ТАУБЕЛДІҢ ТАУДАЙ ПРОБЛЕМАСЫ ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ?

ТАУБЕЛДІҢ ТАУДАЙ ПРОБЛЕМАСЫ ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ?

Әлемдік елу елдің қатарына кірдік деп екпіндеп, отыз елге кіреміз деп омыраулаған еліміздің шын мәнідегі сиқы Қаңтар оқиғасынан кейін анық көрініп, ашық айтыла бастады. Облыс пен аудан орталықтарынан, қалалардан алыс ауылдарды айтпағанда, қос астанамыздың іргесі тұрмақ, өзіне қарасты елдімекендердің жайын айтқанда жағаңды ұстайсың...

Мысалы, Алматы қаласы Наурызбай ауданы, Қарағайлы ықшамауданы “Таубел” қалашығының жағдайы ешқаандай сын көтермейді. Бұл қалашықта қайнаған шілдеде су болмай қалуы немесе электр жарығы сөніп қалуы әдетке айналған. Жолаушылар таситын автобустар бармайды, таксилер көшелердегі жолдың нашарлыған айтып барғысы келмейді. Айта берсе, инфраструктурада шешілмеген мәселелер шаш етектен. Тұрғындардың жазбаған жері жоқ. Талай телеарналарды шақырып, бәрі жарыса зарын айтып, шулап қала берген сәттер жетерлік. 

2021 жылы Парламент Мәжілісі депутаты болысымен сол кездегі Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаевпен депутаттардың кездесуінде бұл мәселелерді біз де көтергенбіз. Сонда әкім үздіксіз сумен жабдықтау мәселесін шешу үшін «Қарғалы» су дайындау станциясы мен су жинау құрылысын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде, ол 2022 жылдың аяғында бітеді деп еді. Қазір сол мерзім болып қалды. Бірақ судан хабар жоқ әлі...

Биыл жазда Парламент Мәжілісіне біздің атымызға “Қарағайлы” ықшамауданы “Таубел” қалашығының тұрғындары атынан жазушы Нұржан Мұратәлі Раушанұлынан қалашықтың бар мәселелерін тізіп жазған арыз келіп түсті. Бұл хатты біз Үкіметке жібердік. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 65-бабының 1-тармағына сәйкес, жолданымда қойылған мәселелерді шешу құзыретіне кіретін әкімшілік органдарға, лауазымды адамдарға жолдадық.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Премьер-Министірдің бірінші орынбасары Р.В. Склярға, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылым даму министрі Қ.А. Өскенбаевқа, Алматы қаласының әкімі Е.А. Досаевқа жібердік. Одан тиісті жауаптарды да алдық.  

Жауаптарды жарияламас бұрын, алдымен арыз хатпен таныстырайық.

Қазақстан Республикасы Парламенті

Мәжiлiсі депутаты Қазыбек Исаға

және “Ақ жол” фракциясы мүшелеріне

Алматы қаласы, Наурызбай ауданы,

Қарағайлы ықшамауданы “Таубел”

қалашығының тұрғындары атынан  

Мұратәлі Нұржан Раушанұлынан.

Алматы қаласы, Наурызбай ауданы,

Қарағайлы шағын ауданы,

Арал көшесі 55/54

Құрметті Қазыбек Иса және “Ақ жол” фракциясы мүшелері!

Сіздерге, Парламент Мәжілісіндегі “Ақ жол" партиясы фракциясы мүшелері, Қазақстан халқының ардақты, беделді азаматтары, халық жанашырлары ретінде Алматы қаласы, Қарағайлы шағын ауданындағы Арал көшесінің "Тау бел" қалашығының тұрғындарының атынан осы хатты жолдап отырмыз.

Біздің қалашықта 72 үйде 300-дей адам тұрады. Алматы қаласында тұрғындарға баспана беруде мемлекеттен де, қала әкімшілігінен де еш көмек болмайтындығына көзіміз жеткендіктен, 2012 жылы қазіргі осы қалашық тұрғындары қымбатқа болса да, сол кездегі Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты аймақтан жер учаскелерін сатып алдық. Мемлекетке қарап отырмай, өз қаражаттарымызға су, электр құбырларын жүргізіп, тас жол салған болатынбыз.

2014-ші жылы, Алматы қаласы Наурызбай ауданы құрылған сәттен бастап, біздің қалашық Алматы қаласы Наурызбай ауданының құрамына өтті.

Ал енді біздің 10 жылдан бері тартып келе жатқан жол азабымыз, көлік қатынасы жоқтығы, су тапшылығы, электр жарығының жетіспеушілігі және тағы басқа проблемарды айтсақ, соқыр көзден жас шығады.

Ретімен баяндап берейік.

1.Көктем басталғаннан су мәселесі қалашығымызда басталады, күзге дейін халықтың әбден мазасы кетеді, су тапшылығынан еріксіз водовоздардан суды сатып аламыз, салған бау-бақшамыз су тапшылығынан суалып қурап қалады. Ал, жаздың күні тіпті жуынуға, ішуге су болмайды. Су тапшылығын пайдаланып, су тасыйтындар (водовоз) жылда суды қымбатқа сатады, соған қарамастан қалашық тұрғындары суды сатып алуға мәжбүр! Біздің қалашықтың су құбырлары иесіз (безхозный) болғандықтан өз күшімізбен жөндеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүрміз! 11.03.2019 жылы "Алматы су" өкілдері келіп тексеріп біздің "Таубел" қалашығының Д-76мм ПЭ су құбырларын балансқа алуға тиімсіз деп акті жазып кеткен болатын, содан бері жазған арыздарымыз еш нәтиже бермеді. Осы айтылғандардың негізінде және Қазақстан Республикасының 28.09.2011-ші жылы √11.03 Мемлекеттің құқықтық меншігіне өткізіп алу бойынша тәртіпті бекіту туралы қаулысына сәйкес Алматы қаласы Наурызбай ауданының Қарағайлы шағын ауданы Арал көшесіндегі "Тау бел" қалашығындағы Д-75*4,4 мм, 2500 метрден тұратын су құбырларын Мемлекеттік коммуналдық меншікке өткізуге ықпал етуіңізді сұраймыз.

2.Сонымен қатар 16.08.2021 жылы Алматы қаласы Бостандық ауданының соты, "Таубел" қалашығының электр жүйесі иесіз (безхозный) деп танып, қаланың балансына өтуге тиісті екендігі жайлы шешім шығарған болатын. Бірақ соттың бұл шешімі де ұзаққа созылып, өз шешімін тапқан жоқ. Қалашықта жиі электр жарығы сөніп қалу жиілеп тұр. Сондықтан осы мәселеге де ықпал етулеріңізді сұраймыз.

3.Сондай-ақ біздің қалашықта көшелерде жарық жүйесі жоқтығы былай тұрсын, жол жүргізілмеген және өте тар. Балаларымыз, оқушылар шұңқырлы, шұрқ тесік, тар жолмен жүріп жатқан автомашиналардың арасында, қысы-жазы 3-4 км жерге мектепке жаяу барып-келеді. Қазір көшелерде көп кездесіп жатқандай, тәжірибесіз жүргізушілер балаларды қағып кетуі әбден ықтимал. Сондай қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында, алдымен заман талабына сай асфальтты жол салу керек. Содан соң, жол жағасына міндетті түрде тротуарлар түсуі тиіс.

4.Сонымен бірге "Таубел" қалашығына автобус жүйесін жіберуді шешу қажет.

Себебі, балалар мектептен қайтқан кезде, жол бойындағы бақта иесіз иттер көп болғандықтан, үнемі балаларға қауіп төндіреді, ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне алаңдаулы.

5.Сонымен қатар, "Таубел" қалашығында балалар ойнайтын алаң, үлкендер демалатын орын жоқ. Оларды салатын жер де жоқ, әкімшілік, тіпті қалашықтағы сайларға, арықтарға дейін, тар жолдың жағасына дейін сатып жіберген.

Ал, тұрғындардың арызына ешбір жауап жоқ. Қаланың әкімдері ауысқан сайын, арыз жаза-жаза шаршадық. Еш нәтиже жоқ.

Біз Алматы қаласы ішінде тұрсақ та, алыстағы ауылдан да жағдайымыз төмен. Қалашықтың 10 жылдан бері инфрақұрылымы, коммуналдық жағдайы шешілмей келеді. Сондықтан, парламентте халық үнін жеткізіп, ел аманатын орындап келе жатқан “Ақ жол” фракциясы мүшелері, сіздерден көмек күтеміз.

Осы мәселелердің шешімін табуға ықпал етеді деп үміттенеміз.

Қорыта айтқанда, Таубелдің таудай проблемаларын шешу үшін біздің ұсыныстарымыз:

1. Су мәселесін шешуді сұраймыз.. "Тау бел" қалашығындағы су жүйелерін Мемлекеттік коммуналдық меншікке өткізу керек.

2.Электр жарығымен қамтамасыз ету керек!

"Таубел" қалашығының электр жүйесі сот шешімімен иесіз (безхозный) деп танылғандықтан, қаланың балансына өтуге тиіс.

3.Жол мәселесін шешу керек! Қалашыққа асфальт жол салынып, оған қоса тұрғындар қауіпсіздігі үшін тротуарлар салынуы тиіс.

4.Көшелерді жарықтандыру толық аяқталуы керек!

5.Балалардың, жалпы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін Көлік қатынасы жолға қойылуы керек. Қалашыққа автобус жүйесі қосылуы тиіс.

6. "Таубел" қалашығында балалар ойнайтын алаң, үлкендер демалатын орын жоқ. Осы мәселені шешу керек.

Құрметпен, “Таубел” қалашығы тұрғындары атынан,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы, Қазақстан Республикасының Құрметті Азаматы Нұржан Мұратәлі Раушанұлы.

Енді Алматы қаласының энергетика және сумен жабдықтау басқармасының арыз иесі Н.Мұратәліге жауабын жариялайық..

СУ ДАЙЫНДАУ СТАНЦИЯСЫ СУ ЖИНАУ ҚҰРЫЛЫСЫН ҚАЙТА ЖАҢАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

«Алматы қаласының энергетика және сумен жабдықтау басқармасы» КММ (бұдан әрі-Басқарма) өз құзыреті шеңберінде бүгінгі күні қалаға қосылған аумақтарда, атап айтқанда Наурызбай ауданының тұрғын үй массивтерінде (Қарағайлы, Таусамалы, Тастыбұлақ, Таужолы, Ақжар және Шұғыла шағын аудандары) ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша күрделі жағдай қалыптасты. Жазғы кезеңде суару қажеттіліктері үшін судың жоғары тұтынылуына байланысты, сондай-ақ бұрын шаруашылық әдіспен салынған құбырлардың диаметрінің аздығына байланысты желілердегі су қысымының төмендеуі байқалады. Қазіргі уақытта үздіксіз сумен жабдықтау мәселесін шешу үшін басқарма «Қарғалы» су дайындау станциясы мен су жинау құрылысын қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуде (өнімділігі – тәулігіне 15 мың м3). Аталған жобаны іске асыру Қарағайлы шағын ауданының тұрғындарын үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қарағайлы шағын ауданын сумен жабдықтау және кәріз желілерімен қамтамасыз ету мақсатында Басқарма сумен жабдықтау және кәріз желілерінің құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде екенін хабарлайды. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу уақытылы аяқталған жағдайда, жоба іске асырылатын болады. 

Инженерлік инфрақұрылымды жайластыру жұмыстары аяқталғаннан кейін Алматы қаласының Қалалық мобильділік басқармасымен бірлесіп асфальт-жол төсемін жөндеу және салу мәселесі қаралатын болады. 

Ұжымдық су құбыры желісін Алматы қаласының коммуналдық меншігіне беруге қатысты "Алматы Су" МКК ақпараты бойынша ұзындығы L-2500п.м. болатын Таубел Д-76мм тұрғын үй қалашығының ұжымдық су құбыры желілері полиэтилен құбырларының материалын Алматы қаласының коммуналдық меншігіне қабылдау орынсыз, келесі себептер бойынша: -Д-76мм жеке су құбыры Таубел коттедж қалашығының аумағы арқылы өтеді, ұзындығы шамамен L-160п.м., су құбыры желісін авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін қолжетімділік жоқ. Аталған су құбыры ҚНжЕ және 2017 жылғы 23 маусымдағы №439 "Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар" техникалық регламентін сақтамай, шаруашылық тәсілмен салынған. Таубел қалашығының аумағында құдықтарда өрт гидранттарының орнына өрт крандары орнатылған, бұл ҚНжЕ талаптарына сәйкес келмейді. Электрмен жабдықтауға қатысты «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ (бұдан әрі - АЖК) ұсынған ақпаратқа сәйкес «Таубел» тұрғын қалашығын электрмен жабдықтау ТП-3326-дан жүзеге асырылады. ТП-3326 қазіргі уақытта 21.01.2022 жылғы №5 шарт бойынша «АЖК» АҚ РЭҚ-3 теңгеріміне өтеусіз негізде берілді. 

Сонымен қатар, қазіргі уақытта «Таубел» тұрғын алабының тұрғындарына жеке дербес шот ашу үшін техникалық шарттар берілетінін хабарлаймыз. Аталған мекенжай бойынша «АЖК» АҚ жедел құжаттамаларына сәйкес 01.06.2022 жылдан бастап 16.06.2022 жылына дейін «АЖК» АҚ желілерінде (ТП-3326) апаттық және жоспарлы ажыратулар қайта қосулар жүргізілген жоқ. 17.06.2022 жылы «АЖК» АҚ РЭҚ-3 персоналы жоғарыда көрсетілген мекенжай бойынша барып жабдықты қарап, кернеуді өлшеді. Кернеуді өлшеу барысындағы көрсеткіштер: ТП-3326: Uф - 242, 237, 238в. Сондай-ақ, 17.06.22 ж. ВЛ-0,4 кВ желісінің соңында кернеуді өлшеулер жүргізілді, көрсеткіштері: UФ - 241,235,236 в, бұл МЕМСТ 13109-97 «Жалпы мақсаттағы электрмен жабдықтау жүйелеріндегі электр энергиясы сапасының нормалары", 5.2-тармақ «Электр энергиясын қабылдағыштардың терминалдарындағы кернеудің тұрақты ауытқуының қалыпты рұқсат етілген және шекті рұқсат етілген мәндері тиісінше ± 10%». Тұрғын үйлер III санаттағы электр қабылдағыштарға жататынын хабарлаймыз. "ҚР Электр қондырғыларын орнату қағидаларының" 25-тармағына сәйкес электрмен жабдықтау жүйесінің зақымдалған элементін жөндеу немесе ауыстыру үшін қажетті электрмен жабдықтаудың бір күнтізбелік күннен аспайтын үзілістеріне жол беріледі. Сондай-ақ, "АЖК" АҚ ресми сайтында azhk. электр жабдықтарын жоспарлы жөндеу кестесі, өшіру күнін, уақытын, жөндеу жұмыстарының түрін және мекен-жайын көрсете отырып орналастырылады. Сондай-ақ, сайттың "Апаттық сөндірулер" интерактивті бөлімінде ағымдағы уақыттағы авариялық жағдайлар себебінен Электрмен жабдықтаудың іркілістері туралы ақпарат алуға болады. Электрмен жабдықтаудың іркілу себептеріне қатысты ақпаратты жедел ұсыну мақсатында "АлматыЭнергоСбыт" ЖШС "Байланыс-орталығына" 356-99- 99 телефоны бойынша хабарласуды ұсынамыз.

Көшені жарықтандыруға қатысты, "Алматы Қала Жарық" МКК ақпараты бойынша Арал көшесінде сыртқы жарықтандыру желілері бар және штаттық режимде жұмыс істейді.

Осы шешіммен келіспеген жағдайда, Сіз Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстерінің 91-бабына сәйкес әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағымдануға құқылысыз.

Руководитель управления АЛИН САНДЖАР МЕНДЫБАЕВИЧ

Иә, «Алматы қаласының энергетика және сумен жабдықтау басқармасы» басқарма жетекшісі АЛИН САНДЖАР МЕНДЫБАЕВИЧ осылай мекеменің мемлекеттік тілде жазылған ресми хатына «РУКОВОДИТЕЛЬ УПРАВЛЕНИЯ» деп қол қойыпты. Өйткені ол хатты дайындаған «ИСПОЛНИТЕЛЬ» МЫНБАЕВ ГАЛЫМ ЕРЛАНОВИЧ екен...

Бұл хаттан Алматыдағы үлкен басқарманың іс қағаздарының қай елдің тілінде дайындалатыны,, мемлекеттік тілдегі өз жауап хаттарын басшының өзі де оқымайтынын көрсетеді... Міне, Мемлекеттік тіл туралы заңның қазір ең басты мәселе болып тұрғанына айқын дәлел. Тіл түзелмей, тірлік түзелмейді!

Енді Алматы қаласы қалалық мобилділдік басқармасының жауабын да келтіре кетейік.

«Сіздің 2022 жылғы 13 маусымындағы № ЖТ-2022-01853673/2 келіп түскен хатты қарастырып, Наурызбай ауданындағы «Қарағайлы» шағынауданының көшелеріне инженерлік желілердің құрылысы 2022-2023жж. жоспарланған. Осыған байланысты Арал көшесінің жолын жөндеу жұмыстары инженерлік желілердің құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін жүргізілетіндігін хабарлаймыз.

Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91 бабына сәйкес, Сіз лауазымды тұлғаның іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) не өтініш бойынша қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда белгіленген тәртіпте жоғары тұрған органға шағымдануыңызға құқығыңыз бар.

Басшының орынбасары Е. Абжахан.

Қорыта айтқанда, таудай проблемасы шешілмей келе жатқан Таубел қалашығының жайы осындай болып тұр. Тек басқарма басшыларының жауабындағы жүргізіліп жатқан жұмыстардың өз мерзімінде тез бітуін тілейміз. Сонда ғана, Таубел тұрғындары Әділетті Қазақстанның азаматтары екенін сезіне бастайды.

Қазыбек ИСА, ҚР ПАрламенті Мәжілісі депутаты

Қазақ үні