“Алтын Орданың атасы - Жошы хан” халықаралық жыр мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды
2024 ж. 25 желтоқсан
323
2
Бүгін Астанада "Ақ жол" демократиялық партиясы ұйымдастырған әйгілі Жошы хан негізін қалаған Алтын Орда ұлысының 800 жылдығына арналған “Алтын Орданың атасы - Жошы хан” халықаралық жыр мүшәйрасының қорытындысы болып, жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтті.
Алтын Орда астанасы Сарайшық жатқан Атыраудағы құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев айтқандай, Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алатын, 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етіп, ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құрып, жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған ең қуатты мемлекет Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толуы тойланып жатқанын ел қуана қолдауда.
Қазақ халқы әлемді билеген қағанның құрметіне ұлдарына Шыңғыс деп ат қойып, Алтын Орданың атасы, Қазақ хандарының бабасы - Жошы хан кесенесіне зиярат етіп, алыптар жайлы аңыздар мен күйлерді тыңдап өскен ел.
Тарихымыздың алтын беттерін ақтарып, асылдарымызды жырлау - ақындарымыздың зор парызы!
Осыған орай, «Ақ жол» Демократиялық партиясы бүгін Астана қаласындағы партияның орталық ғимаратында Жошы хан негізін қалаған Ұлық ұлыс Алтын Орданың 800 жылдығына арналған халықаралық мүшәйраның қорытындысын өткізді.
Аталмыш жыр мерекесіне "Ақ жол" демпартиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев, "Ақ жол" партиясының парламенттегі фракциясының мүшелері, есімі елге танымал зиялы қауым өкілдері, белгілі ақындар, әншілер, БАҚ өкілдері қатысты.
Мүшәйраның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Азат Перуашев бұл шара — еліміз бен мемлеткеттілігіміздің терең тарихи тамырын айқын көрсететін нақты жауап екендігін атап өтті.
- Құрметті қауым, бүгінгі іс-шарамыз тек әдеби немесе тарихи тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар саяси, идеологиялық және тіпті мемлекеттік маңызға ие деп білеміз.
Бұл шара — еліміз бен мемлеткеттілігіміздің терең тарихи тамырын айқын көрсететін нақты жауап. Әсіресе, кейбір көршілеріміздің Қазақстан тарихын жоққа шығарып, қазақтарда мемлекеттілігі болмаған деп, жерімізді, тәуелсіздігімізді біздерге басқа біреулер сыйлады деген теріс пікірлеріне қарсы нақты уәж бола алады.
Мысалы, бүгін ғана бір көршілес елдің журналисі Қазақстанға қатысты тағы да орынсыз пікір айтып, елдігімізге тиісті.
Мұндай жағдайларда ұлттық бірегейлігімізді нығайту және де егемендігіміздің шын қайнар көзін көрсету үшін осындай іс-шаралардың маңызы зор.
Соған сай, бір оқиғаны атап өткім келеді. 2017-2018 жылдары сол кездегі үкіметтің шешімімен университеттердегі тарих пәнін алып тастау және мектептерде Қазақстан тарихын тек 1991 жылдан бастау туралы тапсырма шыққан болатын. Бұл ұсынысқа Мәжілістегі "Ақ жол" фракциямыздың атынан, депутат Берік Дүйсембинов депутаттық сауал жолдап, шешімге қатаң қарсы шықты. Ол сауалда қазақ мемлекеттілігінің тарихы 1991 жылдан емес, көне Түркі қағанаттарынан, Алтын Орда, Қазақ хандығынан бастау алатынын, қазіргі Қазақстан Республикасы сол ежелгі мемлекеттердің заңды тарихи ізбасары екенін дәлелдеп шықты. Нәтижесінде әділетсіз шешімнің күші жойылды.
Сол себепті бүгінгі іс-шараның саяси, идеологиялық және мемлекеттік маңызы ерекше деп есептейміз. Бұл жерде Қазыбек Жарылқасынұлына да алғысымды білдіргім келеді. Осындай мүшәйрә ұйымдастырып, елімізге танымал ақындарды шақырып, шығармашылық бәйге өткізгені үшін шынайы ризашылығымызды айтамыз.
Барлық қатысушыларға да рахмет! Сіздердің шығармашылық еңбектеріңіз тек әдебиет үшін ғана емес, сонымен қатар халқымыздың кім екенін, не үшін бармыз, бұл дүниедегі орнымыз қандай екенін түсіну үшін үлкен үлес болмақ. Баршаңызға сәттілік тілеймін! - деді Азат Тұрлыбекұлы.
Сонымен қатар, ақын, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлықтың лауреаты, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса да өз сөзінде 2019 жылы 6 қыркүйекте ҚР Президент і Қ.Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық Кеңестің бірінші отырысында Қазақ хандарының бабасы, Алтын Орданың атасы Жошы ханның Ұлық ұлысты құрып, хан атанғанының 800 жылдығын атап өтуді алғаш болып "Ақ жол" партиясы көтергенін, өзі баяндамасында ұсыныс жасағанын тілге тиек етті.
-Қазақ тарихын қайта жазуды да ұсындық. Енді міне екеуі де іске асуда. Қазақ тарихының 7 томының бір томы түгел Жошы хан мен Алтын Ордаға арналып отыр.
Біз былтыр Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабайдың 130 жылдығына арнап дүрілдеген халықаралық мүшәйра өткіздік.
Алматыда өткізген мүшәйрада Қазақстан Жазушылар одағының 500 адамдық залына адам сыймай кетті. Жошы ханды да солай дүркіретіп өткіземіз деп ойлағанбыз. Мүшәйра өтетін күнге 5 күн қалғанда бұрын келісіп қойған Мәдениет министрлігінің Ұлттық кітапханасы аяқ астынан айнып, 120 адамдық залын бермейтін болып қалғанын түсінбей қалдық. Жыл аяғы, барлық жер бос емес, ақыры “Ақ жол” партиясы ғимаратының мәжіліс залында өткізіп жатырмыз.-деп, жағдайды түсіндіріп өтті.
Қазылар алқасының мүшесі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай өз сөзінде "Ақ жол" партиясының руханиятқа ұдайы қолдау көрсетіп, Алаш ұстанымына адалдық танытып жүрген жалғыз партия екеніне баса назар аударды.
Жыр додасына ән шашуын арнап келген республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаттары, дәстүрлі әншілер Сырым Мұхамеджанов пен Рахат Бегасылов жиылған қауымның мерейін асырды.
Әділ қазылар алқасының құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі ақын Қазыбек Иса (қазылар алқасының төрағасы), ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай, ақын, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Сұраған Рахметұлы, ақын, ҚР "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Азамат Тасқараұлы болды.
Қазылар алқасының шешімімен дүбірлі жыр бәйгесінің бас жүлдесі - Жошы хан атындағы сыйлық және 1 500 000 теңгенің сертификаты белгілі ақын Алмас Ахметбекұлына бұйырды. Бас жүлдені "Ақ жол" лидері Азат Перуашев табыстады.
Сондай-ақ, биыл оқырманға "Жошы хан" романы жол тартқан ақын, жазушы Ұларбек Дәлейұлы Бату хан атындағы бірінші орын иегері атанды. Бірінші орынды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі ақын, қазылар алқасының төрағасы Қазыбек Иса табыстады.
Мүшәйра жүлдегерлерінің толық тізімі:
ЖОШЫ ХАН атындағы БАС ЖҮЛДЕ Алмас Ахметбекұлы
БАТУ ХАН атындағы БІРІНШІ ОРЫН Ұларбек Дәлейұлы
БӨРТЕ АНА атындағы ЕКІНШІ ОРЫН Әсел Оспан
БЕРКЕ ХАН атындағы ҮШІНШІ ОРЫН Бақытжан Райыс
ТОҚТАМЫС ХАН атындағы ҮШІНШІ ОРЫН Көкбөрі Мүбәрәк
АРНАУЛЫ СЫЙЛЫҚТАР:
КЕРЕЙ-ЖӘНІБЕК ХАНДАР атындағы АРНАУЛЫ СЫЙЛЫҚ Арқалық Әмәлиятұлы
ҚАСЫМ ХАН атындағы АРНАУЛЫ СЫЙЛЫҚ Асылбек Жаңбырбай
ХАҚНАЗАР ХАН атындағы АРНАУЛЫ СЫЙЛЫҚ Қазыбек Байжұман
ТӘУКЕ ХАН атындағы АРНАУЛЫ СЫЙЛЫҚ Үзбен Құрманбайұлы
АБЫЛАЙ ХАН атындағы АРНАУЛЫ СЫЙЛЫҚ Наурызбай Жарбосынұлы
КЕНЕСАРЫ ХАН атындағы АРНАУЛЫ СЫЙЛЫҚ Қайрат Құматайұлы