ҚАЗАҚ ТІЛІ ҚАШАН ТӘУЕЛСІЗДІК АЛАДЫ? – Қазыбек Иса

ҚАЗАҚ ТІЛІ ҚАШАН ТӘУЕЛСІЗДІК АЛАДЫ? – Қазыбек Иса

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МІНДЕТТЕУ - МЕМЛЕКЕТТІҢ МІНДЕТІ

Ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаның 2023 жылы 5 қыркүйек - Тіл мерекесі күні Еуразия Ұлттық университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл комитеті өткізген жиында сөйлеген сөзінің толық нұсқасы. 

*** 

Қадірлі ағайындар!

Бүгінгі Тіл мерекесі күні құтты болсын!

Қазақ Елінің Тәуелсіздігінің 32 жылында Қазақ тілін талқылап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдай алмай отырғанымыз үшін бүгін туғанына 151 жыл толып жатқан Тіл атасы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстарының әруағынан ұят. 

“Едігеден бастасам, ертегіге кетермін” дегендей, Мемлекеттік тілдің зар мұңын айтсақ, таңнан таңға кетеміз.   

«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛУ МІНДЕТТІ» деген ПРЕЗИДЕНТ ТАЛАБЫНА ҮКІМЕТ НЕГЕ ҮНЕМІ ҚАРСЫ ШЫҒУДА?  

Жаңа осы жерде тіл тұжырымдамасы туралы айтылды.

2023 жылы 20 сәуірде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі өздері жариялаған «Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама жобасын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулы жобасынан: «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу қажет”- деген ең басты тұжырымды алып тастап, қайта жариялады! Ал бұл талапсыз Тұжырымданың мәні жоқ десе де болады.

Тіл Тұжырымдамасының алғашқы нұсқасы 2023 жылғы 11 сәуірде Ашық нормативтік құқықтық актілер порталында (Ашық НҚА порталы) жарияланған. Жалпы халықтың 10 күндік талқылауында Тұжырымдамаға қарсы, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау қажет деген талапқа қарсы ешқандай пікірлер жазылмаған. Қайта 4103 қаралымның барлығы қолдап, ешкім қарсы шықпаған. 126 пікір жазылған, олардың ешқайсысы қарсы шықпай, қолдаған.

Тұжырымдама туралы ҚР Үкіметінің қаулысы жобасында: “Тілдік, этнодемографиялық және саяси жағдайларды ескере келе, қазақстандық қоғамның бірегейлігін нығайту факторы болып табылатын «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу маңызды мәселе.

Мұндай Заң мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің мәртебесін нақты белгілеуге, оны пайдалану саласын айқындауға, қолданыс мәдениетін арттыруға зор мүмкіндіктер береді. Аталған Заңды қабылдаудың алғышарттарын қалыптастыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.”-деп тайға таңба басқандай айқын жазылған болатын!

Осы «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу маңызды мәселе»-деген ең басты тұжырымды Үкімет басшыларының талабымен Ғылым және Жоғары білім министрлігі алып тастады.

Қазір Үкіметтің тілді таптаған бұл кесепат әрекетіне қарсы қоғамда наразылық өршіп тұр!

Біз, Парламент Мәжілісінің 11 депутаты: «ҚАЗАҚ ҮКІМЕТІ ТАҒЫ ДА ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАРСЫ ШЫҚТЫ!» деп, ашық наразылығымызды жарияладық! Әлемге әйгілі жазушы, Еңбек Ері Дулат Исабеков, академик Марат Тоқашбаевтар бастаған белгілі Ұлт зиялылары түгел қарсы шығуда. Бұлардың бәрі «Қазақ үні», «Дат», Абайкз, Адырна кз сайттары мен газеттерінде жарияланып, әлеуметтік желілерде үлкен қолдауға ие болуда. 

1.Бірінші. Сонда Үкімет Конституция мен заңдарымызға, Президент Тоқаевтың «Қазақстан азаматтары Мемлекеттік тілді білуі міндетті!», «Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі – саясатымыздағы стратегиялық бағыт», «Ең бастысы - Қазақ тілі болуы керек!»,«Қазақ тілі - Ұлтаралық қатынас тілі болуы қажет»-деген нақты тұжырымдарына қарсы ма? 

2.Екінші. Үкімет Тәуелсіздіктің 32 жылында «Мемлекеттік тіл туралы заң қажет» деген сөзден шошып, бұл тұжырымды алып тастаған соң, тура бір аптадан кейін 27 сәуірде Қазақстан Халқы ассамблеясында Президент Тоқаев «Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Бұл – тек салалық министрліктердің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет»-деп атап көрсетіп, нақты талап қойды.

Сонда сіздер, яғни Үкімет Президент талабына қарсы шыққан болып тұрсыздар ғой. Бұл Президент саясатына қарсы саботаж ба, Тәуелсіздік алғалы бері Мемлекеттік Тіл заңын күтіп келе жатқан қалың елдің талабына қарсылық па?

Президент дұрыс айтып жатса да, Үкімет үнемі бәрін керісінше қарсы істейді! Ел кімге сенеді сонда?

Енді Президенттің бұл Тіл туралы талабынан кейін Тіл Тұжырымдамасын қайта қарайсыздар ма, қайтесіздер?!.

Мен бұл сұрақты 2023 жылдың 17 мамырында Парламенттегі Үкімет сағатында Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбекке қойғанымда, ол Тұжырымдаманың талқыланып жатқанын, әлі қабылданбағанын айтып, бар жауапкершілікті сол кездегі вице-премьер Алтай Күлгіновке аударып, жалтарып кетті… 

Ал Күлгінов мырза бізді парламентке іздеп келіп, бұл мәселе бойынша депутаттармен кеңес өткізетін күнін белгілеп кетіп еді, артынша орнынан кетті... Оның орнына келген вице—премьер Тамара Дүйсеноваға да бұл мәселені, Тұжырымдамаға «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу қажет» деген басты тұжырымды қосу керектігін шегелеп, жүк артып жібергенбіз. Бұл еліміз үшін өте маңызды мәселені біз депутаттар қадағалап отырмыз. 

Сондықтан біз “Ақ жол” фракциясы мен бір топ депутаттар бірігіп, өзіміздің мемлекеттік тіл туралы заң жобасын ұсынатын болдық.  

Жалпы бұл Конституциядан орыс тілі туралы 7-баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін бұдан 12 жыл бұрын да, 2011 жылы, 6 жыл бұрын да, 2017 жылы ұлт зиялылары көтеріп, Президентке ашық хат жазды. Яғни, «ер кезегі үшке дейін» дегендей, үшінші рет 2020 жылы «Қазақ үні» ұлттық порталында ҚР Президентіне жазылған Ашық хатта әлемге әйгілі тұлғаларымыз, Халық жазушылары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қабдеш Жұмәділов, Дулат Исабеков, академиктер Өмірзақ Айтпаев, Мекемтас Мырзахметов, Төрегелді Шармановтар бастаған, ұлт зиялылары қостаған 130 мың адам Конституцияның 7-бабының 2-тармағын алып тастауды және Мемлекеттік тілді міндеттейтін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап етті. 

Екі айда ғана 130 мыңға жуық адам қол қойып, бұрынғы межелерден 1000 еседей көп тарихи рекордтық деңгейге жетті.

Өткенде қарап отырсақ, Өмірзақ Айтбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қабдеш Жұмәділов, Амангелді Айталы және тб 12 ұлт қайраткері өмірден өтіп кетіпті мемлекеттік тіл туралы заңды күтіп... 

Ұлт мүддесі үшін бұрын мұншалықты қалың қол жиналған емес. Бұл тек интернетке қолы жеткен 130 мыңға жуық Ел патриоттары артында смартфон пайдалана алмайтын миллиондаған халық тұрғаны айқын. Бұл қалың қол ішінде тек қазақтар ғана емес, қазіргі Мәжіліс депутаты Максим Рожин бастаған әртүрлі ұлт өкілдері де (50-ге жуық) жеткілікті. Яғни, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау күн тәртібіндегі күннен-күнге күшейіп келе жатқан ең өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан да «Қазақ үні» порталында бұл Ашық хатты 1 бір миллионға жуық адам оқып, 1 мыңнан аса пікір жазылып қолдау білдірді. Әлеуметтік желілердегі қаптаған қолдаушылардың санын есептеу мүлде мүмкін емес. 

Кезінде Мәдениет министрлігінде Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы тұжырымдамасын жасалып, 2020 жылы тамыз айында Үкіметке жіберілді. Яғни, ол заң тұжырымдамасы әлі Үкіметте жатыр қозғаусыз.

Мен бұл Мемлекеттік тіл туралы заңның Концепциясын 2022 жылы 31 тамызда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мырзаның қолына ұстаттым. Тіл комитеті төрағасы Ербол Тілешев те мұны жақсы біледі.. Енді бастамашылықпен Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау үшін үкіметтің қорытындысын күтіп отырмыз.  

Ал 2022 жылы «Ақ жолдың» парламенттегі «Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау қажет, ол заң толыққанды жұмыс істеу үшін үшін Конституциядан 7 баптың 2-ші тармағын алып тастау керек» деп талап еткен екінші рет жасаған депутаттық сауалы әлеуметтік желілерде челенджге жалғасып, еговтағы петицияда 500 мыңнан, яғни жарты миллионнан аса адам қолдаған. Ал «Ақ жол» 2012 жылы Мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру туралы заң жобасын ұсынғанда үкімет өткізбей қойды.

Конституцияның тіл туралы 7-бабының 2-тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заңды талап етуді біз ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің 2019 жылғы 6 қыркүйекте өткен бірінші отырысында да көтердік.  

Өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілді қолдау – ел бірлігін қолдау екенін ұғынып, өздерінің оң пікірлерін білдірді. Ашық хатта Конституциялық Кеңес «орыс тілі ресми тіл» дегенді білдірмейтінін және орыс тілі екінші мемлекеттік тіл бола алмайтынын қосымша қаулысымен дәлелдеп берсе де, осы норма жұртты әбден шатастырып, орыс тілі бейресми мемлекеттік тіл рөлін атқарып келе жатқандығы атап өтілген.Турасын айтқанда, Конституцияның 7-бабының 2-тармағы елімізде соңғы кезде ұлтаралық шиеленістердің орын алуына себеп болып отыр десе де болады. Өйткені «ресми қолданылатын тіл бар кезде, мемлекеттік тілді үйренудің қажеті қанша?»-деген түсінік қалыптасқан.  

Шындығында да, Атазаңдағы 7-баптың 2-тармағы жұртты әлі шатастырып, орыс тілі заңсыз мемлекеттік тіл рөлін атқарып келе жатқандықтан, бүгінде ұлтаралық жанжалдардың туындауына себеп болып отыр. Сондықтан да Конституцияның 7-бабының 2- тармағын алып тастайтын кез жетті.

Өйткені, кез келген дүкенге, мекемеге кірген Ресей тілін білмейтін және шет тілін білмеуге толық хақысы бар Қазақстан азаматы ел заңнамасына сай Мемлекеттік тілде қызмет етуді талап еткенде, одан 30 жыл бойы мемлекет те, мекеме басшысы да талап етпеген мемлекеттік тілді білмейтін сатушы не қызметкер «Бізде мемлекеттік тіл – екеу, Конституцияның 7-бабы, 2-тармағы солай» деп, заңсыз қарсыласады да, дау-жанжалдың барлығы осыдан шығады.

Осы мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы Конституциялық кеңестің қаулысы айқындап берген анықтама-тұжырымды осы уақытқа дейін біз әлі парламенттегі көптеген депутаттарға, тіпті, мамандығы заңгер депутаттарға түсіндіре алмай келеміз…

“Біздің елде Мемлекеттік тіл екеу”, “Орыс тілі - ресми тіл, мемлекеттік тілдің орнына жүре береді” деген заңға қайшы сөзді сауда орындарындағы сауатсыз сатушы айтса, мейлі, сақалы ағарған саясаткер, биліктегі жоғары лауазымды шенеуніктер, министр, әкім, депутаттар айтып жатқанда, олардың сауатсыздығына таңғаласың!

Біздің Қазақстанда мемлекеттік тілге қарсы осындай заңсыз саясат отыз жылдан астам уақыттан бері үстемдік етіп келеді. 

Қазір қазақ халқы мен қазақша түсінетіндердің жалпы саны -88,7 пайыз болып тұр. 

Яғни, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды халық саны да артығымен толық қамтамасыз етіп, күнде қажеттілік тудыруда. 

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРГЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛУ ТАЛАБЫ ЖОҚ! 

Халыққа қызмет көрсететін мамандардың мемлекеттік тілді білмеуі тұрғындардың сапалы қызмет алу құқығына нұқсан келтіріп отыр. Елімізге қоныс аударған қандастарымыз және ауылда тұратын қаракөздеріміз қанша жылдан бері жапа шегумен келеді. 

Халықпен етене араласып жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлердің, әсіресе жоғары шенділердің мемлекеттік тілге немқұрайлы қарауы халықтың наразылығын тудырып, билікке деген ашу-ызасын, сенімсіздігін арттыруда. Қазір мемлекеттік тілді еркін меңгеру туралы талап тек Президентке үміткерлерге ғана қойылған. Сонда 15 миллионнан астам (78%) мемлекет негізін құраушы қазақ ұлты 100 мыңдай ғана (0,5%) мемлекеттік қызметшінің, (оның 90% қазақ ұлты!??), оның 15-20 пайызы ғана мемлекеттік тілді білмейді десек, сонда 20 миллион халықтың негізгі ұлтты құрайтын 15 миллионы қызметті не ақпаратты мемлекеттік тілде беруін талап ете алмауы парадокс емес пе? Яғни, бұл жерде 15 миллион халық 15 мың мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкердің кесірінен тілдік дискриминацияға ұшырап отыр. 15 миллиондай қазақ ұлтына 15 мыңдай мемлекеттік қызметкер, халықтың 0,1 пайызы 30 жылға жуық заңсыз үстемдік жүргізумен келеді.  

АВТОНОМИЯ КЕЗІМІЗДЕ ДЕ МҰНДАЙ АУЫР ЖАҒДАЙҒА ТҮСПЕГЕНБІЗ 

Биыл 2023 жылдың 26 тамызында құрылғанына 103 жыл толатын Қазақ Республикасы 1920-1925 жылдар аралығында Ресей құрамында болса да, автономиямыздың орталығы Орынборда болса да, барлық елді мекендерде кеңсе тілін қазақ тілінде жүргізуді енгізген. Тіпті орыстар көп шоғырланған солтүстік өңірлерде де кеңсе тілін қазақ тілінде жүргізуге қаулы қабылдаған. Дұрыс жолға қойылып келе жатқан бұл ұлттық һәм мемлекеттік мүддені қорғаудан туындаған қасиеті іс мемлекет басына қанішер Голощекин келіп толастап қалды. Сонда біз, әлемдегі 30 елдің қатарына ұмтылған Тәуелсіз Қазақстан 30 жылда осыдан 100 жыл бұрынғы Ресей құрамындағы, астанасы Орынбор болған Қазақ автономиялы республикасының ашаршылықта, атыс-шабыс, қиын-қыстауда өткізген алғашқы 5 жылында жеткен жетістігіне жете алмау нағыз масқара қорлық емес пе? Тәуелсізбіз деп қалай айта аламыз? Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінің дамуы Ресейдің құрамындағы Татарстан Автономиясындағы татар тілінің дамуымен бірдей деңгейде деген нақты дәлелдемені оқығанда бойында қаны бар қазақтар намыстан өліп кете жаздап едік...

Бұдан бір ғасыр бұрын Қазақ автономиясында дамып келе жатқан қазақ тіліне өзі қазақша білмейтін жауыз Голощекин қарсы болған екен. Ал Тәуелсіз Қазақ Республикасында Мемлекеттік тілдің дамуына 30 жыл бойы кім қарсы болып келді?!. Әрине, Қазақ тіліне қарсы Қазақ билігі, қазақша білмейтін шенеуніктер! 

ҚАЗАҚ ТІЛІ ҚАШАН ТӘУЕЛСІЗДІК АЛАДЫ?  

ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ОРЫНДАЛҒАН ЖОҚ 

Мемлекеттік қызметкерлердің өзі мемлекеттік тілді білмейтін бұл масқаралықтың шешімін таппай жатқан бірнеше себептері бар. 

Бірінші, «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңының өмірде іс жүзінде орындалмауы!  

Биыл біздің елде ең алғаш 1989 жылы 22 қыркүйекте қабылданған “Тіл туралы заңға” 34 жыл болды.

Бұл Кеңес империясына отар кезіміздегі қабылдаған алғашқы заң еді.

Одан кейін Тәуелсіздік алған соң 1997 жылы 11 шілдеде қабылданған “Қазақстан Республикасындағы тiл туралы” заңы да сол 1989 жылғы Кеңес империясы кезіндегі заңнан еш айырмашылығы жоқ, одан әрі болмаса, бері бола қойған жоқ. Тіпті заңның аты да, заты да өзгерген жоқ!

Осы Тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш қабылданған “Тіл туралы заңда” тіл саясатын жүзеге асырудың ешқандай заңдылық тетіктері айқындалмай, нақты шаралары белгіленбеген. Ал енді одан бері 26 жылда- ширек ғасырдан астам бір дәуірде қоғам мүлде өзгерді. Қазір ұлттық санамыз мүлде басқа сатыға көтерілді. Міне, осы орайда тіл саясатын жүргізудің жаңа үлгісін жасап, жаңа Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек.

Сөзіміз құрғақ болмас үшін «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңының өмірде іс жүзінде орындалмағанын нақты баптарын санап отырып, дәлелдеп берейік. 

1). «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңының 4-бабындағы: Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi.

Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi.

Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.

Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар:

Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға;

Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға;

қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi.

– деп айқын жазылған заң орындалды ма? Жоқ!

2).Заңның Тiлдi мемлекеттiк қорғау туралы 23-бабында:

Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiл және барлық басқа тiлдер мемлекеттiң қорғауында болады. Мемлекеттiк органдар бұл тiлдердiң қолданылуы мен дамуына қажеттi жағдай жасайды.

Тiлдiң дамуы мемлекеттiк тiлдiң басымдығын және iс қағаздарын жүргiзудi қазақ тiлiне кезең-кезеңмен көшiрудi көздейтiн Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк жоспарлау жүйесінің құжаттарымен қамтамасыз етiледi.

Мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр көлемде және бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бiлуi қажет кәсiптердiң, мамандықтардың және лауазымдардың тiзбесi Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленедi.

– деп көрсетілген. Ал 30 жылда бірде бір тізім қабылданған жоқ және қабылданбайды да.

3).24-бап. Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық.

Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының бұзылуына кінәлі мемлекеттік органдардың бірінші басшылары не аппараттардың басшылары, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

Лауазымды адамның мемлекеттiк тiлдi бiлмеу желеуiмен жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қабылдаудан бас тартуы, мемлекеттiк тiлдің және басқа да тiлдердің қолданылу салаларында олардың пайдаланылуына кез келген кедергi келтiру, сондай-ақ деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бойынша талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

4).9-бап. Мемлекеттiк органдар актiлерiнiң тiлi.

Мемлекеттiк органдардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкiндiгiнше, басқа тiлдерге аударылуы қамтамасыз етiле отырып, оларды әзiрлеу орыс тiлiнде жүргiзiлуi мүмкiн.

5).13-бап. Сот iсiн жүргiзу тiлi.

Қазақстан Республикасында сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, ал, қажет болған жағдайда, сот iсiн жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады.

6).14-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi жүргiзу тiлi.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер мемлекеттiк тiлде, ал қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде жүргiзiледi.

7).16-бап. Тiл - бiлiм беру саласында.

Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлде, ал ұлт топтары жинақы тұратын жерлерде солардың тiлдерiнде жұмыс iстейтiн мектепке дейiнгi балалар ұйымдарын құру қамтамасыз етiледi.

Балалар үйлерiнде және оларға теңестiрiлген ұйымдарда оқыту, тәрбие беру тiлiн жергiлiктi атқарушы органдар олардағы балалардың ұлттық құрамын ескере отырып белгiлейдi.

27-бап. Тiл - халықаралық қызметте. 

Осы баптардың және басқа баптары да ішінара көзбояушылықпен қағаз жүзінде ғана формальды түрде болмаса, ешқандай да жұмыс істеп тұрған жоқ. 

Тіл туралы заңнан жалғыз жұмыс істеп тұрған және «Тіл туралы заңның» негізгі 4, 23 баптары түгілі, барлық бабын басып кеткен, тіпті Конституцияның 7 бабының 1-ші тармағын таптап кеткен жалғыз құдыретті бабы бар, ол Орыс тiлiн қолдану туралы – 5-бап.

«Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген бап. 

Сонымен бірге Қазақстан Республикасы тіл туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау туралы 25-4-бап.

«Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады»-деген негізсіз бап.

Заңнаманы мемлекеттік бақылау Кәсіпкерлік кодекске тәуелді боп тұрса, ол қандай мемлекеттік бақылау?!. 

Айтпақшы, осы бұрын кәсіпкерлік нысандарында Тіл заңының орындалуын қадағалайтын функциясы жазылған бап 2013 жылы енгізіліп, 2018 жылға дейін жұмыс істемегесін алынып тасталған. Біз 2021 жылы сол бапты енгізбек болғанда үкімет қарсы болып, қабылдатпады.

Ал түгел Тіл заңының өзі жұмыс істемей тұрғанына 26 жыл болды, ендеше бұл өлі заңның не керегі бар?!. 

Сонымен қатар мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты ҚПК-нің 30-бабы, ӘҚБтК-нің 738- бабы бойынша да Қазақстанда қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу тілі қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізу де мемлекеттік тілде жүргізілуі керек.

Бұл да 30 жылда орындалмаған заң. 

“Тұтынушылар құқығын қорғау туралы” ҚР заңындағы мемлекеттік тілде ақпарат беру туралы 24-25-26-баптар да орындалмаған баптар, олар бойынша айыппұл төлету ешқашан болмаған және мүмкін емес. 

Яғни, бір сөзбен айтқанда, Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасы елдің үмітін жойған «жансыз», өлі заң.

Сондықтан бұл «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заңды саяси-қоғамдық банкрот деп жариялау қажет! 

Мемлекеттік тілді міндеттейтін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға тиіспіз! 

Ал Тәуелсіздік алғалы Конституциямыздың өзі екі рет қабылданып, бірнеше рет өзгерді. Елбасы туралы заң қабылдарда 18 минутта өзгеріп кеткенін де жақсы білеміз. Былтыр 5 маусымда жалпыхалықтық референдум арқылы түбегейлі саяси өзгеріс жасалды. Ал Кеңес империясы кезіндегі заңнан айырмашылығы жоқ Тіл туралы заңымыз 26 жылдан бері әлі жансыз, қатып қалған күйде өзгермей, реанимацияда жатыр.

2020 жылы 1 қазанда Қазақстан халқы Ассамблеясында еліміздегі барлық этнос өкілдері «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МІНДЕТТЕУ КЕРЕК» деп, арнайы ресми үндеу қабылдады.

Біз енді тағы кімді және нені күтіп отырмыз?!.

Екінші, мемлекеттік органдарда барлық құжаттар орысша дайындалып, кейіннен қазақшаға аударылады. Мемлекеттік тіліміз мемлекеттік органдарда ешкімге қажеті жоқ бейшара халде. Бұған қоса екі тілде құжат жүргізудің қанша тауқыметі бар: екі есе көп уақыт пен қағаз жұмсау, аудармашылар штатын, арнайы лингвистикалық орталық құру. Ал оның барлығы қосымша қаржы және халықтан жиналған салықтың босқа құмға сіңген судай болуы. 

Яғни, 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» Қазақстан Республикасының заңы Қазақстандағы тіл саясатын реттеушілік маңызға ие бола алмаған формальды құжат қана. 

Себебі, Заңда белгіленген қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі жөніндегі қағида шын мәнінде қоғамда орындалмады. Мемлекеттік тілдің еліміздегі қандай тілден болса да ерекшелігі, басымдығы іс жүзінде орындалмаған, орыс тілінің алдындағы дәрменсіздігі күнде дау тудырып жатқан мұндай заң қоғамда қауқарсыздық танытып келеді. Әсіресе, оның 4, 23 баптарының мүлдем орындалмауы бұл құжатқа деген қоғамның сенімсіздігін әбден қалыптастырып, өзекті мәселеге айналып келе жатқанына талай жыл болды. Яғни, Қазақстандағы тіл кеңістігін реттейтін заңның әлсіздігі мен пәрменсіздігі еліміздегі тіл саясатын да дәрменсіз етті. 

Мемлекеттік тілді меңгеруге негіз қалану үшін ЕҢ АЛДЫМЕН еліміздегі балабақшалар мемлекеттік тілде болуы тиіс! Мектеп бітіргенде, жоғары оқу орнына түсу ҰБТ-да Қазақ тілінен емтихан тапсыру міндетті болуы тиіс. Жоғары оқу орындары мемлекеттік тілде болуы керек

Биліктің мемлекеттік тілді білетін мемлекеттік қызметкерлер жоқ деп, мемлекеттік тілді міндеттемей отыруы – Тәуелсіздіктің 30 жылында мемлекеттің мемлекеттік тілді дамытуда түк істемгенін мойындауы болып саналады.  

ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯМЫЗ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІМІЗ БОЛУЫ КЕРЕК! 

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ АТА ЗАҢДА АЙҚЫН КӨРІНУІ ТИІС!

ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ҚОРҒАУ - МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕН БАСТАЛАДЫ! 

Ал бізде 30 жылдан бері МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОҚ!

Конституцияның тіл туралы бабының бірінші тармағын орындамай, оған қарсы екінші тармағын орындайтын ел әлемде тағы да жалғыз Қазақстан! 

ТІЛДІК ДИСКРИМИНАЦИЯҒА ұшырап жатқан ҚАЗАҚ ТІЛІ, орыс тілі емес!

Өйткені, МЕМЛЕКЕТТІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІ ДИСКРИМИНАЦИЯҒА ҰШЫРАУ - тарихта әлемде тек Қазақстанда ғана!

Ал кез келген өзін сыйлайтын ел үшін алдымен әлемдік алты тіл емес, ең бірінші Мемлекеттік тілі маңызды! 

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОРЛАТПАУ - МЕМЛЕКЕТ БАСШЫЛАРЫНАН БАСТАП, БӘРІМІЗДІҢ БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ БОЛУЫ ТИІС! 

Ел біртұтас бірігу үшін барлық ұлт мемлекеттік тілде сөйлеуі керек!

Түрік Республикасының тұңғыш президенті Кемал Ататүрік сайлана салысымен алғашқы жылы-ақ: «Түркия мемлекеті мықты болуы үшін еліміздегі 78 ұлт бүгіннен бастап бәріміз бір тілде -түрік сөйлейтін бір ұлтпыз!» -деп жариялады. Осындай қазақ ұлты алдындағы тарихи жауапкершілік пен ұлы аманат бізде де орындалуы тиіс еді... Өкінішке орай, 30 жылымыз, бір дәуір босқа өтті...

Мемлекеттік тілімізді міндеттейтін заң қабылдау үшін біз енді тағы 30 жыл үшінші президентті күтуіміз керек пе?!  

АТА ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТПЕЙ, ТІЛДІ ҮЙРЕНУ – СУҒА ТҮСПЕЙ ЖҮЗУДІ ҮЙРЕН ДЕГЕНМЕН БІРДЕЙ!

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МІНДЕТТЕУ - МЕМЛЕКЕТТІҢ МІНДЕТІ

МЕМЛЕКЕТКЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ КЕРЕГІ ЖОҚ БОЛСА, ҚАЗАҚ ТІЛІН КІМ, НЕ ҮШІН ҮЙРЕНЕДІ!?. 

30 жылдан бері әлі күнге мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік тілді білуі туралы талап жоқ. Мемлекеттік тілді білу талабы қазір жаңсақ айтылып жүргендей, азаматтың жеке басын тіліне қарай кемсіту емес, мемлекеттік қызметшілерге, бар болғаны 100 мыңға жуық адамға ғана қойылатын кәсіби біліктілік талабы болуы тиіс. Көлік жүргізушіден жүргізуші куәлігін қалай талап етсе, сонымен бірдей міндет болу керек бұл.

Жалпы мемқызметкерлерді жоғарыда айтқанымыздай, 0,5 пайыз - 100 мыңдай деп есептесек, оның ішінде мемлекеттік тілді білмейтіндер 20 мыңдай шамада. Бұл 20 миллион халқымыздың бар болғаны 0,1 пайызы ғана. Сонда билікке мемлекет мүддесін емес, мемлекеттік тілге миы жетпейтін бар-жоғы 0,1 пайыздың мүддесін қорғап, мемлекетке, билікке кір келтіріп отырғанын отыз жылдан бері ұғыну үшін көп ақылдың керегі жоқ қой.

Біз Мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен соттардың және көпшілікке қызмет ету мекемелері қызметкерлерінің міндетті түрде мемлекеттік тілді еркін білуі туралы стандарт енгізуіміз керек. Мемлекеттік қызметкерлер тапсыратын ҚазТЕСТ сынағындағы Қазақ тілін 0-мен бағалау масқарасы жойылуы тиіс! 

2021 жылы Халықаралық Қазақ тілі қоғамының Құрылтайында белгілі тіл күрескері Оразгүл Асанғазықызы бастап, біз қостап, бұрын Үкіметте болып, кейін Мәсімовтің кезінде жойылып кеткен Мемлекеттік тілдің қолданылуы жайлы ведомоствоаралық комиссияны қайта құруды қаулыға енгіздік. Ал енді осы комиссия бір жылдан асқаннан кейін, кеше ғана құрылды. Себебі, сол кезде Президент әкімшілігі ішкі саясатын басқарып отырған бір функционер өзінен жоғары басшыға осы мәселе туралы жазғанда: «Егер біз Мемлекеттік тілдің қолданылуы жайлы ведомоствоаралық комиссияны қайта құрсақ, көрші Ресей мемлекеті қалай қарайды?» - деп жазған?!. Бұл не масқара!?. Сонда, Тәуелсіздігіне 30 жыл болған мемлекеттің Ішкі саясатына жетекшілік етіп отырған орыстілді ұлты қазақ жауапты басшы құлдық санамен осылай қалтырап отырса, жалпы Ұлттық идеология туралы сөз қозғаудың өзі мүмкін бе?!. Сонда олардың Президенті Тоқаев па, Путин бе?!.

Міне, біздің 30 жылда да дамымай келе жатқанымыз! Ал осындай ұлттық мүддеге, тілге қарсылар өсіп кетеді бізде. 

Таяуда «Ақ жол» партиясы жиынында тілге жанашыр жас кәсіпкер жігіт Азат Болатұлы тіліміздің ауыр халі туралы сөз қозғап, арасында қорқынышты мысал айтты. Ол бір жұмысымен Астанадағы Халыққа қызмет көрсету орталығына барып қалады. Сонда ЖСН алуға кезекте тұрған қаптаған Ресей азаматтары өзара әңгімелесіп тұрып бір-біріне: «Айналаға қарашы, қазақтардың барлығы Ресей тілінде сөйлейді екен. Бұлар тәуелсіздік алмаған секілді» деп айтып тұр екен! Бұл нені білдіреді?! Бұл – мемлекеттік тіліміздің Ұлттық қауіпсіздігімізге төнген үлкен қаупін білдіретіндей құлдырауын көрсеткен зор дабыл!  

ТІЛ ЖӨНДЕЛМЕЙ - ТІРЛІК ЖӨНДЕЛМЕЙДІ! 

Ең басты формула - осы!

Басқа жол жоқ!

Әлемнің озат оқу ордасын үздік бітірген маман Қазақ тілін білмесе, оның білімінен Қазаққа пайда жоқ! 

Бұны соғыстан кейінгі күйреген экономикасын мемлекеттік тілін ұлттық ұран ету арқылы көтерген Германия мысалынан да, соғыстан кейін күйреген экономикасын ұлттық идеологиясын ұлықтау арқылы көтерген Жапониядан да айқын байқауға болады.

Жалпы билік, мемлекет ұлтпен бірге болғысы келе ме? Ендеше ұлттың тілінде сөйлесін! Тәуелсіздік алғанына 30 жылдан асқан Мемлекеттің басшысынан бастап, мемлекеттік қызметкерлердің бәрінің шет тілінде, отарлаушы ел Ресей тілінде сөйлегенін ел ешуақытта көрмеуі керек! Отарлаушы елдің тілінде сөйлеп тұрып, Тәуелсіз елдің мүддесін қорғаймын деп елді алдау - бос сөз! Бүгінде оған ешкім сенбейді!

Онда «Жаңа Қазақстан», «Екінші республика», «Әділетті Қазақстан» дегендердің бәрі алдамшы, елді алдаған көзбояушылық болып шығады!

Біз Тәуелсіздікті кімнен алдық? Арысы патшалы Ресейден, берісі коммунистер билеген Кеңес одағынан алдық! Ендеше Азаттық алған ел 30 жылдан астам өзін отарлаушы елдің тілінде сөйлеп келе жатқаны, ол тілді Конституциясы мен заңдарына бекітіп қойғаны қандай масқарашылық?!. Әлемде қандай ел бар мұндай қорлыққа 30 жылдан астам көніп келе жатқан?!.

Депутаттық сауалымызда жариялағандай, «Салық төлеу қандай міндет болса, мемлекеттік тілді білу де сондай міндет болуы тиіс! Екі тілге бірдей жағдай жасау керек» деген – екіжүзділік! Ол аштан өлгелі жатқанның аузынан асты жұлып ап, тоқтықтан жарыла жаздап жатқанның аузына тығумен тең». 

Біріншіден, мемлекет пен үкімет басшыларының, министрлер мен әкімдердің, депутаттардың, саясаткерлер мен қайраткерлердің Ресей тіліне ауысып кетіп: «Бәріне түсінікті тілмен сөйлейін”-дегені - МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОРЛАУЫ және бізде 30 жылда да МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ БОЛМАҒАНЫН МОЙЫНДАУЫ! 

 

Екіншіден, биліктің мемлекеттік тілді білетін мемлекеттік қызметкерлер жоқ деп, мемлекеттік тілді міндеттемей отыруы – Тәуелсіздіктің 30 жылында мемлекеттің мемлекеттік тілді дамытуда түк істемгенін мойындауы болып саналады. 

Іргетас болмаса, үйдің қабырғасы мен шатырын жөндей бергеннен еш пайда жоқ. Мәжбүрлік керек. 

 

Мемлекеттік тіліміз ең алдымен цифрлық бағдарламаларда басты орында болуы керек. Біз жақында IT маманы Жанат Аймағанбетовтың ұсынысы бойынша Цифрлық даму министрі Бағдат Мусинге 30 жылдан бері Ресей тілінде сөйлеп келе жатқан деректер базасын қазақшалауды талап етіп, ресми хат жаздық. 

Қазақстандық азамат банкоматты ашқанда неге бірінші Ресей тілі қарсы алуы керек! Содан кейін барып, қазақ тілін іздеуіміз керек?! Біз сонда Ресейде отырмыз ба?

Банкоматтың басты тілі қазақ тілі емес, Ресей тілі болса, онда ол Қазақстанның банкоматтары емес?!.

Тобықтай сөздің түйіні - Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау қазіргі күн тәртібіндегі ең басты мәселе болып тұр!

Мемлекеттік тілді меңгеруге негіз қалану үшін ең алдымен еліміздегі балабақшалар мемлекеттік тілде болуы тиіс! Мектеп мемлекеттік тілде болып, мектеп бітіру және жоғары оқу орнына түсу ҰБТ-да Қазақ тілінен емтихан тапсыруы міндетті болуы тиіс.

 

ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ ҚАЗАҚША НАН СҰРАЙ АЛМАЙ ОТЫРСАҚ, БҰҒАН ҚАЗАҚ БИЛІГІ ЖАУАПТЫ!

 

30 жылдан бері ӘЛСІЗ ЗАҢЫНЫҢ ӨЗІН ОРЫНДАТА АЛМАЙ ОТЫРҒАН, НАҚТЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУҒА ҚАРСЫ БОЛЫП ОТЫРҒАН ҮКІМЕТТІҢ НЕ КЕРЕГІ БАР? 

Павлодарда Руза, Өскеменде Жұлдызай, елордамызда Оғыз Доған, Жасұлан Иса, Мұқағали Балқыбай, жарты Қазақстанды аралап шыққан Керекулік Диас Күзембай, Алматыда Садық Жанықұл, Жанар Жахат және тб жетіскеннен Мемлекеттік тілді талап етіп жүрген жоқ көшеде. Мемлекеттік тіл туралы заңдылықты - Мемлекет мүддесін қорғап жүр!

Заңдылықты қадағалаушы Бас прокуратураның, құқық қорғаушы Ішкі істер министрлігінің, заңды бақылау функциясынан айрылып қалған Тіл комитетінің жұмысын істеп жүр!

Ресейде мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткендерді “ұлтшылдар” деп айыптауға бола ма? Ендеше, Қазақстанда да мемлекеттік тілде қызмет етуді талап ету - заңдылық!

Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданса, ешкім көше кезіп, дүкен-кафе аралап, мемлекеттік тіл мәселесінде дау болмас еді…

Ал қабылданбаса, наразылық күшейе береді, дау көбейе береді. Бұның соңы бітпес дауға, тіпті толқуға апарып соғады. Бұл ең маңызды тіл мәселесіне үкіметтің жайлы кабинеттерінен шықпай-ақ, қара көзілдірік арқылы үстірт қарап, көзбояушы жалған ақпараттар арқылы хабар алып отыру мәселені ушықтыра береді.

Өткен 2021 жылы, жоғарыда айтқанымыздай, біз Көрнекі ақпарат туралы заң жобасына Тіл басқармалары үш жыл бұрын айрылып қалған кәсіпкерлік мекемелерді тілдік бақылау функциясын қайтару үшін Кәсіпкерлік кодекске қайта ұсынғанда, оған Қазақ Үкіметі, Ұлттық экономика министрлігі мен “Атамекен” ұлттық палатасы келісім бермей қарсы болып, өткізбеді.

Оларға Қазақстанның 80 пайыздай қазақ азаматтарының тілдік дискриминацияға ұшырауы, әр жыл сайын көрнекі ақпараттардағы 20 мыңға жуық жуық мемлекеттік тілдегі мазақ қателердің қаптауы түк әсер етпейтін секілді…

Сондықтан да, әйгілі көрнекті жазушылар Дулат Исабеков, Смағұл Елубаевтар “Қазақ үні” газетінде “Экономика министрлігі мен “Атамекен” палатасына қазақ тілі қажет емес пе?”-деп қатты сынады.

Біз “Қазақ тілінің обалы - қазақ үкіметінде?”-атты сын мақала жаздық.

 

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҚҰНЫ -0 (НӨЛ) екені әшкере болды.

 

2021 жылы Сенатта өткен тіл туралы жиында Элина Паули мемлекеттік қызметке тест тапсырарда оған: «Қазақ тілінен еш қорықпаңыз, бәрібір қандай жауап берсеңіз де, нөл қоямыз»-дегенін естіп қатты наразы болғанын жеткізді. Көрдіңіз бе, Мемлекеттік қызмет агенттігінде мемлекеттік тіл бағаланбайды. Бұл туралы «Қазақ үні» газеті үш жыл бұрын «Қазақ тілі – 0 (нөл)» деген тіл күрескері Жасұлан Исаның мақаласын жариялаған болатын.

Енді міне, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҚҰНЫ -0 (НӨЛ) екені Сенатта әшкере болды. Қазақ айтса тыңдағысы келмейтін біздің билікке мұндай масқараны диаспора өкілі айтып берді. 

 

ҚАЗАҚСТАН ҚАНДАЙ ЕЛ?!.

Бізді талай жыл отарлаған елдің көсемі айтқандай “ҚАЗАҚСТАН - ОРЫС ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙТІН ЕЛ” - деген сөз - “ҚАЗАҚСТАН - ӘЛІ ҚҰЛДЫҚТАН ҚҰТЫЛМАҒАН ЕЛ” -деген сөз?!.

Ресей Президенті Путиннің шындығы бар бұл сөзін біздің биліктегі мемлекеттік тілін білмей-ақ, Ресей тілінде сөйлейтіндер “бізді мақтап жатыр” деп мәз болған болар…

Иә, құл ғана қожайын тілінде сөйлеуге құмар болады…

Осы біз ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 жылдығын тойлаған жоқпыз ба?!.

Бұл масқарадан құтылудың бір-ақ жолы бар - МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МІНДЕТТЕЙТІН МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ қабылдау керек! 

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ АТА ЗАҢДА АЙҚЫН КӨРІНУІ ТИІС! 

Конституциялық кеңестің 2007жылғы 23 ақпандағы №3 қосымша қаулысы бойынша Конституциядағы Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады деген норма ресми тіл статусы емес және орыс тiлiне екiншi мемлекеттiк тiл мәртебесi берiлетiнiн бiлдiрмейдi. 

2021 жылы ол кезде белгілі заңгер, тіл жанашыры Досжан Әмір басқаратын Ақмола облыстық соты Көкшеде мемлекеттік тілге арналған конференция жасады. 

Қаулы қабылдап, #1 ұсыныс ретінде Атазаңның тіл туралы 7-бабын өзгертуді талап етіп қойды. 

Біз Мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен соттардың және көпшілікке қызмет ету мекемелері қызметкерлерінің міндетті түрде мемлекеттік тілді еркін білуі туралы стандарт енгізуіміз керек. Мемлекеттік қызметкерлер тапсыратын ҚазТЕСТ сынағындағы Қазақ тілін 0-мен бағалау масқарасы жойылуы тиіс!  

Ендеше, Қазақстанда да барлық жерде мемлекеттік тілде қызмет етуді талап ету - заңдылық! 

 

ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ ҚАЗАҚША НАН СҰРАЙ АЛМАЙ ОТЫРСАҚ, БҰҒАН ҚАЗАҚ БИЛІГІ ЖАУАПТЫ! 

30 жылдан бері ӘЛСІЗ ЗАҢЫНЫҢ ӨЗІН ОРЫНДАТА АЛМАЙ ОТЫРҒАН, НАҚТЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУҒА ҚАРСЫ БОЛЫП ОТЫРҒАН ҮКІМЕТТІҢ НЕ КЕРЕГІ БАР? 

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ДАМЫМАУЫ – МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ КІНӘСІ! 

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МӘЖБҮРЛЕМЕЙ, ТІЛ ДАМЫМАЙДЫ!

 

Елдің ең басты мәселесі – Мемлекеттік тіл туралы дербес заң қабылданбай, бұл күннен-күнге қиындап келе жатқан күрделі мәселе ешқашан бітпейді, қайта өрши береді. 

Мысалы, Ресейде мемлекеттік тілді талап етсең - патриот болып мақталасың. Ал Қазақстанда мемлекеттік тілді талап етсең, нашар мағынадағы “ұлтшыл” атанып, -датталасың, тіпті сотталасың!

Сондықтан, “Бізде бір ғана мемлекеттік тіл бар, ол - қазақ тілі”, “Қазақстан азаматтары Мемлекеттік тілді білуі -міндетті”-деп, бірегей ұлт саясатын ұстанған ҚР Президенті Қ.Тоқаев айтқандай, бір ғана Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек!

Сонда ғана мемлекет басшысының айтқаны заңмен бекітіледі.

Таяуда көрші туыс ел Қырғыз Республикасы Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдады. Өзбектерде Кеңес одағы кезінен бәрі өзбек тілінде сөйлейді.

Біз де “ештен кеш жақсы” дегендей, Тәуелсіздігімізге 32 жыл толғанда әлемдік тәжірибе көрсеткендей, Түбегейлі өзгерісті Тілден бастамасақ, тірлік дамымайтынын 30 жылымыз айқын көрсетті.

30 жылда 30 сөз үйренбегендер тек қажеттілік тудыратын заң болғанда ғана Мемлекеттік тілді мойындайтыны ақиқат!

Біз мұны ҚАУІП ЕТКЕННЕН АЙТАМЫЗ!  

Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты