдырылсын, хан тұқымдарының ішінен бізге бағынатындарды іріктеп алып, оларға қолдау көрсетілсін», – деп жарғы бекіткен…

  4. Орыстар бос белбеу Уәлиді «сен хансың, билік сенде» деп ұзын арқан, кең тұсаумен шырмап қойды да, отаршылық саясатын қарқынды жүргізді. Іс жүзінде Уәли ханның билігі орыстарда болды… Орыс бодандығында болған қазақтың мәдениеті де орыстың ыңғайына жығылды. Шоқан да, Ыбырай да, Абай да орысшыл еді ғой. Алашордашыларды да орысшылдар мен қазақшылдар деп екіге бөлуге болады. Кеңес империясы, шын мәнінде, орыс империясы болған…

  5. Қазақтарға орыс ұлықтары бастығын бекітіп бермесе, өздігінен басшы сайлауға болмайтындай ұғымды қалыптастыру саясаты әлі күнге дейін жүруде!

  6. «Хан талапай» мен «Хан талау» дегеніміз бір ұғым емес пе? «Хан талапай» деп асық ойнаушы едік қой бала күнімізде…

  7. Назарбаевты хан көтерсе, несі бар? Президенттіктен кетсе, басқа елдердің патша, императорлары сияқты Хан боп сайлансын! Елдігіміз, Қазақ Елі екендігіміз содан көрінеді!

  8. Үш ғасырға жуық отаршыл­дықтың бұғауында болған халықпыз. Құлдық санадан әлі арыла алар емеспіз. Ел жақсылары жиналған алқа-қотан отырыстарда бодандықтың көлеңкесінде бұғып отырғандай бүгежектеп, дауыс көтеріп, дат айтуға жиырма жыл бойы еркіндік самалын жұтсақ та, әзір дәтіміз шыдамайды…
    ——————————————————————————————————————————————
    Ақылды айтылған сөз! Бодандықтың көлеңкесінен шыға алмай отырмыз! Бұға берсе, сұға береді, тәйірі!

  9. Хан көтеру рәсімі Плано Карпини, Рашид әд-Дин, Жуайни, И.Шильтбергер, тағы басқа ортағасырлық авторлардың еңбектерінде де жан-жақты баяндалған.
    Қазақта басқа жұртта жоқ «хан сарқыты» деген рәсімі болған екен. Хан атқа мініп, Ордаға түскен кезде әр тайпадан, әр тараптан арнайы іріктелген кісілер ханның өрістегі малын, қозы-лақ, құлын тайына дейін түк қалдырмай бөліске салады. Мұның мәні – ханға малдың керегі жоқ, оның халықтан бөтен тілегі болмауға тиіс. Айта кетейік, хан сарқытына мүлде қарама-қарсы, «Хан талау» деген салт та болған. Бұл – ел сенімін ақтамаған, дарынсыздығын, қорқаулығын, ақылсыздығын, арамдығын, аярлығын көрсеткен әміршінің малын тігерге тұяқ қалдырмай бөлісіп алған, зорлық емес, барымта емес, жәмиғат шешімімен жүзеге асатын жоба.
    Бұл арада айтпағымыз – сонау сақ заманынан басталып, көне түркілерді көктей өтіп, Алтын Ордаға ұласқан, одан Қазақ Ордасына жалғасқан үш мың жылдық ұлы тарихымызда ұлағатты істердің қатарынан орын алуға лайық, қазақ еліндегі далалық демократияның үздік үлгісі болған хандық билікті қазаққа қайта әкеліп орнату емес.
    Біздің ұсынысымыз – өткенді тануға ғана емес, бүгінгі барымызды бағалау үшін де қоғамдық-саяси маңызы зор, идеологиялық мәнге ие «хан көтеру, хан сайлау» дәстүрін «Ұлттық хан-мейрам күні» етіп белгілеп, оны жалпыхалықтық сипатқа бөленген, ұлы даланың төсінде театрландырылған мереке ретінде тойлау. Ұлыстың мерейін көтеретін, жалпы жұртты ерлікке, кісілікке баулитын, жаңа ұрпаққа үлгі тастайтын салт-дәстүрдің бәрі де тәуелсіздігімізді тәу ететін осы хан тойынан көрініс табады деп ойлаймыз.
    Ездігімізді емес, елдігімізді танытайық, ағайын!
    Жангелді АСАН
    [email protected]

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз