ЕРІККЕН ЕРТЫСБАЕВ КОНСТИТУЦИЯНЫ ЕРКІН БҰРМАЛАЙ БЕРУГЕ ЕРІКТІ МЕ?

ЕРІККЕН ЕРТЫСБАЕВ КОНСТИТУЦИЯНЫ ЕРКІН БҰРМАЛАЙ БЕРУГЕ ЕРІКТІ МЕ?

РЕСЕЙ мен ҚЫТАЙДА ЕРТЫСБАЕВТАРДЫ МИНИСТР ТҮГІЛІ КӨШЕ СЫПЫРУҒА АЛМАЙДЫ…

✅ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ МИЫ ЖЕТПЕЙТІНДЕР МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ СӨЙЛЕУГЕ БОЛМАЙДЫ!

✅ ЕЛ ЗАҢЫН БҰРМАЛАҒЫШ ЕРТЫСБАЕВТАЙ АРАНДАТУШЫЛАР БОЛСА, ЕЛГЕ ЖАУДЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ! 

✅ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МІНДЕТТЕУ - МЕМЛЕКЕТТІҢ МІНДЕТІ!

✅ ҚҰЛ - ҚОЖАЙЫН ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙДІ

✅ «ДҮНИЕДЕ ЕҢ ҚИЫН НӘРСЕ - ҚҰЛДЫ ҚҰЛ ЕМЕС ЕКЕНІНЕ СЕНДІРУ!»

1.КОНСТИТУЦИЯНЫ БҰРМАЛАУ - АРАНДАТУШЫЛЫҚ ПА, САУАТСЫЗДЫҚ ПА?

Таяуда Қазақстанның Халық партиясы (бұрынғы коммунистік партия) төрағасы Ермухамет Кабидинович Ертысбаев “Астанадағы ЛРТ вагондарында неге тек қазақша мен ағылшынша ғана жазылған, неге Ресей тілінде, Қытай тілінде жазылмаған?”-деп, жер астынан жік шығарды?!. Өзінің ютуб каналында өзінше маңызды сөз айтып тұрғандай қабағын түйіп алып, қолын ербеңдетіп оңды-солды сілтеп қойып, бойында атымен жоқ болса да, жасанды “ойлы түр” жасап алып, сауатсыз мәлімдеме жасады.

Тіпті, едіреңдеп, екілене сөйлеп, әлденелерді мегзеп, вагондардағы көрнекі ақпараттарды мемлекеттік тілде жазып, бәрін заңды жасағандарға, жалпы басшылыққа зекіп, ұрсып қояды. «Бұл не? Саяси ұстаным ба? Немесе жауапсыз арандатушылық па? Бұл құқықтық қана емес, моральдық-саяси қателік!» деп соғады өзінің мораль түгілі Конституцияны, Тәуелсіз мемлекеттің заңын таптап отырғанымен шаруасы жоқ. 

«Мен Қазақстанның Халық партиясы төрағасы ретінде мәлімдеймін, бұған жол беруге болмайды. ЛРТ-ның салтанатты ашылуына дейін осы қателіктеріңді жөндеулеріңді, барлық жазуды кемінде төрт тілде жазып қоюларыңды талап етемін!» деп есірген ЕртЫсбаев тіпті, «Это уродливо, оскорбительно!» деп сілтейді, өз елін, негізгі мемлекет құраушы қазақ халқының тіліне қарсы шығып, қорлап отырғанына санасы жетпей... 

«Бұл серіктес елдерімізге қатты соқққы ғой» деп, Солтүстікке қарай мойнын созып қойып, “сендердің мүдделеріңді қорғап отырған сенімді құлдарыңды көрдіңдер ме” дегендей, иесінен қошемет дәметкендей құйрық бұлғаңдатуын қайтерсің... Қазақтың “Құлды бәрекелді өлтіреді” деген сөзі босқа айтылмаса керек…

Бірақ біз бірден айтайық, бұл - бәдік видео - барып тұрған заңсыз Арандатушылық!

Барлық елде барлығы басты тілде - Мемлекеттік тілде жазылатынын бұл экс-министр, экс-президент кеңесшісі, экс елші, (экс) саяси ғылым докторының неге білмейтініне бір қызығы, біздің елде ешкім таңғалмайды?!.

Өзінің аты мен атасының атын қазақша жазса, қатесі қаптап жүретін ЕртЫсбаев өзі сауатсыз болғасын ба, қазақтың бәрін хат танымайды деп ойлайтын болуы керек…

ЕртЫсбаевтың бұл арандатуына тиісті билік органдары жауап беретін шығар деп біраз күтіп едік, тырс еткен ешкімді байқай қоймадық. Бұның былтыр да дәл осындай Конституцияны бұрмалап, арандату жасаған видеосына да билік тарапынан ешкім үндемеген. Тек белгілі қоғам қайтаткерлері мен заңгерлер бастап, қалың ел қарсы шыққан. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожайын болмағасын, аузына келгенін айтып, білгенін істеп үйренген бұның заңды белден басып, тайраңдауы тағы да жалғасып жатыр... Әділетті Қазақстанның қалыптасып келе жатқан «Заң мен тәртіп қағидасы» қайда, ол қазақ тіліне қарсы шыққандарға келгенде жүрмей қала ма? Сондықтан, өзіміз жауап беруге тура келіп тұр.  

Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабының 2-тармағында «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен қатар қолданылады» деп, тайға таңба басқандай, ақ параққа қара сиямен айқын жазылып тұр. Мұны ЕртЫсбаевтың өзі де видеосында келтіргенмен, бірақ «саяси ғылым докторы» түкті де түсінбепті...

Яғни, мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарынан басқа жерлерде, ешқандай дүкендер мен мейрамханаларда, дәріханаларда, сол сияқты ЕртЫсбаевты есінен таңдырған ЛРТ вагондарында, транспортта орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен қатар қолданылмайды - ондай Конституциялық норма жоқ. Осымен үшінші рет айтамыз, тек қана “Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында ғана орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен қатар қолданылады”. 

Ал ЕртЫсбаев елге осы Конституциялық норманы қасақана бұрмалап, «барлық жерде орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген жалған ақпарат таратып отыр. Бұл Қазақстан азаматтарын арандату болып табылады. Бұған арнайы жаза бар. Әлде, қазақ тілімен алысамын деп, қорыққанға қос көрінеді дегендей, бұл экс-министрге пойыз вагондары да мемлекеттік орган болып көріне ме?!.

Бұндай заңсыздыққа күйіп кеткен бір тіл күрескері ертең ЕртЫсбаевты осы елді арандатуы үшін сотқа берсе, ана тіліне һәм мемлекеттік тілге миы жетпесе де, министр болған, экс президент кеңесшісі, экс елшінің күні қараң болуы әбден мүмкін… Ондай тіл қорғаны табылатынына әбден сенемін.

Айтпақшы, жоғарыда айтқанымыздай, бұл ЕртЫсбаевтың Конституцияның дәл осы бабын бұрмалап, арандату жасаған видеосы бірінші рет емес, екінші рет. Оның былтырғы 2024 жылы да дәл осындай Конституцияны бұрмалаған арандатуы туралы белгілі саясаттанушы, тіл күрескері Дос Көшім: “Қазақ тіліне қарсы Ертісбаевты сотқа беруге толық болады”-деп “Қазақ үні” ютуб арнасына арнайы сұқбат берген болатын. Ал экс министр Ертысбаевтың «Конституция бойынша адам, азамат, мемлекет және қоғамның күнделікті өмір тіршілігінде орыс тілі де-юре және де-факто мемлекеттік тілмен бірдей тең қолданылады» деген мәлімдемесінің сауатсыздығын белгілі заңгер, өткенде атышулы Шерзат ісінде марқұмның отбасының адвокаты болып, лайықты қорғай білген Мейірман Қалмақанұлы (Шекеев) әбден әшкерелеп, масқарасын шығарған еді…Оны мен фейсбук парақшамда бөлісіп, «Ертісбаевты есінен тандыру» атты пост жазғанмын.

Ал ҚР ПРезиденті Қ.Тоқаев “Біз популистік асығыс шешімдерден бойымызды аулақ ұстаймыз. Әрқашан нақты жағдайға қарап, байыпты саясатты басшылыққа аламыз. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік тілдің мәртебесін этносаралық қатынас тілі ретінде бекіту мәселесіне тікелей қатысты. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады.”-деп, ескерту жасаған еді. Ендеше, үнемі Конституцияны бұрмалап, заңды бұзып, «тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын» ЕртЫсбаевтың «әрбір әрекетіне» заңмен тосқауыл қойылып, жазалануы тиіс!

Бұл жолы Ертысбаевтың кезекті арандатуын орыстілді болса да, отаншылдығы - ұлтшылдығы зор білікті заңгер, құқықтанушы Руслан Түсіпбектен бастап, әлеуметтік желіде барлығы “Ертысбаевтың бұл оттауы не масқара?!.”-деп, аяусыз сойып жатыр…

Айтпақшы, Конституцияны бұрмалаған бұл Ұлтқа қауіп төндіретін арандатушылыққа Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен бақылаушы орган Бас прокуратура неге шара қолданбай, қайда қарап отыр?!.

ЕртЫсбаевты есіртіп, танауын делдитіп, айдарынан жел естіріп, бөстіріп отырғандар кімдер? “Ескі Қазақстанның” елесінен шыға алмай жүрген бұған біздің әшейінде заңды талап еткіш, ұлтшылдардың әр комментіне дейін 24 сағат аңдып отыратын құзыретті органдарымыз неге үндемейді? Еріккен ЕртЫсбаев неге аузына не келсе, соны айта беруі керек? 

2.“РЕСМИ ТІЛ РЕТІНДЕ ҚАТАР ҚОЛДАНЫЛАДЫ”-деген сөз ”РЕСМИ ТІЛ” деген статус емес!

Иә, дәл солай! “РЕСМИ ТІЛ РЕТІНДЕ ҚАТАР ҚОЛДАНЫЛАДЫ”-деген сөз ”РЕСМИ ТІЛ” деген статус емес!

Екеуі екі бөлек деңгей. “Біздің елде Мемлекеттік тіл екеу”, “Орыс тілі - ресми тіл, мемлекеттік тілдің орнына жүре береді” деген заңға қайшы сөзді көшедегі дүңгіршек, дүкен сатушылары, кафе даяшылары сауаты жетпей, білмей айтса, кешірімді шығар… Ал сақалы ағарған саясаткерлер, биліктегі жоғары лауазымды шенеуніктер, министр, әкім, депутаттар, ЕртЫсбаев сияқты экс-министр, экс-президент кеңесшісі, экс-елші, тіпті саяси ғылым докторлары білмей, бөсіп жатқанда, олардың сауатсыздығына таңғаласың!

2022 жылы парламентте регламент туралы заң жобасы талқыланғанда аты белгілі заңгер-депутаттар да осы заңдылықты білмей, Азат Перуашев екеумізбен сөз таластырып, мемлекеттік тілге қарсы шығып, күйдіріп еді… Оның видеосы белгілі депутаттарда сақтаулы.

2007 жылы Мәжіліс депутаттары Мұхтар Шаханов, Амангелді Айталы, Ерасыл Әбілқасымовтың: "Конституция бойынша орыс тілі ресми тіл ретінде мемлекеттік тілмен бірдей болып табыла ма?» деген сұрақтарына Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007 жылғы 23 ақпандағы №3 Қосымша қаулысында: 

«Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен қатар қолданылады» деген Конституцияның 7-бабының 2-тармағы орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесін бермейді.»

- деп, арнайы жауап берілген. 

Яғни, “РЕСМИ ТІЛ РЕТІНДЕ ҚАТАР ҚОЛДАНЫЛАДЫ”-деген сөз ”РЕСМИ ТІЛ” деген статус емес!

Әлем елдерінде ресми тіл қызметін мемлекеттік тіл статусы атқарады. Ал Қазақстанда мемлекеттік тіл –Қазақ тілі.

 Демек, "Орыс тілінің статусы мемлекеттік тілмен бірдей, ресми тіл" -деген сөздер ойдан шығарылған, өздері, бала-шағалары мемлекеттік тілді қақпайтын болғасын орыс тілінің құқын асыра пайдаланушы ЕртЫсбаевтар сияқты Атазаңды бұрмалаушылар жасап алған жалған "статус".

✅ Конституцияның дәл осы 7-бабы 2-тармағын елге бұрмалап көрсетіп, үнемі ұлтаралық дау-жанжалға айналдырып жүргендер де осы ертысбаев сияқтылар.

Конституцияны еркін бұрмалай беруге ерікті еріккен ЕртЫсбаевтың былтырғы видеосында осы Конституциялық Кеңестің Қосымша қаулысын да мүлде керісінше, логикалық қарама-қарсы мағынада «қазақ тілі мен орыс тілі барлық жерде тең» деп жауап берілді» деп теріс түсіндірген арандатушылығы - барып тұрған алаяқтық емес пе?!

Ал ұлтаралық қатынас тілі туралы айтар болсақ, ол да мемлекеттік тілдің функциясы болып табылады. Сондықтан да ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек», Қазақстанда Мемлекеттік тіл біреу ғана – ол Қазақ тілі», «Қазақстан азаматтары мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуі міндетті» деп, нүктесін қойып қойған.

3.ЗАҢДЫ БІЛМЕУ - ЗАҢСЫЗДЫҚ ЖАСАЙ БЕРУ МЕ?

Мен мектепте мұғалім болған әдетіммен бірінші сыныптың білімсіз оқушысының басына нұқып тұрып, көзіне шұқып тұрып түсіндергендей, экс-министр, саяси ғылымдар докторы, профессор ЕртЫсбаевқа ежелеп тұрып, тағы да түсіндірейін...  

Кез келген сауаты бар, мектеп бітірген адам, шашын жұлып, басын ұрып, ойбайламай тұрып, алдымен қай мәселенің де қандай заңға және заңның қандай бабына жататынына қарайды.

Экс-президент кеңесшісі айтып отырған ЛРТ вагондарындағы жазулар заң тілінде «Көрнекі ақпарат» деп аталады. Бұл мәселе Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңының «Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi» деп аталатын 21-бабымен реттеледі. 

Иә, 2021 жылдың соңына дейін бұл бапта барлық жерде «...көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады» деген норма болды. Осыдан келіп, барлық жерде орыс тілі қазақ тілімен қатар жүруге міндетті болып шықты. Бұл Конституцияның жоғарыда аталған 7-бабының 2-тармағына қайшы болатын.

Аталған 21-бапқа 2021 жылы VII шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары, яғни біз жасаған өзгертулер мен толықтырулар туралы заңға ҚР Президенті Қ.Тоқаев қол қойып, 2022 жылдың бірінші қаңтарынан күшіне енді. Ендігі жерде мемлекеттік емес ұйымдардағы деректемелер мен көрнекі ақпараттар “міндетті түрде қазақ тілінде жазылуы тиіс”, ал “қажет болғанда ғана өзге тілдегі нұсқасын қатар орналастыруға болады”. 

Дәл осы бапты сол заңға енгізген, дәл қазір Ертысбаев аудармашы арқылы оқып отырған осы қазақ тіліндегі оған жауап берген мақаланың авторы, депутат Қазыбек Иса болатын… 

Сондықтан Ертысбаев сөз етіп отырған ЛРТ вагондарындағы көрнекі ақпарат толығымен қолданыстағы тіл туралы заңнама талаптарына сай заңды, тура жасалған. Ол үшін солай, заңға сай жасаған жауапты да, сауатты мамандарға, ел басшылығына, билікке айтарымыз тек Алғыс қана. 

Өйткені, Қазақстан құқықтық мемлекет! Заң мен тәртіп - Әділетті Қазақстанның басты қағидасы.

Ал ЕртЫсбаевтікі “Аңқау елге Арамза молда болу” дегендей, жұрттың бәрін ақымақ санап, бос байбалам жасау.

4.”ҚАЗАҚСТАН - КӨП ҰЛТТЫ ЕЛ” деген ертегіні доғар ЕРТЫСБАЕВ?!

“Қазақстан көп ұлтты мемлекет, 130 ұлт өмір сүреді” деп, баяғы Кеңес империясындағы коммунистік қызыл ұранына қайта басқан ЕртЫсбаев тағы да Конституцияны бұрмалайды немесе тағы да білімсіздік танытады. ҚР Конституциясының 2-бабында: «Қазақстан Республикасы - президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет» деп, ақ қағазға қара сиямен соқырға таяқ ұстатқандай жазулы тұр. ЕртЫсбаев түсінетін тілде айтсақ, «Республика Казахстан является унитарным государством с президентской формой правления.»

“Көк паспортымыз ұлттық бірегейлігіміздің айқын нышанына айналды. Ел бірлігі – ең алдымен, күллі қазақтың бірлігі. Екіншіден, ел бірлігі – қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этностың бірлігі.”-деген ҚР Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясында мемлекетімізде тек мемлекет құраушы Қазақ ұлты және этностар бар екенін, халық бірлігі бәрінен маңызды екенін атап айтты.

Кезінде парламенттегі комитет отырысында сол кездегі вице-премьерге «Кеңес империясынан қалған «Көп ұлтты Қазақстан» деген сөзді доғару керек» деп айтқанымыз бар еді. “Қазақстан көп ұлтты мемлекет, 130 ұлт өмір сүреді” деп, баяғы сарынына басып, жағы талмай сайрап отырған ЕртЫсбаевқа да қатаң ескертуіміз осы!

5.ЕЛДІҢ ЖАРТЫСЫНАН АСТАМЫ ОРЫС ТІЛІН БІЛМЕЙДІ!

ЕртЫсбаевтың енді бір ертегісі - “Қазақстанның бәрі орыс тілін біледі” деп соғып жібергені. “Бәрі орыс тілін біледі, олардың, салық төлеушілердің ақшасына салынып жатқан ЛРТ вагондарына орысша, қытайша жазылуы керек” - дегені елді алдау, қоғам пікірін манипулияциялау.

Керісінше, қазір ауылдың басым бөлігі орыс тілін білмейді. Бүгінде 2 млн-ға жуықтаған қандастарымыз да, кез келген сауатты елдің сауатты азаматтары секілді өздерінің ана тілі мен өздері тұрған мемлекеттің мемлекеттік тілін біліп келді атамекен Қазақстанға (бұндай сауат пен сана біздің елдегі ертысбаевтарға бұйырмаған). Бірақ олар Ресейдің тілін білмейді. Өйткені, Қазақстаннан басқа еш жерде орыс тілінің қажеті жоқ. Қазір біздің жоғары оқу орындарымыздағы оқытушылар ауылдан келген студенттердің көбісі орыс тілін білмейтінін, есесіне қазақ тілін жақсы біліп, ағылшын тілін тәуір меңгеріп келе жатқанын разылықпен айтады. Сонда елдің жартысынан астамы шетел тілін - орыс тілін түсінбейді. 

Яғни, елдің жартысынан астам салық төлеушілері ЛРТ-ға қазақ тілі мен ағылшынша жазылғанына бек разы. Орысша мен қытайша жазылуына наразы! Оны ЕртЫсбаев мырза өзінің осы арандатушы видеосының астындағы өзін қазақша да, орысша да терісін тірідей сыпырып сойып салып, сазайын беріп, сыбап жатқан 100 пайыз комменттерден оқып-ақ біліп отырған шығар... Егер ол ел пікірін оқитын болса, айналасындағы, қол астында қызмет ететін аз ғана адамның өтірік мақтағанына мәз болмай…

6.РЕСЕЙ мен ҚЫТАЙДА ЕРТЫСБАЕВТАРДЫ МИНИСТР ТҮГІЛІ КӨШЕ СЫПЫРУҒА АЛМАЙДЫ…

ЕртЫсбаев өзіне тиетін сөзді білмейді, қалай министр, президент кеңесшісі, тіпті саяси ғылымдар докторы болып жүр?

«Өзің диуанасың - кімге пір боласың» дегендей, өзі екі тіл білмейтін адамның екі тілді талап етуге ешқандай моральдық құқы жоқ! Заңға салсаң да, Арға салсаң да… Егер бұл екеуі болып жатса олардың бойында...

Ертысбаев мысалға келтірген екі мемлекеттік тілі бар елдердің кез келген мемлекеттік қызметкері сол екі тілді де жетік біледі. Мемлекеттік тілді білмесе, жай қызметке де алмайды. Біздегідей өзінің ана тілі мен мемлекеттік тіліне миы жетпесе де, Ертысбаевтардай министр болатын масқара жағдай жоқ ешқандай елде.

Мысалы, «Канадада барлық жерде француз және ағылшын тілінде жазады» дейді ғой біздің сабаз? Жазса, ол елде екеуі де мемлекеттік тіл ғой?!. Ал бізде мемлекеттік тіл біреу ғана – қазақ тілі! Жалпы, Қазақстан мен Канаданы салыстыру үшін қандай ми болуы керек? Қазақстан унитарлы, Канада федеративті мемлекет екенін мектеп оқушысының бәрі біледі экс министр түгілі... Сол Канаданың кез келген мемлекеттік қызметкері сол екі тілді де жетік біледі. Ал біздің экс президент кеңесшісі ше? Өзінің ана тілінде, Мемлекеттік тілде нан сұрап жей алмай тұрып, мемлекеттік тіл туралы заң жайлы айтқан несін алған десейші мұның...

Тек бізде ғана ғой әлемде мемлекеттік тілді білмей, мемлекеттік қызметкер, тіпті министр, әкім, депутат болатын сорақы нонсенс!

Егер РЕСЕЙ мен ҚЫТАЙДА, КАНАДАДА, тіпті көрші ӨЗБЕКСТАНДА МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ білмесе, ЕртЫсбаевтарды МИНИСТР ТҮГІЛІ КӨШЕ СЫПЫРУҒА да АЛМАЙДЫ…

ЕртЫсбаевтың екіленіп тұрып: «Қытай бізге инвестор болып, миллиардтаған долларлар жұмсауда. ЛРТ-ны қытай жұмысшылары салуда. Ендеше неге біз қытайша да жазып қоймаймыз?!.» деп, түсін суытып алып, сұңқылдаған түрін көру үшін қан қысымы дәрісін ішіп алмасаңыз, шыдау өте қиын... Бұл не деген бейшара, құлдық сана?!. Қай елді көрдің инвестиция құйған мемлекеттердің бәрінің тілін мемлекеттік тілімен қатар жазып қоятын?

Өзге елдерге, өзге елдің жұмысшыларына жаны ашып отырған ЕртЫсбаевтың осы уақытқа дейін өзге елден өз еліне келіп жатқан қандастары туралы, өзінің заңды мәртебесіне ие бола алмай келе жатқан мемлекеттік тіліне - қазақ–тіліне, өзінің үйренуге миы жетпейтін ана тіліне бір де бір рет қолдау жасағанын көрген емеспіз, кілең осындай қорлау болып келеді.

Жүре берсең, сұмдықты көре бересің деген осы...

7.МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ МИЫ ЖЕТПЕЙТІНДЕР МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ СӨЙЛЕУГЕ БОЛМАЙДЫ!

2011 жылы Алматыда мемлекеттік тілді қорғауға арналған Мұқтар Шаханов бастаған митингіде сөйлегенде мен сол кезде де мемлекеттік тілге қарсы шыққан, экс президент Назарбаевқа бірнеше рет, барлығы 12 жыл кеңесші болған Ертысбаевқа қарата айтқан едім, соның видеосы әлі интернетте таралып жүр. “Ертысбаев сияқтылар қалай президентке кеңесші болады? Мұндай мемлекеттік тілге миы жетпейтіндерді Президент түгілі мен ешуақытта кеңесші етіп алмас едім?!.”-деген едім.

Кілең осындай, ана тіліне сауаты жетпейтін ЕртЫстаевтай экс-президент Назарбаевтың идеологиялық кеңесшілерінің ұсқынына қарап-ақ, неге Тәуелсіз мемлекетіміз отыз жыл бойы Ұлттық идеологиядан жұрдай болып, тілінен, ділінен айрылып, сорлап қалғанының себебін айқын білуге болады. «Алматы» деген аттың ажарлы атау екеніне санасы жетпей, «Алма – Ата» деген бұрынғы атына ауыстыру керек» деп жүрген «идио-логтардан» не сұрайсың?.. 

Тілін білмеген - тірлігін де білмейді. ЕртЫсбаевтың тарихта ең нашар министр ретінде аты қалғаны да сондықтан. Қазақтың мәдениет және ақпарат министрі болғанда, қазақтың мәдениетінен жұрдай, ақпарат әлемінен мақұрым министр ретіндегі сауатсыздықтары ащы әжуа анекдоттарға айналып кеткенін жұрт әлі күлкі етіп айтып жүр... Мәдениет және ақпарат министрінің елімізге белгілі журналист, белгілі газеттің бас редакторы Шәмші Пәттені әйгілі ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов екен деп, «әндеріңізді сүйіп тыңдаймыз» дегені, ол тағайындаған, өзіне тартқан мәдениет министрлігінің жауапты қызметкерінің республикалық ән конкурсында «ән сөзінің авторы Шәкәрім Құдайбердіұлының өзін шақырыңдар, әйтпесе, жүлдесін бермейміз» дегені басынан соры арылмаған мәдениет министрлігінің не көрмегенін байқатады... Ал тарихта тек Қазақстаннан ғана шығатын өз ана тілі мен мемлекеттік тілін білмейтін «дипломаттарға» куә болған шет мемлекеттер не ойлады екен деп, ЕртЫсбаев елші болған елдердің алдында мен кешірім сұраймын... Ал ЕртЫсбаев өзін «Мен Қазақстанның халық партиясы төрағасымын» деп, қазіргі қызметіне екпін қосып, екіленіп айта берсе де, мен этика сақтап ол туралы әзірге ешнәрсе демедім. Тек партиясындағы өзіміз білетін, сыйлайтын азаматтарға көңіл айтамын... 

8.ӨЗ МЕМЛЕКЕТІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІН БІЛМЕУ - ТОПАСТЫҚ!

“ӨЗБЕКСТАНДА ТҰРЫП, ӨЗБЕК ТІЛІН БІЛМЕУ ҮШІН НАДАН БОЛУ КЕРЕК”- дейді орыс жігіті.

✅ ЕЛ ЗАҢЫН БҰРМАЛАҒЫШ ЕРТЫСБАЕВТАЙ АРАНДАТУШЫЛАР БОЛСА, ЕЛГЕ ЖАУДЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ! 

2023 жылы Өзбекстанның конституциялық референдумын бақылау үшін Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы аясында Ташкентке бардық. Қасымда ҚР Парламенті Сенаты депутаты Бекбол Орынбасар бар. Сонда өзбек ағайындар бізді кешкі ас ішуге алып барған еуропалық мейрамханада істейтін даяшылар түгел орыс этносының өкілдері екен. Бәрі өзбекше сайрап тұр. Бізге қызмет еткен Вадим деген даяшыдан: “Бәрің өзбекше білесіңдер ме?” деп сұрағанда, ол бірден: “ӨЗБЕКСТАНДА ТҰРЫП, ӨЗБЕК ТІЛІН БІЛМЕУ ҮШІН НАДАН БОЛУ КЕРЕК”- дегенде, мен орнымнан ұшып тұрып, оның қолын алып, алғыс айттым. Оның бұл сөзін мен Өзбекстан туралы мақаламда тақырыпқа шығарып қойдым. Наданның синонимі - топас! Сол Вадим айтқандай, бізде отыз жылдан астам уақыттан бері мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілді білмейтін топастар көп, олар әлі істеп келеді?!.

Өйткені, дәлелденген ғылыми тұжырым бойынша, кез келген адам қанша топас болса да, 3 жылда өзі тұрып жатқан елдің тілін жақсы үйреніп алуға болатынын баспасөзден оқыдым. Ал бізде бұрынғы кеңестік империяны айтпағанда, Тәуелсіз Ел болғанымызға 3 жыл емес, 33 жылдан асып кетті қазір…

Өзбекстанда өзбек түгілі өзге ұлттардың бәрі өзбек тілінде сөйлесе, ал керісінше, Қазақстанда өзге ұлттар түгілі қазақ министрлер, әкімдер, депутаттар қазақша білмесе, бұл - Мемлекеттік тілді міндеттеу - Мемлекеттің міндеті екенін айқын көрсетеді! Яғни, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек! Бұл әлем елдерінде әбден дәлелденген, “Екіге екіні қоссаң - төрт болады” дегендей, анық формула, айқын аксиома! Сонда ғана, мемлекет басшысының мемлекеттік тіл туралы айтқан күшті сөздері іске асады.

2020 жылы «Ұлы Даланың ұлтаралық қатынас тілі» атты Тіл форумын өткізген Қазақстан халқы Ассамблеясында еліміздегі барлық этностар «Мемлекеттік тіл туралы заң керек» деп Үндеу қабылдады.  

2020 жылы мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен «Қазақ үні» ұлттық порталындағы ҚР ПРезидентіне жазылған Ашық хатқа бүгінде 132 460 адам қол қойып, қолдап, бұрынғы межелерден 1000 еседей көп тарихи рекордтық деңгейге жетіп отыр. Ұлт мүддесі үшін бұрын мұншалықты қалың қол жиналған емес. Бұлар тек интернетке қолы жеткендер ғана. Бұл бұдан бес жыл бұрын екі айда ғана 120 мыңға жеткен Ел патриоттары артында смартфон пайдалана алмайтын миллиондаған халық тұрғаны айқын. Бұл қалың қол ішінде тек қазақтар ғана емес, белгілі қоғам қайраткері, бүгінде ҚР Парламент Мәжілісі депутаты Максим Рожин бастаған әртүрлі этнос өкілдері де (50-ге жуық) жеткілікті. Олардың бәрі мемлекеттік тілді талап еткен Ашық хатты қолдап, қол қойып, нағыз отаншыл патриоттықтарын көрсетті. 

Мемлекеттік тілді қолдау – Мемлекетті қолдау! Тілді қолдау – Елді қолдау!

Ал, қорыта айтқанда, экс-министрдің Қазақ тіліне қарсы - Қазақ еліне қарсы ұстанымдары қорқынышты !?. Ел заңын бұрмалағыш ЕртЫсбаевтай арандатушылар болса, Елге жаудың керегі жоқ!

Көрнекті орыс жазушысы К.Паустовский: «Ана тілін білмеу – ұлтқа жасалған опасыз сатқындық» деп турасын айтқан.

Тілге қарсылық - Елге қарсылық! Тілді сату - Елді сату! 

9.ҚҰЛ - ҚОЖАЙЫН ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙДІ

✅ «ДҮНИЕДЕ ЕҢ ҚИЫН НӘРСЕ - ҚҰЛДЫ ҚҰЛ ЕМЕС ЕКЕНІНЕ СЕНДІРУ!»

Бұл әлемге әйгілі сөз - 1849 жылы құлдарды тұтқыннан құтқару үшін құпия ұйым құрған қайсар қайраткер Гарриет Тубманның қанатты сөзі.

Өмірінде 700-ге жуық құлды құлдықтан босатқан құтқарушы: “ДҮНИЕДЕ ЕҢ ҚИЫН НӘРСЕ - ҚҰЛДЫ ҚҰЛ ЕМЕС ЕКЕНІНЕ СЕНДІРУ!”-деп, күйіп кеткенде айтып салғаны айқын.

Сөзіміздің соңында айтарымыз, құл - қожайын тілінде ғана сөйлейді.

XXI ғасырда біз де құлақкесті құлдарға “құлдықтан босағаныңа 33 жыл болды” деп, 33 жылдан бері айқайлап айтып, жазып, жеткізе алмай келеміз!?.

Құлдарды құлдық құрығынан құтқарушы қайсар қайраткер Габриет Турман, пейіште рухыңыз шалқи бергей, мен сізге басымды иемін. Сіз не деген көреген һәм төзімді едіңіз?!.

Мен сізді өте жақсы түсінемін…

Қазыбек ИСА,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты