МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ АТА ЗАҢДА АЙҚЫН КӨРІНУІ ТИІС! - Қазыбек Иса

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ АТА ЗАҢДА АЙҚЫН КӨРІНУІ ТИІС! - Қазыбек Иса

Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты мен М. Нәрікбаев атындағы Қазақ ГЗУ өткізген «Құқық жүйесіндегі қазақ тілінің мәселелері және оларды шешу жолдары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөйлеген сөзінің толық нұсқасы

“Едігеден бастасам, ертегіге кетермін” дегендей, Мемлекеттік тілдің зар мұңын айтсақ, таңнан таңға кетеміз.

Ең алдымен еліміздегі үшінші билік - Жоғарғы сот бас болып, заң мен құқық қорғау орындарының басын қосып, Мемлекеттік тілдің рөлі жайлы келелі кеңес өткізіп жатқанына Асланбек Амангелдіұлы, сіздерге алғысымызды білдіреміз. Кезінде кеше ғана өмірден өткен көрнекті ұлт қайраткері Амангелді Айталы ағамызбен бірге Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын жасауға бастамашы болған заңгер, мемлекет қайраткері Мақсұт Нәрікбаев атындағы заң университетіне де рахметімізді айтамыз. 

Мен бүгінгі сөзімде Мемлекеттік тіл мәселесінің еліміздегі ең басты мәселеге айналып тұрғанына тағы да қоғам мен биліктің назарын аударғым келеді. 

“Ет сасыса, тұз себеді, тұз сасыса не себеді?”-дейді халық даналығы. Сол секілді сот саласында кейінгі кезде мемлекеттік тілдің қолданылуы артып келе жатқанмен, әлі сын көтермейді. Сот саласында істердің 29 пайыз ғана мемлекеттік тілде. Бұл әсіресе, Астанадан бастап, орталық пен солтүстік және шығыс өңірлерде өте аянышты халде. 

Мен өзім куә болған сот ісінен мысал келтірейін. Қоғамда үлкен резонанс тудырған Су комитетінің экс төрағасы Ислам Әбіштің ісіне 2019 жылдан көктемінен бастап, бір топ ұлт зиялыларымен бірге екі жыл қоғамдық қолдаушы болып қатыстым. 

Біріншіден, ең үлкен сорақылық - сотты жүргізген судьялардың мемлекеттік тілді дұрыс білмеуі.

Мысалы, судья Мекемтас Қажымұқан екі беттік қаулыдан 74 қате жіберді. Бұл “Қазақ үні” сайтында және әлеуметтік желілерде үлкен шу болды! Бұл масқара қайда болып жатыр? Тәуелсіздік алғанына 30 жылдай болған Қазақстанның Астанасындағы сотта болуда. Мысалы біздің ауылда, шалғай Шардарадағы, қиырдағы Қызылқұмдағы мектептің үшінші сынып оқушысы екі бет қағаздан 74 қате түгілі 7 қате де жібермейді!..

Ал бұндай сауатсыз сот мүшелеріне қалай адам тағдырын сеніп тапсыруға болады? 

Адвокаттар мен қоғамдық қорғаушылар қазақша жетік білмейтін судьяға сенімсіздік танытып, ол сот залынан шығып кетуге тура келді. Оның орнына келген судьяның қазақшасы одан бетер нашар екен! Оған да сенімсіздік таныттық. Одан кейін келген судья мемлекеттік тілге сауаты алдыңғы екеуінен де сорақы болып шықты. Жалпы, соттың бір отырысында үш судьяға үш рет сенімсіздік білдірдік. Ақыры, Астана сотында мемлекеттік тілді білетін бір де бір судья табылмаған масқара жағдайға көз жеткізген соң, сол басындағы Мекемтас Қажымұқанға зар болып, ол қайта келуге мәжбүр болды… 

Қазақ Елінде қазақ тілі бар екенін, оның сот пен заң, құқық саласында қолданылуы Конституциямен, заңдармен бекітілген мемлекеттік тіл екенін Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылында Астананың соты жалпы, Қазақстан соты тұңғыш рет осылай еске түсірді… 

Екіншіден, құқық қорғау органдарының тергеушілері де қазақша білмейді. Мысалы, осы сотқа жауап беруге келген, Антикордың қазақ тергеушілерінің бәрі қазақ тілінен аудармашы арқылы сөйлесті. 

Бұдан біз сот пен құқық қорғау органдарындағы, яғни заңды бірінші сақтауы тиіс заң саласындағы ең басты заңсыздық - Мемлекеттік тілдің аянышты халіне куә болдық. 

Сондықтан да өздері қазақ тілін білмейтін тергеушілер мен судьялар сот пен тергеудің Ресей тілінде өтуіне мүдделі. Тергеушілер де, соттар да жауапкерлерді тергеу мен соттың орыс тілінде өтуіне мәжбүрлейтіндері көп кездеседі. Ал қазақ тіліндегі жауап алу мен орыс тіліндегі жауап алудың екі тілдің өзіндік ерекшелігіне байланысты екі түрлі ерекшелігі бар екенін ескермеййді. Бұл жауапкер тағдырына кері әсер етеді. Мысалы, бұрын орыс тіліндегі өткен тергеу мен соттың кейін іс қағаздары қазақ тіліне ауысқанда, сотталып кеткендердің ақталып шыққандары да аз емес. Бұл туралы белгілі заңгер, биылғы адвокаттарға берілетін ең үлкен сыйлық - “Адвокаттың Алтын белгісін” иеленген Абзал Құспан жазған болатын. 

Абзал Құспан өзі қорғаған Ислам Әбіш ісінің тергеуінің мемлекеттік тілде өтуін талап етіп, бұған заңды қадағалаушы бас прокуратураның жауапты басшыларының өзі бастап қарсы болғанда, Жоғары сотқа жүгіну арқылы ғана қол жеткізді. 

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ АТА ЗАҢДА АЙҚЫН КӨРІНУІ ТИІС! 

Жалпы, біз мемлекеттік тілдің мемлекеттегі маңызын айтқанда, ең алдымен Атазаңнан бастауымыз керек!

Кезінде Мұқтар Шаханов пен Амангелді Айталы бастаған 20 шақты Мәжіліс депутаттары сауалдарына Конституциялық кеңестің 2007 жылғы 23 ақпандағы №3 қосымша қаулысы бойынша Конституциядағы Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады деген норма ресми тіл статусы емес және орыс тiлiне екiншi мемлекеттiк тiл мәртебесi берiлетiнiн бiлдiрмейдi деген шешім шығарылған.

Конституциялық кеңестің 2007 жылғы 23 ақпандағы №3 қосымша қаулысы бойынша Конституциядағы Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады деген норма ресми тіл статусы емес және орыс тiлiне екiншi мемлекеттiк тiл мәртебесi берiлетiнiн бiлдiрмейдi.

Сондықтан, Атазаңдағы 7-баптың 2-тармағы жұртты әлі шатастырып, орыс тілі заңсыз мемлекеттік тіл рөлін атқарып келе жатқандықтан, бүгінде ұлтаралық жанжалдардың туындауына себеп болып отыр. Сондықтан Конституцияның 7-бабының 2- тармағын алып тастайтын кез жетті.

Өйткені, кез келген дүкенге, мекемеге кірген Ресей тілін білмейтін және шет тілін білмеуге толық хақысы бар азамат ел заңнамасына сай Мемлекеттік тілде қызмет етуді талап еткенде, одан 30 жыл бойы мемлекет те, басшысы да талап етпеген мемлекеттік тілді білмейтін сатушы не қызметкер «Бізде мемлекеттік тіл – екеу, Конституцияның 7-бабы, 2-тармағы солай» деп, заңсыз қарсыласады да, дау-жанжалдың барлығы осыдан шығады.

Осы мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы Конституциялық кеңестің қаулысы айқындап берген анықтама-тұжырымды осы уақытқа дейін біз әлі парламенттегі көптеген депутаттарға, тіпті, мамандығы заңгер депутаттарға түсіндіре алмай келеміз… 

“Біздің елде Мемлекеттік тіл екеу”, “Орыс тілі - ресми тіл, мемлекеттік тілдің орнына жүре береді” деген заңға қайшы сөзді сауда орындарындағы сауатсыз сатушы айтса, мейлі, сақалы ағарған саясаткер, биліктегі жоғары лауазымды шенеуніктер, министр, әкім, депутаттар айтып жатқанда, олардың сауатсыздығына таңғаласың! 

Біздің Қазақстанда мемлекеттік тілге қарсы осындай заңсыз саясат отыз жылдан астам уақыттан бері үстемдік етіп келеді. 

2016 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: “Орысшаға қазақ тілінде жауап бергендер жұмыстан қуылады” деп, өзі қол қойған заңдарға қарсы сөйлеген кезде біз осы Мұқтар Шаханов пен Амангелді Айталы ағалар бастаған депутаттардың талабымен қабылданған Конституциялық кеңес қаулысы мен Тіл туралы заңға сүйеніп, “ҚАЙ ТІЛГЕ БОЛСА ДА, ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ЖАУАП БЕРСЕҢІЗ – ЗАҢДЫ БОЛАДЫ!”-деген мақаламен жауап бергенбіз.

Ол мақаламызда: “Орыс тілінің статусы мемлекеттік тілмен бірдей" -деген сөз ойдан шығарылған, орыс тілінің құқын асыра пайдаланған орыс тілділер жасап алған жалған "статус". Сондықтан,

«Орысша жауап бермеді, қазақша жауап берді немесе қазақша сөйледі» деген шағымданудың барлығы - ЗАҢСЫЗ!”-деп жазған едік 2016 жылы 25 ақпанда.

ҚР “Тіл туралы” Заңының 4-бабында “Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс қағаздарын жүргізу тілі”, – деп айқын жазылған. 

Ал ҚПК-нің 30-бабы, ӘҚБтК-нің 738- бабы бойынша да Қазақстанда қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу тілі қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізу де мемлекеттік тілде жүргізілуі керек. 

Биліктің мемлекеттік тілді білетін мемлекеттік қызметкерлер жоқ деп, мемлекеттік тілді міндеттемей отыруы – Тәуелсіздіктің 30 жылында мемлекеттің мемлекеттік тілді дамытуда түк істемгенін мойындауы болып саналады. 

ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯМЫЗ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІМІЗ БОЛУЫ КЕРЕК!

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ АТА ЗАҢДА АЙҚЫН КӨРІНУІ ТИІС!

ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ҚОРҒАУ - МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕН БАСТАЛАДЫ!  

Ал бізде 30 жылдан бері МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОҚ!  

Конституцияның тіл туралы бабының бірінші тармағын орындамай, оған қарсы екінші тармағын орындайтын ел әлемде тағы да жалғыз Қазақстан! 

ТІЛДІК ДИСКРИМИНАЦИЯҒА ұшырап жатқан ҚАЗАҚ ТІЛІ, орыс тілі емес!

Өйткені, МЕМЛЕКЕТТІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІ ДИСКРИМИНАЦИЯҒА ҰШЫРАУ - тарихта әлемде тек Қазақстанда ғана! 

Ал кез келген өзін сыйлайтын ел үшін алдымен әлемдік алты тіл емес, ең бірінші Мемлекеттік тілі маңызды! 

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОРЛАТПАУ - МЕМЛЕКЕТ БАСШЫЛАРЫНАН БАСТАП, БӘРІМІЗДІҢ БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ БОЛУЫ ТИІС! 

Ұлттық намысы жоқтардың: “Бәріне түсінікті тілмен сөйлейін”-дегені - МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОРЛАУЫ және бізде 30 жылда да МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ БОЛМАҒАНЫН МОЙЫНДАУЫ! 

Ел біртұтас бірігу үшін барлық ұлт мемлекеттік тілде сөйлеуі керек! 

Түрік Республикасының тұңғыш президенті Кемал Ататүрік сайлана салысымен алғашқы жылы-ақ: «Түркия мемлекеті мықты болуы үшін еліміздегі 78 ұлт бүгіннен бастап бәріміз бір тілде -түрік сөйлейтін бір ұлтпыз!» -деп жариялады. Осындай қазақ ұлты алдындағы тарихи жауапкершілік пен ұлы аманат бізде де орындалуы тиіс еді... Өкінішке орай, 30 жылымыз, бір дәуір босқа өтті...

Мемлекеттік тілімізді міндеттейтін заң қабылдау үшін біз енді тағы 30 жыл үшінші президентті күтуіміз керек пе?!

«Ақ жол» фракциясы 2012 жылы Мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру бойынша заң жобасын жасағанда үкімет өткізбей тастады. «Қазақ тіліне қазақ үкіметі қарсы шықты» деп жаздық біз.

Конституцияның тіл туралы 7-бабының 2-тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заңды талап етуді біз ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің 2019 жылғы 6 қыркүйекте өткен бірінші отырысында да көтердік.

Парламентте «Ақ жол» фракциясының «Мемлекеттік тілдің жеке дара мәртебесін анықтайтын уақыт жетті!» атты депутаттық сауалын 2021 жылғы 3 ақпандағы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминге жасадық., Биыл да екінші рет 2022 жылғы 27 сәуірде ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайыловқа Конституцияның тіл туралы 7-бабының 2-тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заңды талап еткен депутаттық сауал жасадық. Бұл сауалымызды Еговтағы петицияда жарты миллионнан астам адам қолдады.

2021 жылы Көкшетауда Ақмола облыстық соты, ол кезде төрағасы қазіргі Жоғары сот судьясы, белгілі заңгер, тіл жанашыры Досжан Әмір, басы-қасында Жоғары сот қызметкері Нұргүл Қарағойшина бар, мемлекеттік тілдің рөлі туралы республикалық конференция өткізді. Конференцияда біз де сөйледік. Бүкіл зиялы қауым қатысты. Конференция қарарында #1 ұсыныс «Конституцияның тіл туралы 7-бабының 2-тармағын қайта қарау» болды.

Бүгінгі конференция қарарына да осы талапты енгізу керек. Бұл менің ұсынысым.

АТА ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТПЕЙ, ТІЛДІ ҮЙРЕНУ – СУҒА ТҮСПЕЙ ЖҮЗУДІ ҮЙРЕН ДЕГЕНМЕН БІРДЕЙ! 

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МІНДЕТТЕУ - МЕМЛЕКЕТТІҢ МІНДЕТІ 

Биліктің мемлекеттік тілді білетін мемлекеттік қызметкерлер жоқ деп, мемлекеттік тілді міндеттемей отыруы – Тәуелсіздіктің 30 жылында мемлекеттің мемлекеттік тілді дамытуда түк істемгенін мойындауы болып саналады. 

Іргетас болмаса, үйдің қабырғасы мен шатырын жөндей бергеннен еш пайда жоқ. Мәжбүрлік керек. 

«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 23-бабының 3-тармағы осы заң қабылданғалы 1997 жылдан бері 24 жылда, яғни, ширек ғасырдан бері және Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық дәуірінде де іске аспаған және іске асатынына елдің үміті жоғалған «жансыз» бап. 

Сондықтан да, 2020 жылы «Қазақ үні» ұлттық порталында Мемлекеттік тіл туралы заңды талап етіп, ҚР Президентіне жазылған Ашық хатқа еліміздің әлемге әйгілі тарландары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабеков, Асанәлі Әшімов, Қабдеш Жұмәділов, Өмірзақ Айтбаев, Амангелді Айталы, Мекемтас Мырзахметов, Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Төлен Әбдік, , Смағұл Елубай, Сәбит Досанов, Ғаббас Қабышев, Темірхан Медетбек, Бексұлтан Нұржекеев, Исраил Сапарбай, Ұлықбек Есдәулет және т.б. бастап, екі айда 130 мыңға жуық адам қол қойып, бұрынғы межелерден 1000 еседей көп тарихи рекордтық деңгейге жетті.

Өткенде қарап отырсам, Өмірзақ Айтбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қабдеш Жұмәділов, Амангелді Айталы және тб 12 ұлт қайраткері өмірден өтіп кетіпті мемлекеттік тіл туралы заңды күтіп... 

Ұлт мүддесі үшін бұрын мұншалықты қалың қол жиналған емес. Бұл тек интернетке қолы жеткен 130 мыңға жуық Ел патриоттары артында смартфон пайдалана алмайтын миллиондаған халық тұрғаны айқын. Бұл қалың қол ішінде тек қазақтар ғана емес, әртүрлі ұлт өкілдері де (50-ге жуық) жеткілікті. Яғни, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау күн тәртібіндегі күннен-күнге күшейіп келе жатқан ең өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан да «Қазақ үні» порталында бұл Ашық хатты 1 бір миллионға жуық адам оқып, 1 мыңнан аса пікір жазылып қолдау білдірді. Әлеуметтік желілердегі қаптаған қолдаушылардың санын есептеу мүлде мүмкін емес. 

Кезінде Мәдениет министрлігінде Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы тұжырымдамасын жасалып, 2020 жылы тамыз айында Үкіметке жіберілді. Яғни, ол заң тұжырымдамасы әлі Үкіметте жатыр қозғаусыз.

Мен бұл Мемлекеттік тіл туралы заңның Концепциясын биыл 31 тамызда осы жиынға қатысып отырған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мырзаның қолына ұстаттым. Тіл комитеті төрағасы Әділбек Қаба да осында. Енді бастамашылықпен Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау үшін үкіметтің қорытындысын күтіп отырмыз.

Ал 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» Қазақстан Республикасының заңы Қазақстандағы тіл саясатын реттеушілік маңызға ие бола алмаған формальды құжат қана. 

МЕМЛЕКЕТКЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ КЕРЕГІ ЖОҚ БОЛСА, ҚАЗАҚ ТІЛІН КІМ, НЕ ҮШІН ҮЙРЕНЕДІ!?. 

30 жылдан бері әлі күнге мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік тілді білуі туралы талап жоқ. Мемлекеттік тілді білу талабы қазір жаңсақ айтылып жүргендей, азаматтың жеке басын тіліне қарай кемсіту емес, мемлекеттік қызметшілерге, бар болғаны 100 мыңға жуық адамға ғана қойылатын кәсіби біліктілік талабы болуы тиіс. Көлік жүргізушіден жүргізуші куәлігін қалай талап етсе, сонымен бірдей міндет болу керек бұл. 

Жалпы мемқызметкерлерді 0,5 пайыз деп есептесек, оның ішінде мемлекеттік тілді білмейтіндер жартысынан да аз шамада. Сонда билікке мемлекет мүддесін емес, мемлекеттік тілге миы жетпейтін бар-жоғы 0,2 пайыздың мүддесін қорғап, мемлекетке, билікке кір келтіріп отырғанын отыз жылдан бері ұғыну үшін көп ақылдың керегі жоқ қой. 

Біз Мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен соттардың және көпшілікке қызмет ету мекемелері қызметкерлерінің міндетті түрде мемлекеттік тілді еркін білуі туралы стандарт енгізуіміз керек. Мемлекеттік қызметкерлертапсыратын ҚазТЕСТсынағындағы Қазақ тілін 0-мен бағалау масқарасы жойылуы тиіс! 

Парламентте 3 мыңға жуық заң шықса, соның екеуі ғана мемлекеттік тілде қабылданған. Ол өткен ғасырдағы қаламгер депутаттар Әкім Ысқақ жетекшілік еткен Көші-қон туралы заң және Фариза Оңғарсынованың “Отбасы туралы” заңы. Назар аударыңыздар, бұл екі заң депутаттардың өздерінің бастамашылығымен қабылданған заңдар! Ал осы уақытқа дейін бір де бір заңды мемлекеттік тілде ұсына алмаған Үкіметке не деуге болады?!. Бұндай жат мемлекеттің тілінде сөйлейтін, жұмыс істейтін Үкіметтен не үміт, не қайыр?!. Өзге тілде сөйлейтін Үкіметтен өз еліне қандай жақсылық күтуге болады?!. 

2021 жылы Халықаралық Қазақ тілі қоғамының Құрылтайында белгілі тіл күрескері Оразгүл Асанғазықызы бастап, біз қостап, бұрын Үкіметте болып, кейін Мәсімовтің кезінде жойылып кеткен Мемлекеттік тілдің қолданылуы жайлы ведомоствоаралық комиссияны қайта құруды қаулыға енгіздік. Ал енді осы комиссия бір жарым жылдан кейін, кеше ғана құрылды. Себебі, сол кезде Президент әкімшілігі ішкі саясатын басқарып отырған бір функционер өзінен жоғары басшыға осы мәселе туралы жазғанда: «Егер біз Мемлекеттік тілдің қолданылуы жайлы ведомоствоаралық комиссияны қайта құрсақ, көрші Ресей мемлекеті қалай қарайды?» - деп жазған?!. Бұл не масқара!?. Сонда, Тәуелсіздігіне 30 жыл болған мемлекеттің Ішкі саясатына жетекшілік етіп отырған орыстілді ұлты қазақ жауапты басшы құлдық санамен осылай қалтырап отырса, жалпы Ұлттық идеология туралы сөз қозғаудың өзі мүмкін бе?!. Сонда олардың Президенті Тоқаев емес, Путин бе?!.

Міне, біздің 30 жылда да дамымай келе жатқанымыз! 

Таяуда «Ақ жол» партиясы жиынында тілге жанашыр жас кәсіпкер жігіт Азат Болатұлы тіліміздің ауыр халі туралы сөз қозғап, арасында қорқынышты мысал айтты. Ол бір жұмысымен Халыққа қызмет көрсету орталығына барып қалады. Сонда ЖСН алуға кезекте тұрған қаптаған Ресей азаматтары өзара әңгімелесіп тұрып бір-біріне: «Айналаға қарашы, қазақтардың барлығы Ресей тілінде сөйлейді екен. Бұлар тәуелсіздік алмаған секілді, сондықтан бұл елге арнаулы операция өткізудің де қажеті жоқ секілді» деп айтып тұр екен! Бұл нені білдіреді?! Бұл – мемлекеттік тіліміздің Ұлттық қауіпсіздігімізге төнген үлкен қаупін білдіретіндей құлдырауын көрсеткен зор дабыл! 

ТІЛ ЖӨНДЕЛМЕЙ - ТІРЛІК ЖӨНДЕЛМЕЙДІ!

Ең басты формула - осы! 

Басқа жол жоқ!

Әлемнің озат оқу ордасын үздік бітірген маман Қазақ тілін білмесе, оның білімінен Қазаққа пайда жоқ!

Бұны соғыстан кейінгі күйреген экономикасын мемлекеттік тілін ұлттық ұран ету арқылы көтерген Германия мысалынан да, соғыстан кейін күйреген экономикасын ұлттық идеологиясын ұлықтау арқылы көтерген Жапониядан да айқын байқауға болады. 

Жалпы билік, мемлекет ұлтпен бірге болғысы келе ме? Ендеше ұлттың тілінде сөйлесін! Тәуелсіздік алғанына 30 жылдан асқан Мемлекеттің басшысынан бастап, мемлекеттік қызметкерлердің бәрінің шет тілінде, отарлаушы ел Ресей тілінде сөйлегенін ел ешуақытта көрмеуі керек! Отарлаушы елдің тілінде сөйлеп тұрып, Тәуелсіз елдің мүддесін қорғаймын деп елді алдау - бос сөз! Бүгінде оған ешкім сенбейді!

Онда «Жаңа Қазақстан», «Екінші республика», «Әділетті Қазақстан» дегендердің бәрі алдамшы, елді алдаған көзбояушылық болып шығады! 

Біз Тәуелсіздікті кімнен алдық? Арысы патшалы Ресейден, берісі коммунистер билеген Кеңес одағынан алдық! Ендеше Азаттық алған ел 30 жылдан астам өзін отарлаушы елдің тілінде сөйлеп келе жатқаны, ол тілді Конституциясы мен заңдарына бекітіп қойғаны қандай масқарашылық?!. Әлемде қандай ел бар мұндай қорлыққа 30 жылдан астам көніп келе жатқан?!.  

Депутаттық сауалымызда жариялағандай, «Салық төлеу қандай міндет болса, мемлекеттік тілді білу де сондай міндет болуы тиіс! Екі тілге бірдей жағдай жасау керек» деген – екіжүзділік! Ол аштан өлгелі жатқанның аузынан асты жұлып ап, тоқтықтан жарыла жаздап жатқанның аузына тығумен тең». 

Мемлекет пен үкімет басшыларының, министрлер мен әкімдердің, депутаттардың, саясаткерлер мен қайраткерлердің Ресей тіліне ауысып кетіп: «Бәріне түсінікті тілмен сөйлейін”-дегені - МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОРЛАУЫ және бізде 30 жылда да МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ БОЛМАҒАНЫН МОЙЫНДАУЫ! 

Мемлекеттік тіліміз ең алдымен цифрлық бағдарламаларда басты орында болуы керек. Біз жақында IT маманы Жанат Аймағанбетовтың ұсынысы бойынша Цифрлық даму министрі Бағдат Мусинге 30 жылдан бері Ресей тілінде сөйлеп келе жатқан деректер базасын қазақшалауды талап етіп, ресми хат жаздық.

Қазақстандық азамат банкоматты ашқанда неге бірінші Ресей тілі қарсы алуы керек! Содан кейін барып, қазақ тілін іздеуіміз керек?! Біз сонда Ресейде отырмыз ба?

Банкоматтың басты тілі қазақ тілі емес, Ресей тілі болса, онда ол Қазақстанның банкоматтары емес?!. 

Тобықтай сөздің түйіні - Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау қазіргі күн тәртібіндегі ең басты мәселе болып тұр! 

Мемлекеттік тілді меңгеруге негіз қалану үшін ең алдымен еліміздегі балабақшалар мемлекеттік тілде болуы тиіс! Мектеп мемлекеттік тілде болып, мектеп бітіру және жоғары оқу орнына түсу ҰБТ-да Қазақ тілінен емтихан тапсыруы міндетті болуы тиіс. 

2020 жылы 1 қазанда Қазақстан халқы Ассамблеясында еліміздегі барлық этнос өкілдері «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МІНДЕТТЕУ КЕРЕК» деп, арнайы ресми үндеу қабылдады. 

Біз енді тағы кімді және нені күтіп отырмыз?!.

Мысалы, Ресейде мемлекеттік тілді талап етсең - патриот болып мақталасың. Ал Қазақстарда мемлекеттік тілді талап етсең, нашар мағынадағы “ұлтшыл” атанып, -датталасың, тіпті сотталасың! 

Сондықтан, Президент айтқан бір ғана Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек!

Сонда ғана мемлекет басшысының айтқаны заңмен бекітіледі. 

ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ ҚАЗАҚША НАН СҰРАЙ АЛМАЙ ОТЫРСАҚ, БҰҒАН ҚАЗАҚ БИЛІГІ ЖАУАПТЫ! 

30 жылдан бері ӘЛСІЗ ЗАҢЫНЫҢ ӨЗІН ОРЫНДАТА АЛМАЙ ОТЫРҒАН, НАҚТЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУҒА ҚАРСЫ БОЛЫП ОТЫРҒАН ҮКІМЕТТІҢ НЕ КЕРЕГІ БАР? 

Павлодарда Руза, Өскеменде Жұлдызай, елордамызда Оғыз Доған, Жасұлан Иса, Мұқағали Балқыбай, жарты Қазақстанды аралап шыққан Керекулік Диас Күзембай, Алматыда Садық Жанықұл, Жанар Жахат және тб жетіскеннен Мемлекеттік тілді талап етіп жүрген жоқ көшеде. Мемлекеттік тіл туралы заңдылықты - Мемлекет мүддесін қорғап жүр! 

Заңдылықты қадағалаушы Бас прокуратураның, құқық қорғаушы Ішкі істер министрлігінің, заңды бақылау функциясынан айрылып қалған Тіл комитетінің жұмысын істеп жүр! 

Ресейде мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткендерді “ұлтшылдар” деп айыптауға бола ма? Ендеше, Қазақстанда да мемлекеттік тілде қызмет етуді талап ету - заңдылық! 

Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданса, ешкім көше кезіп, дүкен-кафе аралап, мемлекеттік тіл мәселесінде дау болмас еді… 

Ал қабылданбаса, көшеге шығудың көкесі сонда болады, дау көбейе береді. Бұның соңы бітпес дауға, тіпті толқуға апарып соғады. Бұл ең маңызды тіл мәселесіне үкіметтің жайлы кабинеттерінен шықпай-ақ, қара көзілдірік арқылы үстірт қарап, көзбояушы жалған ақпараттар арқылы хабар алып отыру мәселені ушықтыра береді. 

Өткен 2021 жылы біз Көрнекі ақпарат туралы заң жобасына Тіл басқармалары үш жыл бұрын айрылып қалған кәсіпкерлік мекемелерді тілдік бақылау функциясын қайтару үшін Кәсіпкерлік кодекске қайта ұсынғанда, оған Қазақ Үкіметі, Ұлттық экономика министрлігі мен “Атамекен” ұлттық палатасы келісім бермей қарсы болып, өткізбеді. 

 Оларға Қазақстанның 80 пайыздай қазақ азаматтарының тілдік дискриминацияға ұшырауы, әр жыл сайын көрнекі ақпараттардағы 13 мыңға жуық мемлекеттік тілдегі мазақ қателердің қаптауы түк әсер етпейтін секілді…

Өйткені, біз осы заң жобасына Тіл басқармалары үш жыл бұрын айрылып қалған кәсіпкерлік мекемелерді тілдік бақылау функциясын қайтару үшін Кәсіпкерлік кодекске қайта ұсынып отырмыз. Ал оған Қазақ Үкіметі, Ұлттық экономика министрлігі мен “Атамекен” ұлттық палатасы келісім бермей қарсы болып отыр әлі.   

Сондықтан да жарты жылдан бері Үкімет келісімі алынбағандықтан бірінші сессияда қабылдануы тиіс заң жобасы екінші сесияға қалуға мәжбүр болды… Оларға Қазақстанның 80 пайыздай қазақ азаматтарының тілдік дискриминацияға ұшырауы, әр жыл сайын көрнекі ақпараттардағы 13 мыңға жуық мемлекеттік тілдегі мазақ қателердің қаптауы түк әсер етпейтін секілді…

Сондықтан да, әйгілі көрнекті жазушылар Дулат Исабеков, Смағұл Елубаевтар “Қазақ үні” газетінде “Экономика министрлігі мен “Атамекен” палатасына қазақ тілі қажет емес пе?”-деп қатты сынады.

Біз “Қазақ тілінің обалы - қазақ үкіметінде?”-атты сын мақала жаздық. 

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ДАМЫМАУЫ – МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ КІНӘСІ!  

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МӘЖБҮРЛЕМЕЙ, ТІЛ ДАМЫМАЙДЫ деп талай жаздық.    

Елдің ең басты мәселесі - Мемлекеттік тіл туралы дербес заң қабылданбай бұл дау ешқашан бітпейді, қайта өрши түсе береді. 

Біз мұны ҚАУІП ЕТКЕННЕН АЙТАМЫЗ! 

Қазыбек ИСА, ақын,ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты