МӘДЕНИЕТТІ МӘДЕНИЕТТЕН ХАБАРСЫЗ БАСШЫЛАРДАН ҚҰТҚАРУ КЕРЕК - Қазыбек Иса
2024 ж. 12 қараша
654
2
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрі О.Бектеновке «Ақ жол» партиясы фракциясы депутаттық сауалын жариялаған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса еліміздегі мәдениет саласындағы үздіксіз жалғасып жатқан келеңсіздіктерге, ұлттық кинодағы ауыр ахуалға ең алдымен мәдениеттен хабарсыз мәдениет басшылары жауапты екенін мәлімдеп, Үкімет басшысынан шұғыл шара қолдануды талап етті.
Сонымен қатар кеше, 12 қарашада екі Еңбек Ері - Асанәлі Әшімов пен Дулат Исабеков бастаған, үш Қазақстанның Халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев, Досхан Жолжақсынов, Талғат Теменов және Қазақстанның Халық жазушысы Смағұл Елубай мен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қанат Төребайлар қостаған әйгілі мәдениет қайраткерлерінің: “МӘДЕНИЕТКЕ МӘДЕНИЕТТІ БІЛЕТІН БАСШЫ КЕРЕК!” деп, кино саласындағы қалыптасқан ауыр ахуалға наразылық білдіріп, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтан жағдайды бақылауға алуды сұрап, Ашық хат жазған өнер тарландарын қолдады.
ҚР Премьер-Министрі О.Бектеновке
Кейінгі бір жылда Мәдениет саласы - наразылықтар шеруіне, ақпарат саласы - соттасу алаңына айналды.
Тек соңғы 6 айдың ішінде мемлекет басшысы мен ҚР Парламент Мәжілісінен көмек сұрап, 6 рет ашық хат жазылды. Яғни, айына бір хаттан келеді.
1.Аңыз тұлғалар, академиктер Ахмет Жұбанов, Еркеғали Рахмадиевтер басқарған, Бибігүл Төлегенова, Асанәлі Әшімов, Ермек Серкебаевтар еңбек еткен консерваторияға былтыр ғана пейджи доктор болған, еш жерде басшылықта істемеген адамды ректор етіп тағайындауға наразылық ретінде 70-ке жуық елімізге белгілі Қазақстанның Халық әртістері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері, академиктер мен ғылым доктарлары, профессор-оқытушылар ҚР Президентіне ашық хат жазды. Парламент Мәжілісіне де жазды.
2. Дәл осындай арыз хат Өнер университетіне ректор тағайындауға байланысты және Абай опера және балет театрына директор тағайындауға байланысты да наразы болған ұжым Президентке ашық хат жазды.
3. Былтыр 2023 жылы 153 киногерді негізсіз конкурстан өткізбей, далада қалғанда, бір топ киногер Астанаға депутаттарды іздеп келіп, біз сонда арнайы депутаттық сауал жасағанбыз. Құрылған тәуелсіз комиссияға мүше болып, жағдайды реттеуге атсалыстық.
4. Былтыр 2023 жылы Қазақ киногрлері одағы төрағасы Адай Әбілда бастаған Қазақфильмдегі анимациялық фильм мамандары бір жылдан бері жалақы алмағандарына шағымданып, ашық хат жазды. Ақыры Қазақфильм алдына жиналып наразылық шеруін жасады.
5.Биыл 2024 жылы 2 қараша күні Қазақфильм киногерлері Қазақфильмге кіре алмағасын, көшеде наразылық үндеуін жасады. Елдегі кинематография саласындағы заңсыздықтарды тоқтату үшін, мемлекет басшысынан жағдайды өз бақылауына алуды сұрады. Жауапты басшылар киногерлермен кездесуден басын алып қашуда. «Үкімет, министрлік пен "Қазақфильмнің" кино ісіне жауапты шенеуніктерінің бассыздығы мен біліксізді және жауапкершіліксіздігі салдарынан кино саласындағы ахуал күннен күнге күрделене түсуде әрі дер кезінде шешілмегендіктен шегіне жеткен бұл проблемалар одан әрі ушығып барады
Мәселен, 2021-2023 жылдары “Қазақфильмді” модернизациялауға жұмсалған миллиардтаған теңгенің қайда кеткені белгісіз, нәтижесі бұлыңғыр.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен Шәкен Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясы басшыларының көбінің киноөндірістен түк хабары жоқ, бұл саланы мүлде білмейтін дилетанттар болып отырғандығы – кино саласындағы асқынған проблемалардың түпкілікті шешілуіне ең басты кедергі болып тұр.
Кино түсіру мамандары бірнеше айлап жалақы алмай жұмыс істеуде, ал ұлттық орталықтың енді ғана жұмысқа тұрған кейбір басшылары өздеріне жиі-жиі сыйақы тағайындап алуды қалыпты жағдайға айналдырған.
Мұндай бассыздықтан “Қазақфильм” басшылары да қалыспай, студия қызметкерлерін қысқарту арқылы өздеріне жоғары жалақы тағайындап алудан жарысуда. Қазіргі уақытта, “Қазақфильмге” тиесілі Рыскұлов көшесі – 101 үй әкімшілік балансына берілейін деп жатыр. Мұндай проблемалар жетіп артылады, оның бәрін бір видео-үндеумен жеткізу мүмкін емес.
Сондықтан Сізге үндеу жолдап, елдегі кинематография саласындағы заңсыздықтарды тоқтату үшін, жағдайды өз бақылауыңызға алуыңызды сұраймыз! Жауапты басшылар киногерлермен кездесуден басын алып қашуда. Біз бұл мәселелерге қатты алаңдаулымыз және ұлттық киноның келешегі мен талапайға түскен "Қазақфильм" киностудиясының тағдырына бей-жай қарап отыра алмаймыз. Сол себепті Сізді халқымыздың ұлы тұлғалары мен даңқты киногерлерінің ізі қалған “Қазақфильм” киностудиясын сақтап қалуды сұраймыз»»-дейді еліміздің белгілі кино қайраткерлері.
«Қазақфильм» ғимаратына “Қазақ фильмді” жасаған қазақ фильмнің қайраткерлерін “бір топ адам келді” деп кіргізбей, қарулы күзет қойып қояды? 85 жастағы ардагер киногер Мищенко, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, әлемдік байқауларда жүлде алып жүрген, жеті жасынан киноға түсіп, “Қазақфильмде” өскен қазақ киносының көрнекті режиссері Болат Қалымбетовты Қазақфильмге кіргізбеу деген өз үйіне кіргізбеумен бірдей екенін біле ме екен?
Сонда киногерлер өмір бойы қызмет еткен өз үйлеріне кіре алмай қалды? Бұндай ел киногерлерін қорлау ел тарихында болмаған?!.
6.Кеше 12 қарашада елімізге әйгілі мәдениет пен өнер тарландары ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа және ҚР Парламентіне, Үкімет басшысына Ашық хат жазды.
Мұнда елімізге белгілі өнер тарландары мен мәдениет қайраткерлері соңғы бір жылдағы кино саласындағы қалыптасқан ауыр ахуалға наразылық білдіріп, мемлекет басшысынан жағдайды бақылауға алуды сұрайды. Аңыз тұлғалар, екі Еңбек Ері, Асанәлі Әшімов пен Дулат Исабеков бастаған, үш Қазақстанның Халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев, Досхан Жолжақсынов, Талғат Теменов және Қазақстанның Халық жазушысы Смағұл Елубай мен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қанат Төребайлар ҚР Президентіне жазылған Ашық хатта елімізде мәдениет саласында қалыптасып отырған ауыр ахуалды ашық айыптады:
«Халық, мемлекет өзінің ұлттық мәдениетінсіз бола алмайды.
Дәл осы мәдениет пен өнер арқылы ұлтты ерекшелендіріп тұратын, болашақты құрып, алға сенімді жетелейтін рухани күш, ұлттық код ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді.
Кино - жастарды тәрбиелеуші, мемлекеттің идеологиясын жүргізу мен қоғамның мәдени және рухани құндылықтарын насихаттауда негізгі мықты құрал.
Біз, Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері осы хат арқылы отандық кинематография саласында қалыптасқан жағдайға қатты алаңдаушылық танытып отырмыз. Соңғы жылдары кино саласында бітпейтін жанжалдар көбейіп кетті, атап айтқанда, кино өндірісіне жауапты орындарда бұл салаға қатысы жоқ бөгде адамдар отыр, жемқорлық жайлаған киноға бөлінген миллиардтаған теңге талан-таражға салынып, нағыз киногерлердің сөзін ешкім тыңдап жатқан жоқ. Бұл саладағы деградацияны тоқтатпаса, жағдай қиындайтын түрі бар. Мұның бәрі бүкіл кино мамандардың алаңдаушылығын туғызды. Мәдениет министрлігі қазақ киносындағы жағдайды реттемек түгілі, басын алып қашып отыр. Жауапты орындарға жазылған хаттар мен шағымдарға мәселені еш зерттеместен бірсыдырғы жауаптар ғана беріледі. Мәдениет саласына мәдениетті білетін басшы керек екені күн сайын сезілуде.
Сол себепті біз, киногерлер отандық кино саласындағы қордаланған проблемаларды шешу жолдарын талап етіп, билікке қайрылуға мәжбүрміз.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Біз сізден Ш. Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясына назар аударып, наразы киноқауым өкілдерін қабылдауыңызды сұраймыз. Өзіңіз тікелей араласып, жағдайды жеке бақылауыңызға алмасаңыз, мәселе шешілмейтін сияқты. Біздің жанайқайымыз жауапсыз қалмайды деп үміттенеміз.»-дейді белгілі өнер тарландары.
Ашынған Ашық хаттар ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа қайта-қайта жазылып жатса да, Үкімет үндемей отыра беруге үйренген шығар, ал халық өкілі болғандықтан халық наразылығын парламентте көтеру біздің негізгі міндетіміз.
7.Мәдениет министрлігі өздерінің қателіктерінен шыққан дауды тезірек шешіп, әділеттілік орнату орнына Президентке үндеу жасалып жатса да, соңғы киногерлер үндеуден бері он күннен асса да, министр түгілі, министрліктің бір өкілі де олармен жолықпаған әлі... Бұл Мәдениетті қолдауға баса назар аударып отырған ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Әділетті Қазақстан саясатына қарсы жасалып отырған саботаж емес пе?!.
8.Ресми хатта жазылғандай, «Қазақфильм» киностудиясында да, Ұлттық киноны қолдау орталығында – бірде-бір кино саласының маманы жоқ. Бұл «ауруханада бір де бір дипломды дәрігер жоқ» дегенмен бірдей сұмдық жағдай емес пе?! Сонда біз Ұлттық киномыздың тағдырын кімдердің қолына тапсырып отырмыз?!.
Көптеген киноларымыздың ұлттық рухани қуаты әлсіз, шалажансар болып, шала тілде шығатыны да сондықтан болар…
9.Мәдениет салаларына мәдениеттен хабары жоқ кім көрінгенді басшы қылатындай мәдениет салалары, ұлттық кино экперимент жасайтын орган ба?
Мәдениет министрлігі бүкіл еліміздің ұлттық идеологиясы, әдебиеті мен мәдениеті, өнерінің жетекші ордасы емес пе?
Бірақ, Мәдениет үйін басқара алмайтындар Мәдениет саласын басқарғасын қайдағы ұлттық идеология, қайдағы жұмыс? Мұндай жағдайда ұлттық мәдениетімізді дамытуға зор үлес қосқан Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібектердің ізбасарлары қайдан шықсын?!.
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі әнші Еркін Шүкіманның: «Қазақфильм» киностудиясындағы жылдар бойы жиналып қалған күрделі проблемаларды қашан шешесіздер? Қазіргі міндетін атқарушы басшысы бір ауыз қазақша білмейді. Қаншама маман қанша айдан бері айлықтарын ала алмай отыр?»-деген сұрағына министр өзінің фейсбук парақшасындағы постында: «Адамның кәсібилігін тілді білу білмеуімен өлшеу қаншалықты дұрыс?»-деп жауап береді. Әлемде ешқандай елдің министрі дәл осылай мемлекеттік тілін таптап жауап бермейді?
Сонда мемлекеттік тіл мен мемлекеттік тілді бекіткен конституция мен заңдарымыз ойыншық па біздің министрге? Ешкім бұл жерде министрден суахили тілін сұрап тұрған жоқ? Тәуелсіз Елдің Мемлекеттік тілін сұрап отыр! Өзге елдерде, Өзбекстан, Қырғызстанда мемлекеттік тілін осылай таптап жауап берген министрді сол күні орнынан алып тастайды!
Мысалы, қазақша білмейтін басшы мемлекеттік тілде сапалы кеңес бере ала ма? Бұл нағыз тілдік дискриминацияның айқын көрінісі емес пе? Ал «кәсіби» деп елді алдап отырған «Қазақфильм» басшысының мамандығы киноға жуымайды, кинода бір күн істемегенін жоғарыда жаздық.
10.Кез келген саланы құртудың ең оңай жолы - ол жерге ол салаға еш қатысы жоқ адамды бастық қылу. Мамандығы киноға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, бір күн де кинода істемеген, қазақ тілін қақпайтын, қазақ фильмін көрмеген адамды «Қазақфильмге» басшы қылудағы министрліктің мақсаты осылай елді шулатып, жұмысты тұралату ма?
Жалпы, мәдениет саласында қазір мамандығы мәдениетке жақындамайтын, мәдениеттің не екенін білмейтін басшылар толып жүр.
Мәдениет және ақпарат министрінің өзінің мамандығы да мәдениет пен ақпарат саласына ешқандай қатысы жоқ. Сондықтан да Мәдениет министрлігі қолданыстағы заңнан үкіметтің кино мен археология саласын қолдау құзыретін алып тастап, тек министр бұйрығымен шешпекші болған әркетіне депутаттар қарсы шығып, ол өзгерісті өткізбей жатырмыз. Ол деген киноны өлтіру болып саналады. Министрлік үстінен Мәдениет қайраткерлерінің Президентке жазған арызы қарша борауда. Кеңестік кезеңде де, Тәуелсіздік дәуірінде де, жалпы ел тарихында дәл қазіргідей Мәдениет министрі болған емес!
Ақпарат құралдарының Ақпарат министрін сотқа беруі де ел тарихында тұңғыш рет болып отыр. Елімізге белгілі 9 ақпарат құралының өкілі "Ақпарат министрінің акредитацияға байланысты бұйрығы сөз бостандығына, ақпаратты алу мен таратуға құқық беретін Конституцияның 20 бабына қарсы" деп, соттасып жатыр.
11.Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 1941 жылы Үкімет төрағасы Н.Оңдасынов ашқан «Қазақфильмді» бейбіт кезде министрлік өз қолымен құрту үстінде.
“Мәдениетті қорғап қалу үшін соғысып жатырмыз”, деген екен данышпан Черчилль соғыстың кезінде.
Ал қазір қазақ мәдениет қайраткерлері бейбіт кезеңде Мәдениетімізді қорғап қалу үшін соғысып жатыр? Кімнен қорғау үшін күресуде? Ашық хаттардың ашық жазуынша, Мәдениетімізді мәдениетті білмейтін мәдениет басшыларынан қорғау үшін айқасып жатыр!
12.Ендеше, ең бастысы, еститін мемлекетіміз Мәдениет қайраткерлері айтқандай, Мәдениетінімізді мәдениеттен хабарсыз Мәдениет басшыларынан құтқару керек!
Сонда ғана Әділетті Қазақстанда өмір сүріп жатқанымызға ел сене бастайды.
Үкімет бұл мәселеге шұғыл араласып, жағдайды тұрақтандыруы тиіс!
Құрметпен, “Ақ жол” фракциясы мүшелері:
Қазыбек Иса,
Азат Перуашев,
Ерлан Барлыбаев,
Серік Ерубаев,
Ержан Бейсенбаев.
Абзал Құспан, бір мандатты депутат
Бақытжан Базарбек, бір мандатты депутат.
“Amanat” фракциясы мүшелері:
Ринат Зайытов,
Мақсат Толықбай,
Дәулет Мұқаев,
Мұқаш Ескендіров,
Қайрат Балабиев,
Данабек Исабеков,
Құдайберген Бексұлтанов,
Нұрсұлтан Байтілесов,
Самат Мұсабаев
Гүлдара Нұрымова.
Гауһар Танашева, Қазақстан Халық партиясы фракциясы мүшесі.
Нұргүл Тау, Respublika фракциясы мүшесі.