«ЖЫЛ АДАМЫ - 2022» АНЫҚТАЛДЫ

«ЖЫЛ АДАМЫ - 2022» АНЫҚТАЛДЫ

«Қазақ үні» газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталының 2022 жылғы «Жыл адамы» анықталды. Еліміздің еңселі болуы үшін еңбектеніп жүрген ел азаматтарының жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларын атап өту мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан осынау жоба аясында оқырмандар қалаған тұлғасына қолдау көрсетті. Дауыс беру телефон сауалы, смс, электронды пошта хабарлары және әлеуметтік желі арқылы өткізілді. Барлық дауысты есепке ала отырып, арнайы құрылған Сарапшылар шешім шығарды. Ендеше «Жыл адамы – 2022» байқауының жеңімпаздарымен таныс болыңыздар!


ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ ОҚИҒАСЫ –

Қаңтар оқиғасы. Елімізде жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерден қажыған жұрт өздерінің үнін билікке жеткізу үшін бейбіт шеруге шыққан болатын. Осы мезетте қасақана әрекет еткен қарақшылар тобы елдегі тұрақтылықтың тамырына балта шапқысы келді. 


ЖЫЛ ДАТАСЫ - ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы.

25-қазан Республика күні! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды.Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күні еліміздің басты мерекесі ретінде аталып өтілетін болды.


ЖЫЛ ЖЕТІСТІГІ – 

Конституциялық реформа. Референдум аясында жоспарланған 33 өзгерістің 31-і бұрынғы баптарға енгізлсе, қалған екеуі жаңа баптар болды. Біріншіден Конституциялық сот пайда болып, ол Ата заңда бекітілді, ал екіншісі – Адам құқықтары бойынша өкіл, яғни омбудсмен конституциялық негіздегі статусы бекітілді. 

Бірінші бап, екінші тармақта жер, жер қоймалары, жер астындағы байлықтар, су, өсімдік, бүкіл биоресурстар тікелей Қазақстан халқының меншігінде деп нақты жарияланды. Бұл өте үлкен өзгеріс.

Жыл Жазушысы – Дулат Исабеков


Өмірден өнер жасаған белгілі жазушы Дулат Исабеков­тің 80 жылдық мерейтойы еліміздің түкпір-түкпірінде өте жоғары деңгейде аталып өтілуде. 

Жазушының қаламынан туған «Мазасыз күндер», «Тіршілік», «Сүйекші», «Гауһартас» сынды повестері, «Қарғын» романы және басқа да шығармалары оқырманның жоғары бағасын алған. Мемлекеттік сыйлық иегері қарымды қаламгер таяуда ғана Еңбек Ері атанды. 

Жыл қайраткері – Мұхтар Шаханов


Қазақ тілінің шынайы азат тілге айналуы жолында тер төккен Мұхтар Шаханов өз заманының заңғар тұлғасы. Қазақстанның Халық жазушысы және Қырғызстанның Халық ақыны Мұхтар Шахановтың 80 жылдығы елімізде және әлемнің бірқатар елдерінде өте жоғары деңгейде аталып өтілді. Биылғы жылы ана тіліне деген шынайы жанашырлығы үшін Мұхтар Шахановқа Ел Президенті ең жоғарғы марапат – Еңбек Ері атағын табыстады.

Жыл драматургі – Талғат Теменов


Өнертану профессоры, Қазақстанның Халық әртісі Талғат Теменовтің қазақ өнеріне қосып келе жатқан үлесі өлшеусіз. Биыл ол «Үздік драматургия» номинациясы бойынша «Мың мен жалғыз...» пьесасы үшін «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпазы атанды.

Жыл кинодраматургтері –Смағұл Елубай мен Жүсіпбек Қорғасбек

Биыл мерейлі 75 жасқа толған белгілі жазушы, драматург Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романының желісімен фильм түсірілді. Өткен ғасырдағы қазақ даласында болған аштық арқау еткен картина көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Сондай-ақ, аталмыш туынды ел Президентінің де жоғары бағасын алды. 


Сол сияқты, жазушы, журналист, кинодраматург Жүсіпбек Қорғасбектің «Мұ­қағали» фильмі Шотландияда өткен халықаралық кинофестивальде бес бірдей жүлдені жеңіп алды. Осылайша еңбегі әлем елдерінде жоғары бағаланған Жүсіпбек Қорғасбек «Үздік кинодраматург» халықаралық жүлдесінің иегері атанды.

Жыл ақындары – Ғалым Жайлыбай мен Батырхан Сәрсенхан


Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, ақын Ғалым Жайлыбайдың биылғы жылы әлем ха­лықтарының 16 тіліне аударылған нұсқалары топтас­тырылған «Қара орамал» поэма-реквиемі жарық көрді. Туындының тұсаукесері Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде ұйымдастырылған «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне» арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» конференциясы аясында өтті. Тың туындыларымен әлемді таңдай қақтырған ақынның еңбегі ел алдында еленіп, Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.


Сондай-ақ, Батырхан Сәрсенхан жас та болса талантымен танылып жүрген ақын. Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Батырхан Халықаралық «Бейбітшілік әлемі» байқауының жеңімпазы. Оның жүрекжарды туындылары жырсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген. Биыл ол «Үздік поэзия» номинациясы бойынша «Жұмбақ арал» поэмасы үшін «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпазы атанды.

ЖЫЛ ҒАЛЫМЫ - Құлбек Ергөбек пен Мұхит-Ардагер Сыдықназаров


Құлбек Ергөбек - қазақ әдебиеттану және мәдениеттану ғылымында өзгеше өрнек қалыптастырып, бауырлас түрік халықтарының әдебиеті мен руханиятын жақындастыруға мол үлес қосқан ғалым! Ол биыл мерейлі 70 жасқа толып отыр.

Ғалым жарты ғасырдан астам уақыт бойына төгілдіре жазып, әдебиеттану, мәдениеттану, түркология, шығыстану саласында ғылыми жұртшылық тарапынан жоғары бағаланған том-том еңбектерді дүниеге әкелді. Оның шығармашылығына Ш.Айтматов, Ә.Кекілбаев, М.Кәрім сияқты әлем әдебиетінің алыптары берген баға осының айқын айғағы.

Құлбек Ергөбек филология ғылымының шеңберімен шектелмей, түркі халықтары руханиятының асыл өзегі – тіл білімі, философия, түркология және өнер саласын қоса қабат зерттеп, туысқан халықтар жылы қабылдаған тамаша еңбектер сериясын жазды.

Құлбек Ергөбек - өзге көп ғалымдар секілді ғылыми атақтарын алғасын тынышталып қалмай, тынымсыз еңбекпен, тың зерттеу, құнды мақалаларды құлпырта жазып келе жатқан қарқыны зор ғалым.


Мұхит-Ардагер Сыдықназаров 

Саясаттану ғы­лымдарының докторы, танымал ғалым, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верси­те­тінің Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың еңбегі ерек. Ол Қазақстан халқына, қазақ және шетел ғылыми қоғамдастығына баға жетпес ғылыми жаңалығын жариялады. Қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде Брюссельде «Қазақстанның тарих толқынындағы үздіксіз мемлекеттілігі. XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және американдық карталардағы Қазақ мемлекеті» атты ортағасырлық географиялық Атлас карталарының тұңғыш жинағы жарық көрді. Бұл жинаққа мүлдем белгісіз болып келген, ежелгі еуропалық және американдық карталардағы XVI-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекеті, сондай-ақ Қазақстан мемлекеттілігінің үздіксіздігі мен байырғылығын дәлелдейтін іргелі және қолданбалы зерттеулердің жаңа тарихи жазба дереккөздері енгізілген.

Жыл саясаткері – Азат Перуашев


«Ақ жолдың» талайдан айтып келе жатқан демо­кра­тиялық құнды ұсы­ныстарын билік биыл бірінші рет мойындап, көбін Конс­ти­туцияға енгізді! Бұл – демократиялық партия үшін саяси жетістік!

«Ақ жол» партиясы Азат Перуашевтың жетекшілігімен ел Конституциясына түзетулер енгізу жөнінде референдум өткеннен кейін реформаларды жеделдету үші Сайлау туралы, Саяси партиялар туралы, Парламент туралы, Үкімет туралы, Бюджет кодексін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге белсене кірісіп, қолданыстағы заңдарды реформалау бойынша 58 ұсынысты тиісті мемлекеттік органдарға жолдады. Сонымен қатар «Ақ жол» партиясы Алаш республикасының 105 жылдығына орай бірқатар ірі республикалық, халықаралық шаралар өткізіп, 12-желтоқсанды Алаш күні деп ресми түрде белгілеп, мем­лекеттік деңгейде атап өтуді ұсынған жалғыз саяси институт. Жалпы, «Ақ жол» 2012 жылы Мәжілісте фракциясы құрылғаннан бастап Алаш тақырыбын жүйелі түрде көтеріп келеді.

«Әлемнің Жыл саясаткері - Володимир Зеленський


2022 жылы 21 желтоқсанда АҚШ Президенті Джо Байденмен кездесіп шыққан Украина Президенті Володимир Олександрович Зеленськийді Конгресс пен Сенат депутаттары аяғынан тік тұрып тыңдады десек те болады. Өйткені, қанша рет орындарынан тік тұрып қол шапалақтағанын санау мүмкін емес, кейде бір минуттың ішінде екі реттен тұрып құрмет көрсеткен кездері де көп болды.

Ресей басқыншылық соғысты бастаған, Украинаның әр қарыс жерін жаужүректікпен қорғаған осы он айда бұрын комедия актері болған Украина президенті «сайқымазақтан» сайыпқыранға, тойбасшыдан қолбасшыға айналды.

«УКРАИНА ӨЗІ ҮШІН ҒАНА ЕМЕС, РЕСЕЙ БАСЫП АЛҒЫСЫ КЕЛЕТІН БАСҚА ЕЛДЕР ҮШІН ДЕ СОҒЫСЫП ЖАТЫР!» – деді Зеленський Конгрессте.

Сондықтан да АҚШ пен Батыстың ең күшті басылымдары Украина Президентін «Жыл адамы» деп таныды.

Ендеше, Қазақтың үнін білдіретін «Қазақ үні» де бірауыздан Украина Президенті Володимир Зеленськийді «Әлемнің Жыл саясаткері» деп таңдады.

Жыл сенаторы – Мұхтар Құл-Мұхаммед 


Ресейлік депутат Вячеслав Нико­нов­тың Қазақстанның территориялық тұ­тастығы туралы айт­қан сөз­деріне Се­наттағы Ха­лық­аралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед қазақ халқының тарихы тым тереңде жатқанын, оның ішінде ата-бабаларымыздың ежелден Солтүстік Қазақстанды қоныс еткеніне деректер келтіре отырып бұл саяси жауапсыздық екенін, екі ел арасындағы қарым-қатынасқа кесірін тигізетінін, айыптаулар мен арандатушылық мәлімдемелерге жол беруге болмайтынын ескертіп ресейлік депутатқа дер кезінде жауап қайтарған-ды. Сол сияқты РФ Мемлекеттік думасы ТМД істері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс жөніндегі комитет төрағасының бірінші орынбасары, депутат Константин Затулиннің Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестік қарым-қатынас туралы даулы мәлімдемесіне де М.Құл-Мұхаммед: «Айтпақшы, жазда бұл депутат «бізде де Украинадағыдай жағдай болуы мүмкін» екенін айтып, шүйліккен. Украинаның жағдайы қандай болғанын жұмылдыру шараларынан көріп отырмыз. Сондықтан ол тілі мен ойына ие болып, тыныш отыра алмайтын басын тәртіпке келтіріп алсын», – деп тойтарыс берді.

Мұхтар Құл-Мұхаммед халықаралық саясаттатағы салмақты тұжырымдары мен ұлттық мүддемізді қорғаған ұстанымдары үшін ұлттың үні «Қазақ үні» газеті мен сайтының «Жыл сенаторы» деп танылды. 

Жыл депутаты – Берік Дүйсенбинов


VII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі. ҚР Парла­мен­тіндегі өз пікірін ашық және өткір айтатын ең белсенді депутаттардың бірі. Қаңтар көтерілісі кезінде әкімдер мен министрлер үйінен шығуға батылы жетпей жатқанда, Берік Сәлімжанұлы өз басын қатерге тігіп көпшіліктің ортасына барған батыр депутат. Б.Дүйсенбинов халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қатысты, әсіресе, Алаш мәселесіне байланысты Үкіметке көптеген сауалдар жолдап оның шешілуіне ықпал етті. Соның қатарында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияға бірнеше ұсыныс, 12 желтоқсанды Қазақстанда «Алаш күні» деп ресми белгілеп, мемлекеттік деңгейде атап өту және тағы да көптеген маңызды ұсыныстары бар.

Жыл әкімдері – Мұрат Әйтенов және Асхат Шахаров


Таяуда ғана Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» сый­лығының аясында «Бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасаған үздік өңір» санаты бойынша арнайы сыйлықты Шымкент қаласының әкімдігіне тапсырған болатын. Соңғы үш жылда қала бюджетінің 4 есе көбейгенін ескерсек, аймақтың әл-ауқатының арта түскенін аңғару қиын емес. 


Асхат Шахаров – Ақтөбе қаласының әкімі. Ел басына күн туған қаралы қаңтар кезінде алаңға шыққан халықтың жанынан табылып, оларды толғандырған мәселелерге құлақ асып тыңдаған өңір басшыларының бірі. Ақтөбе қаласының дамуына атсалысқан іскер басшы.

Жыл министрі – Ажар Ғинаят


Елімізде COVID-19-ға қарсы вакцинацияны кезең-кезеңімен қарқынды түрде жүзеге асыруға сала басшысы ретін­де бар күш-жігерін жұм­сады. Бұл тұрғыдағы атқарылған ауқымды істер коронавирусқа қарсы күресте өз нәтижесін беріп, аталмыш аурумен ауыратындардың саны азайып, өлім-жітім жағдайының тіркелуі де сиреді. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласындағы қарқынды дамудың арқасында көптеген күрделі оталардың басым бөлігін өз елімізде жасауға жол ашылды. 

Жыл суретшісі – Ерболат Төлепбай


Белгілі қылқалам шебері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ерболат Төлепбай тек қазаққа ғана емес, әлем жұртшылығына танымал суретші. Биылғы жылдың өзінде Швейцария, Франция, Катар сынды әлемнің маңдайалды елдерінде жеке көрмесін өткізген оның қаламынан туған туындылары әлем халқының жоғары бағасын алды.

Жыл режиссері – Мұрат Есжан


«Болашақ» бағ­дарламасы бойынша АҚШ-тағы San-Francisco Film Academy бітірген қазақ­стандық ки­нематографис­тердің бірі. Бұған дейін Мұрат Есжанның «I’m going to Paris» дебюті Америка сценаристер гильдиясында жоғары бағаға ие болған-ды. Былтырғы жылы Мұрат Есжанның есімі «Ахмет. Ұлт ұстазы» сериалының режиссері ретінде танылса, биыл оның «Міржақып. Оян, қазақ!» сериалы көрерменнің көзайымына айналып үлгерді.

Жыл актері – Бақыт Қажыбаев

 

«Міржақып. Оян, қазақ!» сериалының басты рөлін шебер сомдаған актер. 

Сериал барысында актер қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері Міржақып Дулатұлының шынайы бейнесін көрерменнің көз алдына келтіре алды. 

Жыл әншілері – «Дос-Мұқасан» ансамблінің мүшелері


Аты аңызға айналған ансамбльдің құрылғанына биыл – 55 жыл. Осынау атаулы датаға орай «Дос-Мұқасан» фильмі көрерменге жол тартты. «Дос-Мұқасан» ансамблінің мүшелері – Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Қамит Санбаев, Александр Литвинов есімдерінің (Досым, Мұрат, Қамит, Саня) алғашқы буындарынан құралған. Ансамбльдің аталған алғашқы құрамына кейіннен М.Молдабеков, Қ.Әжібаева, Ш.Омаров, Б.Жұмаділов, Н.Құсайынов, А.Мейірбековтер қосылды. «Дос-Мұқасанның» репертуарындағы «Назқоңыр», «Ахау бикем», «Он алты қыз», «Сұлу қыз», «Ауылың сенің іргелі» әндері халықтың сүйікті әндеріне айналды. Кеңес заманында жастардың рухын оятқан өнер ұжымы болды. 

Жыл ректоры – Лаура Қарабасова


Қ.Жұбанов атын­дағы Ақтөбе уни­верситетінің ректоры 34 жастағы Лаура Қарабасова Қазақ­стандағы ең жас ректор. Бұған дейін Назарбаев Университетінде менеджер қызметінен кафедра меңгерушісіне дейін көтерілген ол бүгінде еліміздің ең үздік ғалымдарының қатарында. Л.Қарабасова білім беруді трансформациялау мәселелері бойынша әлем ғалымдарымен бірлесіп жазылған кітаптардың авторы болып табылады. Сонымен қатар, ол «Білім және ғылым» бағыты бойынша Ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі.

Жыл ұстазы – Шыңғыс Нұрғазы


Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебі факультетінің «Эко­номика» кафедрасы­ның аға оқытушысы Шыңғыс Нұр­ғазы 2022 жылы еліміздегі үздік жас ұстаздардың бірі атанды. Философия ғылымдарының докторы (PhD) дәрежесіндегі білікті маман Жапониядағы Цукуба университетінің, Испаниядағы Гранада университеттерінің стипендиаты. Сондай-ақ, ол Германияда, Италияда және Литвада ғылыми тағылымдамадан өткен.

Жыл дәрігері – Әлібек Тойбаев


Президенттің іс басқармасы жа­нындағы Меди­ци­налық орталық ауруханасы кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін мінсіз атқарып жүрген Әлібек Тойбаев еліміздің денсаулық сақтау саласының дамуына зор үлес қосып келе жатқан кәсіби маман. Жоғары дәрежелі дәрігер-кардиохирург Берлинде және «Болашақ» бағдарламасы бойынша Литвада тағылымдамадан өтіп, өзінің біліктілігін шыңдаған. Сондай-ақ, ол Еуропалық кардиохирургтар қоғамының белсенді мүшесі. Бүгінде Президенттің іс басқармасы жанындағы Медициналық орталық ауруханасында жүрекке түрлі күрделі оталарды жасап, қаншама жүректің дамылсыз соғуына себепші болып жүрген алтын қолды азамат. 

Жыл меценаты – Айнұр Жұмаш


Талайдан бері ұлттық өнер мен мә­дениет, әдебиет бағы­тындағы іс-ша­раларға демеушілік жасап, көпшіліктің алғысына бөленген белгілі меценат. «IMT intelligent micro technologies», «AI production» компанияларының құрылтайшысы ретінде 2020 жылы республикалық Жыл меценаты, «Қайырымдылық керуені конкурстарының жеңімпазы атанған. «Намыс» орденін, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін», «Құрмет белгісі» төсбелгілерінің иегері. Сондай-ақ, ол биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Ai production» продюсерлік компаниясы мен «Қазақ үні» газеті мен ақпарат агент­тігінің редакциясы бірлесіп өткізген «Алаштың азаттық рухы» атты халық­аралық жыр мүшәйрасының демеушісі.

Жыл спортшысы – Әбиба Әбужақынова


Дзюдодан 2022 жылғы әлем чемпио­натының қола жүл­де­гері атанды.

Ташкент қала­сын­да өткен жарыста 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Франция, Бразилия және Чили спортшыларынан басым түсті. Дарынды спортшы 2020 жылы ҚР чемпионатының қола жүлдегері, ал 2021 жылы ел чемпионы атағын иеленген-ді. Сонымен қатар, ол Еуропа кубогының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері, Азия кубогының иегері.

Жыл батыры – Берік Әбішев


Қаңтар қасіретінде оқ пен оттың ортасынан еліміздің көк туын алып шыққан қоғам белсендісі. Беріктің көк туды ұстап түскен фотосы әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қаңтар оқиғасының символына айналды. 

Жыл диаспора үздігі – Динара Нұрәлиева


Ұлты дүнген Динара Нұрәлиева Тараз қаласындағы №34 орта мектептің директоры. Мем­лекеттік тілдің қол­даныс аясын кеңей­туге арналған түрлі байқаулардың жүлдегері. «Қазақ үні» ұлттық порталында «Конституциядан 7-баптың 2-тармағын алып тастап, мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен Ашық хатқа алғашқылардың бірі болып қол қойған қазақ тілінің шынайы жанашыры.