МАНДАТСЫЗ ДА, МАЙДАНДАМЫЗ! - Қазыбек Иса

МАНДАТСЫЗ ДА, МАЙДАНДАМЫЗ! - Қазыбек Иса

ҚОШ БОЛ ПАРЛАМЕНТ!

ҚОШ КЕЛДІҢ ҚҰРЫЛТАЙ!

Елімізде тұңғыш рет дүрілдеп өткен Құрылтай сайлауында “Ақ жол” партиясы да белгіленген 5 пайыздық межені меңгеріп, заң шығару билігінде өз фракциясын құру құқына ие болды. Сайлауда жақсылыққа жеткізер түбегейлі өзгерісті бірге жасаудың алғашқы қадамы - “Ақ жолды” қолдау деп, дауыс берген барлық сайлаушыларымызға шексіз алғысымызды білдіреміз.

Сайлау науқанында мыңдаған адамдармен кездестік. Арзу-армандарын тыңдадық! “Ақ Жолға” Ақ жол тілеген Ақ баталарын алдық.

Қолдауларынан қуат алып, ыстық ықыластарынан шуақ алдық. Сайлауда “Ақ жол” партиясына дауыс берген әр азаматқа Алғыс айтамыз. “Ақ жол” Сіздердің кезекті рет қателеспегендеріңізге көз жеткізу үшін Құрылтайда құрыштай берік рухпен, күшті жігермен қайрат етеді.

Әлімсақтан келе жатқан әдет “сайлау маңызды емес - санау маңызды” дегендей, “Ақ жолға” бұйырғаны 8 мандат болып тұр. Мәселе санында емес, сапасында!

Біз Парламенттің кейінгі VII шақырылымында 12 депутат, соңғы VIII шақырылымында 6 депутат болып, әрқайсымыз ұлт мүддесін қорғауда 60 депутаттан кем емес жемісті еңбек ете білдік. Үкіметтің бюджет есебін бекіту, салық төлеу тб өте маңызды заңдарды қабылдауда Парламент тарихындағы қарсы дауыс берген тұңғыш және жалғыз партия - “Ақ жол” фракциясы болды!

Тәуелсіз Қазақ Елі тарихында тұңғыш рет “Ақ жол” талай көтеріп, тікелей менің өз қолыммен енгізуімнің арқасында Қазақстан Азаматтығын алу үшін Мемлекеттік тілден, Конституция мен ел тарихынан емтихан тапсыруды талап ететін заң қабылданды. Бұл емтихан тапсыру талабы этникалық қазақтарға қолданылмайды. Бір данышпан айтқандай, “Заң қанша жақсы болса да, атқарушы үкімет нашар болса, жолы ауыр болады” дегендей, қазір атамекенін аңсаған шетелдегі қандастардан қазақ тілінен емтихан алу заңсыз екенін біз парламентте бірнеше рет көтердік. Бұл заңсыздық тоқтатылуы тиіс.

✅ Қазіргі Құрылтай сайлауына байланысты 

“Неге сайланбай қалды?!” деп, елдің іздеп жатуының мәні зор! “Неге сайланады?” дегеннен құдай сақтасын!

Кешегі сайлауда қолдау білдірген, бүгін әлеуметтік желіде іздеп, сұрап жатқан әрбір азаматқа Алғысым зор! Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз бізге қуат береді.

✅ Жаңа атазаңымызға сай қазір елімізде жаппай жаңару үрдісі жүріп жатыр. “Ақ жол” партиясының елге белгілі Парламент депутаттары болған Азат Перуашев, Қазыбек Иса, Ерлан Барлыбаев, Серік Ерубаев, Берік Дүйсембиновтер, біз енді Жаңа заң шығарушы орган - Құрылтай депутаттығында жаңа адамдар мен жастарға қолдау жасап, орын бердік. Жаңа тізімде “Ақ жол” партиясы құрылғаннан бері аймақтардағы филиалдарын басқарып, халықпен араласып келе жатқан, еңбекпен шыңдалған, өз істерінің нағыз мамандары ретінде танылған лайықты өңір өкілдері бар. Жаңадан сайланған тұңғыш Құрылтай депутаттарын құттықтаймыз! Халық алдындағы жауапкершілігі мен міндеті зор істе Ақ жол тілейміз.

✅ Менің Тәуелсіз Қазақ Елі үшін саяси жұмысым “Ақ жол” Демократиялық партиясы төрағасының орынбасары ретінде де, ұлтшыл қоғам қайраткері, көсемсөз журналисі, көркемсөз ақыны ретінде жалғаса береді. 

“Тақтан түссек те, аттан түскен жоқпыз”, құдайға шүкір.

Ұлт мүддесін қорғау күресінде қару-қаламым қолымда! Қолдаушыларым жолымда!

Мандатсыз да, майдандамыз!

Парламентте уақыт жетпей, үлгермеген, саны аз “Ақжолдықтар” мен бізге ақниеттес депутаттардың дауысы жетпеген, ел үшін ерекше маңызды заңдарды қабылдату жолында енді халық арасында қоғаммен бірге тығыз жұмыс істеп, жаңа Құрылтай депутаттарына жүктеуді күшейту арқылы жүзеге асыру жолында қайрат ете береміз.

Парламенттегі бес жылда менің атыма күніге қаптаған хаттар толастамай, кейде тіпті 50 хатқа дейін келетін. 2026 жылдың 30 маусымы күні, кешкі сағат 18:00-де парламенттегі ең соңғы хатқа жауап жазып жіберген едім.

Бұл туралы “Тәуелсіздігіне 35 жыл болған Қазақ мемлекетінде 30 жыл бес ай жұмыс істеген Парламенттің ең алғашқы хатын кім жолдағанын білмеймін, ал Парламенттің

ең соңғы хатын мен жолдадым.”-деп жазып едім.

Еліміздегі бірер сайттар зерттеу жасап, 2026 жылғы 20 мамырға дейінгі депутаттар сауалын санап шығыпты.

Иә, парламенттегі ең көп депутаттық сауал жасап, үкімет пен құзыретті органдарға тыным бермеген депутаттардың ең алдында үш жылда 321 депутаттық сауал жасаған біздің атымызды атапты. 

 “Ақ жол” партиясы фракциясының 70 пайызы, яғни, 6 депутаттың 4-еуі алғашқы орындарға, серке сегіздікке кіріпті.

6-орындағы Азат Перуашев 226, 7-орындағы Дания Еспаева 217, 8-орындағы Ерлан Барлыбаев 215 депутаттық сауал жасаған. 

Сол жасаған сауалдарымыздың басым бөлігі халықтың мұң-мұқтажын өтеп, мәселесін шешіп жатқанын көргенде, қанаттанып қаласың. Қарапайым халықтың риясыз ықыласын көргенде, риза боласың. Парламентте бес жыл босқа жүрмеген екенбіз ғой деп, көңілің көтеріліп шыға келеді.

2021 жылы үш партияның 107 депутаты болған Парламенттің 7 шақырылымында да және 2023 жылы 98 депутат ( 6 партияның 69 депутаты мен бір мандатты 29 депутат) бас қосқан 8 шақырылымда да қатарынан екі рет “Жылдың үздік депутаты” атанғанымыз бос емес екен ғой деп, марқайып қаласың.

Бізге хабарласқан әр азаматтың өтініштерін “Ақ жол” партиясының Құрылтайдағы депутаттары арқылы орындауға тырыса береміз. Енді хаттарды жекеге және партияға жолдай берулеріңізге болады.

✅ 2007 жылы алғаш рет тек қана партиялық тізіммен сайланған Парламент Мәжілісі сайлауында тек қана жалғыз “Нұротан” партиясын өткізген еді. Сол кезде Әлихан Бәймен басқаратын “Ақ жол” партиясы тізімімен Парламент Мәжілісі депутаттығына түскен біз ел ішінде сайлауда күресіп жүріп, сайлау учаскелерінде заңды белден басқан айқын бұрмалауларды өз көзімізбен көрген едік. Мұндай заңсыздыққа, әділетсіздікке шыдамай, “Қазақ үні” газетінің 2007 жылғы 27 тамыздағы санында: “ЕЛБАСЫҒА ЕЛ СЕНІМІ БІТКЕН САЙЛАУ БОЛДЫ! Қырық бір қиянат” деген тақырыппен, сайлауда болған 41 заңсыздықты көрсетіп, өткір мақала жаздым. Кейін Парламентте экс-президентке байланысты мәселелер көтергенімізде (“Тоқсаныншы жылдардағы мұнай келісімдері Назарбаев үшін зор келісім болғанмен, халыққа қор келісім болды”, “Елбасы атауларын заңдардың бәрінен алып тастау керек!”, “Тәуелсіздік ордасы болған Жоғарғы Кеңес ғимаратын отбасыдан мемлекетке қайтару керек, “Тіл туралы заңдағы қауқарсыз бейшара баптарды елбасымен бірге зейнетке шығарып жіберу керек”) мәселенің мәнісіне бармай, мәтінді оқымай жатып, “Бұрын неге айтпадың?” деп, шаужайыңа жабысып, шапылдай жөнелетіндерге осы бұрынғы, 2007 жылы елбасының қылышынан қан тамып тұрғанда жазылған газет мақаласының скринін көрсетіп, ауыздарын жапқан едік.  

Ал кеше ғана өткен, партия тізімімен сайланған Құрылтай сайлауында құдайға шүкір, бес партия сайланды. Ал бұл сайлаудың қалай өткені туралы сайлау учаскелеріндегі дауыс беруге тікелей қатысқан бақылаушылар айта жатар…

✅ Жалпы, парламент сайлауы демекші, мен өткен ғасырдағы 1999 жылдан 2021 жылғы сайлауға дейін 5 рет сайлауға қатысып, бәрінде де көпе-көрінеу әділетсіздікке ұшырап, өте алмадым. Тек мемлекет тізгінін Қ.Тоқаев қолға алған соң ғана, 21 жылдан соң, 2021 жылы өткен алғашқы Парламент сайлауында әділдікке қол жеткіздім. Ұлтқа қызмет етуге мүмкіндік беретін еліміздің ең жоғары заң шығару билігіне ақ жол ашқан Қасым-Жомарт Кемелұлына көп рахмет!

Бірақ бұл 7-ші шақырылымның ғұмыры 2 жыл ғана болды.

2023 жылы тұңғыш рет 6 партия сайланған Парламенттің 8 шақырылымы сайлауында да депутаттық мандатқа ие болдым. Бұл Парламенттің соңғы шақырылымының ғұмыры да Жаңа Конституция қабылдануына орай 3 жыл 3 ай болды. Сонда екі шақырылымда бір шақырылымдық мерзімдей 5 жыл 3 ай халыққа адал қызмет етіппін. Құдайға сансыз шүкірлік дейік.

✅ Ең бастысы, Ел алдында жүзім жарқын! Әр күнде халық аманаты, ұлт мүддесі үшін айқастық та, шайқастық та. Жеңістеріміз де жетеді. Күш тең болмай, дауыс саны жетпей, “жығылған кезде де, басымызды көтере жығылдық”, әкем айтпақшы…

Парламент ішіндегі сыртқа көрінбейтін, ел біле бермейтін күрестеріміз жетеді. Жарымыз күнде майданға жіберіп жатқандай үйден шығарып салатын… Өйткені күнде бір оқиға, талас-тартыс болып жататын. Соның бәрі де ұлт мүддесін қорғау жолындағы күрестер еді. Жалпы, Мәжілістегі депутаттық сауалдар нәтижесі мен жұмысымыз туралы бір кітап жазғалы отырмын. Онда барлығы ашық айтылады. Биыл жарық көріп қалар, таныс боларсыздар бұйырса.

Барлық кезде де, ауыр сындарда да ең бірінші қолдай білген Халқыма шексіз ризамын, сансыз Алғыс!

Парламент Мәжілісінде қоғамдық резонанс тудырған депутаттық сауалдарымыздың кезіндегі қиын жағдайларда, жалпы барлық кезде қолдай білген ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, ең демократиялық спикер бола білген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ерлан Жақанұлына көп рахмет. ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасының орынбасары болған Дәния Мәдиқызына, “Ақ жол” партиясын он бес жыл басқарып, парламенттегі тұрақты да, қуатты фракцияға айналдырған Азат Тұрлыбекұлына, Мәжілістегі, фракциядағы, партиядағы барлық әріптестеріме, 300 мыңнан аса “Ақ жол” партиясы мүшелеріне Алғыс айтамын.

Ақжолтай Еліміздің алдынан Ақ жол ашылсын деп тілейміз!

Қош бол, Парламент!

Қош келдің, Құрылтай!

Алла жар болсын! 

Ақ жол!

Зор құрметпен, Қазыбек ИСА

26 тамыз 2026 жыл