ЕЛ мен ЖЕРДІ САҚТАУ, ТІЛДІ САҚТАУ – ЕҢ БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ! - Қазыбек Иса

ЕЛ мен ЖЕРДІ САҚТАУ, ТІЛДІ САҚТАУ – ЕҢ БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ! - Қазыбек Иса

Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалиция құрылады. Бүгін Астанада халықтық коалиция жиыны өтіп, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар бірлесіп, алдағы президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Алқалы жиында «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан белгілі ақын, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса сөз сөйледі. 

«Қазақ үні» ақпарат агенттігі депутаттың коалиция жиынындағы сөзін оқырманға ұсынады. 

***

Биылғы күз бірден саяси ыстықпен басталды. Президент пен парламент сайлаулары қашан болады деп елеңдеп жүрген елге нақты жауап берілді.

Алаш жолын  ұстанған “Ақ жол” партиясы  ұлттық мүддені қорғау жолында қарқынды қайрат көрсетіп келеді. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Бірліктен айырылған ел қаңғып қалады» деген сөзі бар. Бүгінгі алмағайып уақытта, біз үшін ең қажеті - бірлік! Арыстарымыз азаттық жолында саналы түрде құрбандыққа барып, сан жылдар бойы қайрат-жігер, ақыл-парасатымен елдік үшін күресті. Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін енді бізге ұлт болып ұйысу – ең маңызды міндет. Ұлттық идеологияны қатаң жолға қойып, Ұлттық мемлекет ретінде дамыйтын уақыт жетті! 

Бүгінде елімізде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен тарихи реформалар қарқын алуда. Ұлыларды ұлықтау, ұлт мұратын орындау аясында игі істер атқарылып, халық қажетіне сай жүйелі жұмыстар қолға алынып жатыр. Әр қиындықтан сабақ алуға тиіспіз. Қасіретті басталған жылды қасиетті істерге, жақсылыққа жалғастырып алып кету елге, сіз бен бізге байланысты.

Бірлігіміздің арқасында тірлігіміз дамып, берекемен – бағымыз арта бергей! 

Ардақты ағайын! 

Біз әртүрлі саяси ұйымның өкілі болсақ та, біздің бағытымыз бен арман-мақсаттарымыз, тілектеріміз бір.

Өйткені біздің қасиетті қара шаңырағымыз бір. 

Біз, «Ақ жол» партиясының мүшелері, халық игілігі мен ұлт мүддесіне сай мықты ұстанымы, сенімді стратегиясы бар, Әділетті Қазақстанды құруға батыл бағыт алған тура жолды таңдаймыз! 

Саяси бағдарламасы «Түбегейлі өзгерістер қажет» деп аталған «Ақ жол» партиясы талай жылдан бері талмай көтеріп келе жатқан көптеген өзекті мәселелер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауларында алғаш рет атап көрсетілді. Яғни, саяси жүйе өзгермей, еліміздің алдында тұрған өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу, нарықтық экономика мен әділетті бәсекелестікті дамыту мүмкін емес екеніне көзіміз жетті. Сол проблемалардың кілті осы саяси реформада жатыр.  

Сондықтан да біз, «Ақ жол» партиясы бағдарламасының басым бағыттарына Жолдауда өмірге жолдама берген Президентіміздің саяси реформаларды іске асыруын қолдап,  Ақ жол тілейміз. 

Қадірлі халайық! Қазір жалпы әлемде халықаралық геосаяси жағдай ушығып тұр. Көрші елдеріміз отқа оранып, жалын шарпуы бізге де сезілуде. Шақырған қазақ көшіне шектеулер табылып, шақырмаған жаттың көші ағылып жатқанда, шекарамызды берік қымтап, қорғана білуіміз керек. 

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ««Ұлттық  қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады», деп, тура тауып айтқан сөзі бар. Яғни, тілді елді қорғағандай, шекараны қорғағандай қорғауымыз керек.

Туында  тұлпар бейнелеген “Ақ жол”партиясында да аламанға түссе, алқынбайтын арғымақтар жетерлік. Бірақ мұндай  тар жол, тайғақ кешкен, елге сын сағаты туған кезеңде ең алдымен жеке бастың есебін немесе бір партияның ұпайын түгендеп отыратын кез емес. Халықаралық жағдай теңіздей толқып тұр қазір. Теңізде дауыл тұрғанда, кемеде капитан ауыстырмайды. Сондықтан біз саяси аламанда қабаттасып шаппай, қанаттасып қолдайық деп шештік. 

Бізге қазір ең алдымен керегі - Елдің амандығы – Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің тұтастығын сақтау! 

Осы мақсатта, біз ақжолдықтар Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Президенттігіне лайықты кандидат деп санап,  бірауыздан қолдаймыз! 

 “Ақ жол” партиясы қатарындағы қалың елдің, ұйысқан ұлт зиялылары  мен кәсібін нәсібіне айналдырған кәсіпкерлердің құрылтайдағы демократиялық жолмен шешілген шешімі осы, ағайын!

Ұлтың рухани ұстазы, биыл ЮНЕСКО бойынша 150 жылдығы әлемдік деңгейде  аталып өтіп жатқан Ахмет Байтұрсынұлының осыдан 100 жылдай бұрын айтқан өнегелі өсиеті бар: «Біз басқалардан кем болмау үшін білімді, бай және күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек, бай болу үшін кәсіп  керек, ал күшті болуы үшін бірлік керек"-деген еді. 

Дәл қазір бізге осы бір ғасыр бұрын айтылған елге ең қажетті талаптарға сай болатын заман туып тұр!

«Ақ жолдың» ұстанған жолы да осы –білімділеріміз - ұлт зиялылары бастап, бай болу үшін ұлт кәсіпкерлерін қолдап, ел болып Бірлікке шақырамыз.

Ел басына күн туғанда, атам қазақ қашаннан бір тудың астынан табылған. Сондықтан, «Ынтымақ - ырысқа бастайды» дегендей, баға жетпес, теңдесі жоқ Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін бәріміз жан-жаққа тартпай, ең басты ұлттық мүддемізді қорғауда Ұлттық бірлесуге қадам жасайық.  

Жер тұтастығын сақтау үшін, ең алдымен Ел тұтастығы керек!

Осы мақсатта бүгін парламенттегі үш партия және көптеген қоғамдық-саяси ұйымдар “Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Халықтық коалицияға бірікті.

«Аманатқа» айналған партия ұлт аманатын орындап, коммунистік атаудан бас тартқан «Халық партиясы» халық сөзін сөйлеп, бәріміз ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолына түсейік!

ЕЛ мен ЖЕРДІ САҚТАУ, ТІЛДІ САҚТАУ – БӘРІМІЗДІҢ ЕҢ БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ ОСЫ ЕМЕС ПЕ?!.

Ендеше ең басты күрес –Ел Тәуелсіздігін сақтау жолында бірге болайық.

Ел аман, жұрт тыныш болсын!

“Әділетті Қазақстанға” Ақ жол тілейміз!

Қазыбек ИСА, 

ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты,

«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары