ҰЛЫ ДАЛАДАН - МАҢҒАЗ МАРОККОҒА
2025 ж. 10 желтоқсан
89
0
Жақында, 2025 жылы 25 қарашада ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов бастаған бір топ депутат Марокко Корольдігі Парламенті Өкілдер палатасының төрағасы Рашид Талби Әл-Аламидің шақыруымен Марокко Корольдігіне ресми сапармен барды.
Ресми делегация құрамында бес депутат болды: ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары Айгүл Құспан, Халықаралық байланыс және қорғаныс комитеті төрайымы, Қазыбек Иса, «Ақ жол» партиясы фракциясы мүшесі, Мархабат Жайымбетов, Жанарбек Әшімжанов және Айдарбек Қожаназаров, «Республика» фракциясы мүшесі.
Астанадан шыққан ұшағымыз аспандағы бес сағат ұшудан кейін жолда Ыстамбұл қаласына ат шалдырдық. “Азаулының Ыстамбұлдан несі кем” деп, Ер Доспамбет жырау жырлаған, марқасқа Мағжан бастаған талай қазақ ақындарының жырына арқау болған Түркияның әлемге әйгілі шаһары. Айналасын төрт теңіз қоршаған алып қаланың ауа-райы ашық, күні жарқырап тұр екен.
Ыстамбұлда ат суытып алып шыққасын, алты сағат ұштық. Кешкі 19:30-да Атлант мұхитының жағасындағы Марокко елінің астанасы әсем қала Рабатқа аман-есен келіп қондық. Мұнда бізді Қазақстанның Мароккодағы елшісі Сәулегүл Сайлауқызы құшақ жайып қарсы алды. Ұлттық шапанымызды киіп қарсы алған елші Сәулегүл ханымның ұлттық нұсқадағы аты-жөні айқын аңғартып тұрғандай, қазақтың белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, дипломатия саласына еңбегі сіңген ардагер Сайлау Батыршаұлы ағамыздың қызы болып шықты.
Шекара тек картада, ал ырысты ынтымақ пен достық, өзара құрмет жүрек пен тілекте деген осы болар. Құрлық аттап, мұхит асып, шөлді басып, алыстан жеткен діндес елді діңгегі берік ежелгі тәуелсіз ислам мемлекеттерінің бірі, маңғаз Марокко құшақ жая қарсы алды.
26 қараша күні ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Қазақстан делегациясы Марокко Корольдігі Парламенті Өкілдер палатасының төрағасы Рашид Талби Әл-Аламимен кездесті.
Кездесу өте жылы шырайлы, өзара шынайы құрметпен достық рәуіште өтті. Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Марокконы Африка қақпасы деп атаған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Мароккомен серіктестікті дамытуға ерекше мән беретінін айтып, Король VI Мұхаммедке оның жылы лебізі мен ықыласын жеткізді.
Қазақстан мен Марокко арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы бері біраз салада берік байланыс қалыптасты. Соның бірі – парламентаралық ықпалдастық.
Әңгіме барысында осы парламентаралық диалогты тереңдетуге ерекше назар аударылды. Мәжіліс төрағасы Марокколық әріптестерін заң шығару саласында тәжірибе алмасып, әсіресе достық топтары, комитеттер және аппараттар арасындағы іс-әрекетті арттыруға шақырды.
– Біз парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз. Марокко жағынан да дәл осындай ықылас бар. Халықтың өкілдері ретінде екі елдің тығыз араласуына, жақындасуына жол ашуымыз керек. Елдеріміздің парламенттері арасында құрылған достық топтары үнемі байланыста. Биыл марокколық достық тобының Астанаға сапары жемісті өтті. Бұл тәжірибені алдағы уақытта да жалғастыру керек,-деген Мәжіліс төрағасы әріптесіне елімізде жүргізіліп жатқан реформалар жайлы айтып берді. Қазақстан Парламентінің қазіргі қызметі жөнінде жан-жақты мәлімет беріп, алдағы парламенттік реформаның мән-жайын түсіндірді.
Өз кезегінде Марокко Өкілдер палатасының төрағасы Қазақстан Президенті қолға алған реформаларды жоғары бағалады.
– Біз Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын үнемі бақылап отырамыз. Олар елдің дамуына зор септігін тигізуде. Бұл бастамалар Парламент жұмысына да оң ықпал етері сөзсіз. Қазақстан тоғыз жолдың торабында шығыс пен батысты байланыстырып тұрған ел. Сіздермен барлық салада ынтымақтастықты бекемдей түсуге дайынбыз. Марокко Қазақстан үшін Африка нарығына шығатын қақпа болғысы келеді, – деді Рашид Талби Әл-Алами.
Өз кезегінде Қазақстанның Еуразия қақпасы екенін атап айтқан ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошановқа Марокко Өкілдер палатасының төрағасы Рашид Талби Әл-Аламидің шынайы көңіл, жоғары құрметпен айтылған «Марокконы екінші еліңіз ретінде санаңыз» деген сөзінен елдің ерекше риясыз ықыласы айқын аңғарылып тұрды.
Екі елдің заң шығарушылық жай-күйі Марокко Кеңесшілер палатасының төрағасы Мұхаммед Ульд Ар-Рашидпен кездесуде де кеңінен талқыланды.
– 2014 жылы парламентаралық қатынастарымыздың жаңа кезеңі басталғанын атап өткім келеді. Сол кездегі Марокконың Кеңесшілер палатасының төрағасы Мұхаммед Биядилла Астанаға ресми сапармен келді. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Парламенті Сенатының спикері лауазымында Рабатқа қарымта ресми сапар жасады. Бұл қадамдар парламенттеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың берік негізін қалады, – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Кеңесшілер палатасының төрағасы екі ел ынтымақтастығын арттыруда жоғары деңгейдегі сапарлардың маңызы зор екенін атап өтті.
– Арамыз алшақ болса да, елдерімізді байланыстыратын дүниелер аз емес. Біз Қазақстанды Орталық Азияға жол ашатын ел ретінде қарастырамыз. Көктемде Қазақстанның Сыртқы істер министрі келіп кетті. Бүгін Сіздің ресми сапарыңыз сәтті өтіп жатыр. Осындай жоғары деңгейдегі сапарлар байланыстарымыздың көкжиегін кеңейте түсуде. Екі ел депутаттары бірлесіп, Марокко Королі мен Қазақстан Президентінің үмітін ақтаймыз деп сенемін, – деді Мұхаммед Ульд Ар-Рашид.
27 қараша күні Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Марокко Үкіметінің басшысы Азиз Аханнушпен кездесті. Онда екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды.
Тараптар сауда-саттықты ұлғайту, инвестиция, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика салаларында серіктестікті одан әрі күшейту мәселелері мен «Орта дәліз» көлік бағытын белсене дамыту жайын ортаға салды. Бұдан бөлек, білім беру, денсаулық сақтау, туризм және мәдениет саласында да әріптестікті кеңейту жайы сөз болды.
Кездесулердің бәрі тек қазақ және араб тілдерінде өтті.
Атап айтарымыз, биыл 2025 жылы 19 наурызда Қазақстан мен Марокко азаматтары үшін визасыз режим күшіне енді. Қазіргі уақытта тікелей рейстер ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл екі халықтың бір-бірін жақын тануына жол ашады.
Сапар аясында қазақстандық делегация Король V Мұхаммед кесенесіне барып, мемлекеттің негізін қалаған тұлғалар – Король V Мұхаммед пен Король ІІ Хасанның рухына тағзым етті, гүл шоқтарын қойды.
Жалпы бұл сапар қос ел арасындағы қарым-қатынасты тереңдетуге және парламентаралық байланысты нығайтуға тын серпін беретіні анық.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Қазақ Елінің жоғары дәрежелі ресми делегациясы құрамында халықаралық маңызды кездесуде отырып, кеудемді керемет бір қуаныш кернеген, арқамды Алатауға тіреген, шабытым шалқыған сәулелі сәтті айта алмай тұра алмаймын. Ол – әлемде үлкендігі жағынан тоғызыншы орын, ал адам басына шаққанда бірінші орын алатын Қазақтың Ұлы даласынан сонау жер қиыры, әлемдегі аумағы жағынан екінші құрлық алып Африканы басып отырып, әлемдегі көлемі жағынан екінші орын алатын алапат Атлант мұхитын асып отырып, маңғаз Марокконың әсем қаласы Рабаттағы жоғары деңгейдегі маңызды халықаралық кездесуде үш күн бойы қасиетті қазақ тілінің мұхит толқындарының әуенімен күмбірлеген мәртебесіне куә болғаным! Бұл әрине, ешқандай баға жетпес бағымыз да, барымыз да тәу етер Тәуелсіздігіміздің арқасы!
Көк туымыз көкте мәңгі желбірей бергей!
БАТТУТАДАН БАСТАЛҒАН БАЙЛАНЫС
Жалпы Марокко елі мен Қазақ Елінің арасындағы байланыс туралы айтар болсақ, осыдан 7 ғасыр бұрын Мароккодан шығып, маң далаға - Алтын Ордаға саяхат жасаған әлемге әйгілі араб саяхатшысы Ибн Баттутадан бастауға тура келеді. Өйткені Ибн Баттута тура осы Марокконың Танжер қаласында дүниеге келген.
Айта кету керек, бұл екі ел үшін ерекше маңызы бар орта ғасырдағы тарихи сапарды Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Өкілдер палатасының төрағасы Рашид Талби Әл-Аламимен кездесуде Қазақ Елі мен Марокко арасындағы байланыстың басы ретінде орынды атады.
Бұл Ұлы далаға жасалған ұлы сапар туралы қысқаша тоқтала кетудің реті келіп-ақ тұр. XIV ғасырдағы ислам әлемінің ең ірі саяхатшысы Әбу Абдаллаһ Мұхаммед Ибн Баттута (24.02.1304, Танжер қаласы. - 1377, Фес қаласы). Әлемнің көп жерінде болған ол 30 жыл бойы саяхат жасап (1323—1353), жалпы 75 мың шақырымнан астам жол жүрген. Бұл әйгілі Марко Полоның жүрген жолдарынан 24 мың шақырым, яғни бір жарым еседей артық.
Ибн Баттутаның Қырым мен Алтын Орда жерінде болып, жазған мақалалары, Өзбек ханның сарайы туралы хабарламалары түрік халықтарының тарихы үшін өте құнды деректер.
Ибн Баттута қалдырған «Рихла» еңбегі — Еуразия кеңістігін зерттеудің ең құнды дереккөздерінің бірі. Оның Алтын Орда мемлекетіне сапары — Еуразиядағы ұланғайыр Ұлы даладағы Дешті Қыпшақ халқы туралы, яғни қазақтардың көшпелі саяси құрылымы, этно-мәдени өмір туралы ең ерте жазылған толық сипаттама.
Саяхаттың бағыты - Алтын Орда – Дешті Қыпшақ даласы. Ибн Баттута Алтын Ордаға төмендегі бағытпен жетті:
Танжер → Мысыр → Шам → Иран → Кавказ → Бұлғар → Үкек → Сарай-Бату → Сарай әл-Жәдид → Қыпшақ даласы.
Осы бағыттың соңғы бөлігін ол: Қыпшақ даласы - Еділ бойы - Хазар өңірі деп сипаттайды.
Ибн Баттутаның бұл сапары Өзбек хан (1313–1341) билігінің соңғы кезеңіне дәл келеді. Бұл уақыт — Алтын Орданың саяси, әскери және мәдени қуатының шыңына шыққан кезең.
Осы сапарында Баттута Алтын Орда ханы Өзбек ханның қабылдауында болып, оның ерекше құрметіне бөленген. Ораза кезіне тура келген саяхатшы Өзбек хан берген ауызашарда да болады. Деректердің бірінде Өзбек ханның үшінші әйелі, Константинияның патшасы болған әкесі Никфурға зиярат етуге Константинополь қаласына бара жатқан Бейлун ханымның керуеніне еріп, бірге барған сапары жайлы және саяхатшының сол қаланы толық баяндағаны жазылады.
Ибн Баттута Алтын Орданың саяси моделін өте дәл суреттейді.
1. Хан билігін көшпелі монархия ретінде сипаттайды: «Хан ордасы — ұлы киіз үй. Оның айналасына халықтың барлық киіз үйлері тігіледі.»-деп жазады.
Бұл биліктің орталықтандырылмаған, бірақ символдық тұрғыдан күшті екенін көрсетеді.
2. Ибн Баттута Өзбек ханды аса қайратты, әділ, жомарт, қуатты қалың әскері бар мемлекет басшысы ретінде суреттейді. Ол исламды мемлекеттік идеология деңгейіне көтерген хан.
«Мұхаммед Өзбек хан аса қайратты әрі мәртебелі адам болып, оның мемлекеті ірі сұлтандықтардың бірі саналады. Ол үнемі Алланың дұшпаны болған константиниялықтармен соғыс жүргізіп, өзінің жеңімпаз екенін көрсетті. Бұл сұлтанның Кефе, Қырым, Мажар, Азақ, Судақ, Хорезм және өзі тұрған орталық қаласы Сарай сияқты бірнеше ірі шаһарлары бар. Сондай-ақ бұл сұлтан Мұхаммед Өзбек хан — қияметке дейін хақ жолынан қайтпайтын Мысыр, Шам сұлтандары, Ирақ сұлтаны, Түркістан-Мәуереннахр сұлтаны, Дешті-Қыпшақ сұлтаны, Үндістан сұлтаны, Шын сұлтандары сияқты әлемдегі ұлы жеті патшаның бірі саналады.»-деп өте жоғары бағалайды.
3. Мемлекеттің әскери қуатын сипаттағанда «Қыпшақтар – шапшаң салт аттылар, оларға шабуылда да, шегінуде де ешкім тең келмейді.»
деп баға береді. Бұл көшпелі әскердің бүгінгі тілмен айтқанда мобильді сипатының дәл көрінісі.
4.Ибн Баттута Алтын Орданың негізгі этнографиялық ерекшеліктерін — қыпшақ-көшпенді өмір салтын көрсету арқылы береді.
Ол киіз үйлерді: «Күмбезді, киізбен қапталған, арбаға орнатылған үйлер »деп суреттейді. Бұл — дәстүрлі қазақтың киіз үйінің ортағасырлық прототипі.
Ол жылқы мәдениеті туралы да жазады. «Қыпшақ ер адам атынан түспейді» дейді. Дүние жүзін аралаған әлемге әйгілі саяхатшының көркем жазбасынан көшпелі мәдениеттің әскери-экономикалық негізі анық көрінеді.
Алтын Ордадағы әйелдер туралы «Қыпшақ әйелдері ерлермен бірге отырып сөйлеседі, олар аса қадірлі» дейді.
Далалықтардың дастарқан мәдениетін қызыға суреттейді. «Қонағына ет пен қымызды аямай береді» деп жазады. Бұдан қазақтың дәстүрлі қонақжайлығының ортағасырлық көрінісін көреміз.
5.Ибн Баттута Алтын Орда астаналарын, Сарай-Бату мен Сарай-Берке қаалаларын ерекше атап өтеді. «Мешіттері көп, саудасы қыз-қыз қайнап жатқан, мәдени тұрғыдан дамыған шаһарлар» деп суреттейді.
Сарай-Беркені «Әлемнің ең көрікті қалаларының бірі» деп бағалайды. Сарай-Берке (Жаңа Сарай, Сарай әл Жәдид) - Алтын Орда мемлекетінің екінші астанасы, 1260 жылы Берке хан салдырған. Ол XIV ғасырдың басынан XV ғасырға дейін астана болды. Қаланың қираған орны Еділ өзенінің бойында, қазіргі Волгоград облысы Царев ауылының маңында орналасқан.
Дүние жүзін аралап жүрген дүлдүл саяхатшыны тамсандырған бұл қалалардың дамуы Алтын Орданың көшпелі-отырықшы синтезін көрсетеді.
6.Алтын Орданың сәулеті мен дәулетіне риза болған Ибн Баттута жолжазбасында жылқы, қой, түйе малдары туралы жазады. Әсіресе, жылқының өте көптігін, кең даланы толтырып жатқанын сүйсіне суреттейді. Тері, жібек жолы саудасы сияқты экономикалық артықшылықтарды атайды. Алтын Орданы көшпелі экономика мен халықаралық сауданың тоғысқан нүктесі ретінде сипаттайды.
Қорыта айтқанда, Ибн Баттутаның сапарнама сипаттамаларындағы Дешті Қыпшақ этносының ортағасырлық бейнесі қазақ этногенезінің негізгі мәдени өзегі деп санауға болады.
ЕКІ ЕЛ БАЙЛАНЫСЫНЫҢ ЕРЕКШЕ КЕЗЕҢІ
Қазақстан мен Марокконың халықаралық байланысында бұл уақытқа дейін мемлекет басшылары деңгейінде кездесу болмаған.
Екі ел арасындағы байланыстың жаңа қадамы, ерекше кезеңі Марокконың парламент басшыларымен кездесуде ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов атап айтқандай, 2014 жылы басталды. Сол жылы Марокконың Кеңесшілер палатасының төрағасы Мұхаммед Биядилла Астанаға ресми сапармен келіп, өз кезегінде сол кездегі Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Рабатқа қарымта ресми сапар жасап, екі елдің парламенті арасындағы ынтымақтастыққа берік негіз қаланды.
Содан соң 11 жылдан кейін ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов бастаған қазақстандық делегацияның ресми сапары жасалды.
Яғни, орта ғасырдағы Алтын Ордаға Баттута бастаған байланысты жаңа заманда жақсы жалғастырып отырған Алтын Орданың мұрагер елі Қазақстанның парламент басшылары болып отыр.
Араб елдерімен дипломатиялық байланыстың тарихына көз жіберсек, өткен ғасырдың басында ұлт үшін өлшеусіз қызмет жасаған Алаш қайраткерлерінің бірі, КСРО-дағы тұңғыш қазақ елшісі Нәзір Төреқұловтың есімі ең алдымен еске түседі. Ол 1928 жылы небәрі 36 жасында Хиджаз (Сауд Арабиясы), әрі қосылған аймақтардағы КСРО-ның өкілетті уәкілі болып тағайындалды. Ол кезде мұндай жауапты қызметке жас адамның тағайындалуы дипломатиялық тәжірибеде өте сирек кездесетін. Ал 1932 жылы Нәзір Төреқұлов КСРО-ның Сауд Арабиядағы өкілетті елшісі болып тағайындалды. Жаңадан іргесі қаланып, әлемді тек мұнайымен ғана емес, рухани байлығымен де аузына қаратқан Сауд Арабиясына КСРО-ның елшісі болу кезекті қызмет емес еді. Бұл елге елші таңдаудың өзі үлкен саясаттың жемісі болатын. Тағайындау алдында мұсылмандығы, қабілеті, білім дәрежесі, қазақ халқының өкілі екендігі ескерілген. Н.Төреқұловтың 1932 жылы маусымда Сауд Арабиясы королінің мұрагері Фейсал әл-Саудтың КСРО-ға 10 күндік сапарын ұйымдастыруы елшілік қызметіндегі үлкен табысы, айрықша қайраткерлігі еді. Нәзір Төреқұлов жай елші ғана болған жоқ, Сауд Арабиясындағы бүкіл елшілердің жетекшісі, дуайвені болды. Нәзірдің абырой-беделінің жоғарылығы сонша, ол кейін 1937 жылы Кеңес империясының репрессиясына ұшырап, атылып кеткенде, Сауд Арабиясы сол үшін Кеңес Одағымен байланысты үзіп, ол ұзаққа созылды.
Содан кейін біздің білетініміз кешегі Кеңес одағы кезінде ислам елдері Мали мен Мароккода елші болған Мәлік Фазылов. Ол 1983-1990 жылдары КСРО-ның Мароккодағы елшісі болды. Мәлік Фазылов та дипломатиядағы қайраткерлік қарымын жақсы көрсете білді.
Сол кезде оның елшілік елдестіруімен Марокконың Мекнес қаласы мен біздің Алматы қаласы бауырлас қалалар ретінде достық байланыс орнатылып,марокколық делегация 1988 жылы 26 мамырда Алматы қаласына іссапармен келген.
Тәуелсіз Қазақстан мен Марокко арасындағы дипломатиялық және мәдени байланыс соңғы жылдары айтарлықтай жандана бастады.
1.Қазақстанның Премьер-Министрінің орынбасары-Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу 2025 жылы 28 ақпанда Мароккоға, Марракешке ресми сапармен барып, марокколық әріптесі Нассэр Буритамен кездесті. Екі ел 2024 жылы 26 қыркүйекте Нью-Йорктағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы аясында ұлттық төлқұжаты бар азаматтар үшін 30 күнге дейін визасыз сапарға мүмкіндік беретін ортақ келісімге қол қойған болатын. Бұл визасыз режим 2025 жылы 19 наурызда іске қосылды.
Сонымен қатар, құқықтық-қылмыстық салада да келісімдер жасалды. Мысалы, осы күзде Қазақстан парламенті қылмыстық істер бойынша күдіктілерді экстрадициялау, сотталушыларды аудару жөніндегі ратификацияны бекіткен.
2025 жылы 29 мамырда Астанада қол қойылған келісім бойынша екі ел арасында бизнес байланыс дамуы үшін «Қазақстан-Марокко» іскерлік кеңесі құрылды:
Бұл әріптестіктің екі жақ үшін де стратегиялық маңызы бар — Қазақстан Орталық Азияда, Марокко Солтүстік Африкада орналасқан, яғни елдерге жаңа географиялық нарықтар мен көпвекторлы саясатқа жол ашады.
2. Экономикалық-сауда қатынастары бойынша екі ел арасындағы сауда айналымы 70%-ға жуық өсіп, 324,3 млн АҚШ долларына жетті.
Қазақстанның экспортын күкірт (жалпы экспорттың 87,3 пайызы), бидай, сульфаттар, көмір, зығыр тұқымдары және бұршақ тұқымдастар құрайды.
2025 жылы мамыр айында Қазақстан алғаш рет 60 мың тонна бидайды Латвияның Лиепая порты арқылы Мароккоға экспорттады. Соңғы статистикалық мәліметтерге сәйкес (2025 жылғы қаңтар-қыркүйек) Қазақстаннан Мароккоға жалпы құны 35,2 млн доллар болатын 161,8 мың тонна бидай жеткізілді (жалпы экспорттың 11,6 пайызы). Қазақстанның биыл 27 млн тонна мол астық алғанын естіген Марокко елі бидай көлемін барынша көбейтуді қалап отыр. Болашақта Мароккоға экспортталатын бидайдың жалпы көлемін 300 мың тоннаға жеткізу көзделуде.
Мароккодан импорт киім-кешек пен аяқ киім (жалпы экспортың 74,2 пайызы), цитрусты жемістер, қатырылған балық және жеңіл автокөліктерден тұрады.
• Екі ел арасындағы Іскерлік кеңес арқылы механикалық инженерия, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, IT, логистика және жаңартылатын энергия салаларында жобалар жоспарлануда.
• Визасыз режимнің енгізілуі туризм мен халықаралық мәдени айналым үшін де оң серпін беріп отыр.
3. Мәдени және гуманитарлық байланыстарды айтсақ, 2024 жылғы 15 қазанда Республика күні қарсаңында Марокконың бас қаласы Рабаттағы үлкен сахна – Мұхаммед V атындағы Ұлттық Театрда Астана қаласының Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы мен Рабат қаласының Үлкен оркестрінің ұйымдастыруымен салтанатты іс-шара өтті.
2025 жылы қазан айында Марокконың Загора қаласында ұйымдастырылған «Халықаралық транс-Сахар кинофестиваліне» Қазақстан қонақ мәртебесінде қатысты.
• Діни салада да ынтымақтастық бар: Марокко мен Қазақстан арасындағы Ислам істері тиісті министрліктер арасында келісімге қол қойылған, паломниктарды бақылау, діндераралық экстремизммен күрес, мешіт құрылысы мен ағарту қызметтері қамтылған. Қазақстандық имамдардың марокколық уағыз-насихатшылар институттарында біліктілігін арттыруға 20 квота беру бойынша уағдаластық бар.
• Болашақта тікелей ұшулар, білім алмасу, туризм салаларының дамуы жоспарлануда. 2025 жылы Қазақстан мен Марокко тарихымызда алғашқы рет өзара 20 оқу грантымен алмасуға келісті.
• Білім-ғылым-технология: IT, цифрландыру, «Digital Morocco 2030» секілді жобалар мен Қазақстанның цифрлық әлемдегі тәжірибесін марокколық серіктестерге ұсыну.
• Ауыл шаруашылығы, логистика: Қазақстанның астық экспорттық әлеуеті мен Марокконың Африкаға шығу әлеуеті туралы пікірлер айтылған.
• Мәдени алмасу: кино, мәдени фестивальдер, мәдениеттерді жақындастыру—арадағы байланысты нығайтуда.
• Қауіпсіздік және құқық: қылмыстық-заң саласындағы келісімдер елдер арасындағы сенімділікті арттыруға бағытталған.
МАРОККО ӘДЕБИЕТІ ТАРИХЫН ЖАЗҒАН ҚАЗАҚ ҒАЛЫМЫ
Ал Марокко Корольдігімен Қазақ ғалымдары арасындағы байланыс XX ғасырдың 70-ші жылдарынан басталады. Бұл байланыс белгілі шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, академик, Қазақстан Діни басқармасы мүфтиі болған Әбсаттар қажы Дербісәлінің атымен тікелей байланысты. Арабтілді Марокко әдебиетінің тарихын жазып шыққан ол Қазақтың шет елдермен достық қоғамы Қазақ-Араб бөлімі төрағасы болды. Халықаралық «Араб тілі» Ғылым Академиясының (Каир) академигі. Ә.Дербісәлі республикалық арабтану ғылымының негізін салушылардың бірі. Арабтану саласы бойынша еліміздің тұңғыш ғылыми докторы, тұңғыш профессоры, тұңғыш академигі.
Ол Мәскеудегі Шығыстану институтында профессор Юрий Николаевич Завадовскидің (кезінде Марокко, Тунис, Алжир елдерінде Францияның Елшісі болған) жетекшілігімен Марокко әдебиеті секілді Кеңес Одағында бұрын-соңды зерттелмеген тың тақырыпты зерделеуге кіріседі. Ақырында 1975-76 жылдары ізденістері оны Марокко Корольдігіне жетелейді. Рабат қаласындағы Мұхаммед V атындағы университетте араб тілі мен әдебиетін тереңдей оқып, біліктілігін арттырудан өтті. Марокконың Мекнес университетінде дәріс оқыды.
Профессор Мұхаммед әл-Фасидің жетекшілігімен Марокко ауыз әдебиеті бойынша диссертация жазуға кіріседі. 1977 жылы КСРО ҒА Шығыстану институтында «Арабтілді Марокко әдебиетінің даму дәуірлері» деген тақырыпта (ғылыми жетекшісі - профессор Ю.Н. Завадовский) кандидаттық диссертация қорғайды. 1998 жылы «VIII - XX ғасырдағы арабтілді Марокко сөз өнерінің эволюциясы» атты тақырыпта докторлық диссертациясы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Мәскеу халықаралық қатынас және М.Горький атындағы Бүкілдүниежүзілік әдебиет институты ғалымдарының біріккен ғылыми мәжілісінде жоғары бағаланды. Кеңес Одағы һәм Батыс Еуропа шығыстанушылары бұрын Марокко әдебиеті болмаған деп келсе, қазақ ғалымы ондай пікірдің жаңсақтығын, халық, тіл бар жерде әдебиеттің болмауы мүмкін еместігін дәлелдеді. 1983 жылы «Арабоязычная литература Марокко» атты кітабы,1993 жылы «Литература Марокко» кітабы орыс тілінде жарық көрді.
Осыдан 7 ғасыр бұрын XIV ғасырда Марокколық әйгілі саяхатшы Ибн Баттута аттарының дүбірі дүниені елеңдетіп тұрған Алтын Ордаға тарихи сапар жасап, Дешті Қыпшақ халқын әлемге танытты. Ал ХХ ғасырда қазақтың көрнекті ғалымы, араб әлеміне аты белгілі Әбсаттар Дербісәліұлы Марокко халқының әдебиетін Қазақ Елімен қатар бүкіл Кеңес одағы мен Еуропаға танытты.
ГҮЛСТАНҒА АЙНАЛҒАН ШӨЛСТАН
Барған ел, басқан жеріміз туралы оқырманға ақпарат бере кетейік. Интернет иірімін қарап шыққанда да, бірқатар нақты мәліметтер сөйлеп шыға келеді.
Марокко (ресми атауы — Марокко Корольдігі, арабша المملكة المغربية — әл-Мамлакат әл-Мағрибия) — Солтүстік Африкада орналасқан ежелгі мемлекет.
1. Геостратегиялық маңызы
• Орналасуы: Марокко Африканың солтүстік-батысында, Атлант мұхиты мен Жерорта теңізінің түйіскен жерінде орналасқан.
• Гибралтар бұғазы арқылы Еуропамен (Испаниямен) тікелей шектеседі. Бұл – Африка мен Еуропаны байланыстыратын ең қысқа теңіз өткелі.
• Марокко — Африка мен Еуропаны жалғайтын стратегиялық қақпа.
• Елдің бұл орналасуы халықаралық сауда, теңіз тасымалы, көші-қон және қауіпсіздік салаларында ерекше рөл атқарады.
• Ел аумағының үлкен оңтүстік бөлігі – Сахара шөлінің солтүстік жиегіне кіретіндіктен Марокконы “Сахара елі” деп те атауға болады. Бірақ бүкіл Марокко – шөлді аймақ емес. Өйткені елдің негізгі бөлігі – таулы, жағалаулы, Жерорта теңізі мен Атлантика климатына тән жасыл аймақ.
2. Тарихи және мәдени маңызы
• Марокко — араб, бербер және африкалық өркениеттердің тоғысқан жері.
• Орта ғасырларда Марракеш, Фес, Мекнес сияқты қалалар ислам мәдениетінің ірі орталықтары болған.
• Марокко билеушілері Испания мен Солтүстік Африканың бір бөлігін қамтыған қуатты мемлекет құрған.
• Ел араб әлеміндегі ең көне тәуелсіз мемлекеттердің бірі: 8–9 ғасырлардан бері дербес әулеттермен басқарылып келеді.
3. Саяси маңызы
• Марокко — тұрақты монархия сақтап қалған санаулы араб елдерінің бірі.
• Африка мен Таяу Шығыстағы саяси тұрақтылық пен реформалардың үлгісі ретінде танылған.
• Елдің королі — Мұхаммед VI, ол елде діни және саяси билікті қатар атқарады.
• Марокко — Африка одағының, Араб лигасының, БҰҰ-ның белсенді мүшесі, Еуропалық Одақ пен АҚШ-пен стратегиялық әріптестігі бар.
• Марокко 1777 жылы 20 желтоқсанда Америка Құрама Штаттарының тәуелсіздігін ең бірінші таныған мемлекет.
• Батыс Сахара - Марокконың шешілмей келе жатқан үлкен саяси мәселесі.
4. Экономикалық маңызы
• Марокко — Солтүстік Африкадағы ең дамыған экономикалардың бірі.
• Негізгі салалар:
• Фосфат өндірісі (әлемдік қордың 70%-ы Мароккода).
• Туризм (жылына 17 млн-нан астам турист келеді).
• Автоөнеркәсіп және ауыл шаруашылығы.
• Жел және күн энергетикасы – Африкадағы ең ірі жасыл энергия жобаларының бірі.
• Елдің дамуы Еуропамен сауда және инвестициялық байланыстарға сүйенеді.
5. Марокко — ислам мен батыс мәдениетінің үйлескен сирек үлгісі.
• Елдің музыкасы, сәулеті, тағамдары және дәстүрлері бүкіл әлемге танымал.
• ЮНЕСКО тізіміне енген көптеген мұралар бар (мысалы, Фес мединасы, Марракеш қаласы, Волюбилис қирандылары).
Рабат (араб.: الرباط)- Марокконың астанасы, мәдени және өндірістік орталығы. Рабатпен іргелес, Сале қаласы бар, бұларды Бу-Регрег өзені бөліп тұрғанмен, екеуі бірге астаналық агломерацияны құрайды. Марокконың астанасы CNN-дің «2013 жылдың ең жақсы туристік бағыттар» тізімінде екінші орынды иеленді. Мароккодағы төрт империялық қаланың бірі және Рабат Мединасы Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілген.
Рабатта ортағасырлық ескерткіштер мен заманауи жаңа қаланың жайғасымы (XX ғасырдың ортасы) үздік үйлесім тапқан. Тарихи және киелі орындар көп екен. Рабат патша сарайы, V Мұхаммедтің кесенесі, Удайя Қасбасы (қамалы), Андалуз бағы, Баб Әл-Кебир қақпасы, Нуз Ассан бағы, Рабат шамшырағы және тб. Біз қауырт кездесулер кестесі арасынан сына тауып, бірнешеуіне барып шықтық.
1.Хассан мұнарасы мен Мұхаммед V кесенесі
Хассан мұнарасы (Hassan Tower) — XII ғ. салынған, іске қосылмай қалған үлкен мешіттің мұнарасы. Орта ғасырдағы марокколық архитектураның символы. Одан өзге, алаңда 200-ге жуық мәрмәр бағана сақталған.
• Мұнара жоғарыдан Атлант мұхиты мен қала бұғазы жағалауын көретін жақсы нүкте.
Мұхаммед V кесенесі (Mohammed V Mausoleum) — Хассан мұнарасының қасында орналасқан, ХХ ғасырдағы марокколық мемлекеттің тәуелсіздігі мен патшалық дәстүріне құрмет белгісі. Мұнда Марокко королі Мұхаммед V, сондай-ақ оның ұлы Хасан ІІ мазары бар.
Мұхаммед V кесенесі Тәуелсіздік символы ретінде саналады.
• Кесене архитектурасы: ақ мәрмәр, мозаика (zellij), дәстүрлі моуро-исламдық аркалар — бұл Марокконың ремескерлік және сәндік өнерінің көрінісі.
• Бұл екеуін, Хассан мұнарасы мен Мұхаммед V кесенесін бірге көру — Рабаттың ортағасырлық және заманауи кезең арасындағы үздік кескінін ашады.
2.Удайя қамалы
Бұл — XII ғасырда салынған ежелгі цитадель, қамал қала. Альмохадтар мен Удайя тайпасының атымен аталған, бүгінге дейін тұрғын аудан және тарихи кешен. Қамал Бу-Регрег өзенінің Атлант мұхитына құяр тұсына орналасқан. Удайя қамалының ең танымал бөлігі – үлкен Альмохад қақпасы марокколық әскери сәулеттің көрнекті үлгісі. Қамал үстінен баяу толқып жатқан алып Атлант мұхитын тамашалау ерекше сезім сыйлайды. Қала тұрғындары болуы керек, мұхит жағалауында бір топ адамдар шомылып жүр. Bou Regreg өзенінің арғы жағы басқа Сале (Salé) қаласы екен.
Біз ертедегі қамалда бұрын консулдар көшесі аталған тар көше бойымен тамашалап жүріп өттік. Бұрын Еуропадан келген елшілер осы жерден құлдарды сатып алып кетеді екен. Қолөнершілер дүкендеріне кіріп көрдік. Кәсіптері дәстүрлі қолөнер: былғары, кілем, мыс және күміс бұйымдар жасау.
• Ақ түсті, көк терезелі үйлері, тар қиылыстар, желдеткіш көшелері — андалус-марокколық сәулеттің ерекше үлгісі.
Андалуз бағы (Andalusian Gardens) — цитадель ішінде орналасқан жасыл аймақ: күздің өзі аяқталып жатқанына қарамай мұнда жап-жасыл бақ. Цитрусты жемістер ағаштарда самсап тұр.
• Бақ кезінде Алауит сұлтандарының Рабатқа келгендегі резиденциясы болған.
3.Шелла — ежелгі некрополь және археологиялық орын.
• Chellah — Рабат қаласында Бу-Регрег өзенінің сол жағалауында орналасқан Марокконың ең көне тарихи және археологиялық ескерткіштерінің бірі. Ежелгі Рим қалаcы “Sala Colonia” және кейінгі Маринид мемлекетінің некропольдік және мешіт-қалалық кешені болған.
• Бұл жерде римдік бағана қалдықтары, форум, монша, храм бөлмелерімен бірге Маринид дәуіріне тән мазар, мешіттің қираған күмбездері бар.
• Ашық аспан астындағы археологиялық орын тарихи жәдігер ретінде ерекше мәнге ие.
• Табиғатпен үйлесіп, қабырғалары мен көне колонадалы бағандар мен мұнаралар басында көкқұтандар ұялап, ұшып-қонып жүр. Биік тропикалық жасыл ағаштар - ерекше атмосфера береді. Бұл жерден тарихи өркениеттер мен табиғат арасындағы контрастты көру ерекше әсер қалдырады.
• 2023 жылы археологиялық қазбалар нәтижесінде көне мауритан-римдік Сала қаласының қорған жүйесі мен көне порты анықталған.
• Әлемдегі ең көне жоғары оқу ордасы – Әл-Қарауин университеті Марокконың Фес қаласында. Университет негізін Фатима әл-Фихри 859 жылы қалаған, сол уақыттан бері үздіксіз білім беріп келеді.
• Әлемдегі ең биік 210 метр мұнарасы бар мешіт Марокконың Касабланка қаласында орналасқан Хасан ІІ мешіті. Бұл Мароккодағы ең үлкен мешіт және әлемдік рейтингте жетінші орынға ие. Мұнараның үстінде Меккеге қаратылған лазер бар. Мешітте бір мезгілде 125 мың адам намаз оқи алады. Мешіттің біраз бөлігі мұхит үстіне орналасқан. Азан дауысы мұхит толқындарының дыбысымен араласып, әуенді естіліп тұрады.
• Әлемдегі ең көне адам мүсіні де Мароккодан табылған. Ол «Тан-Танадан шыққан Венера» деп аталады. Биіктігі 5,8 см, ені 2,6 см құрайтын кішкентай фигура.
Марокколықтар да қазақтар секілді қонақжай деуге болады.
Тағам мәдениетін айтар болсақ, Марокко асханасында араб, бербер және француз дәмдерінің үйлесімі бар.
Белгілі ұлттық тағамдары, Кускус – буға пісірілген бидай жармасы ет пен көкөніспен жасалады. Тажин – қыш ыдыста баяу пісірілген ет тағамы.
Мята шайы – ұлттық сусын, қонақжайлық белгісі. Шәйлары дәмді, барлық жерде дайын тұрады. Марокколық шәй құю және ішу дәстүрі бүкіл әлемге танымал. Құрметті қонақтарға Марокко шәйін көркем күміс шәйнектерін көтеріп тұрып, салтанатты түрде, сәндеп құяды екен. Шәй құюдың мәдени маңызы зор болғандықтан, оны үлкен құрметпен ішу керек.
МАРОККОДАҒЫ ФУТБОЛ АКАДЕМИЯСЫ
Мароккодағы футболды дамыту моделін көргіңіз келсе, Мұхаммед VI футбол академиясын (Mohammed VI Football Academy) көру керек. Марокколықтардың шетелдіктерге мақтанып көрсететіндей жөні бар футбол шеберлерін дайындап шығаратын фабрика десек те болады.
Мароккода футбол академиялары көп. Негізгі футбол академиясы — Mohammed VI Academy; оның ашылуы кәсіби футболды дамытудың жаңа кезеңін бастады. Бұл академия 2009–2010 жылдары негізі қаланып, ресми түрде 2010 жылы ашылған.
• Орналасқан жері - Сале (Salé) қаласы, Рабат маңы, және жалпы кешен көлемі - шамамен 18 гектар.
• Академияның мақсаты - жас таланттарды анықтап, оларға — футболдық жаттығулармен қатар, орта білім беру жүйесін ұсынып, кәсіби футболшы деңгейіне дайындау.
• Жаттығу базасы - бірнеше стандартты футбол алаңдары, жаттығу залдары, медициналық орталық, жатақхана, оқу, демалыс және өңдеу залдары.
• Академия — «талант + инфрақұрылым + кәсіби бапкерлер» үштік моделі бойынша жұмыс істейді.
• Академия түлектері елдің басты құрамасында, сондай-ақ еуропалық клубтарда қатар ойнап жүрген футболшылар.
• 2020–2025 жылдар аралығында академия мен ұлттық жастар жүйесінің жұмысы — Марокко футболының халықаралық биікке шығуына үлкен үлес қосты: жастар құрамалары халықаралық турнирлерде, ұлттық құрамаларда белсенді.
• Ел 12 өңірге бөлінген, әр өңірде аймақтық академиялар жүйесі құрыла бастады. Бұл жүйе ұлт деңгейіндегі футбол базаcын кеңейтті.
• Осындай жүйелі дайындық арқасында: Марокко ұлттық құрамалары мен жастар құрамалары соңғы жылдары халықаралық деңгейде жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.
• Академиялардың моделі — «спорт + білім + денсаулық + әлеуметтік өмір» үйлесімі. Яғни жас футболшы ғана жаттықпайды, сондай-ақ білім алып, денсаулығын күтіп, жалпылай дамиды.
• Mohammed VI академиясы — Мароккодағы ең ірі, ең жүйелі және ең табысты футбол академиясы. Ол қазіргі уақытта жастар футболының негізгі «инкубаторы» және ұлттық құрамаларға, кәсіби клубтарға талант дайындайтын база.
• 2022 жылы Катарда өткен әлем чемпионатында Марокко құрамасы жартылай финалға шығып, төртінші орын алды;
• 2025 жылы футболдан жастардың әлем чемпионатында Марокко ұлттық құрамасы әлем чемпионы атанды;
• Бұл жастар құрамасы 2030 жылғы әлем чемпионатына қатысады;
• Ал ол әлем чемпионаты Испания мен Португалиямен бірге Мароккода да өтеді - осылардың бәрін ойласақ, Марокконы футболда әлемдік үлкен жетістік күтіп отырғаны белгілі.
• Академия түлектері әлемнің үздік клубтарында ойнап жүр. 2025 жылы U-20 деңгейіндегі әлем чемпионатында (FIFA U-20 World Cup) жеңіске жеткен Марокконың ұлттық құрамaсындa академия түлектері басты рөл атқарды. Мысалы, шабуылшы форвард Yassir Zabiri осы Дүниежүзілік чемпионатта Алжирге қарсы финалда екі гол соғып, команданы жеңіске жеткізді. Ол қазір Португалияның “F.C. Famalicão” клубында ойнайды, оның болашағы зор.
• Мароккодан шыққан әйгілі футбол жұлдызы Ашраф Хакими Мадридтің «Реал» клубы сапында өнер көрсеткен алғашқы марокколық футболшы ретінде ел тарихында айрықша орын алады. Бұл оқиға Марокко футбол мектебінің әлеуетін көрсетіп қана қоймай, елдің ойыншылар даярлау жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейді. 2021 жылғы 6 шілдеде Хакими Францияның «Пари Сен-Жермен» клубымен бес жылдық келісімшартқа қол қойды. The Guardian-ның мәліметінше, трансфер құны 60 млн еуроны құраса, бонустар есебінен ол тағы 11 млн еуроға дейін ұлғаюы мүмкін. Бұл — марокколық ойыншы үшін рекордтық деңгейдегі келісімдердің бірі, ел футболының брендтік құнын арттыра түсетін фактор.
Марокко футболының қазіргі дамуы кешенді мемлекеттік саясаттың, инфрақұрылымдық жаңғыртудың және кадрлардың кәсіби даярлығын жүйелі арттырудың нәтижесі болып табылады. Ашраф Хакими сынды ойыншылардың халықаралық деңгейдегі жетістіктері елдегі реформалардың тиімділігін көрсетсе, ауқымды қаржылық қолдау мен инфрақұрылым құруға бағытталған инвестициялар Марокко футболын аймақтық және жаһандық деңгейдегі бәсекелеске айналдыруда.
Марокконың керемет футбол академиясын және оның жетістіктерін көріп отырып, «Ақ жол» партиясы парламентте бірнеше рет қазақ футболының күрделі мәселелерін көтергені есіме түсті. Ондағы депутаттық сауалдарымызда елімізде балалардың футбол академияларын көптеп ашу туралы ұсыныстарымыз орынды болған екен деп ойладым. Бірақ бұл мәселе әлі де шешіле қоймай, өзекті болып тұрғаны өзек өртейді...
Сонымен, үш күндік сапарымыз тығыз жұмыс кестесіне сай өте шықты. Уақыт жетпегендіктен, әлемдегі алдыңғы қатардағы ірі порты бар, Ибн Баттутаның туған жері Танжер қаласына бара алмадық. Ол Ұлы далаға ұлы сапарына осы қаладан аттанған.
Иә, данышпан ақын Рабиндранат Тагор тауып айтқандай, “Халықтар арасындағы көпір - ең құдіретті құрылыс.” Маңызы зор болған Марокко сапарының қорытындысы - елдердің байланысы тереңдеген сайын, болашақтың көкжиегі кеңейе беретініне көңілде зор сенім ұялады. Бұл сапар Қазақстан мен Марокко арасындағы байланысты жаңа белеске көтеретіні анық.
Өрісімізді кеңейтер, жемісімізді көбейтер халықаралық байланыстарға қашанда Ақ жол тілейміз.
Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты.
Астана – Ыстамбұл – Рабат – Сале - Ыстамбұл - Астана
МАРОККО ТУРАЛЫ МАҢЫЗДЫ МӘЛІМЕТТЕР
Ғаламторды шарласақ, Марокко елі туралы түрлі мәліметтер молынан жетеді.
Марокко (ресми атауы — Марокко Корольдігі, арабша المملكة المغربية — әл-Мамлакат әл-Мағрибия) — Солтүстік Африкадағы ең көне және ең маңызды мемлекеттердің бірі.
Марокконың табиғи аймақтары
1.Атлас таулары – қарлы шыңдар, орманды аймақтар
2.Жерорта теңізі жағалауы – жасыл, ауыл шаруашылығына қолайлы
3.Атлант мұхиты жағалауы – қала, балық шаруашылығы, туризм
4.Сахара шөлі (оңтүстік) – құмды, қуаң, көшпенділер аймағы
Сондықтан елдің табиғи келбеті өте әртүрлі.
Халықаралық қатынастардағы рөлі
• Марокко — Африка мен Еуропа арасындағы дипломатиялық дәнекер.
• Батыс Сахара мәселесі аймақтық саясатта маңызды орын алады.
• Ел Еуропалық Одақ пен АҚШ-пен еркін сауда келісіміне ие санаулы африкалық мемлекеттердің бірі.
• Сондай-ақ, Таяу Шығыста бейбітшілік бастамаларын қолдайтын белсенді елдердің қатарында.
Қысқаша айтқанда, Марокконың маңызы — оның геосаяси орны, тарихи мұрасы, экономикалық әлеуеті және мәдени әртүрлілігінде.
Ол Африка, Еуропа және Таяу Шығыс арасындағы көпір іспетті рөл атқарады.
Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер
• Жұмыссыздық деңгейі 2024 жылы шамамен 13.4 %, ал 2025-2026 жж. төмендеуі күтілуде (~12.6 %-ке).
• Жастар арасында (15-24 ж.) жұмыссыздық жоғары — 2024 ж. шамамен 36.7 %.
• Ауыл-аймақтық және көп жағдайда ауыл шаруашылығы секторындағы дағдарыстар экономикаға әсер етіп отыр – мысалы, 2024 жылы ауыл шаруашылығы саласы төмендеді.
Болашаққа бағытталған тенденциялар
• Туризм секторы қалпына келуде: мысалы, 2024 жылы туристік кірістер күшейді, 17,4 млн адам келді.
• Үкімет бақылауында таза энергия, инфрақұрылым дамыту, инвестициялар салаларында әлеуетті өсім бар.
I. Марокконың тарихы
1. Ежелгі дәуір
• Б.з.д. II мыңжылдықта қазіргі Марокко аумағында бербер (амазиг) тайпалары мекендеген.
• Кейін бұл жерге финикиялықтар мен карфагендіктер келіп, сауда орталықтарын салды.
• Б.з.б. 146 ж. Карфаген құлаған соң, Марокко Рим империясының ықпалына түсті.
• Рим дәуіріндегі маңызды қала — Волюбилис (қазір ЮНЕСКО мұрасы).
2. Ислам дәуірі (VIII–XV ғғ.)
• 711 жылы арабтар мен берберлер Испанияға өтіп, Андалусия мәдениетін орнатты.
• Сол кезде Марокко аумағында бірнеше ірі әулеттер билік құрды:
• Идрисидтер (VIII–X ғ.) – исламды ресми енгізген алғашқы әулет; Фес қаласын құрды.
• Альморавидтер (XI–XII ғ.) – Марракешті астана етті, Испанияның оңтүстігіне дейінгі аумақты бағындырды.
• Альмохадтар (XII–XIII ғ.) – мәдениет пен ғылымды дамытқан дәуір.
• Меринидтер, Ваттасидтер, Саадиттер — кейінгі әулеттер.
3. Жаңа заман және отарлық кезең
• XV ғасырдан бастап Португалия мен Испания Марокконың жағалауларын басып ала бастады.
• 1912 жылы Марокко Франция мен Испанияның протекторатына айналды.
• Француз отарлығы кезінде елде жолдар, мектептер, теміржолдар салынса да, халық наразылығы күшейді.
4. Тәуелсіздік және қазіргі кезең
• 1956 жылы Марокко тәуелсіздігін алды.
• Король Мұхаммед V және оның ұлы Хасан II елді заманауи бағытта дамытты.
• Қазіргі монарх — Мұхаммед VI (1999 жылдан бері), ол саяси және әлеуметтік реформаларды жүзеге асырып келеді.
• Елдің басты ішкі мәселесі — Батыс Сахара дауы (1975 жылдан бері жалғасуда).
II. Марокконың мәдениеті
Марокко — араб, бербер, африка және андалус мәдениеттерінің қосындысы.
1. Тіл және дін
• Ресми тілдер: араб және амазиг (бербер).
• Француз тілі де кең тараған (білім мен бизнес саласында).
• Дін: ислам (сунниттік бағыт).
III. Марокконың әдебиеті
Марокко әдебиеті — араб және амазиг тілдеріндегі шығармалардың ұзақ дәстүріне негізделген.
1. Ежелгі және орта ғасыр әдебиеті
• Ерте дәуірде дін мен ғылымға арналған поэзия және прозалық еңбектер жазылды.
• Альмохад кезеңінде ислам философиясы мен андалус әдебиеті әсер етті.
• Суфизм поэзиясы (рухани және махаббат тақырыптары) кең тарады.
2. Қазіргі әдебиет (XX–XXI ғ.)
• Тәуелсіздік кезеңінен кейін әдебиетте ұлттық сана, отарлық өткен шақ, әйел бостандығы, заманауи қоғамның қайшылықтары тақырыптары кең өріс алды.
• Белгілі жазушылар мен ақындар:
• Тахар Бенжеллун – Нобельге ұсынылған жазушы, “Түннің қасиетті қасиеті”, “Көрінбейтін көз жас” романдары арқылы танылған.
• Мохаммед Шаукри – “Жалаңаяқ нан” (Le Pain nu) романы арқылы әлемдік даңққа ие.
• Дрисс Шрайби – отарлық саясатты сынаған “Бидғатшылар” романымен белгілі.
• Абдельлатиф Лааби – заманауи поэзия мен адам құқықтары тақырыбын көтерген.
3. Әдеби дәстүрлер
• Поэзия — бербер мен араб мәдениетінің басты өнері.
• Хикая айту дәстүрі (халакат) — ежелгі халықтық театр мен ауыз әдебиеті формасы.
• Әдебиетте философиялық ой, ұлттық болмыс, рухани ізденіс жиі кездеседі.
Марокконың тарихы мен мәдениеті — араб, бербер және андалус өркениеттерінің синтезі.
Ол ежелгі дәстүрлерін сақтай отырып, заманауи әдебиет пен өнер арқылы әлемдік мәдениетке зор үлес қосып отыр.
Қорыта айтқанда, тарихи, геосаяси, мәдени және экономикалық тұрғыдан Марокконың маңызы өте зор.
ҚАЗАҚ ҮНІ












