ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ҚАЙТА ӨРЛЕУ ДӘУІРІ АЛДА! - Қазыбек Иса
2026 ж. 14 наурыз
46
0
Әлем тарихынан жақсы білетініміздей, кез келген ұлттың өркендеуі ұлттық рухтың күштілігіне байланысты. Ұлтты алға бастайтын ең алдымен Ұлттық сананың мықтылығы. Ал керісінше, қай кезде де, қай елде де «Тәуелсіздікті сақтай алмаймыз, ұлт жойылады, құрып бара жатырмыз» деген түңілу адам бойындағы үмітті өлтіріп, ұлтты құлдырауға бастайды. Үміт өлсе, сенім жойылады, рух жоғалады, бәрі өледі. Сондықтан ең бастысы РУХ құдыретіне ие болып, сенім күшін сезіну үшін Ұлттық сананың күшеюі жолында ұлт зиялыларының атқарар рөлі зор болуы тиіс.
Әлеуметтік желіде дау болып жатқандай, атышулы ақын қыздың ашынып айтқандарының ішінде әрине, шындығы да бар. Әсіресе, тіл туралы айтқанын ешкім бұрыс дей алмайды. Өйткені, оған бәріміз күнде куә болып жүрміз. Бірақ тіл туралы да, ұлт туралы да Танагөзге дейін де одан да қатты айтқандар жетеді. Ондай сынның көкесін менің «Бүгінгі күннің Мырзан қайғысы» атанған Мырзан Кенжебай көкем күнде жазады… Былтыр жаңа ашылған жайлы мектептің қазақ тіліндегі бірінші сыныбына баруға бір қаладан бір бала да табылмаған “қазағы жоқ” Көкшетауда қазақ мүддесі үшін күресіп жүрген ақын Алмас Темірбай бауырымның алмас тілімен: “Омырауына отын жарса да, Оянба қазақ, оянба!?.”-деген отты жырын да оқыдық. Өзіміз де талай жылдан бері айтып, жазып келеміз…
Ал Қазақтың қайсар қыздарына келсек, жерұйықтай шетелдерде жайлы өмір кешпей-ақ, жайсыз жағдайда, Керекудің қақаған қырық градус аязында тіл үшін трамвайды кеудесімен тоқтатқан, қазақ тілін қорғаған жанкешті күресінің күштілігі сонша, жергілікті билік жындыханаға да жатқызған, парламенттен өзіміз араласып жүріп, босатып алған Ruza Beisenbai Tegi, Өскемендегі мемлекеттік тілге қарсылармен соттасумен келе жатқан Жұлдызай Форт, Алматыда жоспарда қазақ мектебі болып ашылатын жайлы мектепті жолдан араласқан шенеуніктер аралас мектепке айналдырмақ болғанда, қарсы шыққаны үшін 15 күн түрмеге жатып шыққан Дархан Ардақұлы, қазақ тілінде сөйлегені үшін сотқа тартылған әр қазақты қорғап жүрген адвокат-заңгер Мейірман Қалмақанұлы (Шекеев) бастаған тіл күрескерлері мұндай ұлттық мәселелерді өткір айтып қана қоймай, іс жүзінде батыл айқасып келеді.
ҚАЗАҚТЫ ҚАНША СЫНАСА ДА, АБАЙ ДА АБАЙЛАП СӨЙЛЕГЕН…
Қалғыған елді қамшылаған, ұлттық мүддені қорғаған қандай қарекет болса да, қолдауымыз керек!
Әріден айтсақ, өзіміздің данышпан Абайымыздан бастап, әйгілі әлемдік тұлғалардың көбісі өз ұлтын өте қатты сынағанын жақсы білеміз. Әрине, жек көргеннен емес, жақсы көргеннен. «Жемқор, сатқын, ұры, құл» деген айыптаулар әсіресе, сан жылдар бойы сансыратқан отарлық езгінің орасан зардабын көрген, Тәуелсіздік алғанына отыз жылдан астам уақыт, бір дәуір өтсе де, әлі отарсыздану саясатын қолға алмаған Қазақстан секілді елге тән кемшіліктер. Бұл бірақ тек қазақта ғана емес, бар елде де болады, барлық халыққа да осындай сын айтылады. Тек Танагөз басқа планетадан келгендей, сырттай айыптаушы болып, «сендер түгел оңбаған екенсіңдер ғой» дегендей, екінші жақпен екпіндеп жазбау керек еді, ішке кіріп, «біз сондаймыз» деп, бірінші жақпен сөйлеу керек еді... Сонда қаптаған қарсы шығушылар қарасы аздау болар еді...
Бірақ, әр нәрсенің шегі болады. Әрбір қазақ дұғасына қосып, “Құдай Қазақты Тәуелсіздігінен айыра көрме!” деп отырған елге “Қазақтар тәуелсіздігін сақтап қала алмайды. Себебі ол сапасыз ұлтқа айналған"деп жоғарыдан қарап, үстірт үкім айту – қарғыспен бірдей сөз! Мүмкін, бұл кейде күйінгенде құдайын да қарғайтын әжелеріміздің бүгінгі әйелдердің бойындағы көрінісі шығар десек те, ел тағдырына қатысты сөзде қазақты қанша сынаса да, Абай да абай болған, артық кетпеу керек еді...
Жат пиғылды жаулардың жармаса кетіп, Танагөздің осы сөзін өз тілдеріне аударып алып, азығына айналдыра бастағаны сондықтан… Сылтау табуға құмар сырт күштерге сынық инедей де ілік табуға жол бермеуіміз керек мынау күннен күнге қиындап бара жатқан заманда…
Ұрлық - ұранымызға айналды. Жемқорлық жеріне жетіп, жегіқұрттай жеп бара жатқаны да рас.
Бірақ, Ұлт ұры болмайды. Жеке адамдар, биліктегі шенеуніктер ұры болады.
Өзім де ақын болғасын, Танагөздің шығармашылығын жақсы білемін, дарынды лирик, еркін ойлы ақын. Әсіресе, оның шет тілдер институтында оқып жүріп, қазақ бөлімін орыс бөліміне қоспақ болғанда, қарсы шыққанына риза болып, қолдап пікір жазғаным бар кезінде. Алаш арыстары туралы деректі фильмдерімен де таныспын. Жалпы, жазбаларын оқып тұрамын.
Енді кеше сезімнің ақыны сезіміне еріп, артық кетіп қалғаны көрініп тұр. Онысын өзі де аңғарып, “Қазақ халқынан тізерлеп тұрып, кешірім сұраймын” деп жазды дейді, осымен Тана қызды мүйіздей беруді қою керек деп ойлаймын. Өз қызымыз түгілі өзге диаспора өкілдерінің де еліміз, ұлтымыз туралы неше түрлі айтқандарын кешіріп келе жатырмыз ғой?!.
Қоғамдағы күрделі мәселерді талқылау — қалыпты нәрсе. Кез келген қоғам өзін сынау арқылы дамиды. Бірақ, алдымен, бір маңызды нәрсені ажыратып алған дұрыс: қоғамдағы проблемаларды сынау мен тұтас бір халықты толықтай жоққа шығару – екеуі екі түрлі нәрсе. Себебі, кез келген ұлт әртүрлі адамдардан тұрады. Сондықтан тұтас бір ұлтты “сапасыз”, “құл”, “жарамсыз”, «фейк» деп сынау ешқандай шындыққа сай келмейді.
Қазіргі дамып кеткен көп елдердің де қиын кезеңдері болған. Мысалы, Оңтүстік Корея 1960-жылдары өте кедей, жемқорлық жайлаған ел болды. Сол кезде ұлт зиялылары «Біз ел болмаймыз» деп талай сынаған. Қазір әлемдегі ең экономикасы да, рухы да мықты ел.
ТМД шеңберінен шыққан елдерді мысалға келтірсек, Estonia 1990-жылдары кеңестік жүйеден шыққанда өте әлсіз мемлекет еді. Қазір қуатты ел, цифрландырудан әлемнің үштігіне кіреді.
ТІЛІҢ БОЛСА ҒАНА - ТІРІСІҢ!
Ақын қыздың қазақты “Өз тілінде сөйлемейді. Құлдық сана етінен өтіп сүйегіне жеткен”-дегені шындық. Мұны күнде көріп те, бұдан да зорын айтып та жүрміз… Демек, бұл сөз де шоршып түсетіндей жаңа айтылып тұрған жоқ, баяғыдан барлығымыз зарлап келеміз.
Тек Танагөз прайм тайм уақытты тауып айта білді немесе сондай дер кезіндегі уақытқа тура келді.
Иә, бір аптаға жуықтаса да ел екіге бөлініп алып, Танагөздің сөзін талқылап жатыр.
«Шындықты айтты» деп қос қолдап қуаттап жатқандар да аз емес.
«Тәуелсіздікті мансұқтап, тұтас ұлтты жоқққа шығаруда» деп айыптап жатқандар да жетеді…
Демек, бір ғана нәрсе айқын, Танагөз тарландарымыз талай айтқандай, елдің көкейіндегі сөзді қозғады.
Есігінің алдына айтқан затын алып келіп тұрған қазақ жігіті Мейіржанға есігінің алдында жалшылықта жүргендей ежірейіп, “Орысша сөйле! Мен неге қазақша сөйлеуім керек?” деп түнгі қаланы басына көтеріп айқайлап боқтаған, зіркілдеп, жер тепкілеп, ұрып жібере жаздаған түрі суық әйелге солай болуы тиісті сияқты үндемегендер енді ашынып сөйлеген ақын қызды сотқа береміз деп те шықты… Әлгі әйелдің Қазақ жігітіне емес - Қазақ Тіліне, Қазақ Еліне, Қазақ мемлекетіне айқайлап тұрғанын ойлауға парқы жететін билік бар ма?!. Қазақ тілінде сөйлеуге болмайтынын, Қазақ тілін қорғауға болмайтынын дәлелдегендей, ешкім арыз жазбаса да, ешқандай кінәсі жоқ болса да, “біздің әлемдегі ең әділ, ең гуманды сот” - қазақ соты (?) ғарыштық жылдамдықпен қазақ жігітін соттап жіберді. Өзі күні-түні жаяулап қала кезіп, нан тауып жүрген курьерге 86 мың теңге айыппұл салып тастады. Қазақ жігітін емес, Қазақ тілін, Қазақ елін соттады! Әлемнің еш елінде болмайтын масқара! Бұл бір елдің Конституциясын бүкіл халық талқылап жатқанда, “Мемлекеттік тіл - қазақ тілі мен орыс тілі “қатар ма, тең бе?” деп, қырықпышақ болып, айтысып жатқанда, оның жауабын қазақ соты, яғни, қазақ билігі берді…
Бір таңғаларлығы, мұның алдында Желтоқсан ардагері Мейірболатты ешқандай артық сөз айтпай, тек “Қазақ тілінде жауап беріңіз?” деген төрт сөзі үшін ғана төрт жылға соттаған сот “Орыс тілінде сөйле!”-деп, айқайлап, боқтап, даттап, төпелеген әйелге ең болмаса бір ауыз “не болды?” деп те сұрақ қоймаған ғой?!. Керісінше, тағы да астын сызып айтамын, екі оқиғада да ешкім арыз жазбаса да, заңды қорғаған қазақтың мейірлі жігіттері Мейірболат пен Мейіржанды соттап, айыппұл салады. Бұндай әділетсіздікті көріп тұрған ел кеудесінде жаны, бойында қаны болып тұрып, қалай ашынбайды? Әлде, біздің сот пен шенеуніктер әдейі елді ашындыру үшін осылай әділетсіздік істейді ме?!. Әділетті Қазақстанымыз қайда сонда?
Мен өзім Мейірболаттың ісін заң жүзінде әділ қарау туралы Бас прокурорға екі рет депутаттық сауал жолдадым. Бұл талабымызды тоқтатпаймыз!
Өзінің ана тілінде нан сұрай алмайтындардың, “Көлікте, ЛРТ-да неге тек қазақ тілінде жазылады, қытайша, орысша неге жазылмайды” деп шу шығарып жүргендердің парламенттегі партияны басқарып, кезінде министр, депутат болғандарын, болып та жүруі әлемде ешқандай елде болмайтын масқара екенін айыптап жазғанымызға, жазып та келе жатқанымызға да талай жыл болды.
2022 жылы Конституцияға өзгеріс енгізуге референдум өткізерде парламентте Атазаңнан 7/2 бапты алып тастауды және Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдауды көтеріп, депутаттық сауал жасауым елімізді дүр сілкіндіргені белгілі. Бұл саяси талап - парламент тарихында тұңғыш рет жасалған депутаттық сауалды парламенттің 41 депутаты қолдады. Бүкіл халық, қаны қазақтар, белгілі зиялылар фейсбукта “Мен конституциядан 7 баптың 2 тармағын алып тастауды талап етемін!”-деп челендж жасап жалғастырып әкетті. Еговтағы петицияда қолдаушылар саны 500 мыңнан, жарты миллионнан асып кетті! Халық арасында қоғамдық резонанс тудырды!
Шошып кеткен шенеуніктер мен орыстілді БАҚ аяқтарынан тік тұрып, Қазыбек Исаға қарсы шабуыл ұйымдастырды.
Ал Атазаңның биылғы жобасына да тіл туралы бапты өзгерту туралы ұсынысымыз Конституция комиссиясында қаралып, өкінішке орай өтпей қалды.
Қазақ тілі үшін, ұлт мүддесі үшін қырық жылдай күресіп келе жатқандықтан, әлем тарихына қарап, болашақтан үміттеніп отырмыз.
Англияның билеуші элитасы Француз нормандары жаулап алған XI–XIV ғасырларда француз тілінде сөйлеген. Бұл бірнеше ғасыр елдің саяси және мәдени өміріне қатты әсер етті. Англиядағы ұлттық сана күшейе бастаған соң, 1362 жылы ғана сотта ағылшын тілін қолдануға рұқсат берілді. Яғни француз тілі Ұлыбританияда 300 жыл бойы үстемдік етті.
Ал XVIII–XIX ғасырларда Ресей ақсүйектері мен патша сарайы француз тілін негізгі тіл ретінде қолданған. Бұл кезең шамамен 1750–1850 жылдар аралығында болып, шамамен 100 жылдай жалғасқан мәдени құбылыс. Петербург пен Мәскеудегі ақсүйектер күнделікті французша сөйлеген. Балаларға француз гувернанттары сабақ берді. Хаттар мен әдебиет көбіне француз тілінде жазылды.
Тек 1812 жылғы Франциямен болған соғыстан кейін Ресейде ұлттық патриотизм күшейіп, француз тілінің ықпалы азая бастады. Сол кезден бастап ақсүйектер арасында орыс тілі қайтадан негізгі тілге айналды.
Сол секілді, ХVIII ғасырда 1723-1727 жылдары «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны» — қазақ халқының тарихындағы ауыр қасірет, Ел басына күн туған аса қайғылы кезеңді өткерген, XX ғасырдағы Азаматтық соғыстарды көрген, 1930-33 жылдардағы қазақ халқы ақсүйек болып қырылып қалған ашаршылықты, 1937 жылдардағы қанды қасапқа айналған саяси репрессияны бастан кешкен, қаһарлы Кеңес империясы тарихында ең алғаш Желтоқсан көтерілісін жасаған Қазақ ұлтының Тәуелсіздікке қолы жеткен соң саяси-рухани қайта өрлеу дәуірі алда деп білейік.
Кейінгі кезде әлеуметтік желі қоғамымыздағы көп нәрсенің бетін ашты. Байқағанымыз, біздің бір нашар әдетіміз, “Итің жаман” десе, намыстанатын қазаққа “Қазақ - оңбаған, құрыған, құл халық” десе, былқ етпегені былай тұрсын, қосыла кетіп, алға түсіп алып шаба жөнелеміз?. Сонда Қазақтың ит құрлы құны жоқ па? Сонда қазақты, яғни өзімізді ит құрлы көрмей отырмыз ғой?!.
Белгілі қаламгер бауырларым, сыпайы отырып-ақ сынағаны сыбағандай болатын Сыбанбайдың Сәкені мен жалындап тұрған жас жазушы Жақсылықтың Әлиханы ұлттық патриотизмді рулық патриотизммен салыстыра сараптапты. Дұрыс айтады олар.
Иә, Қазақ рулардан құралады. Ал Қазақты жамандаудан жарысқа түсіп, желпініп отырғандардың кез келгеніне өз руын айтып, сынап көрші, жағаңнан алады, сені сол рудың жауы етіп жариялайды. Мысалы, “Қазақ құрыған ұлт” деп отырған Танагөз қарындасымыз өзінің руынан бастап «құрыған ел» деп айта ала ма, айта алмайды. Айтса, алдымен өз руластары ит қосып қуады. Ол олай айтпақ тұрмақ, өзге біреу егер солай айтса, өзі алдымен бірден қарсы шығады. Өйткені, қазақпыз ғой бәріміз. Егер қазір ақын қызды батыр қызға балап, қазағын қосыла жамандап отырғандардың кез келгенінің руын Танагөз «оңбаған ру” деп жазатын болса, қазір оның жолында өлейін деп отырғандар қолында өледі…
Мұны кез келгеніңіз қазір-ақ бірден бес минутта анықтауға болады. Мен кеше маған осы тақырыпта хабарласып, екі иығынан демалып, екпіндеп тұрған замандастарымның біріне айттым: “Қазақ құрыған ұлт болса, онда сен де, сендердің руларың да құрыған ру екенсіңдер ғой, солай ма?!.”-дедім. Жаны шығып кете жаздады: “Неге олай айтасың?” деп… “Енді сен өзің айтып жатқан жоқсың ба “Қазақ - құрыған ұлт” деп? Сендердің ру да қазаққа жатпай ма?”-дедім.
Жағы қарысып қалды…
Демек, ұлттық санамыздың рулық санамыздан төмен болып тұрғаны рас.
Ешкім ешқашан қазақты құрайтын кез келген бір руды “құрыған ел” деп айтпайды, айта алмайды да… Ал Қазақты жамандауға келгенде жан салмайды-ау алдарына. Сонда ол рудың бәрі қазақ емес пе?!. Ал қазақ деген жалпылама ұғым болғандықтан, әркім қалағанынша қазақтың үстінен ат айдай бергісі келеді…
Иә, Қазақ құрыған ұлт болса, онда бәріміздің руларымыз, бәріміз де құрығанбыз ғой!?! Өйткені, бәріміз киіз туырлықты Қазақпыз ғой!?. Осыған келісесіңдер ме?!. Алдымен осыны анықтап алу керек, алаөкпе болып отырған ағайындар!
Одан кейін барып, сан ғасырлар бойы басынан өткен алапат ауыртпалығын әлемде ешқандай ел көре қоймаған, қолдан жасалған қастық пен аштықтан халқының үштен екісі қырылған, азап пен тозақтың бәрін көрген, мың өліп, мың тірілген, бірақ еш уақытта құрымайтын қасиетті Қазақ Елі туралы айтуға болады!
Бабалардың қанымен, жанымен келген қасиетті Тәуелсіздік ұғымын шырт етпе сөзім, бір сәттік эмоцияға тәуелділіктің құрбаны етіп жіберуге болмайды!..
Иә, Тәуелсіздікті алу қандай қиын болса, сақтап қалу одан да қиын. Сол үшін барлық күшті қазақтың сенімін селдіретуге емес, қасиетті Тәуелсіздіктің мызғымастығы туралы Ұлттық Рух қалыптастыруға жұмсау керек! Ол үшін Ұлттық идеологиялық концепция қабылдау қажет, терең отарсыздану саясатын жүргізу керек деп зарлап келе жатқанымызға отыз жылдан асты…
Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Алла жар болсын Алашқа!
Қазыбек ИСА, Ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты