“АЛАШТЫҢ АТЫН АЙТҚЫЗБАЙМЫН” деген шекесі тар шенеуніктер қазір қайда екен?!.

“АЛАШТЫҢ АТЫН АЙТҚЫЗБАЙМЫН” деген шекесі тар шенеуніктер қазір қайда екен?!.

✅ “ОРТАЛЫҚ-БАТЫС” КҮРЕ ЖОЛЫ ҚАШАН БАСТАЛАДЫ?!.

✅ “ӘУЛИЕ АТТАҒАН ОҢБАЙДЫ…”

✅ ҰЛТ КӨСЕМДЕРІНЕН ЕЛІМІЗДЕ ЖЕРЛЕНГЕНІ – ЖАЛҒЫЗ МІРЖАҚЫП ДУЛАТҰЛЫ

✅ 1989 жылы Міржақып Дулатұлының сүйегі Карелиядан табылды.

✅ Міржақып Дулатұлы Қызбелде туып-өссе, оның кесенесі неге бұл жерден де 50 шақырымдай алыс ең шетте, Бидайық ауылында тұр?

✅ ҰЛТ КӨСЕМІ МІРЖАҚЫП ТОЙЫ ЕЛДІГІМІЗДІ КӨРСЕТЕТІНДЕЙ ЕРЕКШЕ БОЛУЫ ТИІС!

✅ «ОЯН, ҚАЗАҚ» деп ұран тастаған ҰЛТ КӨСЕМІНЕ жасайтын құрметімізге қарап, ОЯНҒАН-ОЯНБАҒАНЫМЫЗ БЕЛГІЛІ БОЛАДЫ!

✅ ТОРҒАЙ ТОЙҒА ДАЙЫН БА?!.

✅ ЖОЛ АЗАБЫН ЖҮРГЕН БІЛЕДІ...

✅ ҰЛТ ҰСТАЗЫНЫҢ АУЫЛЫНА БАРАР ЖОЛ ҚАШАН БІТЕДІ?!.

✅ Ахаң ауылындағы ардагер маған неге өкпеледі?!.

✅ “ҚАЗЫБЕКТІ КӨРІП, ҚАЗАҚТЫ КӨРГЕНДЕЙ БОЛДЫМ” - ауыл ақсақалы

✅ 2 мың шақырымнан асқан сапарымызда Алаш көсемдері Ахаң мен Жақаң туған Торғай өңіріндегі екі күндік сапарда 630 км жолсыз, қара жолмен жүруге тура келді.

✅ “Әулиелерге барсаң, ұзақ жүріп, қиналып бару керек” деген осы екен!

Зияратымыз қабыл болсын!

ТОРҒАЙДА ТОЛҒАНДЫРАР МӘСЕЛЕ КӨП

Торғай өңірінен толыққанды сапарнама

Бұрын жазғанымыздай, биыл депутаттардың жазғы ел аралауында ең бірінші Қостанай-Торғай өңіріне жұмыс сапарымен барып, бірқатар аудандарда тұрғындармен кездестік.

2025 жылы 1 шілде күні таңертең көмекшім, заңгер, тіл жанашыры Жасұлан Иса екеуміз, яғни екі Иса қасиетті Торғай даласына тартып кеттік. Таңғы сағат 8-де, кезінде өзіміз парламентте депутаттық сауал жасап, бірнеше рет мақала жазып жүріп, ақыры нәтижеге жетіп, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының атын алған Қостанай әуежайына аман-есен қондық. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбет бауырымның өзі қарсы алды. Қасында «Ақ жол» партиясы Қостанай облыстық филиалы белсенділері бар екен.

Бақытжан бізді бірден облыс әкімдігіне апарып, ғимарат алдындағы алаңнан болашақ Міржақып Дулатұлы ескерткіші орнайтын жерді көрсетті. Ыңғайлы жер екен. Міржақып көшесі мен Тәуелсіздік көшелері қиыласатын жерде. Жанында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті бар, оның алдындағы алаңда Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы ескерткіші тұр. Тағы бір жағында Торғайдағы қазақтың алғашқы мектебінен Алаш көсемдері тәлім алған тұңғыш ағартушымыз Ыбырай Алтынсариннің ескерткіші тұр. Яғни, келісті кешен, айшықты ансамбль деп, ауыз толтырып айтатын Алаш алаңы болғалы тұр... Міржақып ескерткішінің нұсқаларын да қарап шығып, мамандығы суретші ақын ретінде өз ұсынысымды білдірдім.

Университет маңдайшасындағы «Ахмет Байтұрсынұлы» деген айқын жазу көзіме ыстық көрініп кетті. Оның себебі де бар. 2022 жылы Ахаңның 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде тойланғанда алғашқы тұсаукесері 28 ақпанда Қостанайдағы Ахмет Байтұрсынов университетінде басталған болатын. Сол жиынға арнайы шақырылған біз ұлт зиялылары қауымы алдында сөйлеген сөзімізде «Ахаң атындағы университет атының «Байтұрсынов» болуы қате, «ов» жалғауын алып тастау керек» деп ұсыныс жасаған болатынбыз.

Бұл туралы Қостанайлық журналист Қыдырбек Қиысханұлы 2023 жылы 26 қазанда фейсбук парақшасында келтірді.

«Ұстазым, академик Зұлқарнай Алдамжар осыдан 30 жыл уақыт бұрын дәл осы оқу ордасын Ахаң есімімен аталсын, "Байтұрсынұлы" университеті болсын деген хатпен үкіметке хат жолдағанда, ұзақ уақыт шешім шықпай, әрең дегенде жоғары жақ "Байтұрсынов" деп бекітіп жіберген деп естелік кітабында жазған болатын.

Ал былтыр 2022 жылы 28 ақпанда Ахаң тойының ашылуына Қостанайға арнайы келген Алаштың жоқтаушысы, белгілі ақын, ҚР Парламентінің депутаты Қазыбек Иса ағамыз университеттегі ұлт зиялыларының алқалы жиынында да, біздің облыстық “Қостанай таңы” газетіне сұқбат берген кезінде де бұл мәселені баса айтты:

-Біздің парламентте көтерген депутаттық сауалымыз бойынша көптеген ұсыныстардың ішінде облыс орталығындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлы есімі берілу туралы ұсыныс та өз қолдауын тауып жатыр. Әуежай әкімшілігі өз келісімін берген, қазіргі күні осы мәселенің шешілуі үкіметтік деңгейде қарастылып жатыр. Сонымен бірге бір айта кетерім, мынау университеттің алдындағы «Ахмет Байтұрсынов» деген тегіндегі «ов» жалғауын алып тастау керек. Алаш көсемдері Ахаң, Әлихан, Міржақыптар өз тектерінің «ов» жалғауымен жазылуына қарсы болған, ол туралы мақалалары да бар — деді халық қалаулысы.

Енді міне, ұлттық мүддені қорғаушы, ұлтшыл зиялылардың ұтымды ұсыныстары өмірге жолдама алды.

Алаш жасасын!»-деп жазды.

Алдымен Қостанай облысы әкімі Құмар Ақсақаловпен кездесуде өңір басшысы облыстың экономикалық-әлеуметтік жағдайымен таныстырды. Торғай өңірі үшін ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда жариялаған Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз жолдарын қосатын “Орталық-Батыс” күре жолының маңызы зор екенін атап өтті. Алаш көсемі Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына дайындық барысын әңгімеледі. Алаш көсемдері Ахаң мен Жақаңның басында болып, Арқалық-Торғай өңіріне баса назар аударып отырғанын айтты.

Қостанай өлкесіне сапарымызда ең алдымен Алаш көсемдері туған Торғай өңіріне баратын болып, атқа міндік.

Ең алдымен биылғы 140 жылдығына байланысты Тәуелсіз Қазақ елі үшін құрбан болған Алаш көсемдерінің бірі, ақын-ағартушы, ХХ ғасыр басындағы ұлттық сана-сезімді оятқан зор рухани манифест «Оян, қазақ!» жыр ұранының авторы Міржақып Дулатұлының кесенесі тұрған Жангелдин ауданы Бидайық ауылына баратын болдық.

Жолбасшыларымыз Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбет, Жангелдин ауданын 7 жарым жыл басқарған, қазір облыс әкімінің кеңесшісі Шота Оспан. Бақытжан мен Шота бауырымыз қордаланып тұрған барлық мәселемен жолай таныстырып келеді. Бақытжанды Батыс Қазақстан облысы әкімі кезінде жақсы идеолог ретінде сырттай білетінмін, әуежайда алдымнан шыққанда қуанып қалдым.

ЖОЛ АЗАБЫН ЖҮРГЕН БІЛЕДІ...

Биыл 2025 жылы 26 маусымда «ҰЛТ КӨСЕМІ МІРЖАҚЫП ТОЙЫ ЕЛДІГІМІЗДІ КӨРСЕТЕТІНДЕЙ ЕРЕКШЕ БОЛУЫ ТИІС!» атты Алаш көсемі, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы, ағартушы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Исаның ҚР Премьер-Министр О.Бектеновке жолдаған депутаттық сауалын еске сала кетейік:


-«2021 жылы Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО бойынша тойлау туралы депутаттық сауалымызда «Тәуелсіздік рухында тәрбиеленген кез келген әкім Қостанай өңірін басқаруға келгенде ең алдымен Алаш көсемдері Ахаң мен Жахаңның туған жеріне барып, Ұлттың ұлы тұлғаларына тағзым етуі жазылмаған заң. Алты жылдан бері облыс әкімі Ахаңның ауылына ат ізін салмаған. Қазір Алаш көсемдерінің ауылына баратын жол жоқ!»-деп жазып едік. Ал қазір қалай екен тарихы терең, тағылымы ерен Торғай өңірінің?!» деп жазған едік.

Тағы да қайталаймыз, әлем бойынша елулікке кірдік деп, екпіндеп, қырықтықты қырып тастап, енді отыздыққа кіруге омыраулап отырған, Тәуелсіздігіне 34 жыл толатын Қазақ Елінде ұлт көсемдерінің туған жеріне баратын жол жоқ әлі. 1992 жылы кірпіші қаланған Міржақып Дулатұлының кесенесі мен мұражайы тұрған Бидайық ауылына апаратын жол, яғни Тоқанай-Саға-Алтынсарин автомобиль жолы да әлі бітпей жатыр. Жолдың 0-15 шақырымына қиыршық тас төсеу арқылы ресайклинг әдісімен орташа жөндеу жұмыстары биыл 15 тамызға дейін жүргізіліп бітеді деп отыр ел үміттеніп. Жолдың 15-34 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары биылғы сәуір айынан бастап жүріп жатыр.

Біз жазда маусым айында хабарласқанда осы жолдың 49-88 шақырымына, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін конкурстық рәсімдер өтуде деген. Бұл жолға орташа жөндеумен шектеліп, қиыршық тас төсеу жұмыстары ғана жүргізіледі, негізі осы жолға толық асфальт төселсе жақсы болар еді деп отырған халық талабы өте орынды. «Сонда 40 шақырым жерге қиыршық тас төселетін болса да, оның өзіне конкурстық рәсімі әлі бітпесе, енді қашан басталмақ ол жол?!. Тойға дейін үлгере ме?»-деген едік депутаттық сауалымызда.

Яғни, сол кезде қауіп еткеніміздей, Торғайдан Ұлт көсемдері Ахаң мен Жақаң кесенелеріне баратын жолды көрсеңіз, нағыз «жол азабы - көр азабы» дегенге көзіңіз жетеді. Жолға шығардан екі-үш күн бұрын «Мен Торғайға жолға шыққалы жатырмын, жолбасшы болам дейтіндерге жол ашық» деп желіге жаздым. Міржақып Дулатұлының сүйегін елге әкелуге атсалысқан азаматтардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, белгілі журналист Қайсар Әлім көкеме хабарластым. Ол кісі сырқаттанып қалғанын айтып, жолсерікке жарайтын бауырларың бар деп, Арқалықтағы арқалы ақын Айбек Қали мен музей директорының орынбасары, айтыскер Батырлан Сағынтайдың аттарын атады. Осы қоғам қайраткері Рашиля апайымыз бастаған Торғай өңірінің азаматтары ең алдымен жол мәселесін айтып, жаңбырдан кейінгі мибатпаққа айналған жолда батып қалған жеңіл көліктердің видеосын чатқа салып жатты…

Бір тәуірі, біз барған кезде күн ашық болып, жол құрғақ болды. Оның үстіне мінгеніміз жол талғамайтын қуатты көліктер болғасын, ондай ойдым жерлерден өту онша қиынға түскен жоқ. Бірақ жеңіл көліктерге оңай болмайтын жол...

Мен 2023 жылы Қазақстандағы күрделі жол мәселесі туралы сауал жасағанда айтып едім: «XXI ғасырда Еуропадан шыққан көліктер Қазақстанға келгенде XIX ғасырдың жолына түсіп кетеді... Жол мәселесіндегі сөзімізді осылай бастауға тура келеді. Иә, «Көрмегенім Қазақстанның жолдары болсын» дейтін шетелдік көлік жүргізушілер көп... Атырау мен Астрахан арасындағы жыр болған 100 шақырымдай жол әлі бітетін түрі жоқ. Дәл осы жолмен жүргендер оның азабын айтып тауыса алмайды. Көрші елдің соғыстан қашқан қашқыны Атыраудың жолында қиналғанда, «Бұлай жол азабын көргенше, соғыста өліп, көр азабын көргенім жақсы екен» ғой, дегені ащы шындық…»-деп едім.

Алаш көсемдерінің ауылына баратын жолда осы сөздерім еріксіз еске түсті...

Үлкен жолдан «Бидайыққа» бұрылар бұрылыста бізді Жангелдин ауданы әкімі Дінмұхаммед Бидаш бастаған Торғайлықтар қымызы мен бауырсағын алып шығып, әуелеген әнмен қарсы алды. Жолдан шаршап келе жатқан біздің көңіліміз көтеріліп шыға келді.

Жол бойында жасалған тақтада Торғайдағы жол мәліметтері тұр екен. Қостанай облыстық жол басқармасы басшысы Алмас Есенжолов Торғай өңіріндегі салынып жатқан жолдардың жағдайымен таныстырды.

Депутаттық сауалымызда атап өткендей, «Тоқанай-Саға-Алтынсарин автомобиль жолының 49-88 шақырымына, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін конкурстық рәсімдер өтті ме, әлі созылып жатыр ма?» деген сұрағымызға «Конкурс өтіп, мердігерлер анықталып, жұмысқа кірісіп жатыр» деп жауап берді.

Ең бастысы - бұл Міржақып пен Ахмет кесенелеріне апаратын жолдар Ұлт көсемінің 140 жылдық тойына дейін бітеді ме, бітпей ме? Бізді мазалаған бұл басты сұраққа “Жолды тойға дейін бітіреміз” деген сенімді жауап алдық. Лайым, солай болсын деп, сенгіміз-ақ келеді.

Оқырмандар да Торғай өңіріндегі Жангелдин ауданы бойынша автожол саласының жағдайына көз жеткізу үшін жол туралы ресми мәліметті келтіре кетейік.

Жангелдин ауданы бойынша автожол саласының 2025 жылға жоспарланған жобалары бойынша мердігерлерді анықтау үшін жүргізілген конкурстық рәсімдер

1. Аудандық маңыздылығы бар «Тоқанай-Сага–Алтынсарин» автомобиль жолының 0-15 шақырымдар учаскесіне жаңадан 3 су өткізгіш құбырларын орнатумен және қолданыстағы жол материалдармен жаңа материалды(қиыршық тас) қосу арқылы ресайклирование әдісімен орташа жөндеу бойынша участокке материалдар, арнайы техникалар жеткізіліп, жол төсемінің биіктігін қалпына келтіру және жол жиектерін нығайту жұмыстары жүргізілуде. Нысанның жалпы құны – 623 млн 631 мың 317 теңге. Мердігер «Лидер Строй 2002» ЖШС Арқалық қаласы. Жобаның аяқтау мерзімі 30 тамыз 2025 жыл.

2. Аудандық маңыздылығы бар «Тоқанай-Сага-Алтынсарин» автомобиль жолының 15-34 шақырымдар учаскесін қолданыстағы жол материалдармен жаңа материалды(қиыршық тас) қосу арқылы ресайклирование әдісімен орташа жөндеу жүргізіліп толығымен аяқталды. Нысанның жалпы құны- 531 млн 301 мың 890 теңге. Мердігер «Мелоян Саак Ваникович» ЖШС Қостанай қаласы. Жобаның аяқтау мерзімі 30 шілде 2025 жыл

3. Аудандық маңыздылығы бар «Тоқанай-Сага–Бидайық» 49-51 шқ және «Саға-Бидайық» 11-13 шқ, 21-22 шқ, 30-37 шқ автокөлік жолының учаскесін қиыршық тас төсеу арқылы ағымдағы жөндеу бойынша мердігер анықталды «ЛюксДорСтрой» ЖШС Қостанай қаласы. Нысанның жалпы құны- 226 млн 400 мың.теңге. Жобаның аяқтау мерзімі 30 тамыз 2025 жыл.

4. дЖангелдин ауданы Саға ауылындағы М. Дулатова көшесі 0-0,88 шқ автокөлік жолын орташа жөндеу бойынша мердігер «Бейсен-1» ЖШС Торғай ауылы. Нысанның жалпы құны- 79 млн. 358 мың теңге. 6 учаскеде жаңадан су өткізгіш құбырларын орнатылып, жол жиектерін нығайту жүргізілуде. Жобаның аяқтау мерзімі 10 тамыз 2025 жыл

5. дЖангелдин ауданы Бидайық ауылындағы Тәуелсіздік көшесі 0-1,01шқ автокөлік жолын орташа жөндеу бойынша мердігер «Бейсен-1» ЖШС Торғай ауылы. 88 млн 752 мың теңге. Қазіргі кезде материалдар жеткізілуде. Жобаның аяқтау мерзімі 20 тамыз 2025 жыл

7. Жангелдин ауданы Сага ауылындағы Жеңіс көшесі 0-0,26 шқ, Тәуелсіздік көшесі 0-0,55 шқ, Ғ. Әмірханұлы көшесі 0-0,563 шқ, Күдері ақын көшесі 0-1,12 шқ, М. Дулатов көшесі 0-0,7 шқ автокөлік жолын орташа жөндеу бойынша мердігерді анықталды «NBS construction» ЖШС Петропавл қаласы.Нысанның жалпы құны- 280 млн 841 мың теңге. Жобаның аяқтау мерзімі 30 тамыз 2025 жыл

2025 жылғы көктемгі су тасқыны салдарынан бұзылған аудандық маңыздылығы бар «Шұбалан-Қарасу» А.Байтұрсынұлы ауылы бағытындағы автомобиль жолында 5 учаскеде жол төсемдерін және 2 учаскеде жаңадан су өткізгіш құбырларын орнату үшін облыстық бюджет есебінен 53 млн 583 мың теңге бөлініп жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда жұмыстар 100 % атқарылды. Мердігер «Алюминстрой» ЖШС Арқалық қаласы.Жобаның аяқтау мерзімі 10 шілде 2025 жыл

2024-2025 жылдарға жоспарланған ауыспалы жобалары бойынша:

1. 2024-2025 жылдарға «Шұбалан-Қарасу» А.Байтұрсынұлы ауылы бағытындағы автомобиль жолының 57,6-107,6 (50 шқ)шақырымдар учаскесін қиыршық тас жабыныдысымен профильді түзету су өткізгіш құбырларды орташа жөндеу жұмыстарына облыстық бюджет есебінен 1 млрд 202 млн 434 мың оның ішінде 2024 жылға 256 млн 452 мың теңге, 2025 жылға 924 млн 094 мың қаржы қарастырылды. 2024 жылы 96,8 шақырымда екі көзді (4*2,5) су өткізгіш құбыры салынып, 96,65-97,05 (0,4 шқ), 103,2-107,6 (4,4 шқ) шақырымдар учаскелерінде жол төсемінің бейіктігі қалпына келтірілді. Сондай-ақ 100,8-107,6 (6,8 шқ) учаскелерінде негізгі бағыт бойынша қиыршық тас төсеу және жол жиектерін нығайту жұмыстары атқарылды. 2025 жылы 103,2-95,9 (7,3 шқ) шақырымдар учаскелерінде жол төсемінің бейіктігін қалпына келтіре отырып қиыршық тас төселіп және жиектерін нығайту жұмыстары жүргізілуде. Мердігер «Алюминстрой» ЖШС Арқалық қаласы. Жобаның аяқтау мерзімі 30 қараша 2025 жыл.

Бұл бізге берілген ресми мәлімет бойынша «2024-2025 жылдарға «Шұбалан-Қарасу» А.Байтұрсынұлы ауылы бағытындағы автомобиль жолының 57,6-107,6 (50 шқ) шақырымдар учаскесін қиыршық тас жабындысымен профильді түзету мен су өткізгіш құбырларды орташа жөндеу жұмыстары» биыл 2025 жылы 30 қарашада бітуі керек. Сонда бекітілген үкімет жоспары бойынша осы қыркүйек айында өтетін Міржақып тойына келген жұрт Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы басына баратын болса, қалай барады?!

Бұл жолдан басқасының барлығы 2025 жылы 30 тамызға дейін аяқталуы тиіс! Осы маңызды 7 жол жобасының қайсысы өз мерзімінде орындалғанына құдай қаласа, қыркүйектің аяғында Ұлт көсемі Міржақып Дулатұлының 140 жылдық тойына барғанда көз жеткіземіз.

ҰЛТ КӨСЕМДЕРІНЕН ЕЛІМІЗДЕ ЖЕРЛЕНГЕНІ – ЖАЛҒЫЗ МІРЖАҚЫП ДУЛАТҰЛЫ

Жолда Қызбел ауылы маңайында Міржақып Дулатұлының кіндік қаны тамған Асқар күзегіне соғып, құран оқып, тағзым еттік. Ұлт көсемі дүниеге келген киелі орынды жайнатып, жарқыратып-ақ қоятын жер, амал жоқ енді...

Түске жақын Ұлт көсемі Міржақып Дулатұлының кесенесі орналасқан Бидайық ауылына да жеттік. Кесене басында бес-алты құрылысшы жұмыс істеп жүр. Яғни, депутаттық сауалымызда айтқандай, Бақберген Өтеулин бастаған Жақаңның ұрпақтары күрделі жөндеу жүргізіп жатыр екен. Музейді де қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. «Алаш көсемі Міржақып тек өз туыстары үшін күрескен жоқ, ұлт үшін, қалың қазақтың болашағы үшін, Алаш үшін айқасып, құрбан болды. Сондықтан, Міржақып кесенесіне де, музейіне де үкімет қолдау жасауы тиіс деп білеміз.»-деген сөздеріміз еске түсті.

Міржақып бабамыздың басына тағзым етіп, құран бағыштадық. Бұдан соң қазіргі уақытта бой көтеріп жатқан мұражай құрылысымен таныстық. Бұл нысан ұлт көсемінің өмірі мен еңбегіне арналған тарихи-мәдени орталыққа айналмақ.

1989 жылы Міржақып Дулатұлының сүйегі Карелиядан табылды. Қызы Гүлнар Дулатованың бастамасымен міржақыптанушы ғалым Марат Әбсемет, «Егемен Қазақстан» газетінің белгілі журналисі Қайсар Әлім, кинорежиссер Қалила Омар және тб қатысуымен 1992 жылы Қазақстанға, туған жері Торғай даласына әкеліп, арулап жерлеген болатын. Міржақып Дулатұлының кесенесі мен мұражайының кірпіші Бидайық ауылына 1992 жылы қаланған. 2016 жылы Міржақып атындағы мұражай мен кесенені «Әділет» ЖШС қайта жаңартып, сыртын заманауи кірпіштермен көзге қанық етіп өргізген.

Мұражай екі қабатты. Жоғарғы қабатында Міржақып Дулатұлының замандастарымен, отбасымен түскен және өзінің естелік қабырға суреттері, түскиіздері мен тұтынған көне заттары бар. Ал бес жұлдыз – бабамыздың Соловецк лагеріндегі қабірінің басына қойған белгісі. Мұны ұрпақтары 1992 жылы арулап әкеліп, мұражайға ескерткіш ретінде тапсырған.

Мұражай мен кесененің арақашықтығы – 70-80 қадам. Осы аралықты төсеніш тастармен жалғаған. Мемориалды мұражайда ақынның қызы Гүлнар тапсырған суреттер, жол сөмкесі, күміспен қапталған белбеу, т.б. киелі жәдігерлер бар.

Бидайық ауылының тұрғындарымен кездестік.

Ауыл тұрғындары көтерме жолдардың сапасы, ішкі көшелерге асфальт төсеу, интернет пен ұялы байланыстың әлсіздігі секілді мәселелерді көтерді.

- Алаш көсемі жерленген киелі мекен – Бидайық ауылының тұрғындары, сіздер ең бақытты жандарсыздар. Өйткені, Қазақтың Тәуелсіздігі үшін күресіп, ел болашағы үшін саналы түрде құрбан болған Ұлт көсемдерінен Әлихан Бөкейхан Ресейде атылып, зираты Мәскеудегі Дон қорымында қалды. Алматыда атылған Ахмет Байтұрсынұлының сүйегі қайда екені әлі белгісіз... Мұзбалақ Мұстафа Шоқайдың сүйегі Германияда, Берлинде жатыр... Қабірі сонау Карелиядан табылып, өз елімізге әкеліп жерленген жалғыз Міржақып Дулатұлының киелі кесенесі сіздердің ауылдарыңыз Бидайықта. Биыл өтетін Ұлт көсемінің 140 жылдық мерейтойының шапағаты еліне, сіздерге де тиюі тиіс.

Көтерілген барлық мәселелер біздің жіті назарымызда. Бұл тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды түйткілдер болғандықтан, тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, өз деңгейінде шешімін табуы үшін бақылауға алынады. – деп, ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап бердік.

Жолда кешке жақын Міржақыптың өзі туып-өскен Қызбел ауылына арнайы ат басын бұрдық. Жол мен көше шарбақтарын ретке келтіріп жатқанынан тойға дайындық байқалады.

Ауыл әкімі Қайсар Нұрғазин ауыл тарихын баяндап берді.

«Міржақып Дулатұлы Қызбелде туып-өссе, оның кесенесі неге бұл жерден де 50 шақырымдай алыс ауданның, тіпті облыстың ең шетінде, Бидайық ауылында тұр?»-деген көкейде тұрған сұрағымызды қойдық.

-1992 жылы Міржақыптың денесін Карелиядан әкелгенде Кеңес одағы тараған ең бір қиын кезең еді. Сонда дұрыс жұмыс істеп тұрған осы Бидайықтағы жалғыз шаруашылық еді. Сондықтан облыс, аудан басшылығы ел ағаларының «Міржақып сүйегін өзінің туып-өскен ауылы Қызбелге жерлейік» дегеніне көнбей, сол кезде «жақсы жұмыс істеп тұрған шаруашылығы бар Бидайыққа жерлейміз» деп шешкен дейді. Қазір ол шаруашылықтың орнында әр жерде шашыраған оншақты үй ғана қалған. Алаш арыстарының азабы мен көрер қиындығы Тәуелсіз елде де біте қоймаған екен ғой деп күрсіндік...

2021 жылы депутаттық сауалымызда талап еткендей, Ахмет Байтұрсынұлы ауылына интернет барды. Енді биылғы жылы Міржақып Дулатұлының туған жері Қызбел ауылдық округіне интернет жеткізілуі керек.

Қазақ Елі Тәуелсіздігі жолындағы ғасырлар бойғы жанқиярлық күрестердің ішінде Алаш Орданың орны айрықша!

Орта Азияда алғашқы заманауи саяси партия құрып, Алаш автономиясын жариялап, Алаш Орда үкіметін басқарған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатлы бастаған Алаш арыстары Азаттық жолындағы ұлы күресте ұлт болашағы үшін саналы түрде құрбандыққа бара білуімен қандай құрметке де лайықты.

Басты Ұраны - Жерді сатпау, Елді сақтау,Тілді сақтау болған Алаш арыстарын ұлықтауды ҚР Президенті Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында бастап берді: "Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында Тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды.Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек" – деп, атап көрсетті.

Біздің үкімет Президенттің осы тапсырмасының үдесінен шығып жүр ме?

Жалпы, биыл 34 жылдығы тойланатын Тәуелсіз Қазақстанның парламенті тарихында Алаш аты, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы есімдері ең бірінші рет 2007 жылы Алаштың 90 жылдығында «Ақ жол» партиясының депутаттық сауалында аталды. Ал 2012 жылы «Ақ жол» фракциясы құрылып, партия Алаш бағдарламасын қабылдағалы бері Алаш арыстарының аттарын мәңгілік есте қалдыру шаралары мен қалаларда Алаш аллеяларын ашуды тұрақты ұсынумен келе жатырмыз. Жалпы Алаш туралы "Ақ жол" партиясы фракциясы 30-ға жуық депутаттық сауал жасадық.

Парламентте тек 2021 жылы наурыз, сәуір айларында ғана екі айда екі рет "Алаш қайраткерлерін ұмыту - саяси әділетсіздік", "ЕЛІМІЗДЕ АЛАШ КӨСЕМІНЕ ЛАЙЫҚ БІР КӨШЕ ДЕ БОЛМАУЫ – ӘРУАҚҚА ҚИЯНАТ!" деп депутаттық сауал жасадық.

Онда ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысының өңірлердегі қайраткерлерінің есімдері ұмыт қалып, ешқандай есте қалдыру шаралары жасалмай отырғаны айтылған еді. Анықталып жатқандай, ел ішіндегі елеусіз қалғандар тек Алаш қайраткерлері ғана емес, Әлихан, Ахмет, Міржақып секілді Алаш көсемдерінің өздері де лайықты ұлықталмай жатқанына көз жетіздік. Мысалы, Әлихан Бөкейхан атында еліміздің астанасынан бастап, барлық облыс орталықтарында да, үлкен қалаларда да ешқандай Алаш көсемінің атына лайықты көшелер жоқ екені анықталды.

Ал Тәуелсіздік алғанымызға 34 жыл толса да, Павлодар қаласында Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының атында бір көше жоқ, Петропавл қаласында да, Қарағандыда бір көше жоқ! Солтүстік Қазақстан облысында Ұлт көсемі Міржақып Дулатұлының атында да бір көше де, бір мектеп те болмауы нені білдіреді? Өзге ұлт өкілдерінің атауынан аяқ алып жүре алмайтын Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдері Алаш көсемдерін біле ме екен? Тіпті, қалың қазақ тұратын Ұлт ұясы - Ұлытау облысында Міржақыптың, Ақтауда Ахаңның атында бір көше де жоғына не деуге болады?

Міржақыптың енді салынатын ескерткіштері тек Қостанаймен, Алматымен ғана шектелмеуі керек! Түркі әлемінің ордасы Түркістанда, алғашқы астанамыз Қызылордада, барлық өңірде тұруы тиіс! Барлық облыс орталықтары мен қалаларда Міржақып атындағы көшелер мен мектептер, ескерткіштері міндетті түрде болуы тиіс.

Жақаңның асыл мұраларын Түркі әлеміне насихаттау жұмысы жолға қойылуы керек.

«Қазақстан» ұлттық арнасы түсірген Алаш көсемдері туралы «Тар заман» (режиссер М.Бидос, 2017 ж.), «Ахмет. Ұлт ұстазы» (2022 ж.) мен «Міржақып. Оян, Қазақ!» (М.Есжан, 2023 ж.) телесериялдары қоғамда резонанс тудырып, ұлттық сананы сілкіген шығармалар болды.

2023 жылы ел ағылып барып, жаппай жарыса көріп жатқан “Міржақып. Оян, қазақ!” фильмін екі аптадан кейін тоқтатып қойғанда, “ОЯН, ҚАЗАҚ!”-дегенде 100 жыл оянбаған қазаққа бұл киноны 100 күн көрсету керек! Керісінше, жұрт үш күн бойы билет таппай жүрген бұл фильмді неге тоқтатып қойған?”-деп, мақала жазған едік. Сол кезде билік бірден қимылдап, шұғыл шешім қабылдады. Ел кинотеатрларында бар-жоғы екі апта ғана жүрген, қалың қазақ түгел көре алмай, көрермендердің рухты дүниеге рухани сусыны қанбай қалған “Міржақып. Оян, қазақ!” фильмі тағы екі аптаға ұзартылды. Егер жүз миллиондаған табыс түсіріп, кинопрокатта рекорд жасаған фильмге сұраныс күшейіп тұрса, екі ай бола ма, екі жыл бола ма, нарық талабына сай кинопрокатта жүре беруі керек емес пе еді?!. Өйткені, қаншама миллиардтар шашылған “Рухани жаңғыру” сияқты сан бағдарламалардың сапасы жоқ сансыз шаралары оята алмаған ұлттық сана осы киномен оянуда!.

Бұдан жүз жыл бұрынғы “Тар заман” емес, “Оян, қазақ” заманы ғой, қазір құдайға шүкір… Алаш қайраткерлері туралы осындай ұрпақтың ұлттық санасын оятып, патриоттық тәрбие беретін рухани құнды көркем фильмдер, телехикаялар түсіруді жалғастыра беру керек.

Ұлт тарихын ұлықтау – болашақ ұрпақ алдындағы борышымыз. Сондықтан да осындай ірі тарихи тұлғалардың мерейтойларын тиісті деңгейде атап өту – Әділетті Қазақстандағы әділеттің нақты көрінісі болар еді.

“Әруақ разы болмай, тірі жарымайды” деп өскен иманды ел емеспіз бе? Ұлыларын ұлықтай алмаған елдің болашағы күмәнді екенін ұмытпайық.

Қазақтың Ұлт жолындағы ұлы күрескері, өр ақын, қайсар қайраткер Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш арыстарының арманы бір ғасырдан кейін болса да, орындалғанын көру – ұлттың басты арманы!

Көзіңді аш, Оян, Қазақ, көтер басты!

Өткізбей қараңғыда бекер жасты…

Жер кетті, Дін нашарлап, хал харап боп,

Қазағым, енді жату жарамас-ты!

Өткен ғасырдың басында, бір ғасырдан астам уақыт бұрын, 1909 жылы жазылған Міржақыптың мірдің оғындай рухты ұлы жыры осылай бүгін де зор қуатты болып тұр!

Биыл Парламентте депутаттық сауал жасағандағы ұсыныстарымызды еске сала кетейік:

1.Міржақып Дулатұлының кесенесі мен мұражайы тұрған Бидайық ауылына апаратын жол, яғни Тоқанай-Саға-Алтынсарин автомобиль жолының орташа жөндеумен шектеліп, қиыршық тас төсеу жұмыстары ғана жүргізілуде, негізі осы жолға толық асфальт төселуі керек. Ал жолдың 49-88 шақырымына, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін конкурстық рәсімдер шұғыл өтуі тиіс.

2. Бидайық ауылындағы Міржақып кесенесін күрделі жөндеуге үкімет қолдау жасауы тиіс.

3. Бидайық ауылындағы Міржақып Дулатұлы музейін қайта жаңғырту жұмыстары өз мерзімінде бітуі тиіс.

4. Биылғы жылы мерейтойға дейін Міржақып Дулатұлының туған жері Қызбел ауылдық округіне интернет жеткізілуі керек.

5. Саға ауылындағы Міржақып Дулатұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп ескі ғимаратта отырғандықтан, жаңа ғимарат салынуы керек.

6. Қостанай мен Арқалықта, Алматыда, барлық облыс орталықтарында Міржақып ескерткіші тұруы тиіс!

7. Арқалықтағы әуежайға Міржақып Дулатұлының атын беру керек.

8. Еліміздің астанасында Ахаң мен Жақаң атындағы Алаш Арыстары мұрасын кешенді зерттеу орталығын ұйымдастыру керек.

9.Міржақып шығармаларын мемлекеттік тапсырыс арқылы қайта басып шығару және мектеп пен жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына енгізу;

10.Міржақып мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында деректі фильм түсіру және Алаш қайраткерлері туралы құнды көркем фильмдер, телехикаялар түсіруді жалғастыру ;

11. Жахаңның асыл мұраларын Түркі әлеміне насихаттау жұмысы жолға қойылуы керек.

ҰЛТ ҰСТАЗЫНЫҢ АУЫЛЫНА БАРАР ЖОЛ ҚАШАН БІТЕДІ?!.

1 шілде күні кешке таяу былтырғы тасқында су басып қалған Көлқамыс ауылына бардық. Ауыл ақсақалы, осы Көлқамыс ауылының қазығын қаққан есімі елге белгілі еңбек ардагері 87 жастағы Кәкімжан Кәрібоз ағамызға барып сәлем бердік. Бұл ағамыз туралы белгілі қоғам қайраткері Ислам Әбіш көп айтып, бірге барамыз деп жүр едік, реті енді келді. Исекең де менің Торғайға баруыма орай келіп жеткен екен. Кәкімжан ағамыз өзі аралап жүріп, бізді ауылдың қазіргі жағдайымен таныстырды. “Қазақстан Халқына” қоры көмегімен бір қалыпты әдемі жаңа үйлер салыныпты. Облыс әкімшілігі қолдауымен салынған жаңа мектеп те ауылға сән беріп тұр. Көктеп, көркейіп тұрған ауыл ажары көңіл тоғайтады. Кәкімжан ағадай саялы бәйтерек ауылдың берекесі мен тірегі болып келеді екен. Қариясы бар ауыл қазыналы ауыл деген сөздің растығына көз жеткіздік.

2025 жылы 2 шілде күні таңертең Торғайдағы Ахаң мен Жақаң мұражайына бардық. Білікті маман Гүлбану Сәрсеке басқаратын бұл мұражай дүниелерімен биыл Астанадағы Ұлттық мұражайда өткен Міржақыпқа арналған конференцияда танысқанбыз. Алаш көсемдерінен қалған көптеген киелі жәдігерлер өткен замандағы дүрбелең кезеңнен сыр шертеді.

Торғайда Ахаң оқыған Ыбырай ашқан мектеп бар екен.

Біз бала кезімізде аңыз болған Амангелді батырдың атымен бірге айтылатын Ұлт-азаттық көтерілісінің бесігі -Торғай дегенге үлкен қала екен деп ойлап жүруші едік. Бар болғаны 5 мыңдай тұрғыны бар шағын ауыл екен... 2016 жылы біздің көлеңкесінен қорқатын қалтыраған билігіміз осы Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығын да атап өтуге қорықты қой? Тек Алматы облысы Кеген ауданында Қарқарада ғана үлкен той болды. Сол кезде жиында сөз сөйлегенде бірден ойыма келген өлең жолдарын оқып едім:

Тәуелсіз ел, алған ба тұзақ байлап,

Ұлтшыл біткен, шығамыз біз-ақ қайнап...

Амангелді батыр боп атысқан ек,

Ұзақ батыр секілді ұзақты ойлап...

Қарсы шыққан патшаға күнді атамай,

Қалтыраймыз, қона алмай жүз атқа ойнап...

Біздер күткен атады таңдар алда,

Тұяқ серпи алмаса, мал болар ма?

Ұлт азаттық дегеннен шошитындай,

Ұлт азаттық әлі де ел алмаған ба?

Бұл өлеңім сол кезде «Қазақ үні» газеті мен сайтына жарияланды.

Мұражайдан соң Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған жері Ақкөл ауылына аттандық.

Бұл жолдың жағдайы да оңып тұрған жоқ. Биылғы Міржақыптың 140 жылдығына жасаған депутаттық сауалымызда айтылғандай, Ахаңның150 жылдығы қарсаңында жасаған депутаттық сауалымызда талап еткен негізгі жол әлі толық біткен жоқ. Сол 2021-2022 жылы асфальт төселген жол участогы су тасқыны кезіндебұзылды да, одан кейін ол жерге қайта асфальт төселген жоқ. Шұбалан-Қарасу жолының 57,6-107,6 шақырымына 2024-2025 жылдары басталған орташа жөндеу жұмыстары әлі бітпей жатыр.

Иә, 2021-2022 жылдары әупірімдеп зорға жартысы салынған бұл жолды былтырғы су тасқыны кезінде 9 жерден су бұзып кетіпті. Ол жерлер сол күйі жатыр екен әлі...

“ҚАЗЫБЕКТІ КӨРІП, ҚАЗАҚТЫ КӨРГЕНДЕЙ БОЛДЫМ”

Ауылдағы Ұлт ұстазының мұражайы басында бізді мұражайға қамқорлық жасап, жанашырлық танытып, Ахаңның жоғын жоқтап жүретін еңбек ардагері Әбдісалық Жақсымбеков ақсақал мен Ақкөл ауылы әкімі Балғабай Қали бастаған ауыл тұрғындары құшақ жайып қарсы алды. 2021 жылы ютуб арнасында таралған видеода Ахмет Байтұрсынұлы үйінің мүшкіл халін айтып күйзелген Торғайлық ардагер Әбдісалық Жақсымбеков ақсақалдың жанайқайы ел назарын қатты аударды. Сол кезде мен Ахаңның 150 жылдығына байланысты Үкіметке «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын жолдағанымда осы Әбдісалық ақсақал менің телефонымды өзі тауып алып, «Алаш арыстарын жоқтап, әділдік сұрайтын ерлеріміз қайда деуші едік, айналайын, бар екенсіңдер ғой?! Кешегі депутататтық сауалыңды біз жылап отырып тыңдадық. Елдің ризалығын жеткізу үшін, сенің телефоныңды жұрттан сұрап жүріп, тауып алып, хабарласып отырмын. Алла разы болсын! Енді осы сауалдарыңның нәтижесін Ахаңның тойында көреміз. Құдай қаласа, күзде тойда жолығайық”-» деп, шын жүректен шынайы алғысын айтқан еді.

Содан Ахаңның басына енді келіп, Әбдісалық ағамызды өмірімде бірінші рет көріп тұруым бұл. Ағамыздың алғашқы айтқан сөзі: -

-Мен саған өкпемді айтайын деп едім алдымен. Тойға неге келмедің?-деді дастарханға отыра салысымен бірден.

-Тойға келмеу туралы айтар болсақ, менің өкпем керісінше, сіздерде, шақырмадыңыздар ғой?! Әрине, сіздерге емес, облыс әкімдігіне өкпелімін. Алдында 2022 жылы 5 қыркүйек күні өтеді дегенде тойға шақырып, атқа мінгелі, үзеңгіге бір аяғымызды салып тұрғанда “өрт шықты, той кейінге қалды” деп қайтарды. Ал кейінгі тойдың қашан, қалай өткенін де білмей қалдық, өйткені шақырмады. Бірақ сол кезде жазған «Ұлттың рухани көсемі” атты жырымды сол 5 қыркүйек күні жарияладым. Оны сол күні билік кейінге қалдырғанмен, бәрібір өздері тойлаған елдің алдында, үлкен аста белгілі тележурналист Сайын Есмағи оқып берген видеосын жіберді маған. Ол өлеңде “Тілсіз жаулар көбейді - өрт те шықты” деген жолдар бар...

-Олай болса, сенде кінә жоқ екен. Әйтпесе, Ахаңның тойын лайықты өткізу туралы парламентте көтеріп, өзі бірақ неге келмей қалды деп, тойда алдымен сені іздегенбіз”-деді ағамыз көңілі орнына түсіп.

-Маған ең ұнағаны сіздің «Тойға неге келмедің?» деп іздеп, өкпелегеніңіз көке? Тойда ел кімді іздейді? Кімге өкпелейді? Қалаған, көргісі келген, жанына жақын адамды іздейді. Өзім деген адамына өкпелейді.

-Ал, ендеше бауырым, сол өлеңіңді Ахаңның басында, мұражайында, өз аузыңнан естиік, оқып жібер,-деді Әбекең.

ҰЛТТЫҢ РУХАНИ КӨСЕМІ

Ұлықталар мәңгілік

Ұлт көсемі,

Ахаң десе, көңілден бұлт көшеді…

Алаш жырын кетті ғой аманаттап,

Азаттыққа ұмтылған жұрт кешегі…

Ұлықталар мәңгілік

Ұлт көсемі!

Қазақ десе, от ойнап қанымызда,

Қайрат берер қайран ер жанымызға!

Ұлттың Ұлы Ұстазы

туған жерге,

Тізе бүгер қалың ел, ханыңыз да…


Басса да әлі киелі

жерімді мұң,

Азаттығым - Мәңгілік!

Сенімдімін!

Тоздыруға Торғайды болмайды деп,

Оздыруға келіп тұр

Елің бүгін!

Ұлы тойдың естуде

ел дүбірін,

Өнеге етіп айтамыз

ер ғұмырын.

Атылатын ұғымды “Ұлтшыл” деген,

Ардақтайтын уақыт келді бүгін!

Ұлтты оятқан күресің - мәңгі белгі!

Зұлмат заман қырды ғой барлық ерді…

Қадіріңе жете алмай тіріңде жұрт,

Қабіріңе жете алмай қалдық енді…

Әлихан мен Міржақып арыстарым,

Ардақтады Ахаңдай данышпанын,

Құрбан болған Ерлердің Қазақ үшін,

Аңыз етіп айтады ел алысқанын…

Айырылып қалардай пайдадан бар,

Аңдып жүрді жауларың айналаңда әр…

Ардақтыға айналған асыл ерді,

Абақтыға, ажалға айдағандар!

Санаса да сатқындар қадамыңды,

Сара жолға салумен саналы ұлды,

Қазақ үшін жұмсадың қаламыңды…

Кешегі иттер жарысып қапқан сені,

Бүгін менің тістеуде балағымды…

Айыптасам, ұлтқа жат мың деректі,

Ұлтсыздарың болуда мүлде кекті…

Әліппені қазақша білмейтіндер,

Әліппеңмен алысқан күндер өтті…

Елім бар да, Тілім жоқ - жайым анау…

Өзек өртер әрбір күн - дайын алау!..

Қожайынның тіліне құлдар құмар,-

Табыт қана қамыттан айырады-ау!?.

Тілім үшін неге ұзап барады дау?!.

Саңлақтарым сана үшін

сан арыды-ау…

Кеткен кеше айдалып кемеңгерді,

Күтіп жатқан сарғайып дала мынау!..

Ұлт көсемі - Ұлтымның таза ары едің,

Аруының Аққұмның ғажап өңін,

Әнге бөлеп, тербеттің

саз әлемін.

Орыс қызын аяулы қазақ еттің,

Ұлтсыз көсем ал біздің… жазар едім-

Орыс қылды отыз жыл Қазақ елін!

Тіл атасын тыңда елім, тыңда дала!

Негізгі ұлтым негізсіз мұңдана ма?!.

Ел Тәуелсіз болғалы

өтті отыз жыл!-

Тіл Тәуелсіз болатын күн бола ма?!.

Өз тіліне өгейлер,

өшікті құл…

Теңдік сұрап келеміз кешіп ғұмыр…

Бізде бәрін алаңда шешіпті кіл…

Тілсіз жаулар көбейді - өрт қосылды,

Тіл атасы тойы да

кешікті бұл…

Жүректерде шемен боп шер де теңіз…

Тілсіз тірі емеспіз,

кер кетеміз…

Азат Тілге айналар

Қазақ Тілі! -

Сенің ұлы тойыңда Серт етеміз!

Ұлт көсеміне арнаған, жүректен шыққан жырымды Ахаңның үйінде отырып, шабыттана толқып оқыдым. Ахаңа арналған жырға қатты разылығын білдірген жұрт алғысын айтып жатты..

Мұражай жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездестік. Жиында жолдардың жай-күйі, байланыс желісінің әлсіздігі, әлеуметтік нысандардың жағдайы сөз болды.

Ауыл ардагері Әбдісалық ақсақал Арқалықта салынар әуежайға Алаш көсемі Міржақып Дулатұлының есімін беру жөнінде сөз қозғады. Мен бұл бастаманы өзімнің үкіметке жасаған депутаттық сауалымда көтергенімді, сондықтан, ардагерлер ұсынысын қуана қолдайтынымды білдірдім.

Содан соң әудем жердегі Ахаңның кесенесіне барып тағзым еттік. Кесене шағын болса да, Маңғыстаудың ақ тасынан жасалған айшықты екен. Жанында кезінде Ахаңның әкесі Байтұрсын тұрған үйдің сұлбасы тұр... Осыдан төрт жыл бұрын 2021 жылы Ахаңның 150 жылдығы қарсаңында жасаған депутатық сауалымызда «Ахмет Байтұрсынұлының туған ауылына жол салынуы керек. Ахаңдай ұлы тұлғаны дүниеге сыйлаған Байтұрсын бабамыздың қараусыз қалған, аянышты күйдегі қабірі мен қорымын қолға алу керек.»-деп, бұл мәселені көтерген едік. Әлі жол біткен жоқ, қорым да сол күйде...

Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының кесенелерінің күйін көргенде көңілің жабырқап кетеді.

Бізден басқа қай елде ұлт көсемдерінің кесенесі біздегідей жүдеу күйде екен?!. Бізден басқа қай елде ұлт көсемдерінің кесенесіне баратын жол жоқ екен?!.

Алаш көсемдері саналы түрде құрбан болған Тәуелсіз Елдің 34 жылында еріксіз осылай ойлауға мәжбүр боласың…

Қазақ Тәуелсіздігі үшін баға жетпес зор үлес қосып, елді оятқан екі көсемнің кесенесін керемет етіп көркейтіп, жолын жарқыратып жөндеуге бүкіл қазынаның үстінде отырған Қазақ Мемлекетінің күші жетпей ме сонда?

Шетелден келген қонақтар Алаш көсемдерінің басына барамыз десе, қалай алып келеміз?!.

Ата-бабасынан қалған мұра болмаса да, Қазақстанның бар байлығының жартысынан астамын, 55 пайызын иеленіп отырған 162 олигарх бастаған қалталыларымыз қайда?! Неге оларға міндеттеуге болмайды?!. Айтпақшы, олар Алаш көсемдерін біледі ме екен өздері?!.

Міне, Ұлттық идеологиядан жұрдай, рухымызды ойрандаған отызжылдықтың көрінісі!

Алаш арыстары ұлттың жоғын түгендеп өткен біртуар қайраткер Өзбекәлі Жәнібеков бастаған ұлт қайраткерлерінің арқасында 1988 жылы ғана ақталды. Бірақ ел Тәуелсіздік алған кезде де Алаш арыстарына қарсы биліктің тосқауылы тоқтаған жоқ.

Иә, Тәуелсіздігіміздің 30 жылында елордамызда Алаш көсемдеріне ескерткіш орнатылды!

Алаш арыстары өздері армандаған Тәуелсіз елдің астанасының төріне жайғасты!

Сол 2021 жылы 25 қыркүйекте Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның ескерткішін ашқанда сөйлеген сөзімде айтып едім:

-Бұл күнге де жеттік! Бұл күнге жету де оңай болған жоқ! Алаш арыстарының атын атағандардың өзі атылып кететін кеңес империясын көрдік.

Астанада Алаш көсемдері Әлихан, Ахмет,Міржақыпқа ескерткіш ашылғанда, кезінде “Мен тірі тұрғанда Алаш ескерткіші түгілі аттарын да айтқызбаймын” деген, кеңестік идея сүйегіне дейін қатып қалса да, Тәуелсіз ел идеологиясын басқарған мемлекеттік хатшы сияқты шекесі тар шенеуніктер енді қайтты екен?!’-деп ойладым! Алаш арыстарының ескерткішіне беті қызармай қалай қарай алды екен?!. …

Алаш көсемдері өздері армандаған, сол үшін күресіп, құрбан болған ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІ астанасына алшаң басып кіргенде, Алашқа қарсы болып келе жатқан ұлтқа қарсылар не күйде болды екен деп ойладым!”- деп жол бойы ойыма оралған “ШЕРУІ ЕНДІ АЛАШТЫҢ ТОҚТАМАЙДЫ” атты жыр жолдарын оқып бердім.

Әлихан десе талай жыр есілген.

Ұлтым қуат алады ұлы есімнен.

Алашқа қосқан айтсақ үлесіңді ең,

“Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын”-деп,

Асқан үлгі көрсеттің күресіңмен!

Кез емес бұл салатын кеңге аяқты,

Ерлерге арнап оқиық енді аятты.

Ахаң болса ұлтымның ұлы ұстазы,

Міржақыптың мір сөзі елді оятты!

Көрдік міне киелі Ақтоғайды,

Ұлыларды кім бүгін жоқтамайды?!.

Әлімхан мен Жақыптың жарқылдаған,

Әр ісінен жүрекке от тарайды,

Арыстардың арманы орындалып,

Желбірейді Көк туым көкте арайлы!

Сең қозғалды, қазағым, сен де қозғал!-

Шеруі енді Алаштың тоқтамайды!

Аз уақыт қана болсақ та, Әбдісалық ақсақал бастаған ауылдағы ағайындармен қимай қоштастық. Әбекең қоштасып тұрып, тағы да көңіл толқытарлық сөз айтты:

-Қазыбекті көріп, Қазақты көргендей риза болып қалдым ғой?! Қазақтың қақын қорғап, қайда жүрсең де, аман жүр бауырым! Алла жар болсын! Енді Міржақыптың тойынан қалмайсың деп сенемін. Ақ жол!-деп, бауырына басып шығарып салды.

Қайран ауылдың өзі көсем, сөзі шешен, ақылы кемел, құшағы кең, қасиетті қариялары-ай! Ұлт көсемі Ахаңдай асылдың ұрпақтары ғой! «Даламның исі бұрқырап, Қарттарым аман, сау жүрші» деген саңлақ ақын Сағидың жыр жолдарын қайталай бердім...

Түстен кейін Амангелді ауданына барып, белгілі қайраткер, жиһанкез меценат Сапар Ысқақ өз қаржысына тұрғызып жатқан “Ұлы дала тұлғалары” кешенін аралап көрдік. Бұл енді алапат еңбек! Ұлтқа еңбегі сіңген дала дарабоздарының бәрінің қабірінен алынған топырақтар осында тұр.

Осы жерде Амангелді ауданы әкімі Қанат Кеделбаев бастаған ардагерлермен кездестік. Олар айтқан ел жайы, жер жайына байланысты маңызды ұсыныс-тілектерінің парламентте қозғалатынын жеткіздім.

Аудан орталығындағы ұлт-азаттық көтеріліс көсемі Амангелді Имановтың сүйегі жерленген алаңда батырдың ескерткішіне құран оқыдық. Мәдениет саласы қызметкерлерінің мәнді ұсыныстарын тыңдап, оларды жазбаша жіберу керектігін, назарға алынатынын айттық.

Арқалыққа бара жатқан жолда халық батыры Кейкінің кесенесіне арнайы ат басын бұрып, дұға бағыштадық. Азаттық үшін алысқан дала батырының қайғылы өмірі туралы көрнекті жазушы Ақан Нұрмановтың “Құланның ажалы” романы еске түсті…

“ОРТАЛЫҚ-БАТЫС” КҮРЕ ЖОЛЫ ҚАШАН БАСТАЛАДЫ?!.

Арқалыққа ат арытып жеткен бізді жолда қала әкімі Әмірхан Асан қарсы алып, 6 нысанды аралатып көрсетті.

Алдымен енді басталып жатқан Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз жолдарын қосатын “Орталық-Батыс” күре жолының дайындық жағдайымен таныстырды.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биыл Бурабайда өткен Құрылтайда Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы туған тарихи өлкеге баса назар аударып, тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды алып жобаны жариялады. Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысы басталады. «Бір тау бір топ киікті асырайды» дегендей, бұл күшті күре жол –экономикалық күре тамыр болып, бір қауым елге жұмыс беріп, серпіліс жасайды. Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп,жаңа аэровокзал салынады.

Сол Құрылтайда мемлекет басшысы айтқан Арқалық қаласында салынып жатқан жаңа әуежайдың орнын барып, жоба мәліметтерімен таныстық. 1992 жылы тоқтап қалған әуежай қайта жанданатын болады.

Төрт жыл бұрын парламентте көтерген талабымызға байланысты Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының аты берілді, құдайға шүкір. Енді Арқалық қаласындағы әуежайға Міржақыптың атын берсек, бастаған істің жақсы жалғасы болар еді.

Алаш көсемдерінің елін көруге келгендерді қос қала Қостанай​ мен Арқалық әуежайларының қақпасында Ахаң мен Жақаңның қастерлі есімдері қарсы алып жатқаны жарасымды емес пе? Бұл ұсынысты біз парламенттегі депутаттық сауалымызда көтердік.

Бұдан соң Арқалықтағы “Жайлы мектеп” жобасымен салынған #7 жалпы білім беретін мектепке барып, аралап көрдік. Заман талабына сай салынған қазақ тіліндегі 300 орындық мектеп. Құрылысқа 2,6 млрд теңге бөлініп, мемлекет есебінен қаржыландырылды. Бұл – Арқалық қаласында Тәуелсіздік алғаннан кейін салынған алғашқы жаңа мектеп. 2024 жылы 2024 жылдың қараша айында ашылған мектепке сол кезде 316 оқушы қабылданып, екі ауысымда білім алуда. Соның ішінде 42 оқушы – 1-сыныпқа қабылданған. 40 педагог қызмет етеді.Мектеп Арқалық педагогикалық институтымен тығыз байланыста: студенттер мұнда тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналасады; институт оқытушылары мектептің қамқоршылық кеңесіне мүше.

Сонымен қатар Арқалықтағы Ы.Алтынсарин атындағы университетке берілетін, студенттер санын екі есе көбейтуге жағдай жасайтын бұрынғы ауыл шаруашылық басқармасының көп қабатты үлкен ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары жоспарымен таныстық. Қаладағы бұрынғы “Горняк” мәдениет үйінің жаңадан ашылатын заманауи мәдениет сарайына айналдыру жобасының құрылысын көрдік.

Сапар барысында жергілікті халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен танысып, өзекті мәселелерін тыңдадық. Мен 2022 жылы сәуір айында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашев мемлекет басшысының елімізде Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын ашқан игі бастамасын қолдай отырып, Арқалық өңірі тұрғындарының сұрауы бойынша бұрынғы Торғай облысын қайта қалпына келтіру мәселесін қарастыруды Үкіметке ұсынғанын айтып едім, бұны Арқалық-Торғай өңірі азаматтары жақсы білетінін айтып, «Ақ жолға» Ақ тілектерін білдірді.

Арқалықта депутаттық сапармен жүрген әріптесім, белгілі кәсіпкер, Міржақып Дулатұлы туралы депутаттық сауал жасап, Алаш тойына үлкен қолдау жасап отырған Берік Бейсенғалимен кездесіп қалып, алдағы мерейтой жайын сөз еттік. Әңгіме арасында Қайсар Әлім ағамыздың «Міржақып Дулатұлы» атты кітабы шыққанын, енді сол тарихи да, тағылымды кітап түрік тіліне аударылса, бір ғасырдан астам уақыт бұрын қазақты оятқан Ұлт көсемі Міржақыптың ерлікке толы қанмен жазылған қасіретті де, қасиетті ғұмырбаянын әлем елдері де білетін болар еді» деп едім, Берік бауырым сөзге келмей, бірден: «Айтсаңыз болды ғой, Міржақып туралы Қайсар ағамыздың кітабының түрік тіліне аударылып, шығуына қолдау жасаймыз» деді. Міржақып мерейтойы қарсаңында Ұлт көсемі жайлы көрнекті де, көлемді кітаптың түрік тілінде жарық көретініне себепші болғанымызға қуанып кетіп, риза болып, Бекеңнің қолын алдым. Сол күні Қайсар көкеме жақсы жаңалықты жетткізіп едім, ауырып жатқан ағамыз қуанғаннан жазылып кетті...

“ӘУЛИЕ АТТАҒАН ОҢБАЙДЫ…”

Айтпақшы, елді елеңдетіп, мазалап отырған маңызды жәйтті айтпай кетуге болмайды. Биыл 14 маусымда Премьер-Министр О.Бектенов Арқалыққа жер қайысқан қол - ауыр техникаларды алып барып, Мемлекет басшысы айтқан “Орталық-Батыс” күре жолы мегажобасының тұсауын кесіп, Ақ жол тілегені белгілі. Бірақ Премьер кеткесін жол салатын ауыр техникалар да жоғалып, көрінбей кетті дейді жұрт. Жол басталды деген хабар техникалар дауысымен дүрілдей бастағанда, асхана ашпақ болып, жол бойына алғаш орналасқан төрт киіз үй әлі жол қарап тұр…

Оған қоса таяуда белгілі журналист Анар Төлеуханның осы “Орталық-Батыс” күре жолы жобасының кешікенінен күмәнданып, жол бағытының басқа нұсқалары туралы сөз шығуда деген жазбалары жарық көрді…

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғали да журналистер сұрағына жауап беріп, сондай күдік барын айтты.

Біздің “Алаш көсемдері ауылына неге асфальт жол салынбайды?” деген сұрағымызға Шота бауырымыз: “Біздің Торғай өңіріне жақын жерде асфальт зауыты жоқ. Арқалықтағы асфалт зауытынан шыққан асфальт 300-400 км жерге жеткенше суып қалады да, жолға жарамайды, сапасыз болады. Сондықтан асфальт жол салу жауапкершілігін ешкім мойнына алмайды” деп мәселенің мәнісін айтты.

Ендеше, “Орталық-Батыс” күре жолы іске қосылса, Торғай өңіріне асфальт зауыттары көптеп келе бастайды. Ол кезде Алаш көсемдерінің ауылына асфальт жол салуға болады.

Яғни, “Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын Орталық-Батыс” күре жолының құрылысы Арқалық-Торғай өңірі үшін қан жүгіретін күретамыр рөлін атқарады. Бұл жобаны тоқтатып, басқа бағытқа аттап кету - Алаш арыстары туған қасиетті өлкеге тартылар күретамырды қиюмен бірдей! Қазақта “Әулие аттаған оңбайды” деген ескіден келе жатқан есті де, ескерту сөз бар екенін еске саламыз. Ұлттық Құрылтайда ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Арқалық-Торғай өңірінің жайын ойлап, елге сауын айтып жариялаған алып мегажобасы талқыланбауы тиіс.

ӨҢІРДЕГІ ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ

Үш күндік жұмыс сапарымыздың соңында Қостанай қаласындағы қазақ руханиятының қарашаңырағы саналатын «Қостанай таңы» газетінің редакциясына барып, шығармашылық ұжыммен және өңірге белгілі зиялы қауым, қаламгер-журналистермен жүздестік.

Ашық форматта өткен жиында ұлттық мүдде, тіл, Алаш мұрасы мен өңірдің рухани жаңғыруына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Газеттің директор-бас редақторы Кенжеш Оразғалиқызы алғыс білдіріп, қарашаңырақ атынан сый-сияпатын табыс етті.

Басқосуда ұлттық идея мен ақпараттық кеңістіктегі қазақ баспасөзіне қатысты түйткілдер талқыланып, ұсыныстар ортаға салынды.

Мен өз сөзімде сапардың негізгі бағыты – Торғай өңірі болғанын айта келе, әр аймаққа барған сайын қазақ руханиятына қызмет ететін облыстық басылымдарға ат басын бұруды игі дәстүрге айналдырғанымды жеткіздім.

«Біз Парламентте әлеуметтік, мәдени, идеологиялық мәселелермен айналысатын комитет мүшесіміз. Қасиетті Торғай жеріне келгенде Алаш көсемдері Ахаң мен Жақаңның басына арнайы барып, сол жолдың жағдайын көзімізбен көрдік. Қазір жол салынып жатыр, тойға дейін бітіп қалар деген үміт бар», – дедім.

Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойының жоғары деңгейде өтуіне атсалысып жүргенімізді, бұл тойдың облыстық деңгейде қалып қоймауына байланысты депутаттық сауал жолдағанымды мәлімдедім. Сонымен қатар мемлекеттік тіл мәртебесі, ұлттық идеология, латын әліпбиіне өту де күн тәртібінде тұруы тиіс екенін баса айттым.

«Менің парламенттегі алғашқы депутаттық сауалым – Мемлекеттік тіл, Алаш, ұлттық идеология. Бұл біздің бағытымыз. Мемлекеттік тіл туралы заң керек. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі», – деп, өзімнің берік ұстанымымды жеткіздім. Жергілікті БАҚ-тың қоғамдағы орны мен елдік мүддені қорғаудағы рөліне тоқталып, ақпарат саласында еңбек етіп жүрген мамандарға табыс тіледім.

Сапар қорытындысы бойынша көтерілген мәселелерді Мәжіліс қабырғасында көтеріп, құзырлы органдардың қарауына ұсынатынымды жеткіздім.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбет Міржақып Дулатұлына ескерткіш орнату, 140 жылдыққа 140 шара өткізу, жол мәселесін шешу, Торғай музейін жаңғырту сияқты бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады. Рухани көсемге арналған ескерткіштің соңғы нұсқасы бекітіліп, Қостанай қаласындағы Міржақып көшесі мен Тәуелсіздік көшесінің қиылысына орнату жоспарланғанын мәлімдеді.

Мерейтойлық іс-шаралар қыркүйек айына жоспарланып отыр. Бұл күнді облыс көлемінде өтетін негізгі салтанатты шаралардың шарықтау шегі десе де болады. Жалпы, мерейтой мемлекеттік деңгейде қолдау тапқан. Осыған орай 140 іс-шара бекітілді және олардың бірқатары өткізіліп те үлгерді.

Инфрақұрылымдық жобалар да қатар атқарылуда. Қызбел мен Бидайық арасындағы жол жөнделіп жатыр. Ахмет Байтұрсынұлы ауылы бағытындағы жолды көктемгі су тоғыз жерден бұзып кеткен. Қазір қайта қалпына келтірілуде. Ақкөл жақтан 50 шақырым жолды «Алюминстрой» компаниясы қолға алып отыр. Тойдағы маңызды бағыттардың бірі – Торғай селосында өтетін ғылыми-практикалық конференциялар, республикалық ақындар айтысы, спорттық жарыстар сияқты мазмұнды шаралар өткізу. Бұл тек мерекелік сипаттағы іс-шаралар ғана емес, елдік маңызы бар, ұрпақ санасына Алаш мұрасын сіңіретін тәрбиелік мәні зор жиындар болмақ.

Белгілі журналист, газет ардагері Жайберген Болат бүгінгі қазақ газеттерінің жағдайына алаңдаушылық білдіріп, газетке лот бөлу жүйесін қайта қарау, журналистерге шығармашылық еркіндік беру, Парламент аппаратында сараптама орталығын құру туралы нақты ұсыныстарын білдірді.

«Газетте қырық жыл жұмыс істедім. Өмірімде редакцияға Парламент депутатының, Қазыбек Исадай халық қалаулысының келіп, жағдайымызды сұрап, ортамызда отыруын өз басым алғаш рет көріп отырмын. Сол үшін сізге алғыс білідіремін. Айтайын дегенім, қазақ газеттерінің жағдайы қазір алаңдатарлықтай. Қанша дегенмен, заманға ешкім қарсы тұра алмайды. Блогер, интернет желілері бәрібір газетке жетпейді. Газетке дәстүр бойынша жылда лот бөлінеді. Сол белгілі ресми тақырыптарды сәл басқа бір жолдармен азайтып, журналистерге кеңірек тақырыпты қозғауға мүмкіндік берілсе құба-құп болар еді. Бұл жақсы ой тудыруға себеп болады. Екіншіден, біліктілікті арттыруға жол ашады. Сосын таралым мәселесі де қазір өте қиын. Газеттің тірегі ауылда болғандықтан, сол жақтарға көбірек тарату жолына көңіл бөлінсе. Ол үшін Парламент аппаратында сараптау орталығын құру қажет болады», – деді Жайберген Болатов.

Белгілі ардагер журналист Нәзира Жәрімбет қандастар тақырыбын сөз етті.

-Рудныйда бұрын бір мектепке бала санын толтыра алмайтын. Қазір үш-төрт оқу орнының өзіне бала сыймай жатыр. Жаңа оқу жылында осы мәселеге байланысты ата-аналар хабарласып жатады. Болмағасын, орыс мектептерінің босап қалған орындарында оқытып жатыр. Оның жақсы бір тұсы, облыста қазақ тілінің қолданыс аясын кеңеюіне осы қандастардың әсері мол болып отыр. Қазір қала қазақша сөйлеп тұр. Бізге Өзбекстан елінен қандастар көп келеді. Олардың жоқ дегенде үйінде үш-төрт баладан бар. Менің ұсынысым, қандарстарға берілетін квотаны көбейтсе», – деді Нәзира Жәрімбет.

Ал белгілі ақын, ғалым, "Ақ жол" партиясы ұйымдастырған халықаралық мүшәйралар мен "ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы" республикалық байқауының жүлдегері Ақылбек Шаяхмет тұлғалар есімін жаңғырту, атап айтқанда Алаш арысы Елдос Омаров сынды ұлт қайраткерлерінің есімін дәріптеу керектігін қозғады.

Зиялы қауым өкілдері тарапынан маңызды ұсыныстарды назарға алып, тиісті органдарға жолданатынын айттым.

Қостанай облысындағы жалпы көлікпен 2 мың шақырымнан асқан жолсапарымызда Алаш көсемдері Ахаң мен Жақаң туған Торғай өңіріндегі екі күндік сапарда 630 км жолсыз, қара жолмен жүруге тура келді.

“Әулиелерге барсаң, ұзақ жүріп, қиналып бару керек” деген осы екен!

Зияратымыз қабыл болсын!

«ОЯН, ҚАЗАҚ» деп ұран тастаған ҰЛТ КӨСЕМІНЕ жасайтын құрметімізге қарап, 116 жылдан кейін ОЯНҒАН-ОЯНБАҒАНЫМЫЗ БЕЛГІЛІ БОЛАДЫ!

Алаш үшін айрықша айтулы датаны мемлекеттік деңгейде атап өте алмасақ, бұл — тек тарихи әділетсіздік болатыны анық.

Ең бастысы, Ұлт көсемдерін ұлықтай білу - ұлттығымызды, елдігімізді білдіреді.

Алла жар болсын Алашқа!

Ақ жол!

Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты

Астана-Қостанай-Торғай-Қызбел-Бидайық-Көлқамыс-Ақкөл, Амангелді-Арқалық-Қостанай-Алматы

2025 жыл, 1-3 шілде