Алтын Орданың атасы - Жошы ханға арналған халықаралық мүшәйра

Алтын Орданың атасы - Жошы ханға арналған халықаралық мүшәйра

Әйгілі Жошы хан негізін қалаған Ұлық ұлыстың 800 жылдығына арналған халықаралық мүшәйра өтеді!

Әлемдегі жер көлемі жағынан ең үлкен, қуаты жағынан ең күшті және ең ұзақ жасаған алып империя Алтын Орданың нағыз мұрагері - Ақордалы Қазақ Елі! 

Алтын Орда астанасы Сарайшық жатқан Атыраудағы құрылтайда Президент Тоқаев айтқандай, Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алатын, 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етіп, ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құрып, жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған ең қуатты мемлекет Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толуы тойланатынын ел қуана қолдауда.

Қазақ халқы әлемді билеген қаһанның құрметіне ұлдарына Шыңғыс деп ат қойып, Алтын Орданың атасы, Қазақ хандарының бабасы -Жошы хан кесенесіне зиярат етіп, алыптар жайлы аңыздар мен күйлерді тыңдап өскен ел. 

Тарихымыздың алтын беттерін ақтарып, асылдарымызды жырлау - ақындарымыздың зор парызы!

Алаш жолын ұстанған «Ақ жол» демократиялық партиясы мен Қазақстанның Жазушылар Одағы Ұлттық құндылығымызды ұлықтау мақсатында ұлы қағанымыз Жошы хан негізін қалаған Ұлық ұлысымыздың 800 жылдығына арналған “Алтын Орданың атасы - Жошы хан” атты халықаралық мүшәйра жариялайды.

Мүшәйраның мақсаты 

Тәуелсіз Қазақстан заңды мұрагері болып табылатын әлемге әйгілі Алтын Орданың тарихи рөлін асқақтатып, ардақтау. Ұлы даланың ұлы ханы Жошы мен Ұлық ұлысты жырлау! 

Мүшәйраға кемінде 3 өлең қабылданады.  

Оның біріншісі – Жошы ханға арналған жыр.

Екіншісі - Алтын Ордаға, әйгілі империяны билеген хандарға арналған өлең;

Үшіншісі - Керей-Жәнібектен Кенесарыға дейін Қазақ хандарына арналады.

Бас жүлде біреу – 1 500 000 тг

Бірінші орын – 800 000 тг

Екінші орын екеу - 600 000 тг

Үшінші орын үшеу - 400 000 тг

Арнаулы сыйлықтар бесеу - 200 000 тг

(Жүлде саны көбеюіне байланысты орындардың жүлде мөлшері азаюы мүмкін)

Шығармаларды қабылдау мерзімі - 2024 жылдың 30 қазанына дейін. 

Мүшәйра қорытындысы өтетін күні мен орны қосымша хабарланады.

Авторлардың өлеңдері электронды нұсқада қабылданады. 

Шығармалар TimsNewRoman қарпі 14-кегельмен басылу керек. Бөлек бетте автордың өмірбаяны, байланыс ақпараттары (телефон, эл.пошта, мекен-жайы) көрсетілуі шарт. Сонымен қатар, үміткердің 6х9 фотосуреті қоса жіберілуі қажет. 

Шығармалар qazaquni@mail.ru электронды поштасы арқылы қабылданады. 

Мүшәйраға түскен жырларды “Тұран” баспасынан жеке кітап етіп шығару жоспарлануда.

Мүшәйраға қатысушылардың жас мөлшері шектелмейді. 

Қазылар алқасының шешімі қайта қарауға жатпайды.

Қосымша сұрақтар бойынша байланыс телефоны: +7 702 931 89 86

Ұйымдастыру алқасы