"ЖЫЛ АДАМЫ – 2025" АНЫҚТАЛДЫ
2025 ж. 26 желтоқсан
40
0
«Қазақ үні» газеті мен ақпарат агенттігі жыл сайын ұйымдастырып келе жатқан “Жыл адамы – 2025” таңдаулысы оқырман қауымның дауыс беруі мен редакция алқасының шешімі нәтижесінде анықталады.
Сонымен қатар "Қазақ үні" ақпарат агенттігінің әлеуметтік желідегі парақшалары, телефон сауалы, смс, электронды пошта хабарларымен, яғни, Сіздердің ұсыныстарыңыз арқылы Сарапшылар алқасы анықтау жұмыстарын жүргізеді. Сарапшылар алқасының құрамына белгілі зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері кіреді.
«Қазақ үні» ұйымдастыратын дәстүрлі «Жыл адамы» таңдаулысы – бұл халықтың бағасы!
Сонымен, «Жыл адамы – 2025» номинацияларымен таныс болыңыздар:

Жыл қаламгері – Ғаббас Қабышұлы. Жазушы, публицист, аудармашы, сыншы Ғаббас Қабышұлы биыл тоқсан жасқа толды.
Қаламынан жылдар бойы қаншама әзіл-сықақ, әңгіме, хикаят, сын, көркем очерк, көсемсөз, мақала туған Ғаббас Қабышұлы он бес жинақтың авторы екен. Ғабекең «Қазақ үні» газетінің белсенді авторы ретінде көптеген тартымды естеліктер жазып, небір көкейкесті тақырыптарға қалам тартып келеді. Таяуда Ғаббас Қабышұлы Қазақстанның Халық жазушысы атанды.

Жыл министрі – Ақмарал Әлназар. Халық саулығын нығайту жолында жүйелі жұмыс жүргізіп, дәрі-дәрмек бағасын төмендету арқылы оның елге қолжетімділігін арттырды. Сондай-ақ алғашқы медициналық көмекті күшейту, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту және кадр тапшылығын азайту бағытында нақты қадамдар жасалды.

Жыл әкімі – Жеңіс Қасымбек. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің басшылығымен Астана Орталық Азиядағы ең серпінді дамып келе жатқан заманауи мегаполиске айналды. Қала төрт бағытта бірдей кеңейіп, тұрғын үй құрылысының көлемі 5 миллион шаршы метрге жуықтады, ал халық саны ресми түрде 1,6 миллионға жетті. Экономикалық өсім де айқын байқалды: 11 айда өңдеу өнеркәсібінің көлемі 2,8 триллион теңгеге жетіп, сауда айналымы 10,8 триллион теңгеден асты, нәтижесінде қала бюджетіне 4,3 триллион теңге салық түсті.
Астана сапалық тұрғыдан да жаңа деңгейге көтерілді. Oxford Economics-тің 2025 жылғы рейтингінде елорданың Азия қалалары арасында 36-орынға тұрақтауы – жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың айғағы. Smart City жобасын жеделдету, жедел басқару орталығын іске қосу және жасанды интеллектке негізделген қауіпсіздік жүйелерін енгізу қаланың технологиялық әлеуетін арттырды.
«Астана әрдайым ауқымды жұмыстардың бастауында тұруға тиіс. Елордамыз басқа аймақтарға барлық жағынан үлгі болуы керек», – деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі бүгінгі елорда дамуының нақты бағытын айқындайды. Бұл үрдіс Астананы елдің айнасына айналдырып қана қоймай, болашағы берік, өмір сүруге жайлы мегаполис ретінде орнықтыра түсті.

Жыл әкімі – Ғабит Сыздықбеков. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қалада экономиканың қарқынды дамып, өңдеу өнеркәсібінің 16,5%-ға өсуіне, 40 ірі жобаның іске қосылуына, 2,5 мың жаңа жұмыс орнының құрылуына мұрындық болды. Қалада инвестиция тарту, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау шаралары тиімді жүзеге асырылып, жалпы инвестициялық жобалардың құны 4,6 трлн. теңгені құрады. Оның арқасында Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуы нығайып, халыққа жаңа мүмкіндіктер мен тұрақты жұмыс орындары құрылды.

Жыл депутаты – Асхат Аймағамбетов. Асхат Аймағамбетов биыл депутаттық сауалында докторантураға түсушілерге қойылатын талаптарды қайта қарау мәселесін көтерген еді.
Соның нәтижесінде шығармашылық және тілдік мамандықтар бойынша докторантураға түсу талаптары өзгертілді. Енді Қазақ тілі мен әдебиетінің педагогтерін даярлау секілді мамандықтар бойынша оқуға түсу үшін шет тілін меңгергенін растайтын сертификат ТАЛАП ЕТІЛМЕЙДІ.
Сонымен қатар, депутат көтерген мәселердің бірі талантты оқушылар мен олардың ұстаздарын ынталандыру. Нәтижесінде бұл мәселе де шешімін тауып, тиісті түзетулер енгізілді. Енді халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтарға біржолғы ақшалай сыйақы беріледі. Сонынмен қатар халық қалаулысының халық қолөнер шеберлерін сақтау туралы сауалы да халық арасында үлкен қолдауға ие болды.

Жыл режиссері – Елзат Ескендір. Оның «Әбіл» фильмі Франциядағы Vesoul халықаралық Азия кинофестивалінде жеңіске жетіп, үш мәртебелі жүлдеге ие болды: Қазылар алқасының бас жүлдесі, Кино сыншылар алқасының жүлдесі және NETPAC жүлдесі. Фильм кеңес одағы құлаған кезеңдегі қазақ ауылындағы бейберекет өмірді, халықтың рухани күйі мен әлеуметтік қиындықтарын шынайы бейнелеп, халықаралық аудиторияның жоғары бағасына ие болды. Елзат Ескендірдің бұл туындысы тәуелсіздік басталғалы қазақ киносының күрделі кезеңін көркем әрі терең зерттеген ерекше еңбек болып табылады.

Жыл актері – Ерлан Төлеутай. Ол осы жылы «Әбіл» фильміндегі басты рөлі үшін Ирландиядағы XIII Silk Road International Film фестивалінде «Үздік актер» номинациясын жеңіп алды. Сонымен қатар, Парижде өткен «Франциядағы қазақ киноларының фестивалінде» де дәл осы рөлі үшін жоғары марапатқа ие болды. Ерлан Төлеутайдың өнері отандық киноның халықаралық сахнада танылуына маңызды үлес қосты.

Жыл әншісі – Әміре (Ернар Садырбаев). «Славян базарының» жеңімпазы, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты ретінде ол отандық эстраданың биік деңгейін халықаралық сахнада танытып келеді. 2025 жылдың қыркүйегінде Мәскеуде өткен «Интервидение–2025» байқауында «Дала таңы» патриоттық композициясымен Қазақстанның атынан өнер көрсетті.

Жыл суретшісі – Ерболат Төлепбай. 2025 жылы суретшінің 70 жылдық мерейтойы мен 50 жылдық шығармашылығына арналған «Өнерім – ізгілік мекені» атты ірі көрме Ұлттық музейде өтіп, оның өнердегі биік беделін тағы бір айқындады. Әлемнің 38 елінде жеке көрме өткізген қылқалам шеберінің туындылары ұлттық рухты заманауи көркем оймен ұштастырып, қазақ бейнелеу өнерін халықаралық деңгейде танытты.

Жыл ректоры – Болат Тілеп. Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Болат Тілептің басшылығымен 2025 жылы университеттің академиялық әлеуеті күшейіп, білім беру бағдарламалары жаңғыртылып, педагог кадр даярлау сапасы жаңа деңгейге көтерілді. ҚазҰПУ халықаралық әріптестікті кеңейтіп, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен ұлттық білім беру миссиясын ұштастырған жетекші оқу орны ретіндегі орнын нығайтты. Сондай-ақ Абай атындағы ҚазҰПУ еліміздегі ең көп студенттер таңдаған жоғары оқу орындарының бірі.

Жыл мұғалімі – Дархан Ардақұлы. Алматыдағы 215 мектептің қазақша болып қалуы үшін зор еңбек етіп, ерлік көрсетіп, қамалып та шыққан. 224 мектептің де қазақша болып қалуына үлкен үлес қосқан қайраткер мұғалім.
2022 жылы Алматыдағы химия-биология Назарбаев зияткерлік мектебіне қазақ бөлімінің озат талапкердердің грантсыз қалғанда дабыл көтеріп, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаға хат жазып, ата-аналар мен балалардың видео-үндеуін жолдайды. Ақыры ақын-депутат Қазыбек Исаның араласып, Үкіметтен табанды талап етуімен тек Алматы қаласында ғана емес, еліміз бойынша Назарбаев мектептеріне 187 грант бөлінді.

Жыл дәрігері – Ұлдана Мырзуан. Ұлдана Астана қаласында өзінің қызметтік борышын өтеймін деп қаза тапты.
2025 жылдың 8 қараша күні Астанада көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы мен кондиционер блогы опырылып түскен. Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті, олардың ішінде жедел жәрдемнің екі фельдшері болған.
23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан 8 қарашадан бастап жансақтау бөлімінде жатып, ауыр жарақаттар салдарынан көз жұмды.
Марқұм болған елордалық жедел жәрдем станциясының 23 жастағы фельдшері Ұлдана Мырзуан Президент Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Астанада қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы базасында қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның құрметіне мемориалдық тақта орнатылды.

Жыл журналисі – Диас Ахметшәріп.
Биыл 22 мамырда журналист Диас Ахметшәріп дүниеден өтті. Ол – спорт журналистикасында 25 жылдан астам еңбек еткен танымал журналист. Диас Ахметшәріп сонымен қатар "Qazsport" телеарнасының тұңғыш директоры болды.
Еңбек жолын 1997 жылы Қазақ радиосының репортері болып бастаған. Ұзақ жылдар бойы "Хабар" агенттігі мен "Қазақстан" телеарнасында спорт журналисі, "Қазспорт" мемлекеттік телеарнасының тұңғыш директоры, Insport телеарнасының бас редакторы болып қызмет атқарды. Олимпиада және Азия ойындарының, Әлем чемпионаттарының спорт шолушысы болған.
2003-2007 жылдары Спорт және туризм істері агенттігінің баспасөз қызметінің басшысы, баспасөз хатшысы, 2010-2012 жылдары "Астана-СК" корпоративтік қорының қоғаммен байланыс департаментінің директоры, 2012-2013 жылдары Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының кеңесшісі, Туризм және спорт министрінің қоғаммен байланыс және БАҚ жөніндегі кеңесшісі қызметтерін атқарған.

Жыл ғалымы – Зайнолла Самашев. 2025 жылы Ахмет Байтұрсынов атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Ол Берел Қорғанын ашып, археология саласына өлшеусіз үлес қосып, ел тарихын зерттеуге айтарлықтай үлес қосты.

Жыл заңгері – Мейірман Шекеев. Мейірман Шекеев мемлекеттік тіл мәртебесін қорғау жолында нәтижелі еңбек жасап жүрген білікті, танымал заңгер. Мәселен, жыл соңында ғана бүкіл елдің наразылығын тудырған Алматыдағы "Густо" мейрамханасындағы жағдайға заңгердің өзі араласып, артынша мейрамхана әкімшілігі кешірім сұрап, мемлекеттік тілде қызмет көрсетуден бас тартқан қызметкерін жұмыстан қуған болатын. "Мемлекеттік тілді білуге міндетті емеспін" деген қызметкер артынша елден кешірім сұрап құтылды.
Оған дейін қоғамда үлкен резонанс тудырған Талғардағы Шерзат Полат ісінде де заңгер үлкен рөл атқарды. Қара жамылған отбасының адвокаты ретінде осы істің ашық тергеліп, әділ шешім шығарылуына мұрындық болды.
Сонымен қатар, Мейірман Шекеев 2026 жылды Мемлекеттік тіл жылы деп атау туралы бастама көтеріп, президент Қ. Тоқаевқа үндеу жолдайтынын айтты.
Үнемі ана тіліміздің абыройын асқақтатып, мәртебесін көтеру жолында алдыңғы қатарда тұратын заңгер Мейірман Шекеев "Жыл заңгері" атануға толық лайықты деп санаймыз.

Жыл меценаты – Шалқар Жүсіпов.
Белгілі қаржыгер, KMF (KazMicroFinance микрокредиттік ұйымы ЖШС) басқарма төрағасы Шалқар Жүсіпов әлеуметтік және білім беру жобаларына қолдау көрсету арқылы өзінің қайырымдылығын көрсетеді. Атап айтқанда, ол әлеуметтік мәселелерді шешу үшін студенттер мен бизнес өкілдерін біріктіретін ENACTUS Қазақстан бағдарламасына белсенді демеушілік жасайды.
Республикалық қоғамдық наградалар кеңесінің шешімімен «Ұлт Қайраткері» құрметті атағы берілді (2025).

Жыл спортшысы – Темірлан Анарбек. Алматыдағы чемпиондар лигасына іріктеу ойынында «Қайрат» – Сэлтик футбол командаларының жекпе-жегінде қақпашымыз Темірлан Анарбек пенальтиде үш допты кері қайтарды! Бұл футболда өте сирек кездесетін керемет жетістік! Темірлан Қайраттың екінші қақпашысы ғана емес, қазақ қақпасын қорғап қалған қазақтың бірінші қақпашысына айналды. Сонымен қатар ол SofaScore статистикалық порталының рейтингі бойынша да көш бастап тұр.

Жыл қайраткері – Мірболат Мырзатайұлы. 2025 жылы мемлекеттік тілді заңды түрде талап еткені үшін сотталған Мірболат Мырзатайұлының ісі қоғамда кең резонанс тудырып, азаматтық құқық пен тіл мәселесін өткір күн тәртібіне шығарды. Бұл іске байланысты Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Бас прокурорға бірнеше рет депутаттық сауал жолдап, Мірболатқа араша сұраған жүздеген азаматтың үнін билікке жеткізді. Осылайша Мірболат Мырзатайұлы әділет пен мемлекеттік тіл жолындағы қоғамдық қарсылықтың символына айналды.

Жыл датасы – Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы. Осынау айтулы мерейтой аясында ұлы ойшылдың рухани мұрасын қайта жаңғыртып, оны жас ұрпақтың бойына сіңірудің тарихи мүмкіндігі. Оның даналығы – халықты бірлікке, адалдыққа, білімге шақырады. Абайдың мұрасы – мәңгілік. Ол – қазақ халқының ғана емес, күллі адамзаттың ортақ қазынасы.

Жыл оқиғасы – футболдан Қазақстан құрамасы мен әйгілі «Реал Мадрид» арасындағы ойын.
2025 жылы отандық "Қайрат" футбол клубы даңқты Реал Мадрид клубымен ойнауы шын мәнінде есте қаларлық оқиға болды. Бұл матчта Реалдың оза шабатыны анық болса да, бұғанасы енді бекіп келе жатқан Қазақстан футболы үшін халықаралық деңгейдегі маңызды қадам.
Ойын барысында мадридтік "Реалдың" әйгілі шабуылшысы Килиан Мбаппенің соққысын тоқтатқан 18 жастағы Шерхан Қалмырза Еуропаның үздік қақпашыларының қатарына кірді.

Жыл жетістігі – 2025 жыл Қазақстан үшін инвестиция тарту, халықаралық интеграция және экономикалық даму бағытында аса нәтижелі жыл болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық кездесулері елдің беделін арттырды: Си Цзиньпин, Дональд Трамп, Владимир Путин және басқа да мемлекет басшыларымен өткен келіссөздер Қазақстанның Орталық Азиядағы тәуелсіз геосаяси рөлін нығайтуға септігін тигізді.
Биыл мемлекетке жалпы 70 миллиард долларлық келісімдер келіп түсті. Оның ішінде АҚШ-пен 17 млрд, Қытаймен 15 млрд, БАӘ-мен 5 млрд, Италиямен 4 млрд, Жапониямен 3 млрд долларлық жобалар жасалды. Келісімдер индустрия, инфрақұрылым, жоғары технологиялар трансфері, энергетика, цифрлық экономика, инновациялар, медицина және уран экспорты сияқты стратегиялық салаларды қамтиды.
Осы бастамалар Қазақстанның экономикалық әртараптануына және технологиялық дамуына айтарлықтай серпін беріп, халықаралық аренадағы рөлін күшейтті. Алдағы жылдары жүзеге асырылатын жобалар жаңа зауыттар, инфрақұрылым нысандары мен қызмет түрлері арқылы халық игілігіне жұмыс істемек. 2025 жыл ел үшін тарихи тұрғыдан табысты, берекелі әрі стратегиялық маңызы зор жыл ретінде есте қалатыны анық.