БАР ҚАЗАҚ ҮНІ – НАР «ҚАЗАҚ ҮНІ» ГАЗЕТІНЕ ЖИЫРМА БЕС ЖЫЛ!
2025 ж. 10 тамыз
186
0

Шерхан Мұртаза: «Кімнің кім екенін білгің келсе, кімнің қазақ тіліне қарсы, кімнің жақ екенін білгің келсе, тек «Қазақ үні» газетінен ғана оқып, біле аласыңдар»
“Егемен Қазақстан” газеті, 2004 жыл.
«Қазақ үні» бір мақаласымен-ақ ұйқыдағы жұртты оятты.
Қуанбек Боқай, «Қазақ әдебиеті» газеті, 2004 жыл
Елімізге белгілі республикалық «Қазақ үні» газеті жыл сайын мерекесін Ұлы Абай күнімен бастап, газет күнімен жалғастырады.
Биыл 2025 жылы 11 тамызда «Қазақ үні» газетіне 25 жыл толып отыр.
Иә, осыдан ширек ғасыр бұрын «Қазақ үні» газетінің алғашқы саны жарқ ете қалғанда Алаштың игі жақсылары ақ тілегін айтып, қуана құттықтаған еді. Әйгілі Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов, қазақтың ұлы ақындары Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, заңғар заңгер Салық Зиманов, атақты академик Өмірзақ Айтбайұлы сынды өзге де біртуар тұлғалардың Ақ батасын алып, Ақ жолымызды бастағанбыз.
Қазір бұл тарландардың ешқайсысы да өмірде жоқ. Пейіште рухтары шалқи бергей!
Басылым ешуақытта ұлт мүддесіне келгенде үндемей қалған жоқ.
Қалың оқырманның да үміті ақталып, «Қазақ үні» газеті барша қазақтың жырын жырлап, мұңын мұңдады.
Қашанда ханнан да, қарадан да тайсалмай, халықтың сөзін сөйлеуге ұмтылды. Кейбір алпауыт қалталы топтардың, белгілі партиялар мен ірі ұйымдардың басылымдары уақыт сынына шыдамай жабылып жатқанда, ұлттық намысты ту еткен «Қазақ үні» ел мүддесі жолындағы ісін тоқтатқан жоқ, талай қиын-қыстау сынақта «майдан даласын» тастап кеткен жоқ.
«Қазақ үні» газеті алғаш «Жас қазақ үні» деген атпен 2000 жылы 11 тамызда 15 мың данамен жарық көрді.
Басында газет «Жас қазақ» деген атпен тіркелмек болып еді. Бірақ газетті бұл атпен сол кездегі ақпарат министрі тіркеуден бас тартқан соң, үш айлық айтыс-тартыстан кейін газет атын «Жас қазақ үні» деп ауыстырдық.
Сонда да сол кездегі министріміз тіркемей қойды. Мен сол кезде ол кісіні сынап, сол кездегі Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбайдың атына мақала жазған болатынмын. Шынында да, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып, аты дүрілдеп тұрған айбынды ақпарат министрін сынаған мақаланы басып ел өле алмай жүр дейсіз бе, ешқандай газет баспай қойды. Сонда қазақтың көрнекті ақыны Мейірхан Ақдәулетұлы басқаратын, Ақтөбеде шығып, Алтын Орданы сұрап тұрған «Алтын Орда» газеті бірден басты да жіберді… Үш ай тіркеле алмай жүрген «Қазақ үні» газеті 2000 жылы 1 тамызда тіркеліп кетті. Он күннен кейін 11 тамыз күні алғашқы санымыз жарқ ете қалды! Кейін ол мақаламды интернет басылым дегеннің елесі енді келіп жатқан, «Навигатор» деген орыстілді сайт та басты.
Газетіміз негізі белгілі қаламгер Ырым Кененбай басқаратын «Алматы – Болашақ» баспаханасынан тура 10 тамызда – қазақтың бас ақыны, данышпан Абайдың туған күні шықты. Біз бірақ «Ұлы Абайдың туған күнімен қабаттаспай-ақ қояйық» деп, газет датасына 11 тамызды жаздық. Яғни, жылда газетіміздің туған күнін Абай күнімен бастап, «Қазақ үні» күнімен жалғастырамыз.
«Жас қазақ үні» газеті біраз уақыт ел ішінде «Жас қазақ» деген атпен де белгілі болды.
«Қазақ үні» газеті – республикаға белгілі қоғамдық-саяси ұлттық басылым. Өткірлігі мен әділдігі және көбінесе біржақты басылымдар арасында билікті де, оппозицияны да ашық та, батыл сынайтынымен ерекшеленеді. Ең басты мақсаты – Ұлт мүддесінің ұпайын түгендеу.
Негізгі тақырыбы – мемлекет пен ұлт мүддесін қорғау.
2004 жылы Парламент депутаттары Мемлекеттік тілге қарсы шыққанда, дауыс беру стенограммасын жариялап жіберген «Мемлекеттік тілді табанға таптаған Парламент таратылсын!» атты менің сең қозғаған сенсациялық мақалам елімізді дүр сілкіндірді. Қазақстан Жазушылар одағына жиналған ұлт зиялыларының Сенат пен Мәжіліске Ашық хат жолдауына себепші болды. Оны көптеген баспасөз құралдары қатты қолдап кеткені белгілі. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақтанда» біртуар қаламгер-қайраткер Шерхан Мұртаза: «Кімнің кім екенін білгің келсе, тек «Қазақ үні» газетін ғана оқып, біле аласыздар» десе, «Қазақ әдебиеті» газетінде белгілі журналист Қуандық Боқай: «Қазақ үні» газеті Қазыбек Исаның бір мақаласымен-ақ ұйқыдағы жұртты оятты» деп жазды.
Сол кездегі Мәжіліс депутаты, аталмыш заң жобасына түзетудің авторы, көрнекті қоғам қайраткері Амангелді Айталы ағамыз: «Егер Қазыбек Исаның елді дүр сілкіндірген жақсы мағынасындағы ұлтшылдығы болмаса, мүмкін бұл қазақ тіліне қарсы дауыс беру ақпараты Парламент құпиясы болып қалар ма еді? Осылай «Жас Қазақ үні» талай көкірегі соқыр ұйқысырап кеткен депутаттарды шошындырып қана қоймай, жалпы қазақ қауымына ой салды. Шалажансар Парламент ұлтымыздың, тілінің әлсіздігін, қазақтардың өздерінің ұлтына деген қырсыздығының айнасы болды.
Айта кетейін, осыдан кейін, Парламенттің инженерлік орталығына енді қай мәселе болсын, депутаттардың қалай дауыс бергені туралы ақпарат беруге жоғарыдан үзілді-кесілді тыйым салынды» деп жазды.
Өзіміз де 2021 жылы осы парламенттің депутаты болғалы ұлттық мүддені қорғауда бар күшімізді жұмсап келеміз. 2022 жылғы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды, ол үшін Атазаңның 7-бабы 2-тармағын алып тастауды талап еткен депутаттық сауалымыз қоғамдық резонансқа айналып, әлеуметтік желіде челленджге айналды. Ал еGov петициясында қолдағандар саны 500 мыңнан, жарты миллионнан асып кетті… Құдайға шүкір, қазір Қазақстан Парламенті Мәжілісі 90 пайыз қазақ тілінде сөйлейді.
2009 жылы Қазақстанның қазақ туралы бір ауыз сөзі жоқ «Ел бірлігі» доктринасы шыққанда «Ел бірлігін бұзатын» ертісбаевтардың «ертегісіне» қарсылық танытып, аштық жариялаған әйгілі ақиық ақын Мұхтар Шаханов бастаған ұлт патриоттарының басында «Қазақ үні» газеті ұжымының басшысынан бастап жартысынын астамы болды.
Ал 2011 жылғы бүкіл елді дүр сілкіндірген мемлекеттік тіл Атазаңға сай болуы үшін Консититуциядан орыс тілі туралы 7-баптың 2-тармағын алып тастау жайлы әйгілі «138-дің хаты» кезінде газетіміз авангард рөлін атқарып, мыңдаған қол жинауды ұйымдастырып, жариялады…
2013 жылдан бастап ұлт мүддесін қорғауда алдыңғы қатардан көрініп келе жатқан «Жас қазақ үні» газеті ұлт зиялылары мен қалың оқырман талап еткендей бар қазақ үніне айналып, «Қазақ үні» газеті болды.
Бүгінде ұлт мәселесі талқыға түскенде «осы газет не дейді» деп үміт ететін санаулы ғана басылымдардың басында «Қазақ үні» газеті тұрғанын ел жақсы біледі.
Астана қаласы әкімі кезінде белгілі мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағамбетов бас редакторларды жинағанда «Егемен Қазақстан» газетінің сол кездегі президенті Сауытбек Әбдірахманов «ҚазМұнайГаз» секілді қаржы алпауытында істеп жүріп, «Айқарма» атты газет ашқан танымал журналист Шархан Қазығұлға «Тарихта ең тез ашылып, тез жабылып қалған газеттің бас редакторы» деп қалжыңдады. «Ой, газеті құрсын, өте қиын екен, қаржы жетпейді» деген Шәкеңнің кенет маған көзі түсіп кетіп, «Осы Қазыбекке таңым бар, қалай газет шығарып, қалай шыдап келеді» деген еді. Мен жай ғана: «Қазақ үні» жабылудан кеткен газет қой, құдайға шүкір. Өйткені оны қазір бар қазақ іздеп оқиды» деп жауап бердім.
Әрине, «Қазақ үні» газетінің бар қазақ үні болып келе жатқанында ұлтым деген қарымды қайраткерлер мен саңлақ саясаткерлердің де, апта сайын алаңдап күтіп отыратын жалпы оқырман қауымның да еңбегі зор…
Ал жаңа заман талабына сай 2009 жылдың екінші жартысында шыға бастаған, бүгінде алдыңғы қатарда келе жатқан Qazaquni.kz ұлттық порталымыз 2017 жылы республикалық байқауда жеңімпаз болып, «Қазақстандағы ең үздік сайт» атанды.
Тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін сайыпқыран сайтымыз ұлт мүддесін қорғауда қырағылығын күннен күнге күшейтіп келеді. Қазақ тілін қолдап бір жарым айда 130 мың қол жиналуы – Қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған рекорд екенін бүгінгідей мерекелі күнде айта кетуге тиіспіз.
Иә, 1913 жылы жарық көрген қазақтың алғашқы басылымдарының бірі, ұлттың үні болған «Қазақ» газетінен 87 жылдан кейін дүниеге келген, бүгінде қалың Қазақтың үніне айналған «Қазақ үні газетіне де 25 жыл толып отыр, құдайға шүкір.
Қазір нар «Қазақ үні» – атына сай бар Қазақ үніне айналды.
Осыдан жиырма бес жыл бұрын 2000 жылы 11 тамызда руханият әлеміне қадам басып, ақпарат аламанына ат қосқан «Қазақ үнін» қарсы алыңыздар, қадірменді оқырман қауым, Қалың Қазақ, Алты Алаш елі!
Қазыбек ИСА,
ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
«Қазақ үні» ЖШС 2000-2020 жылдардағы басшысы
«Қазақ үні» – шындық шырақшысы!
Құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы!
Құрметті «Қазақ үні» редакциясының ұжымы!
Елге аты жайылып, оқырмандары іздеп жүріп оқитын іргелі басылымға айналған «Қазақ үні» газетінің 25 жылдық мерейтойы құтты болсын!
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса әріптесіміздің осыдан ширек ғасыр бұрын жарыққа шығарған «Қазақ үні» газеті бүгінде бар қазақтың үнін биіктен шырқайтын, ақиқаттың ақ жолымен жүретін шындық шырақшысына айналды.
Әсіресе, мемлекеттік тіл, ұлттық мүдде мәселелерінде редакция ұжымы әрдайым алдыңғы шепте жүріп, көкейкесті сөзді көптен бұрын айтады.
«Қазақ үні» «Ақ жол» партиясының ақпарат майданындағы басты серіктесі деуге болады. Мәжілістегі фракция депутаттарының өткір сауалдары, өзекті мәлімдемелері дер кезінде газет бетінен орын тауып, қалың оқырманның назарына ұсынылуда.
Біз қанша технологиялық заман ағымына ілессек те, дәстүрлі баспа құралдары, соның ішінде, газет ісі ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Осы орайда, Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген нақылы есіме түсіп отыр. Мемлекет пен қоғам өмірінде БАҚ-тың орны ерекше. «Хайп» қуып, жалған ақпарат таратуды кәсіп еткен журналистер мен блогерлер қаптаған заманда, тура сөйлеп, ашығын айтатын басылымдар елге өте қажет. «Қазақ үні» ақиқатты ту еткен сондай басылым деп білемін.
Құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы!
Құрметті редакция ұжымы!
Сіздерді газеттің 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Қаламдарыңыз қарымды, сөздеріңіз өтімді болсын! Әрдайым Ақ жол тілеймін!
Құрметпен,
Азат Перуашев,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
«Ақ жол» партиясының төрағасы
Қайта жаңғырған ұлт үні
«Иненің жасуындай болса да ұлтқа қызмет ет!» Бұл – Алаш көсемдері көтерген ұран еді. Жетпіс жыл тұтас қызыл қорқаулар табанында тапталған ұран еді. Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған тоқсаныншы жылдар басында қайта көтерілді. Жетпіс жыл отаршыл саясат таптаған ұлт ұраны қайта көтерілді. Жетпіс жыл тұншыққан ұлт үні қайта естілді. Сол қайта жаңғырған ұлт үнінің бірі – «Қазақ үні» еді.
Ғасыр басындағы Алаш үні болған «Қазақ» газеті ғасыр соңында «Қазақ үні» болып қайта тірілгендей. Оны тірілткен – Қазыбек Иса. Газет жар салып дүниеге келгеннен табанға түскен ұлт тілін, дінін, ділін жайнаған тудай желбіретті. Жоғары көтерді. Оқырман да көтерілді. Ұлт санасы сілкінді. Жалынды жиырма бес құтты болсын «Қазақ Үні»!
Қазақтың Қазыбегі көтерген ұлт үніне айналдың! Алаш арыстарының «Иненің жасуындай болса да ұлтқа қызмет ет!» ұраны іске асты.
Бүгінде бұл газет арқасында қазақтың бір Қазыбегі мың Қазыбекке айналды. Тәуелсіздік туы тіктелді. Ұлттық санамыз алынбас қамалға айналды. Басты жеңіс осы еді. Жеңіс құтты болсын қаламдастар!
Смағұл ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның Халық жазушысы
Халық сүйіп оқитын басылымға айналды
Құрметті «Қазақ үні» газетінің ұжымы!
Қазақ баспасөзінде өзіндік орны бар, өзіндік бағыт-бағдар мен стиль қалыптастырған басылым – «Қазақ үні» газетінің 25 жылдық мерейтойы құтты болсын!
«Жас қазақ үні» деген атаумен танылып, жиырма жылдың ішінде бар қазақ үніне айналған қоғамдық-саяси ұлттық апталық әділдік пен адалдықты ту етіп, әрқашан шындық пен ақиқатты мақсат тұтуының арқасында халық сүйіп оқитын басылымға айналды. Мұның бәрі қаншама адамның тынымсыз еңбек, үздіксіз ізденіс пен ұлт мүддесіне қызмет жасаймыз деген ортақ ұстанымдарының нәтижесі. Елдегі жаңалықтар, тіл, тарих пен ұлттық мәселелерді тереңнен қозғауға, ұлттық мәдениетті жандандыруға және халықаралық саясатқа тереңнен көз жүгіртуге бағытталған басылымның алар асулары әлі алда деп білеміз. Газеттің қазақ әдебиетіне де зор көңіл бөлетіні көңілге қуаныш ұялатады.
«Қазақ үні» газетінің ұжымына шығармашылық толағай табыстар тілеймін! Басылымның ғұмыры ұзақ болсын!
Ұлықбек Есдәулет,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы
ЕЛДІҢ СӨЗІН СӨЙЛЕГЕН ЕРКІН ОЙЛЫ БАСЫЛЫМ
Бүгін о баста «Жас қазақ үні» деген атаумен шыққан газетімізге 25 жыл толып отыр. Бұл газет алғашында жас буынды тәрбиелеу, шыңдау мақсатында жұмыс жасаған болса, бүгінде есейіп, үлкейіп, «Қазақ үні» болып қайта жаңғырды.
Осы ширек ғасырдағы ізіне зер салып қарайтын болсақ, алғашқы шыққан күндерінен бастап-ақ бұл газеттің қызметкерлері өздерінің алдына қойған мақсаттарына шын жүректерімен, бар ынта-жігерімен қатты кіріскендерін байқаймын.
Өте көптеген өткір мәселелерді жалпақтамай, бұқпантайламай, құр айғайға баспай, терең де мағыналы көтеріп жүрді.
Газеттің әрбір нөмірінде көтерілген мәселелер – қоғамдағы өзекті тақырыптар.
Бір ғана мысал келтірейін, Қытайда оқып жүрген азаматтарымыздың елге келуге, қайтып баруға, сол жақтағы қандастарымыздың виза ала алмай жатқанында, елшіліктегі бюрократия мен жемқорлық туралы ашық жазып, қоғамда үлкен резонанс тудырған бір ғана мақаламен-ақ мәселені шешіп, қаншама халыққа жақсылық жасады. Сонымен қатар, мемлекеттік тілге қарсы дауыс берген депутаттардың тізімін жариялауы үлкен ерлік. Сол кездері Шерхан Мұртазаның «Кімнің кім екенін білгің келсе, «Қазақ үнін» оқыңдар» дегені тектен тек емес.
Қарлығаштың қанатымен сепкен судай етіп тәуелсіз Қазақстанға, дархан халқымызға жасаған жақсылықтарыңыз еселеніп қайтсын. Әр жылдары осы газетте жұмыс істеген барша азаматтарды, бүгінде газеттің тұтқасын ұстап, оның уақытылы шығуына күні-түні еңбек етіп жүрген журналистерді ширек ғасырлық тоймен құттықтаймын. Әлі атқарар жұмыстарыңыз ұшан-теңіз.
Ал, енді «Қазақ үні» сайтының барлық қазақ тілді сайттардың алдыңғы қатарында тұрғаны да тегін емес. Бұл «Қазақ үнінің» абыройының биіктігі. «Қазақ үні» оқырмандары күннен күнге өсіп, ауқымы кеңейе беретіні сөзсіз.
Бұл газеттің осындай орасан зор биікке жеткені осының барлығына ұйытқы болып, осыдан ширек ғасыр бұрын газетті ашқан Қазыбек Иса бауырымыздың еңбегі. Еңбек жемісті, алар асулар көп болсын.
Құрметпен,
Ислам Әбіш, қоғам қайраткері