ХАЛЫҚТЫҢ ТҰРМЫСЫ ЖАҚСЫ БОЛСА ҒАНА - ҮКІМЕТ ЖАҚСЫ!

ХАЛЫҚТЫҢ ТҰРМЫСЫ ЖАҚСЫ БОЛСА ҒАНА - ҮКІМЕТ ЖАҚСЫ!

Кеше, 2025 жылы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қ.Тоқаев ел экономикасы артуы үшін үкімет атқаруы тиіс негізгі міндеттерді айқындап берді. 

Президент қазіргі халықтың жағдайы мен үкіметтің мән-жайын бір ауыз сөзбен айқындайтын анықтама айтты. 

“Үкімет пен әкімдердің жұмысы қаншалықты тиімді екенін алдымен экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалаймыз”-деді. 

Мемлекет басшысы айтқан осы айқын формулаға салып, халық тұрмысына қарап, үкіметке баға бере беруге болады… 

Президент Үкіметті сынап отырып, жетістіктерін де атап өтті. Инвестиция тартудың нәтижелі жұмысы арқасында өңдеу өнеркәсібінің 6% өсімі; цифрландыруда әлемдегі 193 мемлекеттің арасында 24 орынды иелену, онлайн қызмет бойынша алғашқы ондыққа кіру жетістіктерін бағалады; ауыл шаруашылығындағы 2024 жылғы рекордтық өнім және тұрақты өсуге назар аударды. 

ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫН ӘДІЛ БӨЛУДЕГІ АЙҚЫН ҚАДАМ 

Үкімет атқаратын міндеттерді санамалап, дайындап берген Президенттің бағдарламалық сөзінде бағалы бастамалар аз емес. Біздің көзімізге оттай басылғаны - шетелдіктермен стратегиялық кен орындары жайлы жасасқан Өнімді бөлу келісімдерін (ӨБК) «елімізге анағұрлым тиімді әрі жаңа шарттармен ұзарту үшін жандандыру қажет” деген еліміз үшін өте маңызды тұжырымы. 

“…Ірі кен орындарының өнімін бөлу жөніндегі келісімді іске асыру нәтижесінде Қазақстан жаһандық нарыққа қуат көзін сенімді жеткізушіге айналды. Бұл жобалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосады. Сонымен қатар қомақты инвестициялар ұзақмерзімді жоспарлауды талап етеді. Сондықтан Үкімет өнімді бөлу жөніндегі келісімдерді елімізге анағұрлым тиімді әрі жаңа шарттармен ұзарту үшін келіссөздерді жандандыруы қажет.”

Иә, бұл халық қазынасын әділ бөлудегі айқын қадам.

Осыдан отыз жылдай бұрын, Тәуелсіздікті енді алып, етек-жеңімізді жауып, есімізді жиып ала алмай жатып, мұнай-газ секілді стратегиялық кен орындарын игеру туралы шетелдік ірі инвесторлармен жасалған Өнімді Бөлу Келісімі (ӨБК) туралы келісім-шарттарда Қазақ Елінің мүддесі толық қорғалды деп айта алмаймыз. Оған еліміздегі алып мұнай мұхитынан халыққа тамшы ғана тиіп отырғаны дәлел.  

Өйткені, біз, «Ақ жол» фракциясы бұл еліміз үшін өте қажет, экономикалық маңызы зор мәселе – кезінде әділетсіз жасалған кен орындары өнімін бөлу келісімдерін (ӨБК) заңсыз деп тауып, қайта қарауды парламентте талай көтерген едік. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бастап, біз қостап, Үкіметке құпия келісім шарттарын жариялауды талап етіп, 4 рет депутаттық сауал жасағанбыз.. Үкімет төртеуінде де бас тартты. 

Өнімді бөлу туралы келісім (ӨБК) деген не? Ол – қашанда елдің емес, тек инвестордың мүддесі мен пайдасын ғана қорғайды. Дамыған елдерде мұндай өнімді бөлу туралы келісім жасалмайды.

Мұндай келісімдерді үшінші әлем елдері ғана жасайды.

Мемлекет болмашы ғана аз табыс тиеді.

Ал мемлекет инвестордың бүкіл шығынын өтейтіндіктен, инвесторға еш қауіп жоқ. Яғни, мұндай келісімдер тнк шетелдік компанияларға ғана пайдалы.

Мысалы, БАҚ мәліметінше, мемлекетке Қашағандағы мұнай мұхитынан тиетіні тамшыдай ғана - 2 пайыз?!.

Ал Қашаған Қазақстанда өндірілетін бүкіл мұнайдың 20 пайызын береді. Осы орасан мұнай кенішінен бізге түсетін пайда жоқтың қасы болса, бұл жерде ешқандай да инвестордың елге тигізер игілігі жоқ! 

Мысалы, 2023 жылы 8 қарашада ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайыловқа жолдаған еліміздегі стратегиялық кен орындарымен жасалған құпия келісімшарттарды қайта қарау туралы “Ақ жол” фракциясы депутаттық сауалында бұл мәселе ашық көтеріліп, нақты ұсыныстар жасалды: 

1.Шетелдіктермен кен орындары жайлы жасасқан Өнімді бөлу Келісімдерін (ӨБК) ашық жариялау керек.

2.Стратегиялық кен орындарындағы еліміз үлесі 51%-дан аз болмауын заңмен бекіту керек. (Бұл үлес кейін 2024 жылы заңымызда 50 пайыз болып бекітілді).

3.Кен орындары жайлы Келісім-шарттар халқымызға қатысты әділетсіз болған жағдайда, Өнімді бөлу Келісімдерін заңсыз деп тану керек.

Өйткені, Конституцияның 6-бабы 3-тармағына сәйкес «Жер мен жер қойнауы халыққа тиесілі». 

Біз осы жер қойнауларының иесі ретіндегі халқымызға қатысты әділетсіз шарттар болған жағдайда, ол ӨБК-лардың өзін заңсыз деп санаймыз. Ал, ол үшін қоғам ӨБК шарттарын өздері білуі керек. Сондықтан, біз оларды жариялауды талап етеміз. 

4.Конституцияға сәйкес, Қазақстанда халықаралық шарттар парламент оларды ратификациялаған жағдайда ғана ұлттық заңнамадан үстем бола алады.

Ал Өнімді Бөлісу Келісімі Парламентте талқыланбаған және ратификацияланбаған, сондықтан олар біздің заңдарымыз бен Конституциямызға бағынуы тиіс. 

«Қара алтынымыз, мұнайымыз – экономикалық қан тамырымыз.

ҚАНЫМЫЗДЫ КІМДЕР ҚАЛАЙ СОРЫП ЖАТҚАНЫН БІЛУГЕ ҚАҚЫМЫЗ БАР МА, ЖОҚ ПА? Мұнай-газ, кен орындарымен келісім шетелдік инвесторлар мен сол кездегі президент Назарбаев үшін зор келісім болған шығар, халыққа қор келісім болды» деп, ел аузында жүрген сөзімізді парламентте сол кезде айтқан болатынбыз. 

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы 2023 жылы Парламент Мәжілісінде “Жер қойнауы туралы” Кодексті талқылау кезінде қаралып жатқан заң жобасына оншақты түзетулерін жолдады.

Өкінішке орай, үкімет біздің бір ғана ұсынысымыздан өзге көп ұсыныстарымызды қабылдамады.

Ұсыныстарымызға қарсылық танытып отырғандардың бірінші уәжі – «ӨБК-ны Кодекстен алып тастаған-мыс, сондықтан, бұл мәселені енді қозғаудың қажеті жоқ».

Ия, Кодекске сай жаңа ӨБК болмайды. Алайда, ескі ӨБК-нің күшін ешкім жойған жоқ, олар 2033 және 2041 жылдарға дейін қолданыста болады. Сондықтан, оларды Қазақстан халқының пайдасы үшін жариялап, қайта қарау туралы ұсыныс әлі 20 жылдай өзекті болмақ. Осыған орай, біз қолданыстағы ӨБК-ларға қатысты түзетулер енгізуді талап ете береміз. 

Қазақстанда Әлемдік Банк зерттеуінше, сирек асыл қазыналар жатқан 5 мың кеніштің құны 46 триллион доллардан асады!?.

Миллион емес, миллиард емес - тіліміз келмейтін триллион!!! Күнде құлдырап бара жатқан құны арзан теңге емес, алпауыт АҚШ-тың қымбат долларымен есептегенде 46 триллион!?. 

Халық байлығын халыққа қайтару қажет!

Құдай берген бүкіл елдің байлығын жеке дара иеленетіндей ол ешкімнің ата-бабасынан қалған мұра емес!

Халықтың келісімінсіз жасалған шарттарды Келісім деп атауға бола ма?!. Халық байлығын Халықтан жасырған Келісімдерді Заңсыз деп танимыз! 

«Ақ жол» фракциясының сұрауларына қарамастан, Үкімет ӨБК шеңберінде жұмыс істейтін ірі мұнай-газ кен орындарынан Қазақстанның кірісі туралы деректерді жариялауға келісім бермеді.

Ал, БАҚ-тағы бейресми деректерге қарасақ, өнімді бөлу келісімдеріінің әділетсіз, жемқорлық астары болуы мүмкін және қайта қаралуы қажет деп санаймыз.

Халық қазынасын заңсыз иелену арқылы байлыққа батып отырғандар халық байлығын халыққа қайтарсын! 

Біздің бұл талабымыз тегін болмағанының дәлеліндей, кейін қазақ үкіметі шетелдік алпауыт инвесторлардан клісім-шарттар талабы бұзылуына байланысты деген айыппен 150 миллиард доллар айыпақы талап етті. Бірақ бұның ақыры не болғаны белгісіз? 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы жазда да, Шетелдіктермен стратегиялық кен орындары жайлы жасасқан Өнімді бөлу келісімдері (ӨБК) 30 жыл бұрын басқа жағдайда жасалғанын, қазір оларға түзету енгізу керектігін айтқан болатын. 

Енді міне, кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында тағы да «Үкімет өнімді бөлу жөніндегі келісімдерді елімізге анағұрлым тиімді әрі жаңа шарттармен ұзарту үшін келіссөздерді жандандыруы қажет.”-деп атап айтты. 

Ендеше, не тұрыс? Іске кірісу керек үкімет!

Біз бұны парламенттегі өте маңызды мәселе туралы халық талабын жеткізген депутаттық сауалдарымыздың іске аса бастауы деп біліп, қуана қолдаймыз.

Еститін мемлекет дегеніміз осы болар… 

ХАЛЫҚТЫ ЕМЕС, БАНКТІ ҚЫСУ КЕРЕК ҮКІМЕТ! 

Президент Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында кезінде мемлекет көмектескен банктерге алған қаржыларын қайтаруды талап етті.

Иә, отыз жылдың ішінде қаржылық дағдарыстан шығуға көмек деп, банктерге талай миллиардтар аударылды. Тіпті, болашақ үшін сақтап отырған Ұлттық қордың қорын да аяған жоқ.

2017-2020 жылдары Халық банк, Жусан банк, Еуразиялық банк, Нұр банк және БЦК секілді қаржы ұйымдарына Ұлттық қордан 15 жыл мерзімге қыруар қаржы берілген. 

“Кейбір банктер барлық шығынды өтеді, бірақ мемлекетке тиесілі қаражатты әлі де "ұстап" отыр. Оның үстіне, бұл ақшаны тәуекелсіз мемлекеттік құралдарға жоғары пайызбен салып, кепілді кіріс алып отырғанын айтсаңшы. 

Мен Үкіметке және Ұлттық банкке тиісті шешім қабылдауды тапсырамын. 

Банктер Үкіметтің не халықтың қас жауы емес. Бірақ әділ серіктестік болуға тиіс. Кезінде сіздерге көмек көрсетілді, енді сіздер де жауапкершілік танытуларыңыз керек”, – деп, тоқетерін айтты Тоқаев. 

Енді Үкімет пен Ұлттық банк мемлекет басшысының тапсырмасын тастай қылып орындауы керек. Халық банк бастаған банктер халық қаржысын қайтаруы тиіс! Бұның да бюджеттің бүйірін толтыруға септігі тиеді. 

Жалпы, Президент Үкіметке «Қарғайын десем, жалғызым, қарғамайын десем, жалмауызым» дегендей, қамқорлықпен қарайтын секілді. Оны кешегі Үкімет отырысында өздері қуыстанып отырған министрлер мен әкімдердің ешқайсысы орындарымен қоштаспағанына қарап айтуға болады.

Егер үкімет айыппұлдарды қаптатып, салықты көбейтіп салып, Ұлттық қордан қалағанынша триллиондарды алып отырса, кімнің де болса, премьер болғысы келіп кететіні рас... 

Бүгін Үкіметте өткен президент тапсырмаларын іске асыруға байланысты жиында Премьер-Министр О.Бектенов «Батыл шешімдер қабылдайтын кез келді!» деп мәлімдеді.

Иә, Үкіметтің қимылдайтын кезі баяғыда келген! Енді Премьерден бастап, министрлер мен әкімдер ойындарын доғарып, іске батыл кірісуі тиіс.

Балапанды күзде санаймыз! 

Қазыбек ИСА,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты