ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ҚАЙ ТІЛДЕ СӨЙЛЕЙТІНІНДЕ РЕСЕЙ ЕЛШІСІНІҢ НЕ ШАРУАСЫ БАР? - Қазыбек Иса

ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ҚАЙ ТІЛДЕ СӨЙЛЕЙТІНІНДЕ РЕСЕЙ ЕЛШІСІНІҢ НЕ ШАРУАСЫ БАР? - Қазыбек Иса

Конституциядағы 7-баптың 2-тармағын алып тастауды талап еткен депутаттық сауалымыз өте өзекті екенін Ресей елшісі де кеше "Россия сегодня" агенттігіне берген сұқбатында тіл туралы өрескел сөзімен дәлелдеп беріпті!..

Ресейдің Қазақстандағы өкілетті елшісі Алексей Бородавкин: “Әрбір қазақстандық екі аяқта нық тұруы тиіс: бірі мемлекеттік тіл – қазақ тілі, екіншісі, Қазақстан Конституциясында көрсетілгендей ресми тіл –орыс тілі. Бұл екі аяқтың екеуі де бірдей болған жағдайда ғана алға қадам баса алатынын ескеру керек”-дейді.

Өзге елге не істеуді үйретіп, өзеуреп, “екі тілді білген екі аяғымен нық тұрып, алға қадам баса алады” деп пәлсапа соғып отырған елшіге өз сөзінен ұстап алып, ескертуіміз бар біздің де! Сонда тек Ресей тілін ғана білетін біздің елдегі орыс этностары 31 жылдан бері қашанғы бір аяғымен тұрады? Қашан алға басады? Өзге тілде ғана - яғни бір аяғымен ғана ұзақ тұрған адам құлайтынын ұмытпау керек, елші Борадавкин мырза! Айтпақшы, сіз біздің елде елші болғаныңызға биыл бес жыл болды, өзіңіз әлі бір аяқпен жүрсіз ғой, қашан қазақ тілін біліп, нық тұрасыз?

Тәуелсіз Қазақ Елі азаматтарының қай тілде сөйлеуін нұсқап көрсететіндей билікті Ресей елшісіне кім беріп отыр?

ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ҚАЙ ТІЛДЕ СӨЙЛЕУІ КЕРЕКТІГІНДЕ РЕСЕЙ ЕЛШІСІНІҢ НЕ ШАРУАСЫ БАР?

Сыртқы істер министрлігі сырт қала бере ме тағы, бұған қандай қайрат көрсетеді?

Біздің Ресейдегі кешегі-бүгінгісі бар, елшілеріміздің қайсысы болса да, “Бір миллионға жуық қазақ тұратын Ресейде неге бір қазақ мектебі жоқ?!.-деп айта ала ма? Тек Иманғали Тасмағамбетовтың ғана елші кезінде Ресейде қазақ тілінде сөйлегенін білеміз.

Бұл елші А.Бородавкин 2018 жылы да: “Ел басшылығы орыс тілінде сөйлейді, тек өз араларында ғана емес, Қазақстан халқына үндеу жасаған кезде де", - деп, астамси жауап берген болатын “Россия 24" телеарнасына берген сұқбатында. Бір жағынан Ресей елшісі ащы шындықты, Қазақ билігінің Ресей тілінде сөйлейтінін ашық айтып отыр.

Жалпы, Ресей елшісінің бұдан төрт жыл бұрынғы да, кешегі де сөзіне қарасаң, Тәуелсіздік алғанына 31 жыл толып отырған Қазақстан әлі Ресейдің губерниясы секілді…

Бұл Бородавкин мырза Ресей елшісі болып Қазақстанға келгелі бері аузы бір тынбай, тәуелсіз елдің ішкі ісіне араласуда.

Биылғы жылдың басында да тағы да осылай Қазақстандағы тіл мәселесіне нұсқау жасағысы келген заңсыз әрекетіне де заңды тосқауыл жасап жауап берген едік “Қазақ үні” ұлттық порталында. “Қайталау - оқу анасы” дегендей, елшіге тағы да қайталап өтейік.

-Қазақстанда бәрі орысша сөйлейді. Тіпті, көбі жаңылмай және грамматикалық қателерсіз қолданып жүр. Орыс тілінің ресми мәртебесі Қазақстан Конституциясында бекітілген. Бұған ешкім өзгеріс енгізіп жатқан жоқ. Оның үстіне орыс тілін білу Қазақстанда артықшылық ретінде қарастырылады. Мысалы, орыс тілін білмейтіндерінің білікті жұмысқа тұруы қиын, – дейді Ресейдің Қазақстандағы елшісі А.Н.Бородавкин «Независимая газета» басылымына арнайы сұхбат бергенде.

Иә, Ресей елшісі шынын айтар болсақ, ащы шындықты ашып айтып, еліміздегі қазақ тілінің жағдайы әлі реанимациядан шыға алмай жатқанын әлемге әшкерелеп берді.

1.Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да, еліміздегі жағдай Кеңес империясының отары кезіндегімізден түк те өзгермегені, қайта тіл мәселесінде кері кеткенін;

2.Әлемдегі әрбір отарлық құлдықтан құтылған елдер жасайтын отарсыздану, ұлттық идеологияны ұстану жолында біздің елде 30 жылда түк те істелмегенін;

3.Біздің биліктің 30 жыл бойы «Тәуелсіз ел ретінде ұлттық мүддемізді қорғауда, мемлекеттік тілді дамытуда бәрін қатырып жатырмыз» деп 100 пайыз өтірік айтып келгенін әшкерелеп берді.

Ресей елшісінің Ресей үшін әрине, мақтаныш ретінде, біздің орысқұл билік пен орысқұл интеллигенция үшін әлі күнге жетістік ретінде саналған бұл орыс тілінің артықшылықтары – Тәуелсіз ел үшін масқара кемшіліктер!

Негізі Тәуелсіздіктің 30 жылдығында, бізде орыс тілін білу билік лауазымдары мен мемлекеттік қызметтерге тұру үшін артықшылықтар болмауы тиіс еді. Бізде 30 жылда өсіп-өнген, өмірге келген жастар бір кезде өзін отарлап алған елдің тілін – Ресей тілін білмеуі тиіс-тұғын…

Міне, сонда «Шын Тәуелсіздік алғанбыз» деп мақтануға болады. Шын тәуелсіздік алған туыс елдер Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, анау Балтық бойы елдері Литва, Латыш, Эстония, Кап тауындағы Грузия, Армения елдерінде, Украина болса да, солай, оларда мемлекеттік тіл мен ағылшын тілін біледі бәрі.

Бізде де мемлекеттік тіл – қазақ тілі мен ағылшын тілін білуге тиіспіз. Бір кездегі отарлаушы ел Ресей тілін білуге тиісті емеспіз. Орыс тілін мемлекет қаржысына, балабақшалар мен мектептерде, ЖОО-ларда міндетті оқытумен емес, әркім өз қалауынша, өз қаржысына үйренуі керек!

Яғни, «Қазақстанда бәрі орысша сөйлейді» деген сөз – «Қазақ Елі Рухани Тәуелсіздік алмаған, бәрі тек қағаз жүзінде ғана» деген сөз!

Отыз жыл бойы зарлап келе жатқан зарымыз, енді кеше ғана Қаңтар қырғынында көшеге пұл үшін ғана емес, тіл үшін де шыққан қазақ жастарының ереуілінен кейін туған «Әділетті Қазақстан» анық, шындығында да жаңа дәуірге аяқ басу болса, іс жүзіне асуы керек!

«Жаңа Қазақстан» ескі Қазақстанның саяси һәм рухани қателігін қайталамауы үшін, тек Мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс! 

Бір тіл болғанда ғана – бір ел, бір мүдде болатынын білу үшін аса көрегендіктің қажеті жоқ енді. Басқаны қайдам, Ұлттық идеологияда босқа өткен бір дәуір – отыз жылғы қылмысқа тең қателігіміз көрсетіп берген жоқ па бәрін!

Мемлекеттік тілді міндеттеу – Мемлекеттің міндеті!

Сондықтан да биыл 27 сәуірде Кеңес одағы империясының 70 жылын айтпағанда, Тәуелсіздік алған 30 жылда, барлығы 100 жылда тұңғыш рет парламентте Конституциядағы тіл туралы 7 бапты өзгертіп, тек Қазақ тіліне ғана жекедара Мемлекеттік статус беруді және Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдауды, талап еткен “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалын жариялағанбыз. Осы депутаттық сауалда “Ақ жол” талайдан көтеріп келе жатқан Қазақстан Азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілден емтихан тапсыруды тағы да ұсынғанбыз. Бұл мәселе шешіліп жатқанын жақында Үкімет басшысы Ә. Смайыловтың өзі мәлімдеді. Ал Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесі әлі созылып келе жатыр.

Мемлекеттік тіл туралы заңның Концепциясы жобасын биыл 31 тамызда Тіл комитеті қарайтын Ғылым және жоғары білім министрлігіне өткізгенбіз. Соған министрлік қорытынды жасауы керек еді, үш айдан бері әлі жауап берген жоқ.

Осы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдап, Конституцияның тіл туралы бабын өзгертуді талап еткен депутаттық сауалымызды Мәжілістегі 41 депутат қолдағанын айта кетуге тиіспіз.

Ал бұл депутаттық сауалымызды белгілі зиялылар бастаған қалың ел фейсбукта “Мен конституциядан 7 баптың 2 тармағын алып тастауды талап етемін!”-деп халықтық челендж жасап қолдады. Еговтағы петицияда қолдаушылар саны жарты миллионнан - 500 мыңнан асып кетті! Халық арасында қоғамдық резонанс тудырды! 

2020 жылы “Қазақ үні” ұлттық порталындағы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды, конституциядан 7 баптың 2 тармағын алып тастауды талап етіп, ҚР Президентіне жазылған Ашық хатқа бір жарым айда әлемге әйгілі Ұлт зиялылары бастаған 126 мың адам қол қойды. Бұл қолдау қазір 130 мыңға жетті. 

Артында миллиондар тұрған, Мемлекеттік тіл туралы заңды талап еткен Ашық хатқа еститін мемлекетіміз Әділетті Қазақстанда әділетті қарайды деп білеміз.

Бүгінгі күннің ең басты мәселесі - Мемлекеттік тіл міселесі!

Тіл тағдыры шешілмей, Ел тағдыры шешілмейді!

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні