САЙЛАУДА ТАЛАЙ ДАУЫС ҰРЛАУДЫ КӨРІП ЕДІМ, ӘДЕБИЕТТЕ ДЕ СОЛАЙ ЕКЕН… - Қазыбек Иса

САЙЛАУДА ТАЛАЙ ДАУЫС ҰРЛАУДЫ КӨРІП ЕДІМ, ӘДЕБИЕТТЕ ДЕ СОЛАЙ ЕКЕН… - Қазыбек Иса

Екі Еңбек Ері Мұқтар Шаханов пен Дулат Исабеков бастап, екі ҚР Халық жазушысы Смағұл Елубай мен ҚР Халық әртісі Талғат Теменовтер қостап, шетелдің белгілі бес қаламгері қолдап, жалпы қырыққа жуық қаламгерлер қолдаған ақын Қазыбек Исаны мемлекеттік сыйлықтың комиссиясы ақтық сыннан өткізбей тастады… Аламанда ай маңдайы жарқырап келе жатқан дарынды ақынды аяқтан шалып құлатты! Батыраштар барлық уақытта да бар….

Иә, биылғы мемлекеттік сыйлық иегерлері де анықталып қалған сияқты. Ақтық сыннан өткен екі ағамыз да бұл сыйлыққа сөзсіз лайықты. Алайда, дарынды ақын, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық - “Алтын Күз” орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, өлеңдері 2017 жылы Әлемдік поэзия фестивалында жоғары бағаланып, ағылшын тіліндегі таңдамалы «Әлем поэзиясы – 2017» (WORLD POETRY 2017 An Anthology) антологиясында әлемнің 100 ақыны ішінде өлеңі мен өмірбаяны жарияланған, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазыбек Иса ағамыздың Мемлекеттік сыйлыққа ілінбей қалғаны өкінішті болды...

Дарабоз дарын ретінде бағаланып жүрген аймаңдай ақынның аламанда аты озбауының сыры неде екен? Дауысқа салу деген қай жерде де құпиясы ашылмайтын бір әдіс болды.

Осы хабарды естіп, көңілін аулайын деп, көкеме хабарласып ем “САЙЛАУДА ТАЛАЙ ДАУЫС ҰРЛАУДЫ КӨРІП ЕДІМ, ӘДЕБИЕТТЕ ДЕ СОЛАЙ ЕКЕН… “ – деді бірден.

-Мен алғашқы іріктеуде ең жоғары дауыстардың бірі - 18 дауыс алғанмын. Екінші іріктеуде соның жартысы ұрланып кетіпті… Сонда бірінші іріктеуде жазда дауыс берген 18 комиссия мүшесінің, Алашқа аттары белгілі қаламгер-ғалымдардың жартысына жуығы аяқ астынан күз келіп, құс қайтқанда есі ауысып қалды деп ешкім айта алмас. Мен комиссия мүшелерінің 85 пайызына хабарласып, сөйлесіп шықтым, бәрі дауыс бердік деп, аң-таң болып отыр... Мейлі, ары кетсе, 3-4-еуі айнып қалды дегеннің өзінде кемінде 15 дауыс берілгені анық. Бұл жерде дауыс ұрланғаны айқын. Сайлауда талай дауыс ұрланғанын көріп едім, әдебиетте де солай екен өкінішке орай. Сайлау –саясат қой, ал «Әдебиет - ардың ісі» аталып, қасиетті саналатын қазақ әдебиетінде бұндай бұрмалау орын алуы өте өкінішті. Бұған мемлекеттік сыйлық комиссиясы тарихынан талай мысалдар жеткілікті. Кезінде осындай әділетсіздікке шыдамай комиссия мүшелігінен шығып кеткен белгілі ақындарды да жақсы білеміз.

Көрнекті ақындар Темірхан Медетбек пен Ғалым Жайлыбай екеуі бұндай әділетсіздікке шыдамай, “Қазыбек Иса қайда, өткенде жоғары дауыс алып еді ғой” - деп наразылық танытыпты. Рахмет, әділетсіздікке төзбеген ағаларыма.

Санақ комиссиясының өзгермейтін мәңгілік төрағасы әйгілі Әлібек Асқар екен. “Әлібек санақ комиссиясын басқарғаннан қорық” деген әйгілі сөздің растығына көзіміз анық жетті... Астанадағы санақ комиссиясының төрағасы Ерлан Сыдықов болыпты.

Өткенде алғашқы іріктеудегі санақтың бұрмаланғанын әшкерелеген комиссия мүшесі, қаламгер депутат Жанарбек Әшімжанды бұл жолы санақ комиссиясына кіргізбей қойыпты Мәдениет министрлігі… Соның өзі-ақ көп нәрсені аңғартса керек.

Мейлі, нұсқаумен жұмыс істейтін комиссияның көзі тура болмаса да, Алланың көзі тура болсын! Бір Алла жар болсын!”- дейді ақын.

Саясатта ғана емес, әдебиетте де солай болған соң, не қайыр енді?!.

Қазыбек Исаны қолдаған тарландардың өзі атақтарын атан тарта алмайтын әйгілі тұлғалар болды. Екі бірдей аттары әлемге әйгілі қаламгерлер, Қазақстанның Еңбек Ерлері Мұқтар Шаханов пен Дулат Исабеков, көрнекті қаламгер, Қазақстанның халық жазушысы Смағұл Елубай, кино және театр тарланы, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменовтердің қолдауының өзі көп нәрсені айқын аңғартады.

Республикалық, өңірлік басылымдар, белгілі сайттар, әлеуметтік желілерге дейін мемсыйлыққа кім лайықты екендігі жөнінде жаппай талқылау жүріп жатқанда Мұзбалақ Мұқтар Шаханов: “Қазыбек - нағыз шын ақындардың бірегейі” деп биікке көтерсе, классик жазушы Дулат Исабеков: “Даланың дарабоз ақыны” деп бағалады. Көрнекті қаламгер Смағұл Елубай “Сыртолғау” жыр жинағы - “Қазыбек Исаның аламанға қосқан, желтабан жүйрігінің” шабысы бөлектігін жазған еді.

Тарлан кинорежиссер Талғат Теменов: 

“Қазыбектің “Жер бетінде періштеге жоқ орын" толғауы өлең емес, реквием... Қазыбек бес періштеге өлеңмен ескерткіш қойды. Күндердің күнінде Астанаға сол ескерткіш қойылып жатса, Қазыбектің өлеңі онда ойылып жазылатынына күмән жоқ.

Қазыбек Иса батыл айтады, батырып айтады. Сезімге де солай, ғашықтығын жасырмайды. Шын ақын солай болған дүр.

Қазіргідей заманда осындай шынайы да, мөлдір поэзия керек.”-деп, тереңнен тартып талдады.

Түркияның белгілі жазушы-аудармашысы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» түрік тіліне аударып, Қазақстанның «Достық» орденіне ие болған Ашур Өздемир: «Қазыбек Иса – өз дaуысын, өз реңiн, өз мәнерiн, өз жолын тaуып, өзiндiк жыр әлемiн қaлыптaстырғaн бaқытты aқын. Сол себептен ол – aқын деген киелi aтaуғa әбден лaйық тұлғa.

Жaһaндық деңгейде жaзатын қaзaқтың көрнекті aқыны Қaзыбек Исa aлдымен түркi әлемiнiң, онaн кейiн күллi әлемнiң aқынынa aйнaлуғa тиiс» деп жоғары бағалады.

Ал Қырғызстанның Халық ақыны Марқабай Ааматов қазақтың дарынды ақыны Қазыбек Исаның Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған "Сыртолғау" кітабы жайлы “КАЗАКТЫН БИР ЗАЛКАР УУЛУ КЕЛАТАТ!”-атты мақала жазды. “Қазақтың ұшқыр қанат ақыны Қазыбек Иса поэзиясына әділетті баға берілеріне сенемін.”-деп, ағалық ақ тілеуін арнады.

Аталмыш мақала Қырғызстанның "Эркин-Тоо" мемлекеттік газетінде жарияланды.

Өзбекстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Турсынали Ахмедов Өзбекстанның тәуелсіз “Хуррият” (Азаттық) газетінде Қазақ ақыны Қазыбек Исаның поэзиясы туралы “ҚАЗИБЕК ИСА - ХАҚИҚИ ШОЙР”-деп, мақала жариялады.

Басқасы басқа, осы жолғы аламаннан Қазыбек Иса ағамыз оза шабатынына кәміл сеніп едік. Жалпы, мұндай конкурстардың лауреаттарын атаған соң, дауыс беру протоколын елге жария етуді тәжірибеге енгізу керек. Осындай күдік-күмән көбейген кезде, қайта дауыс беру өткізу керек.

Амал не, өлеңде де, өмірде де қазақ халқының алдындағы қасиетті парызын абыроймен өтеп жүрген ақын ағамызды аламанда алда келе жатқанда жасырын дауыс берудің құйтырқы бұрмалауымен құлатты...

Әдебиет адал болмаса, қайда барып оңамыз?!.

Азамат ТАСҚАРАҰЛЫ,

Ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ҚР "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, "Ерен еңбегі үшін" мемлекеттік медалінің иегері, ҚР Ақпарат саласының үздігі 

Қазақ үні