Қазыбек Иса: Барлық балабақша тек мемлекеттік тілде болуы керек

Қазыбек Иса: Барлық балабақша тек мемлекеттік тілде болуы керек

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса мемлекеттік болсын, жеке меншік болсын, барлық балабақшалардың тек мемлекеттік тілде болуы керектігін айтты.

Бұл туралы депутат Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Қуанышқызына қойған сұрағы аясында айтты.

"Қазақ үні" ақпарат агенттігі әлеуметтік желіде халықтың үлкен қолдауына ие болып жатқан депутат Қазыбек Исаның вице-министрге қойған сұрағы мен видеосын оқырманға ұсынады. 

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Менің сұрағым Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Қуанышқызына. 

Депутат Екатерина Сергейқызы Смолякованың баяндамасын тыңдадық, өте жақсы талдап жасаған. Бір-ақ нәрсе – барлық нәрсе кадрға байланысты. 2023 жылдан 2025 жылға дейін грант 2 есеге азайып кеткен, 1 мың 380-нене 715-ке дейін. Осы мәселені дұрыс көтеріп отыр деп ойлаймын. 

Жалпы, мен баяндамалармен танысып шықтым. Балалардың білімін, денсаулығын, тағамын – барлығын мемлекет қадағалап, тексеріп отырғаны өте дұрыс

Мен осы жерде өз басымнан өткен бір мәселені айтайын. Бұл балабақшалардың тілдері. Балабақшада мемлекеттік тілдің дәрежесі қандай? 

Мен осыдан үш-төрт жыл бұрын немеремді сол жағалаудағы Нұрсаяның айналасындағы екі балабақшаға кіргізіп, екеуінен де шығарып алдым. Өйткені ол екі балабақшада да не деп жазылған? Қазақ және орыс тілінде деп жазылған. Қазақ және орыс тілінде деп жазылғасын бердім. Бірақ қарасам, немерелерім орысша араластырып сөйлей бастады. Неге олай деп бардым, барсам, ол жерде маған қазақша жауап беретін адам табылған жоқ. Бірақ қазақ және орыс бөлімі дейді. Күзге арналған кеш өтті, балам Абайдың өлеңін жаттап барды, одан ешкім сұрамапты, ол жерде барлығы орыс тілінде өткен. Енді одан шығарып алып, басқа балабақшаға бердім. Онда да солай. Мен сол жағалауда қазақ тіліндегі дұрыс балабақша таппадым. Содан дайындау орталығына бердім. Ол жерде дұрыс болды. 

Мен сол кезде балабақшаларды зерттедім. Сонда бізде шамамен, мен толық санын айта алмаймын, мысалы, қазақ тілді балабақшалар 40 пайыз болса, орыс тілді 30 пайыз болса, қалған 30 пайызы қазақ және орыс тілінде. Бірақ қазақ және орыс тілінде дегеннің бәрінде аралас мектеп сияқты барлығы орысша өтеді. Сондықтан оларды да орыс тілді деп қосып жіберу керек. Сонда олар 60-70 пайыз болып шығады. Міне, көрдіңіздер ме? 

Қазір 12 мың мектепке дейінгі ұйымда 1 миллионнан астам бала тәрбиеленуде, соның 710 мың баласы, яғни 60 пайыздан астамы жекеменшік ұйымдар. Оның тағы да 600 мыңдайы қалада екен. Жекеменшік болсын, мемлекеттік балабақша болсын, барлығында тәрбие мемлекеттік тілде болуы керек. Оны мемлекет міндеттеуі керек. Сіздер сол бағытта жұмыс жасап жатыр деп ойлаймын. Жалпы, қазіргі министрлеріңіз Жұлдыз Сүлейменова біздің парламентте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде талай жыл істеген, ұлттық мүддені қорғап жүрген білікті тұлға деп білеміз. Сондықтан осы мәселені сіздерге ұсыныс ретінде айтып отырмын. 

Біз бұл мәселені талайдан бері көтеріп келе жатырмыз. Балабақшалар да, мектептер де меншігіне қарамай мемлекеттік тілде болуы керек деп депутаттық сауал да жасағанбыз.

Өйткені барлық мәселе балабақшадан басталады. Мысалы, Көкшетауда ашылған қазақ сыныбына баратын қазақ баласы табылмады. Мен “Көкшетауда баласын қазақ мектебіне беретін қазақ қалмаған ба?”- деп жаздым. Облыс әкімі Марат Ахметжанның өзі мектепке барып, “екі айдың ішінде қазақ сыныбына балалар қабылданатын болсын” деп тапсырма беріп, үлкен азаматтық жасады. Міне, көрдіңіздер ме? Көкшетау не, Астана не? Арғы жағында Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан – бәрі осы жағдайда. Содан кейін ертең мектепке барғанда біз “неге қазақ тілде оқитын бала аз” дейміз? Жалпы, мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлер неге көп дейміз. Өзіміз арпа егіп аламыз да, неге бидай шықпайды дейміз. Сондықтан барлығын балабақшадан бастау керек. Балабақшаның барлығы, мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, мемлекеттік тілде болуы керек.