Ескерткіш құлатқан ессіздер

3
1593

Халық қаһарманының ескерткішін алып тастаудың
астарында қандай мақсат-мүдде жасырынып жатыр?

Кеңес Одағының қабырғасын қақыратқан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің есімі аталса, елеңдемейтін жан кемде-кем. Тірі жүрсе, биыл ол қырықтың жетеуіне шығып, нағыз ел ағасы атанар еді. Тағдыр Халық қаһарманының пешенесіне бар болғаны жиырма бір жыл өмір сүруді жазыпты. «Жақсының өзі өлсе де, оның ерлігі мәңгілік ұмытылмайды» десек те, Зайсан қаласында 20 жылдан бері тұрған қаһарман құрметіне қойылған ескерткішті таяуда ғана жергілікті әкімшілік құлатып тастапты. О, тоба! Осының анық-қанығын білмек болып, жаманат хабарды әлеуметтік желі арқылы жанының айқайымен жеткізген Райымхан Құсайыновпен байланысқанымызда, ұлт жанашыры бізге төмендегі жағдайды ашына әңгімелеп берді.

– Райымхан Сағатұлы, естіп-білуімізше, Қайрат Рысқұлбековке ел тарихында алғаш қойылған ескерткішке ұйытқы болған сіз екенсіз. Сол кезде бұл қадамыңызға не түрткі болды? Ұлттық намыс, патриоттық сезімдерге толы болғаныңыз, азаматтық жауапкершілігіңізді күнделікті өз күйбең тірлігіңізден аса жоғары қоятыныңыз осы істеріңізден-ақ байқалып тұр. Ерлікке арналған ескерткіштің қысқаша тарихын баяндап берсеңіз.
– Әлқиссадан бастасам, 1989 жылы еліміз қызыл Мәскеудің қыспағындағы Қазақ ССР-і болып тұрғанда, марқұм Сәбетқазы Ақатай басқарған «Азат» қозғалысының бөлімшесін Шығыс Қазақстан аумағында мен ашқан едім. Сөйтіп, Өскемен қаласы Ворошилов көшесіндегі пединституттың оқу корпусында «Азат» қозғалысының алғашқы жиынын өткіздік. Оның штабы орталық ескі мешіттің төрінде орналасқан еді. «Азат» қозғалысының жарғысы мен бағдарламасының баламасын жасадық. Бұл бағдарлама Алматыдағы Республика сарайында өткен жиында бүкіл қазақ зиялыларының ортасында талқыланып, бірауыздан бекітілді. Бағдарламада біз СССР-дан бөлініп, өз алдына дербес мемлекет болып, өз елтаңбамыз, әнұранымыз, әскеріміз, шекарамыз, ақшамыз, мемлекеттік тіліміз (әлбетте, қазақ тілі деп көрсеттік) белгіленіп, тәуелсіздік алу жолында күресуге бір кісідей дауыс бердік. Мен Шығыс Қазақстанда және Зайсан ауданында «Азат» қозғалысын жүргіздім. Оны екінің бірі біле бермейді. Мақтанып айта беруге беттен басамыз. Әйтпесе, буырқанған жас кезде біраз белсенділік таныттық қой…
Сол кезде мен туризм және спорт комитетін басқаратынмын…
Не керек, 1990-91 жылдары Зайсан қаласында жаңа алаң ашып, «Азат» қозғалысының мүшесі, ниеті бір, тағдыры ұқсас жамбылдық құрылысшы досым Біржан Үсіпбеков екеуміз бүкіл қазақ үшін құрбан болған халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арнап кітап түріндегі ескерткіш орнаттық. Сол кезде Қайрат Рысқұлбеков туралы хабары жоқ кейбіреулердің «оның біздің аймаққа не қатысы бар» деген ойда болғаны жасырын емес. Қайраттың туған жері Жамбыл облысы болғанымен, Семей түрмесінде этаппен отырған ғой. Сол жерде рецидивист Власенконың қолымен өлтірілді. Сондықтан, біз әлі ақталмаған желтоқсан оқиғасының құрбанын – елін, жерін сүйген, сол үшін шейіт болған ұлт батырын жұртқа, кейінгі ұрпаққа танытпақ ниетте болдық. Ол ойымыз жүзеге асқанша қатарынан Қайраттың талайлы тағдырына әлемдік қауымдастықтың назарын аударуға үлес қостық.
Ескерткішті орнатпас бұрын оның ең таңдаулы нұсқасына бәйге жарияладық. Ондаған ұсыныс түсті. «Аққан жұлдыз» атты айшықты жобаның, Айша Бибі сықылды мазардың макеті мен бірнеше мүсін-бюст болғаны есімде. Тағы сол сияқты үздік шыққан нұсқалардың ішінен іріктеп алғанымыз аға­йынды Мұқатай, Мұқанай есімді су-ретшілердің «Желтоқсан жұмбақ кітабы» деген жобасы болды. Бәйгенің жеңімпаздарының еңбекақысына өз қалтамнан 50 мың сом шығардым. Ал, ескерткішті айшықтауға және 100 мың сом бөлдім. Одан өзге де шығындарды есептеп жатқан мен жоқ. Оны қойшы. Бизнес құрып, шаруамды дөңгелетіп отырған кезім. «Табиғат» атты шағын кәсіпорным болды.
Сөйтіп, жаңа алаң ашып, үлкен аумақты жер теліміне әкімшілік рұқсатымен ескерткіш салдым. Біржан досым өз тарапынан құрылыс материалдарымен, техникамен, жұмыс күшімен қамтамасыз етті, мәрмәр тасты арнайы елінен алдырды. Десек те, біз ізгі шаруаны мақтан үшін өз атымыздан емес, бүкіл халық атынан һәм ел игілігі үшін атқардық.
– Расында да, сіздердің бұл қадамдарыңыз елге үлгі боларлық-тай екен. Осыған қарамастан, жылдар бойы ел игілігі үшін қызмет еткен ескерткішті құлатып тастауға кімнің дәті барды? Жергілікті әкімшіліктің айтар уәжі не?
– Бұл ескерткіштің өзіндік тарихи маңызы бар екенін айта кету керек. Неге десеңіз, сол кезде Қайрат Рысқұлбековке ескерткіш орнатпақ түгілі, желтоқсан оқиғасы туралы айтуға да болмай-тұғын. Ескерткішті орнату ерлікке бара-бар өте қиын шаруа еді ғой.
Сол бүкіл Шығыс Қазақстан халқы мақтан тұтарлық ескерт­кішті үстіміздегі жылдың сәуір айында әкімшілік әй-шәй жоқ құлатып тастады. Бұл – барып тұрған бассыздық! Басқаша қалай айтуға болады? Шешімді шығарған – «Нұр Отан» ХДП Зай-сан аудандық филиалы. Қалай десек те, бұның заңбұзушылық екені сөзсіз. Заң бойынша ескерткіштерді өзгертуге, көшіруге тиым салынған және 258-бап бойынша вандализмге жатады. Оны айтасыз, айдалада тұрған әлдекімдердің бейіт тасын сындырып кетсе де, бүкіл жұртты шулатып жатады!..
Ал, әкімшіліктің айтар уәжі: бұл ескерткіш ескірген-міс, оның орнына биіктігі 12 метр болатын жаңа зәулім ескерткіш орнатылатын көрінеді. Бұрынғы ес­керткішті Зайсаннан 10 шақырым жердегі аудан әкімінің туған жері – Айнабұлақ ауылына апарып қоймақшы.
Осындай шешімді кім, қалай қабылдады екен? Оны, әрине, іштей сезіп-біліп отырмын. Сөйтсе-дағы, шешім қабылдаған шекпенділер жергілікті халықтан, тым болмағанда, мына менен рұқсат сұрауы керек еді. Бұл ескерткішті тікелей өзім қаржыландырғанмын, оны жұрт біледі. Ескерткіш қойғыш болса, басқа жер құрып қалып па?! Құдайға шүкір, қазақтың жері кең, бәріне жетеді! Жаңа ескерткішті басқа жерге қою керек еді.
Менің ойымша, бұрынғы ескерткішті қайтадан орнына қою керек. Өйткені, жер астында жұмысшылар бұза алмай қойған шамамен 300 тонналық ескерткіш тұғыры қалды. Оның орнын тегістеп, үстіне жасыл шым-топырақ төсеп, тып-типыл етіп қойыпты.
Білуімше, ескерткішті бұз­ғанға, жұрт демалатын саябақ салғанға, жаңа ескерткіш жасағанға 25169 000 ( 25 миллион!) теңге көлемінде бюджет қаржысы жұмсалып отыр. Бюджет қаржысы халықтан жиналатын салық есебінен құралмай ма? Ендеше, оны есепсіз жұмсай беруге ешкімнің қақысы жоқ!
Осыншама қаржыны далаға шашқанша, 1 миллион теңгеге тыныш тұрған ескерткішке реставрация жасап, жөндеп, қалған ақшаны жағдайы жоқ жанұяларға, мұқтаж адамдарға өсімсіз несие ретінде бөліп беру керек еді. Жоқ, бұларыңыз бұрынғы ескерткішті Айнабұлақ ауылына орнатып, саябақ жасамақшы. Сонда, немене, оған да бюджеттен қаржы бөлінбекші ме? Неге әкім өз қал­тасынан ақша шығармайды бұл іске?!
– Енді не істемек ойыңыз бар? Әлемде болып жатқан кез келген лаңкестік акциясы үшін жауапкершілікті нақты бір саяси ұйым мойнына алып жатады. Ал, бұл вандализм акциясын кім мойнына алады? Сотқа, құзырлы орындарға жүгіндіңіз бе?
– Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа, Бас прокуратураға, одан қалды, облыстық прокурату-раға, облыстық ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ондағылар бұл істі Вячеслав деген азаматтың қа-рауына жүктеді), ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сәбильяновқа, «Нұр Отан» партиясына арыз-өтініш жолдадым. Әзір хат-хабар жоқ, жабулы қазан жабулы күйінде тұр. Әрине, мен бұл мәселені жылы жауып қарап отырмасым белгілі. Халық үшін орнатқан ескерткішті жұлып тастағандардың тірлігіне қарсы заңды түрде әрекет жасаймын, саяси мәселе етіп көтеремін. ЮНЕСКО-ға шағынып, бүкіл қазақ халқына үндеу тастаймын.
Сөз соңында айтарым, мына сіздердің басылымды пайдалана отырып, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің Зайсан­дағы ескерткішін қорғап қалуға намысы бар, ары биік арда азаматтарды, бүкіл қазағымды ша-қырамын. Менімен байланыс орнатқысы келгендер мына телефондар арқылы хабарласуына болады: 87773827000, 8(7232)213614.
– Рәке, шамасы, бұл оқиғаның жан­жалды жалғасы болатын түрі бар. Не де болса, сізге толайым табыс тілей отырып, оқырманды хабар­дан қағыс қалдырмай отыруға уәде береміз.

Жангелді АСАН

 

 

 

 

 

3 ПІКІРЛЕР

  1. «Жанжалды жалғасы болады» деп көттеріңнен пыспай-ақ қойыңдар. Одан да «а» деген соң «б» ны да айтып, Райымханды қолдауға шақыру керек қой. Аруақ атқыр ауданның әкімінің ат ы кім екен өзі?

  2. оян казак!!!

    ПОМНИ ОБ ЭТОМ, КАЗАХ!

    1. За один 19-й век казахи только Младшего Жуза подняли свыше 150-ти восстаний против царизма, которые были утоплены в крови.

    2. 1901 –1910 годы. Русский царь наводняет казахскую степь переселенцами из внутренних губерний России. Казахов сгоняют со своих земель, бросают в тюрьмы, расстреливают.

    3. 1914 –1915 годы. Казахов отправляют на тыловые работы, копать окопы на передовой. Многие не вернулись.

    4. 1916 год. Российское самодержавие потопило в крови национально-освободительное движение казахов, поднявшихся на борьбу с кровавым режимом.

    5. 1918-1920 годы. Казахи гибнут десятками тысяч в Гражданской войне красных против белых.

    6. 1921–1923 годы. От голода погибают полтора миллиона казахов.

    7. 1927–1929 годы. В стране разворачивается борьба под лозунгом «Экспроприация экспроприаторов». Многие бывшие богачи отправляются в ссылку, восстания в степи жестоко подавляются, организаторов бунтов расстреливают.

    8. 1930-1931 годы. Идут аресты и расстрелы видных деятелей партии «Алаш».

    9. 1932-1933 годы. Москва решается на полное истребление казахского народа. Геноцид. Три миллиона казахов погибает от голода. Всего тоталитарной системой истреблено 70% казахского населения.

    10. 1937 – 1939 годы. 66 тысяч казахов объявлены «врагами народа», многие из них расстреляны, репрессированы.

    11. 1941 –1945 годы. Более трехсот тысяч казахов сложили свои головы на фронтах второй мировой войны. Около миллиона детей остаются сиротами.

    12. 1951 –1953 годы. Продолжение политики сталинских репрессий. Вновь казахов расстреливают, бросают в застенки НКВД, отправляют в лагеря.

    13. 1955-61 годы. Закрыто 700 казахских школ. На север Казахстана сгоняют до миллиона переселенцев – зеков.

    14. 1979 – 1989 годы. Казахи гибнут на чужой для нашего народа имперской захватнической войне в Афганистане.

    15. 1961 – 1984 годы. Рушатся мечети, идет богоборческая кампания, народ теряет свое национальное самосознание, духовность, спивается. Казахский язык задвигается на второй план.

    16. 1986 –1987 годы. Подавлено выступление казахской молодежи на Новой площади в Алматы. Многие его участники репрессированы, отправлены в тюрьмы и лагеря.

    17. 1989-1990 годы. Подавлено выступление молодежи в Жанаозене.

  3. Осы қазіргі билікке қол жеткендердің тұрған бұйымды бүлдіруден басқаға сәуесі жетпейді. Өздігінен жаңа нәрсе жасап жатқаны өте аз ғой! Бұзуды бабына келтіріп тұрып орындайды! Ал енді жаңа бір дүниені ұлт және халық мүддесі үшін жасағанын өте сирек көреміз! Рухани және ұлттық тұрғыдан азып барамыз ау!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз