«Нағыз намыс–от қойған қамыстан қауіпті!»

0
1253

Азат Көкен – «Азат» қозғалысының белсенді мүшесі, атышулы 1986 жылғы Алматыдағы «Желтоқсан оқиғасына», 1991 жылғы «Орал оқиғасына» және тағы басқа сын сағаттарға қатысқан атпал азамат, ұлт патриоттарының бірі. Ердің жасы – елуге келіп отырған замандасымызды бастан кешкен «тар жол, тайғақ кешулері» туралы естеліктерімен бөлісуге шақырдық.

– Азат бауырым, әңгімемізді бүкіл дүние жүзін дүр сілкіндір­ген «Желтоқсан оқиғасынан» бастағанымыз жөн болар…
– Мен «Желтоқсан оқиға­сының» бел ортасында жүрдім дей алмаймын, бірақ үн-түнсіз қалған жоқпын. 1986 жылы 17 желтоқсанда мен, энергетика техникумының соңғы курсының студенті, 1-Алматыдағы «Каз-энергоремонтта» дипломдық практикада едім, жастардың алаңға шыққанын естімей қалдым. Ал, 18 желтоқсанда Айнабұлақта, Тесленко көшесінің маңайында шеруге шықтық. Көшеден көлік-терді жүргізбейміз, тек автобус-тар ғана өткіземіз. Орыстар: «Не істейін деп жатырсыңдар? Біз жұмысқа баруымыз керек!» десе, 17-күні Брежнев алаңында жас-тарды милицияның қақаған аязда су шашып, резеңке сойылмен сабағанын, солдаттардың иттерге талатып, сапер күрегімен, өңкей өзге ұлттардан құралған жасақшылардың істік арматурамен ұрғандарын естіп, қаны қайнаған жас жігіттер оларды сыбап, машиналарды аударып, өртемекші болып жатыр екен. Мен дереу қастарына жүгіріп бардым:
– Жігіттер, тоқтатыңдар! Кө-шеге шыққанымыз дұрыс, бірақ, мынадай арандатушылыққа бар-майық! Қолымызға тас алмайық! Шеруіміз бейбіт болсын!
Содан екі сағаттай сол жерде митингі жасадық. Қаншама жыл бойы іште бұғып жатқан сезім жалын болып атқылап шығып жатыр: «Біз қашанғы өз елімізде өгей боламыз?! Неге біздің кү-шіміз адал да, ісіміз арам?! Неге бізді қазағымыз емес, орыс билеуі керек?» Расында да, ол кезде Алматы халқының 80 пайыздан астамы орыстар еді ғой. Қалада, Қазақтанның астанасында тіркеуге тұру деген азап! Пәтердің бәрі басқаларға беріледі. Қазақтың бүгінгі алды 70-тен ас-қан қасқа мен жайсаңдарының барлығы да үйленген соң, қанша-ма жыл орыс, татар, ұйғырдың есігінің алдындағы қуықтай «времянкада» тұрумен өмірлері өтті! Мұқағалидың сол кезде ғой: «Алматы – қазақтың астанасы, орыстың баспанасы, ұйғырдың асханасы» деп өлең жазатыны…
Сонымен, Брежнев алаңына бет алдық. Сейфуллинмен келіп, Гогольден жоғары көтеріле берге-німізде, Төлебиге жетпедік қой деймін, жастарды сатырлатып қуып келе жатқан солдаттар мен милиция ес жиямыз дегенше бізге де жетті. Кейін білдік, Абай даңғылынан бастап алаң қоршалып, ешкімді кіргізбей, жақындағанның бәрін сабап, машинаға тығып, түрмеге тоғыта берген екен ғой. Арқамызға бес-алты таяқ та тиіп үлгерді. Сол кезде бір қазақ әйелі автобустан түсе салып, бізге жүгіріп келді: «Ойбай, балаларым, қайтыңдар, құрисыңдар бекерге!» Сөйтті де: «Они мои дети, они никуда не ходили!» деп, солдаттар мен екі ортаға тұра қалды. Тезірек бізді басқа бір автобусқа мінгізіп жіберді. Біз, осылайша, аман қалдық.
Кешке таман Ләззат екеуміз, қасымызда дос баламыз бар, қыдырып жүрсек, жұрт «сендер қалай қорықпай, бірге қыдырып жүрсіңдер?» деп сұрайды. Сөйт-сек, ол күні көшеде екі қазақ жігіттің басы қосылғанын көрсе солдаттар мен милиция бас салып сабай берген екен ғой! Сі-рә, бізді ортамызда ұзын бойлы, талшыбықтай бұралған сұлу қыздың болғаны сақтап қалса керек… Жұмысшыларымыз айтып жүрді, жасақшыларға деп ұшталған арматура темірлерді біздің кәсіпорында да орыстар молынан дайындаған екен. Ағайын-ды көне қару-жарақ, сауыт-көбе жасаушы ұсталар бар ғой, солар үйлерінде тығып қойған сапер күрегін, арматура темірді ана жылы мұражайға әкеліп өткізді.
1990 жылы Қазақстан Жазушылар Одағында «Азат» қозға-лысының құрылтай жиналысы өтті, соған қатыстым, содан бері «Азаттан» қол үзген емеспін.
– «Азаттың» басшыларының көп болуы қалай?
– Ол рас, сол бірінші жиында, жаңылыспасам, 7 теңтөраға сайланды. Бейбіт Қойшыбай, Сәбетқазы Ақатай, Михаил Есенәлиев, Марат Шорманов. Бір әйел болды. Ішінде тіпті бір орыс азаматы да бар еді. Кейінірек Сәбетқазы Ақатай «Республикалық партия» құрып, сонда кетті. Михаил Есенәлиевке орынбасар болып Жасарал Қуа-нышалин келді.
– Енді әйгілі «Орал оқиғасына» келейік.
– 1991 жылы мамыр айының ортасында Орал облыстық кеңесі, оның басшысы Нәжімеддин Есқалиев болатын, 13-15 қыр-күйекте Орал қаласында Жайық казактарының Ресей патшасына қызмет ете бастағанына 400 жыл толуын салтанатты түрде атап өтетіні туралы шешім қабылдады.
– Ойпырмай, сол кісілер осындай шешімді қалай қабылдады десеңізші?!
– Шешімге Орал қалалық «Қазақ тілі» қоғамының тө-райымы Айсұлу Қадырбаева бастаған ұлт патриоттары қарсы шықты. Айсұлу қолдау іздеп, облыстық «Азат» қозғалысының басшыларына барды. Бірақ, олардың наразылығына облыс басшылығы құлақ аспады. Содан Айсұлу апай Алматыға келді. Дәл сол кезде, маусым айында «Азаттың» республикалық жиыны өтіп жатыр еді. Бірақ, шынын айту керек, «Азат» басшылары да оқиғаға онша мән бере қойған жоқ. Есесіне, біз сияқты қатардағы «жауынгерлер» бірден қолдадық. Жоғарғы Кеңеске – төраға Серікболсын Әбділдин еді, бірнеше хат жаздық, оның ғимаратының алдында қаншама рет пикет ұйымдастырдық, бұлар да назар аудармады. Ақыры, тамыз айында республикалық «Аттан Ақжайыққа!» атты штаб құрылды. Михаил Есенәлиев оның төрағасы, Орал Сәулебай орынбасары болып сайланды. 12-15 қыркүйек күндері «Азаттың» барлық облыстық ұйымдарынан Оралға казактардың тойын өткіздірмеуге баратын болып шешім қабылданды. Алматыдан біз Оралға 12 қыркүйекте ұшып келдік. Келген бойда жергілікті «азаттық» жігіттермен бірігіп жиын өткіздік. Сол күні түнімен көшелерге хабарландырулар іліп шықтық. Сонда байқағанымыз, біздің іліп жатқан хабарландыруымызды оқуға да жұрт қорқады. Бізден: «Не жабыстырып жатырсыздар?», – деп сұрайды. «Оқысаңдаршы!» дейміз біз. Сол күні сағат 17.00-де теміржол вокзалына Шымкент пен Жамбылдың жігіттері келіп түсті. Дәл сол сәтте орынборлық пойызбен казактар да тойға келіп жатыр екен. «Азаттықтар» вокзалда митингіні бастап жіберді. «Азаттың» туын желбіретіп көтеріп шықты. Вокзалда олар мен казактардың арасында қақтығыс та болып қалды. Зығырданы қайнаған жігіттер форма киіп алшаңдап жүрген казактарды желкеден ала түсті. Жергілікті орыс әйелдер де казактарға: «Сендерді кім шақырды?! – деп айқайлап жатты. – Неге біздің тыныштығымызды бұзасыңдар? Қайтыңдар, кетіңдер!» Екі жақтың адамдарын милиция әрең дегенде ажыратты. Казактар қашып кеткен соң, шеру құрған жігіттер вокзалдан орталық алаңға келді.
Келесі күні орталық Революция алаңында митинг өткіздік (ол алаңды «Азаттық алаңы» деп атаймыз десіп едік, қазір қалай аталатынын білмеймін). «Біз бұндай тойдың өтуіне жол бермейміз!» десті жұрт бірауыздан. «Неге 1917 жылы Лениннің жарлығымен таратылған казактар бүгін қайта тірілуі қажет? Тағы да нақ біздің елімізде?!» Дәл сол мезетте казактар орталық шіркеуде той тойлап жатты. Олар Кеңес Одағының, Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналыпты. Үстеріндегі казактың әскери формасынан кім қай жерден екенін білуге болатын. Шіркеудің төбесіне Ресейдің үш жолақ туын іліп қойыпты! Біз де шіркеуге бет алдық. Шымкент пен Жамбылдың жігіттері казактармен төбелесіп жүріп, әлгі жалауды алдыртып тастады. Шіркеуде шоқынып болған казактар сап түзеп «Зенит» Мәдениет сарайына қарай ағылды. Олар сонда концерт құрып, сөз сөйлеп, өздерінің құрылтайын өткізбекші. Одан соң жоспарлары бойынша қала сыртындағы «Хан» тоғайында тойды одан әрмен жалғастырмақшы көрінеді. Біз орталық алаңда митинг өткізіп жаттық. Біраз жігіттер қала сыртындағы Сырым Датұлы бастаған батырлар жатқан қорымға барып, бата бағыштап қайтты. Атақты айтыс ақыны, әнші Қатимолда Берғалиев өзінің шәкірті Мэлс Қосымбаевпен бірге келіп, жыр арнап, екеуі алаңдағы елдің рухын бір көтеріп тастады. «Казактардың тойын қалай тоқтатамыз?» деп ақылдаса келе, мынадай шешімге тоқтадық. 113 адамнан тұратын делегация «Зенитке» барып, үнсіз тұрып қарсылығымызды білдіретін болды.
– «Үнсіз қарсылығың» не? Оны кім естиді?
– Алаңда 10 мыңға тарта адам бар, оның бәрі барса, елді игере алмай қаламыз ба, қантөгіс болып кете ме деп қорықтық. 113 адам «Азаттың» көк туын қолға алып, «Зенитке» аттанды. Шымкенттік Құлмахан бастаған белсенді жігіттер алаңды бақылауға қалдық. Онымыз жөн болды, өйткені, билік тарапынан арандатушылық болды. Алаңға мас адамдарды жіберді, төбелес шығармаққа да әрекеттенді. Жақын маңайдағы дүкендерде арақтың сатылуын сол сәтте акт жасап тоқтаттық. 113 делегатымызды милиция «Зенитке» өткізбей қойыпты. Олардан Айсұлу апай жылап, алаңға келді. Ол кісінің ол күндердегі ерлігі ерен болды ғой, өзінің аяғы ауыр еді. Қан қызуы көтерілген алаңдағы жастар мына хабарды естіген соң, «Зенитке» қарай лап қойды, оларды тоқтату мүмкін болмай қалды. Біз де жүгірдік. Жастардан бұрын жеткен бойда қол ұстасып, шеп құрып алдық. Милиция да үш қатар болып шеп құрып тұр екен. Бірақ, алаңнан ағылған нөпір халықтың аз ғана милицияны таптап өте шығатын түрі бар. Мәдениет сарайына кірді дегенше, сойқан болары сөзсіз. Казактардың тағынып алған қанжарлары бар: қан төгілері анық. Халық бізді де, милицияны да жапырып бара жатыр. Милиция байғұста не кінә бар, өзінің қызметін атқарып жатыр ғой. Жастар болса олардың намысына тиетін сөз айтуда. Кейбір милиционер жігіттердің шарасыздықтан жылап тұрғанын көзіміз көрді… Міне, сол кезде Жамбылдан келген Қадиша апай өзінің басындағы ақ жаулығын шешіп, екі ортаға тастады. Жастар сонда ғана барып тоқтап қалды. «Казаки – вон!» деген айқайдан айнала түгел жаңғырып кетті. Плакаттарды көтеріп тұрмыз. Зәресі қалмаған казактар тым-тырақай қашты. Олардың биіктігі бір метр, одан да жоғары ағаш шарбақтардан қалай секіргенін көргеннің өзі не тұрады! Сол маңайдағы жеке үйлерде тұратын, өздерін келген кезде күтіп алған, казактарға бүйрегі бұратын орыстардың аулаларына кіріп, жоқ болып кетіп жатты. Кейінірек биліктің адамдары олардың бәрін жинап, автобустарға отырғызып, жақын жердегі бір стансадан пойызға апарып мінгізіп жіберіпті.
Біз алаңға қайта оралып, казактарды қуған жеңісімізді тойладық. Қаланың сыртындағы саяжайға барып, үш жүздің атынан үш мал сойып, аруақтарға құран бағыштадық. Біз, осылайша жеңіспен оралдық-ау, бірақ, билік «тыныштық керек» деген желеумен казактарды қайтадан тайраңдатып қойды ғой…
– Таулы Қарабаққа қалай барып жүрсіңдер?
– Оған бару туралы «Азаттың» арнайы шешімі шықты. Әзір-байжандармен бауырлас халық-пыз, олардың жерін тартып алып жатыр, соны барып өз көзімізбен көрейік, шамамыз келгенше, қолдан келетін көмекті берейік деген ойдан туған шешім еді ол.
– Қанша адам бардыңдар?
– Он шақты адам. Басшымыз Хасен Қожа-Ахмет болды. Батыр Құдайбергенов, Қасымхан Майханов деген жігіттер барды. Қасымхан «Желтоқсанға» қатысқан, «Азаттың» белсенді мүшесінің бірі еді. Бірақ, сол жігіттің әлі күнге жағдайы жоқ, үйлене де алмай жүр деп естимін. Жалпы, азаттық үшін аянбай ат-салысқан «азаттықтардың» ішінде әлгіндей ескерусіз қалған азаматтар аз емес…
Өзбекстан мен Түрікменстан арқылы пароммен теңізден өттік. Автомат асынып, соғыс жүріп жатқан майданда болдық. Бір айдай жүрдік қой. Тіпті бір рет бізге машинамен кетіп бара жатқанымызда шабуыл жасалып, оқтың астында қалған жағдайымыз да бар. Құдай сақтап, аман қалдық. Ол бір соғыстың саябырсыған кезі екен, соның өзінде әлгіндей.
– Әзірбайжандар жерінен қалай айрылып қалып жүр?
– Армяндар бірте-бірте көбейіп, ол жерде салмақ үлесі басымдыққа ие болып кеткен. Негізі, олар байқатпай қару-жарақ жинап алып, бір күнде тәуелсіздігін жариялап шыға келіпті. Әзірбайжандар «біз мұндай опасыздықты күтпеп едік, қапы қалдық» дейді. Ал, армяндарды орыстар қатты қолдады. Тіпті, мынадай сұмдық жайттың куәсі болдық. Біз шекарадағы бір ауылда отырғанымызда армяндар атқылап жатқан дәл сол ауылды Ресейдің бірінші арнасы «әзірбайжандар атқылап жатыр» деп хабар беріп тұр ғой. Біз кімнің атып жатқанын өз көзімізбен көріп отырмыз, ал, теледидардан жаңағыдай хабар таратылып жатыр!
– Халықаралық саясатта қандай да болсын диаспораның шоғырланып отыруы сол ел үшін аса қауіпті фактор болып саналатыны сол себепті ғой. Ал, бізде солтүстікте орыс, шығыста ұйғыр, оңтүстікте өзбектер шоғырланған күйінше отыр, бұл мәселені шешуді билік қолға алайын демейді… Тілі бөлек, діні бөлек армяндарды айтамыз, 2004 жылы мен Арыс қаласындағы кеңес кезеңінен қал-ған стратегиялық арсеналдағы қару-жарақтың қалай қолды бол-ғаны, қалай оны Шымкенттегі өзбек диаспорасы сатып алғаны жайлы үш мәлімет көзінен алып, «Ақ жол – Қазақстанда» мақала жариялаған едім. Алла Тағала «сақтансаң ғана сақтаймын» деген ғой, Таулы Қарабақ оқиғасы біз үшін үлкен сабақ болуы тиіс!
– Ұйғырларға да келеміз… Әзірбайжанда Әбілфейіз Елшібей президент болмай тұрып, «Ха-лық майданын» басқаратын, сол азаматқа жолықтық. «Шын-дықты өз өңіріңіздегі елдерге жеткізсеңіздер болды, бұл аза-маттық, ағайындық ықылас-ниеттеріңіз үшін шын жүректен ризамыз!» деген алғысты арқалап, елге қайттық. Ал, бізбен бірге барған қызу қанды 3-4 жігіт «соғысамыз» деп сол елде қалып кетті…
1990 жылдары «Коалициялық үкімет құрылсын!» деп ұран тас-тадық. Өзіміздің үкімет құрамына кіруге тиіс деп есептеген нақты адамдарымыздың тізімін де бер-дік. Мысалы, академик Камал Ормантаев, демограф Мақаш Тәтімов, Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын, тағы басқа да көптеген азаматтар – «Азаттың» шапанынан немесе соған жанашыр болғандардың сапынан шыққандар.
1992 жылы 9 мамыр күні Дзержинскийдің ескерткішін құлаттық. Қала әкімшілігі «дәл осы мереке күні қоя тұрыңыздар, кейін өзіміз алып тастаймыз!» дегенін тыңдаған жоқпыз, «сендерге сенім жоқ, қанша жылдан бері жазып келеміз, кәне нәтижесі» дедік. Бір күні Азаров деген қала прокуроры шақырып алып, ескерту жасады. Біраз күннен кейін екі күнге қамалып та шықтық біраз жігіт. Кінәміз – белсенділігіміз!..
1999-2002 жылдары жерді сатуға байланыс­ты қарсылық, аштық акцияларын ұйымдастырдық. Біздің наразылығымыз өз рөлін атқарды ғой деймін, әйтеуір, сол кездегі Н.Балғымбаев үкіметі жер сатуды кейінге қалдырды. Бірақ, «қақылдаған тауық тумай қой-майды» деуші ме еді, билік бәрібір өзінің дегеніне жетіп тынды ғой…
– Ел үшін де үлкен резонанс туғызған «Бағыс» оқиғасына да қатыстың ғой?
– Иә, 2001 жылы желтоқсанда шекараны демаркациялауда дау туды. Ташкенттің қасындағы «Ба-ғыс», «Түркістан» кеңшарлары Өзбекстанға заңсыз өтіп кетейін деп жатқаны, халқы көп, жері аз өзбектердің сүйемдей жер болса да, алып қалу мақсатында біздің ақша үшін нені болсын беріп жіберуге дайын, қасиет, кие дегенді түсінбейтін сатқын шенеуніктерімізді майлы ішектей айналдырып, өз дегендеріне жетіп жатқаны жайлы сол аймақтың тумалары Қыдырәлі Дәулетбаев, Мақсұт Оразай ағаларымыз ке-ліп айтқаннан кейін, «Азат» қоз-ғалысы арнайы шешім қабыл-дады. «Түркістан» кеңшары кеңсесі Ташкентте орналасқан Түркістан әскери округының қосалқы шаруашылығы ретінде оларға жалға берілген екен. «Азат» қозғалысының жанынан «Бағыс» штабы құрылды. Төрағасы –Орал Сәулебай, мен штаб мүшесі болдым. Желтоқсанның 28-і күні кешке жалдаған шағын автобуспен Шымкент қаласына келдік. «Азаттың» белді мүшесі Жарқынбек Сейітметтің үйіне түстік. Түнімен бізді милиционерлер аңдығаннан кейін таңертең «сақтықта қорлық жоқ» деп көрші үйдің ауласынан асып түсіп, екінші көшеден шығып, қарауылдарымызды сан соқтырып кеттік… «Бағысқа» бұрылар жерде қауіпсіздік ко-митетінің қызметкерлері тоқтат-ты, бірақ, жіберді. «Түркістан» ауылының азаматы Айдар Әбдіраманның үйіне келдік. Мәдениет үйінің алдында ми-тингі өткіздік. Екі ауылдың халқы жиналды. «Тәуелсіздіктің 10 жылдығында біздің бәрімізді Өзбекстанға беріп жібермекші!» Әңгіме – осы! Ертесіне «Бағысқа» келдік. Бұл ауылда да 11.00-де митингі өткіздік. Сағат 16.00-де қайтадан «Түркістанда» митингі жасадық. Ауылдың шет жағына орналасқан Айдардың үйіне бара жатқанымызда өзбек әскерлері бізді топырлатып ұстай бастады.
– Өзбек әскерінің қандай қа-тысы бар ол ауылдарға? Әлі шекара дауы шешілмеген кез емес пе?
– Біз де солай ойлағанбыз. Сөйтсек, өзбектеріміз астыртын келісіп, иеленіп алған екен ғой ол жерді… Мені тыққан машинаның ішінде Орал Сәулебай, Сәлім Оразалиев, шымкенттік белсенді жігіт, облыстық мәслихат депутаты Сейсенбай Ахмет, ауылдың біраз адамы отыр екен. Бізді Таш-кенттің Қыбырай ауданының милициясына алып барды. Аямай ұрып-соғып жатыр. «Неғып жүрсіңдер бұл жерде?!» дейді. Төрт сағаттан кейін қайтадан «Түркістанға» алып келді. Тергеу жүргізе бастады. Біз айтамыз: «Өз жеріміз, неге келмейміз?» Ташкентке, Қыбырайға қайта алып барып қамады. Сол жерде екі тәулік отырдық. Айыппұл төлетіп шығарды. Орал Сәулебайды «ұйымдастырушы» деп алып қалды. Қазақстанның шекарасына әкеліп, кеденшілерге тапсырып кетіп еді, өз мемлекетіміз бізді тағы бір тәулік қамап ұстады. Жоғарыдан нұсқау күтті ғой деймін. Сол біздің арпалысымыздың арқасы шығар, «Бағыс» бізде қалды. Ал, «Түркістанды» билік бәрібір беріп жіберді… Біз де «Бағыс!», «Бағыс!» дей беріппіз, «Бағыс-Түркістан!» деп бөлмей ұрандатқанымызда оны да аман алып қалар ма едік…
– Әй, қайдам, Сарыағаштың қасындағы шекара кеңес кезіндегі Ташкенттің түбіндегі Ташминводы деген жерден «Сарыағаш» шипажайының дәл іргесіне қалай келіп қалғанын жұрт білмей де қалды ғой. Екі орта 10 шақты шақырым. Курорт пен Ташкенттің арасындағы «Қазақстанның 40 жылдығы» деген кеңшар аралда қалып қойды. Оған қазір 40 шақырым айналып, Абай ауылы арқылы ғана бара аласыз. Сол жерді сатқан басшылар әлі де елге ақыл үйретіп арамызда жүр ғой…
– Дұрыс айтасыз, біз қамауда отырғанда өзбек милицонерлер «сендер әуре болып келіп, мұнда таяқ жеп жүрсіңдер, басшыларыңның тамағынан ақша өтіп кетті, енді жоқ ол ауылдар сендерге» деп бізді мазақ етіп күлді ғой. Таяқтан да сол сөз жанымызға қатты батты! Сүйегімізден өтіп кетті ғой, өтіп кетті!.. Дегенмен, біз бармағанда «Бағысты» да беріп жіберері анық еді.
– Енді Маловодное, Казатком, Малыбай оқиғаларының себеп-салдарына үңіліп көрсек…
– Олардың алдында Есікте ұйғырлар қазақ жігітінің құлағын кесіп, үстіне зәр сындырған оқи-ғасы орын алған болатын. Біз бардық соған. Ұйғырлардың 30 шақты үлкен кісісі келіп, кешірім сұрағандай болды. Соның өзінде «тұрмыстық жағдай ғой, екі жақтан да бар шығар» деп жылпылдатып жатыр. Оған жауап береміз дегенше, қазақтың екі-үш ақсақалы суырылып шығып, ұйғырлардың сөзін сөйлемесі бар ма! «Құда жекжатпыз, анау-мынау…» Мен шыдамадым:
– Ақсақал, сіз не айтып тұр-сыз? Сізді жалдап алған ба? Қан-шаға жалдандыңыз? Құдасыз ба, басқасыз ба, онда біздің шаруамыз жоқ, әңгіме бұл жерде ұлттық намыстың тапталып жатқанында! Мына жағдай – бүкіл қазақтың намысына тиген жағдай! Ұйғыр ағайындар, сендер қазақ сияқты керемет жаны кең халықтың арасында тұрып жатқандарыңыз үшін Аллаға шүкіршілік етпейсіңдер ме? Неге тыныш жүрмейсіңдер? Бәріңнің жағдайың қазақтан жақ-сы, сол семіздікті көтере алмай қалдыңдар ма? Бұл бассыздық бірінші рет емес. Сендер қазақ көне береді екен, біз сұға берсек, бұлар бұға береді екен деп ойламаңдар. Қазақ бәріне шыдауы мүмкін, бірақ, намысына тие берсең бір күні жарылады. От жағып, ойнамаңдар! Шынын айтсақ, Ақтау мен Семей, Шымкент пен Ақтөбенің арасындағы жігіттер біздің бір ауыз қоңырауымызды күтіп отыр, бері қарай аттануға дайын. Менің аты-жөнім Азат Көкен, ұйғырдың бәріне «тыныш жүрсін» деп айтып барыңдар!
2008 жылы маусым айының аяғында Малыбай ауылында бұзақы ұйғырлардың қолынан қаза тапқан, қыршынынан қиылған Айдын Халықұлы атты боздақтың қырқында болдық. Сол жерде білсек, бұл ауылдағы қазақтың күнін «иттің басына бермесін!» дейтіннің дәл өзі екен. 1962-64 жылдары Қазақстанды Исмаил Юсупов басқарған кезде бұрын ауылдағы халықтың жартысына да жетпейтін ұйғырлар саны күрт көтеріліп, 90 пайызға бір-ақ шыққан. Кешегі таксист болып жүргендер ауылдық кеңес төрағасы болып қонжия қалған… Тәуелсіздік бұл ауылға мүлдем келмеген секілді. Мектепте қазақ балаларының ести-тіні намысқа тиер «мемлекет – қазақтікі болғанмен, жер – біздікі!» дейтін сөз, жейтіні таяқ көрінеді. Ауылдағы көшелердің, дүкендердің бәрінің аты ұйғырша. Америкадан келген бір ұйғыр оларға қаржылай көмекті аямай құйып жатса, Ахметжан Аширов деген жазушы үлкен басымен қазақтарға қарсы үгіт-насихат жұмысын жүргізеді екен. Міне, осындай теңсіздікке, әділетсіздікке, өз жеріндегі кем-сітушілікке төзбеген, қарсы бас көтерген мықты азамат Айдынды олар ұрып өлтіріп, денесін тоғанға апарып лақтырып жіберіпті…
Қаралы үйге кіріп, құран оқып болған соң, сыртқа шы-ғып, көшенің қарсы бетіндегі ағаштың көлеңкесіне Төлеубек Қарамендин ақсақал, Серік Са-парғали, Арыс қаласынан келген Әуелхан Шонжан, Қуаныш Мұқтай бәріміздің барып тұр-ғанымыз сол еді, қасымызға «аудан әкімінің орынбасарларымыз» деген екі азамат келіп тұрды. Және олар екеуі ғана келген жоқ, қастарындағы он шақты денелі-денелі жап-жас жігігттер бізді қоршап тұра қалды. Өзін «мен аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасарымын» деп таныстырғаны:
– Мына жағдай тек сіздердің ғана емес, біздің де қанымызды қыздырып тұр. Менің өзім бокс­тан спорт шеберімін, мына жі-гіттер – менің шәкірттерім, – деді.
Бұлардың бізге қыр көрсетіп тұрғандарына қаным қайнап кет-ті:
– Әй, сендер шеттеріңнен спорт шебері болсаңдар, ұялмай бізге доқ қылғанша, күштеріңді неге анау Құдайын ұмытып кеткен ұйғырларға көрсетпейсіңдер? Мықты екенсіңдер, азаматтарың-ды өлтіртіп, ай қарап жүрсіңдер ме? Сендер бассыздарды тізгіндеп ұстай алсаңдар, біздің әуре боп неміз бар? Шамаларың тек қазақ-қа ғана келеді! Қазақ бұл жерге басқалар секілді ауып келген жоқ, ата-бабасынан қалған өзінің мәңгілік Отанында өмір сүріп жатыр. Кеше бір ауылдың ұйғырлары азаматымыздың құлағын кесіп қорлап еді, енді міне мыналары арысымызды өлтіріп отыр. Бұндай масқараны қашан тыясыңдар?!
Серік Сапарғали да, мені қос-тады:
– Неге ұйғырлар Айдынның жерлеуіне, жетісіне, қырқына қатыспайды? Неге туыстарынан әлі күнге дейін кешірім сұ-рамайды? Қазақтың жерінде отынын оттап, суын ұрттап отырып, бұндай ит тірліктері ешқандай адамдық қасиетке жатпайды. Сіздер одан-дағы бізді солардың үлкендерімен жолықтырыңыздар.
Орынбасар «астан кейін мектепке келіңіздер» деп елп ете қал-ды. Барсақ, көше бойы толған тәртіп сақшылары, «УАЗиктер» толған «спецназ», ал, мектебінде ырымға бір ұйғыр жоқ, шіренген шенеуніктерді жинап қойыпты. Аудан әкімі Әлихан Тойбаев бірден сөйлеп кетті. «Бәрін қатырып қойдық, қалғанын енді қатырамыз» деген сылдыр сөз кәдімгі. Бір уақытта «…ауданымызда темекі өндіретін пәленбай шаруашылық бар, жүгері, соя өсіреміз, оларға мемлекет субсидия береді» деп кетті. Оу, бұл не сандырақ, оның бәрінің бұл жерге қандай қатысы бар?..
Мен тағы да шыдамадым:
– Біз сонша жерден сіздің осындай «дежурный док­ладыңызды» естуге келген жоқпыз. Бізді мұнда орынба­сарларыңыз «ауыл ұйғырларының үлкендерімен кездесу ұйымдас-тырып береміз» деп жіберіп еді, алдаған болып отырсыздар ғой, солай ма? Біз келдік, ал, ұйғырларыңыз қайда? Олар бұған дейін де екі қазақ азаматын өлтірген екен, – дегенімде, сасып қалған әкім:
– Бұл жерге әкім етіп енді қазақты сайлаймыз, – деді.
– Мектепке келсек, қаптаған полиция мен арнайы сарбаздар. Өңкей қазақ жиналған жерге олар не үшін керек? Ауылға кіреберістегі «Малыбай» деген жазу шұрық-тесік. Елін қорғаған батырдың есімін қорлаған кім? Неге америкалық азамат келіп, ұйғырлардың қолтығына су бүркиді? Біз істің ақ-қарасын білуге әрекет етсек, оның қай жері заңға томпақ? Бізге керегі – азаматымызды қастандықпен өлтіргендердің әділ жазасын тартуы. Кісі өлтіргендерді қашан анықтайсыздар?
Әкім:
– Арандатушылық бар. Мен сіздерді арт жақта отырған азаматтармен таныстырып өтейін, – деді де, оларды «облыстық сот, облыс прокуроры, облыстық ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастығы, облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары» деп шұбыртып атап шықты. Ары қарай да жиынымыздың мәні болған жоқ. Қайтқан кезде Малыбайдың шетінде «Икарус» толып отырған тағы да «спецназ» көрдік…
– Міне, осындай «шаш ал» десе, бас алатын, қазақтың мүдде-сі көтерілген қай мәселені болсын бас ауыртпай оңай жолмен, қазақтың есебінен шешкенді жөн көретін шенеуніктер мен басшы-лар тұрғанда, Азат бауырым, өзің сияқты адал, әділдікке ғана жығылатын азаматтар біздің елге ауадай қажет! Алла Тағала ердің жасы – елуге толып отырған саған өмір берсін, қуат берсін! Сенің жолыңды қуатын, ой-санасы құлдық санадан азат, қай майданда болса да, шешуші күш болып табылатын, ұлттың ұстыны болып есептелетін, ұлтының мүддесін бәрінен де жоғары қоятын жас азаматтарымыз желкілдеп өсіп, жетіле берсін деп тілейік.
– Рахмет, аға, Алла разы болсын!
Әңгімелескен

Өмірзақ АҚЖІГІТ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз